Көктемнен бастап коммуналдық қызмет 10-25 пайызға қымбаттайды
Экономика министрі Әлібек Қуантыров биыл көктемнен бастап Қазақстанда коммуналдық қызмет 10-25 пайызға дейін қымбаттайтынын айтты.
Коммуналдық қызмет әсіресе Риддер және Екібастұз қалаларында өседі. Былтыр жылдың аяғында бұл қалаларда апат болып, тұрғындар жылусыз қалған еді.
Министрдің сөзінше, тарифтердің көтерілуі аймақты жылумен қамтамасыз ететін ұйымдардың жұмысына және жылу жүйесі тозғанына байланысты. Екібастұздағы жылу электр орталығы бұған дейін тарифті 107 пайыз көтеруді сұраған, бірақ Қуантыров министрлік мұндайға жол бере алмайтынын жеткізді.
"Ең жоғарғы тариф Екібастұзда болады, өйткені ондағы жүйе тозған. Ең көп қымбаттайтын жылу сол жақта болады. Олар тарифті екі есе көтеруді сұраған. Бірақ біз оған келіспей отырмыз. Сонымен бірге Риддерде де жоғары тариф болатын шығар. Жылу бағасы 1 наурыздан не 1 сәуірден бастап көтерілуі мүмкін" деді Әлібек Қуантыров.
Министрдің сөзінше, Екібастұздағы ЖЭО иесі оны жаңартуға қаржы құйып, орталық қызметіне жауапкершілік алуы керек. Сондықтан шығынның жартысы бюджеттен алынады, екінші бөлігі тұрғындардан жиналады.
Өткен аптада Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласындағы ЖЭО-ға инвестор келгені хабарланған. Алайда оның есімі жарияланбады.
Қарашаның аяғында Екібастұздағы жылу электр орталығындағы ірі апаттан кейін жүздеген үй мен әлеуметтік нысан қақаған аязда жылусыз қалған еді. Моноқалада техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, 8 желтоқсанға дейін күшінде болды. Тұрғын үйлердің көбінде жылу радиаторлары, су құбырлары жарылған, кәріз желілері қатып қалған.
Апат саладағы проблемаларды аңғартты: инфрақұрылым тозған және бақылау жағы нашар. "Қазандықтар ЖЭО мамандарының кінәсінен жұмыс істемей қалды" деген ресми түсінік берілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл төтенше жағдай саладағы жүйелі жемқорлықпен де байланысты деп мәлімдеген. Қазақстанда жылу электр орталықтарының иелері модернизация жүргізуге мүмкіндік бермейтін төмен тарифке шағымданады. Сарапшылар "коммуналдық төлем ретінде жиналған қаржы жұмсауда ашықтық жоқ" дейді.
Abai.kz