Оралман: тұрақты тіркелудің азабы азаяр емес
Наурыздың 19-ында «Алматы» баспасөз орталығында «Жаншуақ» қайырымдылық қоры мен оралман әйелдердің «Нұр қоныс» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен «Оралмандар және олардың әлеуметтік проблемалары» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Дөңгелек үстелге қатысқан оралмандар бүгінгі күні қордаланып отырған заңдық және құқықтық тұрғыдан шектеулердің көптігінен ҚР азаматтығын алуда, жұмысқа орналасуда және жәрдемақыларға қол жеткізуде кездесетін кедергілерді сөз етті.
Өзбекстаннан оралған Сейпадтин Өтепбергенов 2011 жылдың тамыз айында Қазақстанға табан тірегенін айтады. Содан бері талай мекеменің табалдырығын тоздырып жүріп, ҚР азаматтығына қол жеткізгеніне бір аптаның ғана жүзі болғандығын жеткізді.
- ҚР азаматтығын алғанша, 1,5 жыл уақытымды сарп еттім. Мамандығым - заңгер. Өзбекстанның Қарақалпақ Автономиялық республикасында Әділет министрінің орынбасары қызметін де атқарғам. Қазір 4 балам бар. Қазақстанға солардың қамы үшін ат басын бұрған едім. 1,5 жыл бойы өткен өткелегімді есіме алсам, көзіме жас келеді. Алайда қолыма төлқұжатымды алғанда, соның барлығы бір күнгідей болмады.
Наурыздың 19-ында «Алматы» баспасөз орталығында «Жаншуақ» қайырымдылық қоры мен оралман әйелдердің «Нұр қоныс» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен «Оралмандар және олардың әлеуметтік проблемалары» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Дөңгелек үстелге қатысқан оралмандар бүгінгі күні қордаланып отырған заңдық және құқықтық тұрғыдан шектеулердің көптігінен ҚР азаматтығын алуда, жұмысқа орналасуда және жәрдемақыларға қол жеткізуде кездесетін кедергілерді сөз етті.
Өзбекстаннан оралған Сейпадтин Өтепбергенов 2011 жылдың тамыз айында Қазақстанға табан тірегенін айтады. Содан бері талай мекеменің табалдырығын тоздырып жүріп, ҚР азаматтығына қол жеткізгеніне бір аптаның ғана жүзі болғандығын жеткізді.
- ҚР азаматтығын алғанша, 1,5 жыл уақытымды сарп еттім. Мамандығым - заңгер. Өзбекстанның Қарақалпақ Автономиялық республикасында Әділет министрінің орынбасары қызметін де атқарғам. Қазір 4 балам бар. Қазақстанға солардың қамы үшін ат басын бұрған едім. 1,5 жыл бойы өткен өткелегімді есіме алсам, көзіме жас келеді. Алайда қолыма төлқұжатымды алғанда, соның барлығы бір күнгідей болмады.
Азаматтыққа құжат тапсырудан бұрын тұрақты тіркелуің керек. Осы тұрақты тіркелу қазіргі ең үлкен өткелдердің бірі болып тұр. Басқа құжаттың бәрін тапсыруға болады. Онда түйткілі мол үш құжат бар. Біріншісі - келген еліңде сотталмағаның туралы анықтама. Мен осы анықтаманы алу үшін қаншама есікті тоздырдым. Әуелі Қарақалпақстан Республикасының Әділет органдары берген анықтаманы алып келгенмін. Ол жарамсыз болып шықты. Сосын Өзбекстанның Әділет органдарынан анықтама әкелу қажет болды. Менің жоғары лауазымда қызмет еткенім пайдасын тигізді. Аталған анықтаманы бар-жоғы 10 күнде қолыма тигіздім. Ал қарапайым тұрғындар ол анықтаманы алу үшін, кемінде 20-30 күнін жоғалтады. Солай сандалып жүргенімде, үлкен балам 16-ға толып қойыпты. Енді оның жеке куәлігін Қарақалпақстаннан барып алу қажет болды. Оған және 14 жастағы балама да сотталмағаны туралы анықтама қажет екен. Ол үшін Қарақалпақстанға қайта сапар шегуге тура келді. Балам сол жақтың құжатын алып және тіркеуден шыққаны туралы анықтама алып келгенше, тағы да біраз уақыт сандалдым. Екіншіден, Өзбекстан Республикасының елшілігінен екі түрлі анықтама талап етіледі. Бірі - консул есебінде тұрғандығым жайында, екіншісі - Өзбекстан Республикасы азаматының ҚР азаматтығын алуына келісім беретіні жайында анықтама қажет. Осы анықтаманы алу үшін Өзбекстанның Алматыдағы елшілігінің есігін бір апта күзетіп жүріп, әйтеуір әзер қол жеткіздім. Әрбір анықтама - 15 доллардан беріледі екен. Үшіншіден, менің әйелімнің ұлты - өзбек. Сол себепті де оған жеңілдетілген түрде азаматтық берілмейді екен. Мен азаматтыққа қол жеткізгенше әйелім әрбір екі ай сайын Өзбекстанға шығып келіп тұруға мәжбүр болды. Енді ол ҚР азаматтығын алу үшін әуелі ықтияр хат алуы тиіс екен. Бірақ оған шетел азаматтарына қойылатын талаптардың бірі - есеп-шотында төлем қабілетін кепілдендіретіндей 2 миллион теңгеден аса қаржы керек. Менде ондай қаржы жоқ. Қазақстан 1999 жылдан бері «Тұрмыстағы әйелдердің азаматтығы туралы Конвенцияға» қосылу жайлы Заң қабылдаған. Алайда ол заң бойынша Ресей, Беларуссия, Қырғызстан және Украина елдерінің азаматтары Қазақстан азаматына тұрмысқа шықса ғана, әйелдеріне жеңілдетілген түрде азаматтық беріледі екен. Қазір бізді осы мәселе де қинап тұр, - деді ол.
Дөңгелек үстелге қатысқан Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің Көші-қон полициясы басқармасы Оралмандар мен босқындар ісі жөніндегі бөлім бастығы Күлсім Ысқақова «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 49-бабында «Егер оралмандар басқа ұлт өкіліне үйленген жағдайда, олар төлем қабілетін кепілдендірудің қажеттілігі жоқ» деп жазылғандығын айтып өтті. Тек ол адам Қазақстанда үш жыл тұрақты тұруы тиіс екен.
Сондай-ақ, алыс-жақын шетелдерден оралған оралмандарға берілетін «Оралман куәлігі» бұған дейін «уақытша тіркеумен» де беріліп келген болса, жаңадан шыққан Қаулы бойынша «Тұрақты тіркеуге» тұрмайынша, бұл куәлік те берілмейтін болған.
- Бұрын біз «Оралман куәлігін» алу үшін - төлқұжаттың көшірмесі, келген елінен шығу парағы, қазақ екеніңді дәлелдейтін құжат қана тапсырушы едік, жақында көшіп келген қандастарымызды ертіп барғанымызда, бізден уақытша тіркеу, тұрақты тіркеуге тұруға келісім берген үй иесінің жеке куәлігінің көшірмесі және үй құжаттарының көшірмесі, егер үйдің шаршы метрі тіркеуге тұруға жететін болса, үй иесінің нотариуспен бекітілген келісімі талап етіліп, егер Қазақстанда туған-туысқандары болса, анкетада олардың мекен-жайлары мен жұмыс орны көрсетілуі тиіс болыпты, - дейді Өзбекстаннан келген Бибіраба.
Ресейден оралған Рано Дарбичева тұрақты тіркелетін мекен-жай таппай, 2000 АҚШ долларын төлеп жүріп әзер тіркелгенін айтады.
- Оның себебі, соңғы жылдары Ауғанстаннан қазақтардың көптеп оралуына орай. Сондықтан шетелден келген қазақтардың құжатын Ұлттық қауіпсіздік комитеті жанынан құрылған комиссия қарап, 1 айдың ішінде ол адамның ҚР аумағында тұрақты тұруына рұхсат береді. Ал «оралман куәлігін» осы шешім шыққаннан кейін ғана бере аламыз, - дейді Күлсім ханым.
Сондай-ақ, шетелде алған білімдерін куәландыратын құжаттарды ҚР Білім және ғылым министрлігінде нострификациядан өткізу қажет. Біріншіден, бұл процесс 6 айға созылатын болса, екіншіден жоғары білімінің барын растайтын құжаттарды тек Астанада ғана тексеруден өткізеді. Күлсім Ысқақова таяуда Білім және ғылым министрлігіне нострификацияның уақытын алты айдан 2 айға дейін қысқартуға тапсырма берілгенін жеткізді.
Қарақалпақстаннан оралған Гүлбахар Халмұратова 6 баланың анасы әрі жалғыз басты. Заң бойынша ол «Күміс алқа» иегері атануы тиіс. Және көп балалы ана ретінде оған отбасының табысына қарамастан, 6400 теңге жәрдемақы тиесілі. Сондай-ақ, отбасының табысы - жан басына шаққанда 11700 теңгеден аспаған жағдайда ол - әр балаға ай сайын 1731 теңге көмек ала алады екен. Алайда тұрақты тіркеуінің болмауы салдарынан ол осы күнге дейін ешқандай жәрдемақыларға қол жеткізе алмай келеді.
- Балаларым Ұзынағаш ауылында, өзім Алматы қаласының Алатау ауданында тіркеудемін. Үлкенім - тұрмыста. Қалған балаларым өзіммен бірге, ең кішкентайы - 2,5 жаста. Сол себепті де үйден шыға алмаймын. Жәрдемақыларды алу үшін кімге, қайда баруды білмеймін, - деп шағынды ол.
«Нұр қоныс» қайырымдылық қорының атқарушы директоры Зүбира Алдабергенова осы қорды құрғаннан бері көмек сұрап келетін жандардың өте көп екендігін айтады. Солардың бәрін қанатының астына алған ол көбінің құжаттарының оңалып, істерінің алға басуына ықпал ететін көрінеді.
- Гүлбахар сияқты өзіне тиесілі жәрдемақыларын ала алмай жүрген қазақтар өте көп. Біз оларға бағыт-бағдар сілтейміз. Тиісті орындарда хат жолдаймыз. Құзырлы органдардағы таныстарымызға жібереміз. Сөйтіп жүріп, шаруасын біржақты етуге тырысамыз. Бұл жолы да Гүлбахардың өзіне тиесілі жәрдемақыларын алуына, 4 баласы білім алып жатқан мектеп әкімшілігіне хабарласып, оларға қол ұшын созуына көмектесуді көздеп отырмыз, - дейді ол.
Жиынға келгендердің тағы бір қозғағаны - құжаттарды аудару мәселесі болды. Олардың қолындағы құжаттардың барлығы - шетелдік болғаннан кейін, оны аударып, нотариуспен бекіту талап етіледі. Нотариустер әрбір құжатқа және аудармаға 2 мың теңгеден жоғары ақы сұрайды.
- ҚР Салық кодексінің 575 бабында оралмандар барлық мемлекеттік баж төлемдерінен босатылады делінген. Біз нотариустерге осы бапты көлденең тартсақ, бұл мемлекеттік баж салығы емес, қосымша қызмет ақысы деп жалтарады олар. Негізінде «Нотариат туралы» заң біреу. Ал мемлекеттік нотариустер заңды орындайды да, жекеменшік нотариустер заңды белінен басады. Заң бойынша қосымша қызмет ақысы мемлекеттік баж салығынан аспауы тиіс. Біздің құжаттарымыз өзбек тілінде де, орыс тілінде де жазылған. Біз орыс тіліндегі бетін нотариуспен бекітіп беруді сұрасақ, өзбек тіліндегісін аудару міндетті деп қасарысады. Сөйтіп, тек құжаттардың өзіне кемінде 50-60 мың теңге жұмсалады. Мен «Еңбек кітапшамды» аудартуға апарсам, 8 мың теңге сұрады. Мен заңдарды көлденең тартып жүрып, оны 4 мың теңгеге аудартып алдым. Ал заң білмейтіндер нотариустердің оңай жеміне айналуда. Сол себепті нотариустердің барлығына оралмандардан қосымша ақы алмауды міндеттеу қажет, - дейді заңгер Сейпадтин Өтепбергенов.
P.S. Оралмандардың көші-қон квотасы тоқтатылғалы біраз уақыт. Үкіметтегі соңғы ауыс-түйістердің нәтижесінде осыдан бір жыл бұрын таратылып кеткен Көші-қон комитетін Еңбек министрлігінің құрамында қайта құру туралы пәрмен берілгелі де екі айдың жүзі. Бұрынғы заңдардың барлығында шеттегі қазақтардың мүддесі ескеріліп, кез келген тыйымның оралманға қатысы жоқ екендігі көрсетіліп келген болса, соңғы екі жылдағы Үкімет Қаулыларында шетелдегі қазақтарды өзге де шетел азаматтарының санатына қосып қойғандығын көруге болады. Соның салдарынан былтырдан бері азаматтық ала алмай сандалған қазақтардың қарасы артып отыр.
Есенгүл Кәпқызы
"Түркістан" газеті