ОСК Сырымбек Тауды тіркеуден бас тартты
Орталық сайлау комиссиясы Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тауды Мəжіліс сайлауынан шеттетті. Бұл туралы оның досы Айдарбек Қожаназаров Facebook парақшасында жазды.
«Бәлкім, формальдылық маңызды шығар, бірақ ол өте лайық кандидат болды. Сырымбектің Қазақстан халқына деген шынайы махаббатын әркез байқаймыз. Пандемия кезінде оның компаниясы Алматыдағы 9800 отбасына азық-түлік көмегін көрсетті, «Біз біргеміз» және «Шұғыла» қайырымдылық қорларына қаржы бөлді. Сондай-ақ, «Тау шаңырақ» қайырымдылық қорының құрылтайшыларының бірі, Талғар қаласындағы балаларды оңалту орталығының құрылысына қаржы бөліп, Арыс қаласы мен Мақтаарал ауданының су тасқынынан зардап шеккен 100 тұрғынына көмек көрсетті.
Сырымбек нөлден бастап жеке кәсібін көтеріп, 600 жұмыс орнын ашты, мемлекет бюджетіне 10 миллиард теңгеден астам салық төледі.
Бірақ мен баса айтайын, Respublica партиясы ешбір жағдайда берілмейді, біз күресті әрі қарай жалғастырамыз. Мұндай оқиғалар бізді тек қана шынықтырады, қайрайды және Сырымбек сияқты лайықты тұлғаларға жол әрқашан ашық болатын нағыз Жаңа Қазақстанды құруға ынталандырады»,-деді ол.
Abai.kz