Аманхан Әлімұлы. ПОЭЗИЯ! ПОЭЗИЯ! ПОЭЗИЯ! (Басы)
Алдымен, поэзия деген не? Ақын кім? Мәселеге осы тұрғыдан келіп, азды-көпті, шама-шарықты ізденістен туған көңіл таразысына салсам, поэзия - ЖҰМБАҚ әрі ҚҰПИЯ екен. Оның алдынғысы ШЕШІЛІП, соңғысы АШЫЛСА, онда поэзияның қадір-қасиеті кеткені. Яғни, ол ежелден, айта берді, дүние жаралып, адамдар қарым-қатынасы басталғаннан келе жатқан, ешкім түбіне жетпеген, киелі де қастерді ұғым.
Әлгі, поэзия ЖҰМБАҚ әрі ҚҰПИЯ деген түсінігімді, Шекспир комедиясының Одрей атты кейіпкері «Что такое поэзия? вещь ли это настоящая?» деген сауалмен растаса, ал, енді бір грек абызы «Я знаю,что это такое, но спросите меня - и я уже не знаю» - дейді де, оны одан әрі ЖҰМБАҚТАНДЫРА, ҚҰПИЯЛАНДЫРА түседі. Солары дұрыс та шығар, сірә!
Құдайдың құдіретімен басына бақ та, сор да боп қонған поэзияны тудырушы (жасаушы, жазатын да емес) ақын кім? Философ В.Соловьев «Поэт - жрец» десе, Блок «Что такое поэт? Человек, который пишут стихами? Нет, конечно. Он называется поэтом не потому, что он пишет стихами, но он пишет стихами, то есть приводит в гармонию слова и звук, потому что он - сын гармонии, поэт» дейді.
Алдымен, поэзия деген не? Ақын кім? Мәселеге осы тұрғыдан келіп, азды-көпті, шама-шарықты ізденістен туған көңіл таразысына салсам, поэзия - ЖҰМБАҚ әрі ҚҰПИЯ екен. Оның алдынғысы ШЕШІЛІП, соңғысы АШЫЛСА, онда поэзияның қадір-қасиеті кеткені. Яғни, ол ежелден, айта берді, дүние жаралып, адамдар қарым-қатынасы басталғаннан келе жатқан, ешкім түбіне жетпеген, киелі де қастерді ұғым.
Әлгі, поэзия ЖҰМБАҚ әрі ҚҰПИЯ деген түсінігімді, Шекспир комедиясының Одрей атты кейіпкері «Что такое поэзия? вещь ли это настоящая?» деген сауалмен растаса, ал, енді бір грек абызы «Я знаю,что это такое, но спросите меня - и я уже не знаю» - дейді де, оны одан әрі ЖҰМБАҚТАНДЫРА, ҚҰПИЯЛАНДЫРА түседі. Солары дұрыс та шығар, сірә!
Құдайдың құдіретімен басына бақ та, сор да боп қонған поэзияны тудырушы (жасаушы, жазатын да емес) ақын кім? Философ В.Соловьев «Поэт - жрец» десе, Блок «Что такое поэт? Человек, который пишут стихами? Нет, конечно. Он называется поэтом не потому, что он пишет стихами, но он пишет стихами, то есть приводит в гармонию слова и звук, потому что он - сын гармонии, поэт» дейді.
Қош, сонымен, ақын туралы арғы-бергі жазғандарға көз жүгіртіп, ой тастасақ, сөз, сөйлемді ұйқастырып, белгілі бір ырғақ пен буынға түсіргеннің бәрі ақын көрінбейді. Яғни, олар жазған (тудырғанмен жаңылыстырмаңыздар) өлеңдер поэзияға жатпайды... Ал, бірді-екілі өлеңдері болса, ол «ерінбеген етікші боладының» керімен келген дүниелер. Машықтанудың жемісі. Оның өзінде де онда жан-сөл болмайды... Жәй айту ғана бар.
***
Ақындар өлең тудырып, оны өмірге келтірушілер мен жасап-құрастырушылар болып екі топқа бөлінеді. Алдынғылары нағыз ақындар да, соңғылары ақындар емес, яғни, кәсіпқорлар. Тіпті, оларды «қазақ - өлеңші халық» деп қалыптасқан ұғым-үрдісінен өрген дилетанттар мен графомандар деуге де болады. Соңғылары кез келген тақырыпқа, нендей де жағдай мен жайға, қазақша айтқанда «шөпті де, шөңгені де» өлең ете алады. Дұрысын айтқанда, олар өлеңді отқа да, суға да салып, оны құл етіп жұмсайды. Тек өлеңге өзі құл болмайды. Әрине, бұл өкінішті. Одан да әрі кетсек, ағайын-туған, құда-жекжат, дос-жаран, той-томалақ, жеке лауазымды адамдарға өлең арнап, мүшәйрашылыққа бой алдырады. Әрине, оған шек коюға болмайды, бірақ ол өлеңді қолжаулыққа айналдыру болмаса керек қой.
***
Нағыз ақындардың өлеңдері - ЖҰМБАҚ әрі ҚҰПИЯ, олардың түбіне жете алмай қайта-қайта оқып, қайта-қайта оралуға мәжбүр боласың. Сонда да алдырмайды. Мәңгілігі де сонда болса керек. Ал, енді, кәсіпқой дилетант әрі графоман ақындардың өлеңін ақпарат не күнделікті мақала-фельетон секілді оқып, қажетті мәлімет аласың да қоясың. Қайта оралу жоқ. Мысал ма?
***
Мысалы:
Сарыарқа - сайын аймақ, шіркін далам,
Ақыннан алақұйын жыр тыңдаған.
Жүрегім шегірткедей, шыр-пыр қағам,
Аудандарда, ауылдарда, көшелерде
Сірескен Петр, Павел Сергеевтер -
Сұр қардай сүбесі әлі жыртылмаған,
Секілді бұл қазақта ұл тумаған -
Ойлар маза бермейді бір күн маған.
болмаса:
Көп айтқанмен ұрағай ұрандарды,
Тұран қалды, оқылмай Құран қалды
немесе:
Несін білдің оның да , несін көрдің,
Түйіні жоқ шешім мен кесімдердің.
тағы біреуі:
Ән азайып өмірде,
сән азайып...
Алаяқтар жаныма жара жайып,
Зұлымдықтар сүліктей сумаң қағып,
Жақсылықтың барады саны азайып.
соңғы:
Кімге керек бұл тірлік, неге керек?
Сұрап көрші, зекиді «Немене?», - деп.
Қанға біткен қазына - байлық-ау деп,
Жатқан жан жоқ талантты елеп ерек.
...Батыры мен қазақтың ақынынан,
Бағасы артық бүгінде саудагердің.
(Осы келтірілген өлеңдердің авторын атап, көрсеткім келмеді. Жеке басқа қатысты бір себебі бар. Оқырманнан кешірім сұраймын.) Бұл көп жылғы «ақындық» машықтың жемісі. Аталған жолдар құдайдың кеудеге кұя салған сәулесі арқылы емес, филологиялық білім, «қазақ - өлеңші халық» деген ұғымның есігінен сығалай қарап, поэзияға сыналай енген кәсіпқордың жазғандары. Оған ұлы Әуезов «...әдебиет таратушылары газетпен қосақталып (!) күндегі өмірінің тереңінен терген ақын болмайды» дегенін қоссақ, жоғарыдағы өлеңдердің құты одан әрі қаша түседі.
Сосын, «талантты елеп-ескеріп жатқан жоқ», «бұл тірлік неге керек?» деген жолдар да - Өтірік. Тірлік - тірілерге қажет, талант бағаланып та, бағасын алып та жатыр. Оған әлемдік әдебиетпен иық тірестіре алатын ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ куә.( Бұл әңгіме Ислам Зікібаев туралы болатын - А. Ә.)
Ақын - ақиқат жаршысы. Ақиқатты айту кетік-кемшілікті теріп, орнын толтыра алмай жатқан олқылықты тізбелеп өлеңге қосу емес. Ол газет-журналдардағы мақалаларды көшіріп өлеңге түсіру де болмас. Бір күндік шындық бар да, мәңгілік ақиқат бар. Ақын соның соңғысын жырға қосуы керек.
***
Айтпақшы, «...газетпен қосақталып» демекші, газеттен шығады, біздің бір газетімізде тосындау айдар бар. Мен, газет қызметкерлерінің ниетін, көңіл-күйін жақсы түсінемін. Олар аталған айдар арқылы қоғамдағы, өмірдегі, тіпті, басқа да кемшіліктерді көрсетіп, соған тосқауыл болсақ деген ой білдіреді. Құптарлық, қосыларлық. Бірақ, мәселенің екінші жағы, сол айдарда бойына көркемдік пен сұлулық, музыка мен образ, шұрайлы да шырайлы, ақиқаты мен нәзіктігі жарасымды поэзияны қарадүрсінге айналдырып, жайдақ та жалаң, батыл да ащы айтамын деп өмірді қап-қара адам қарағысыз етіп, құбыжыққа айналдырар өлеңдердің басылып (жарық көрдімен жаңылыстырмаңыздар) жатқанымен газет қызметкерлерінің шаруалары бар ма екен? Мысалы, бір жыр қорытындысында өлеңін жұрт алдында оқып, түбі үлкен ақын болады деген Бақытжан Алдияр інімнің сол айдардағы «Көрпесіне қарамай» атты өлеңіндегі:
Әпербақан заманның
Әдісіне алаңмын.
Әп жыландай арбасқан
Әрекеті адамның.
***
Ауып келген би, әкім
Белге түйді ұятын.
Қазақстан - кең көрпе
Барлық ұлт сиятын.
Тәубамызды тарсындық,
Саудаңызды арсындық.
Көрсе күлер күллі әлем
Көрпе астында бар сұмдық.
***
Бар байлығын сатса елі
Қайдан ақсын бақ селі?
Мұндай тақыр заманнан
Ақырзаман жақсы еді - деген шумақтарды қалай түсінеміз?! Өлеңді толық келтіруге болар еді. Оны қажет деп таппадық. Бұл сыртқы пошым-пормымен өлең... Ұйқас, тағы, тағы өлеңге қажет элементтердің біразы бар. Тек бұл шынайылықтан ада, поэзияға тән шығармашылық ерік еркіндігінен тыс жазу үшін жазу керектігінен пайда болған сырты бүтін, іші түтін өлең.
Болмаса белгілі ақынымыз Тұрсынхан Әбдірахманованың:
Сөйле, қалам,
Келтіре әсер, ажарын.
Жеткізе айт:
Халықтын көрген азарын.
«Инвесторлар» деп үздіккен барлық басшының,
Көзі болғанын айт мұңменен нала, назаның - деп басталатын «Сөйле, қалам, сөйле...» деген өлеңіне қандай сын айтамыз.
Меніңше, газетке өлеңнің кадір-қасиетін кетіретін мұндай айдар керек пе өзі...
***
Мана, нағыз ақындардың өлеңдері ЖҰМБАҚ әрі ҚҰПИЯ дегенбіз.
Нені көрмек төлші қыз көл айнадан?
Малда жүріп жан бар ма қараймаған...
Боз саулықтар сүзісіп жатыр сыртта,
Бойларында арқардың қаны ойнаған, -
деп басталып:
Бәлкім, қайта билігін құрмақ Ақпан?!
Жалықты ғой бала да сырғанақтан...
Бір пәле бар, әйтеуір, келмей тұрып,
Босағаны мысыққа тырмалатқан! -
( Боран алдында. Тыныштықбек Әбдікәкімов)
деп түйілген қос шумақ арасындағы адам мен табиғат үндестігі, қоғам мен заман лебіне көзге көрінбейтін жүлге-жүйелер арқылы астасады да, қайта-қайта оқуға мәжбүр етеді.
Отырған ар жағында қара жалдың,
Жол түсіп ауылыма бара қалдым.
Жол түсіп ауылыма бара қалсам,
Шуылы естілмейді балалардың...-
деген шумақ пен:
Паш етіп бір шындығын әйгілі елдің,
Тұр белін қайыстырып қайғы жердің.
Кешқұрым босағадан сығалаған,
Келіндей қысыр қалған Айды көрдім, - (Арғы бетте... Жәркен Бөдешов) деген шумақтар арасында ақын қазіргі демографиялық ахуал, өмірге бала келтірудің азайып кеткенін көркем тіл, образбен қалай әдемі жеткізеді. Әттең, мен болсам аталған өлеңдегі бірлі-екілі шумақты қысқартып-ақ тастар едім.
Жусан бүрін жарыпты - тышқанқұлақ.
Әзір келе койған жоқ құстар бірақ.
Гуілдейді салқын жел әлсін-әлсін,
Әлдеқайда жатқандай мыстан жылап, -
дей келіп, екі шумақтан соң:
Не істеп жатыр дегендей тыстағылар,
Інім шықты далаға құсқа құмар.
...Құс қанаты жауады-ау бүгін-ертең...
Қар кылаулай бастады...
Тұш, жануар!.. -
дейді Светқали Нұржанов «Ерте кеткен қыстауда» өлеңінде. Бұнда поэзияға тән жақсылықтың бәрі бар, аяқталуы да тосын. Елең еткізіп, қайта окуға жетелейді.
Гүлнар Салықбаева:
Кигенім үстемдегі қара көйлек...
Қара боп көрінеді қаралы ой көп.
Ақ киімді дүние аяғандай,
Арқамнан қағады:
«Енді бара ғой», - деп. -
пен:
Түн қара. Үстімдегі киім қара.
Көңілдің мазасыздау күйін қара.
Көйлегім қара болса, қайтем енді,
Ол - менің жаным емес, үйім ғана...- ның арасында ақын көңіл-күйінің аумалы-төкпелілігіне қоса, ойды көркем пішінге үйлестірген ақындық тін бар. Бұлай да ой айтып, оқырман астарын іздеп қайта тағы бір оралатындай күй кештіруге болады екен.
Болмаса Амантай Шәріповтің:
Зиратта өскен жусанның ащы дәмі,
Ащылықтан көзіннен жас шығады.
Көрмек жаңбыр кұйып тұр...
Үгітілді
Төрт құлақты тамдардың тас-шыдамы, -
дей келе:
Мелшиеді бейіттің бозғылт тасы,
Мәлім еді түкті де сөз қылмасы,
...Удай ащы жусанды тіске бастым,
Кермек жаңбыр,
содан соң - көздің жасы,- десе неге сенбеске. Неге қайта-қайта оқып, астарына үңілмеске. Осындағы ащы жусан... кермек жаңбыр... көздің жасы параллелизм (жанаспа) - трагедия.
Аталған ақындардың өлеңдерінен келтірілгендей үзіп-үзіп, үзінді оқымай, олармен толық таныссаңыздар шын мәніндегі поэзия деңгейін, оның қаншалықты көркемде сұлу, әуезді де әуенді болғанын көріп сезінесіздер. Олардың соншалықты ЖҰМБАҚ әрі ҚҰПИЯЛЬІҒЫНА да көз жеткізер едіңіздер.
Енді, ақын Нұржан Қуантайұлы «Атажұртқа» асығып бара жатып:
Төскейден түскен
төгіліп бұлақ жырадан,
Төсеніш құсап төбенің шөбі құлаған.
Суыртпақ жолда суырылып алда барады.
Сұраған жаққа жеткізер, өзің сұра одан.-
дейді. «Жол - анасы із» дегенді ақын тақпақтап, ақылгөйлік көрсетпей, тіпті туған жер туралы ақпарат та бермей, сөз - сурет, сөз - байқағыштық, сөз - образ, ақыры сөз-өлеңмен қалай жеткізеді.
Міне, байқағандарыңыздай, келтірілген мысалдардың қайсысы нағыз ақындар қаламынан туып, қайсысы өлеңді жасап, құрастырушы кәсіпқойдың қолынан шыққанын бірден көруге болады екен.
***
Маған Мұқағали ақын Мақатаев:
...Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын, - деген тұстан-ақ өлеңінің қадір-қасиетін біліп, «қасиетінен қара өлеңнің айналып», «қазақтың дәл өзіндей қарапайымдығын» түсініп, ақындық стилін ұлттық бағытта қалыптастыра бастаған сыңайлы көрінеді. Әрине, бұл оған дейін Мұқағали ақын болмады, немесе нашар жазды деген сөз емес. Біз бұл оймен ақынның қазақтың қара өлеңінің құдіретін іздене келе сезініп, жоғарыдағыдай өлең жолдарын жазғанын ғана айтып отырмыз.
Соңғы кездері, міне, осындай дәстүр жастар арасында қалыптасып келе жатыр. Қазақтың қара өлеңі - ұлттық құндылығымыз. Ұлттық құндылық үрдісі үзілмесе өлең өрісіміздің кеңейгендігі. Мысал ма, мысал:
Білісбек Әбдіразақ ақын:
Дей көрмеші бірі екен желөкпенің,
Тоқ өткенін білмедім, жел өпкенін.
Қайсы жігіт қаламас жел жағынан
Шыт көйлегі желбіреп сен өткенін.
немесе:
Тиер-тимес жерге әрең темір өкше,
Бөрі қуған бөкендей желіп өтсе.
Келсап жүрек кеудемді түйгілейді-ау,
Бұлт-бұлт етіп бұралып келі бөксе, - дейді. Осы бір шумақтардағы сурет пен ырғақ, қатқыл дыбыстар құлаққа тосын, көзге ерсілеу де көрінер. Бірақ таныс сурет, таныс тыныс-тіршілік көрінісі емес пе. Қазақ тұрмыс-салтынан хабардар жандарға бұның ешқандай да ерсілігі жоқ. Қазақ өлеңінің тағы бір элементі осында жатыр.
Тағы бір оқырман қызығар акын - Ермұрат Зейіпхан. Ол:
Бөрісі ұлиды,
Өрісі іриді,
Ел аман әйтеуір,
Сонысы бір игі...
тағы да:
Бір атқанда дарымай,
Екі атқанда дарымай,
Үшке... Енді жарымай
Алдап та соққан, зарың-ай!
Соғып та қалған, саның-ай!
Арбап өткен, сағым-ай...
Сағым-ай, беу, сағым-ай!
Маған осы жолдардағы қазақы қайырым, қайым айтысындағыдай екпінді ырғақ, сөз иірімі ұнайды. Бұл сонау есте жоқ, ескі жылдар елесі іспетті.
***
Бірде Тургенев Тютчев туралы «Умный, умный, как день, Федор Иванович» депті. Міне, дәп осы сөзді мен Қадыр аға Мырзалиевке айтар едім. Қадағаң ойшылдығы, ақылдылығы - адам ойы мен табиғатының жемісі. Ол - ақындықты ақылдылыққа, ақылдылықты поэзияға дейін көтерген қаламгер. Онда эпикалык поэма жоқ. Бірақ, бүкіл өлеңі өмірдің қыр-сырын қаузаған, қаузап келе жатқан тұтас поэма. Ақыл поэмасы. Сезім жоқ десек тағы қателесеміз. Оның рухы да сонда. Егер, Інжілге сенсек «дух веет где хочет» дейді. Ендеше, Мырзалиев поэзиясы жер, тұтас ел тынысындағы рух екен.
***
Кейінгі кездері өлең-очерк, өлең-естелік, өлең-мақала, өлең-фельетон қаптап кетті. Күн мен түнді жаңылыстырып алған сәби сияқты «Ақындарымыз да жанр алмастырып алған ба?» деп қаласың.
***
Соңғы жылдары жыр мүшәйрасының етек алып кеткені соншалықты, оның белгілі бір мүшәйрашылары да пайда болды. Біз мүшәйраға қарсы емеспіз, бірақ, ол бір тақырыпты ғана сөз етіп қоймай, ең жақсы өлеңдерден тұратын кез келген тақырыптағы жырлар болса. Сонда тақырып қуалап, оны модаға айналдыратын мүшәйрашылардан арылар едік. Мысалы, орыс поэзиясында Пушкин күндерін өткізіп, онда да жыр мүшәйрасы болып тұрады. Оның біздегіден айырмашылығы, тек бір адамға ғана арналған жыр оқылмай, акынның ең таңдаулы деген (қай тақырыпта болмасын) өлеңдері оқылады. Әрі соның ең жақсысына бәйге беріледі. Яғни, біздегідей тақырыппен шектелу жоқ.
***
Қазақ поэзиясында талап пен талғам таразысының басын тең ұстаған ақындар бар ма? Бар. Бір-екеуін ғана айтайын: Қ.Шаңғытбаев, Е.Раушанов, Ж.Бөдешов (аумалы-төкпелі), Амантай Шәріпов, Нұржан Қуантайұлы... Бұлардың өлеңдеріндегі көркемдік, образ, музыка, тіл, жалпы поэтикалық сұлулық мені қатты қызықтырады. Мұны айтып отырғаным, қазір бізге өлеңге талап қою арқылы талғам қалыптастырмасақ болмайды. Талғамға да талас болуы тиіс.
***
Тағы бір қызықтыратын ақын - Темірхан Медетбек. Ол дініне берік, айналасы жұп-жұмыр, жинақы, тып-тығыз бұлшық eттей (ойнату үшін емес) сөз бен сөйлемді үнемдей біліп, тіпті, фольклорға да бой алдыратын («жерді жамап отырған кемпір») өлеңдерге батыл барады.
Жарасқан ше? Жарасқан - жастығына қанша берсе, жастығынан сонша алған ақын. Ақындық ерік еркіндігі сонда, Жәкеңде! Оның шығармашылық еркіндікке әсер етпеуі мүмкін емес. Ақын поэзиясының ерекшелігі де сонда.
***
Иранбек, Исраилдың әр кез, әр түрлі басылымдарға басылған топтамаларын оқып отырып, демократия, жариялылық, сөз бостандығы секілді ұғымдардың қазақ поэзиясына қаншалықты зиян тигізіп жатқанына көз жеткіземін. Бұл аталған қасиетті ұғымдар «шығармашылық (поэтикалық) тәртіпті» бұзбаса керек еді. Өкінішке орай, олай болмай отыр. Жағымсыз иіс... Кіжіну... Жау іздеу... Поэзиясын емес, өздерін-өздері жау еместерден қорғау... Осыдан келіп күнделікті қалыпқа айналар, нақтап айтқанда, толыққанды жүріп жататын әдеби-поэтикалык (поэзия) процестен түптің-түбінде айырылып қалмасақ екен-ау деп те ойлаймын.
***
Жақында азамат ретінде сыйлайтын бір ағам «Неге өлеңімді баспайсыңдар, сендерге не жаздым» дей келе, алдыма елу кітабы шыққанын тартты. Сонда, ең көп дегенде төрт-бес кітабы ғана бар, жетпіс беске толса да поэзиялық қуат-күші әлі де сарқылмаған Қуандық Шаңғытбаевты қайда қоямыз?
Сол ағаларым: «Осы мен газетке қандай өлең апарып бердім, оқырманның, поэзияның обалына қалмаймын ба?» деп ойласа ғой, шіркін! Сонда, талап пен талғам таразысын бәріміз де тең ұстар едік.
***
Өлең-жырмен қазақты сынайтындар көбейді. ...Егер, Абай сынаса, онда оның өмір сүрген заманын, қоғамын, ортасын, со кездегі әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени жағдайларды, өркениеттің қаншалықты деңгейде болғанын елеп-ескергеніміз жөн. Ол «мыңмен алысса», оның тағдыр-талқысы, талас-тартысы, тіпті, араласып жүрген жандарының сана-сезімі де басқа еді ғой. Абай ерекшелігі, ол қолдан трагедия жасамаған.
Сондықтан, оның ой, интонациясын қайталап, тіпті, өзін Абайша ұстап, өзін Абайша сезіну де ешкімге, ешқайсымызға да абырой әпермеген. Бұл - ұлы ақынның көлеңкесі ғана болып қалу. Абайға елікте, бірақ, оның интонациясын, мұң-зарын, қайғы-қасіретін, проблемасын қазіргі жағдайға икемдеме. Ол оған көнбейді.
***
Қызық факті.
Божье имя, как большая птица,
Вылетело из моей груди.
Бұл - Мандельштам.
Кеудемнен көгала үйрек «қош» деп ұшты.
Сол шіркін кәрі жолдас өлең білем...
Бұл - Кемпірбай.
Тіпті, жолма-жол аударма емес пе?
Бұлардың алдыңғысы XX ғасырдың басы, кейінгісі ХІХ ғасыр соңының өкілі. Ал, енді, айырмашылықтары неде? Алдыңғысы атеист, құдайды, дәлірек айтсақ, оны өзі жаратқан құспен жаңылыстырушы да, ал, соңғысы таза Иманға негізделген қазақы поэтикалық қуаттың иесі. Біріншісі - бүкіл әлемдік космополитизм де, екіншісі - ұлттық ой-жүйенің жемісі.
Біреулердің осы образ Мандельштамдікі болғаны үшін-ақ сілекейлері шұбырып жүре береді. Ал, біздің Кемпірбай одан артық айтпаса, кем айтқан ба? Және Мандельштамнан бұрын айтқан ғой. «Ауылдағының аузы сасық» деген осы...
***
Адам мен табиғат, қоғам және мемлекет арасындағы тепе-тендік бұзылған тұста ақындық трагедия басталады. Мұндайда уақытша болса да, солардың қай-қайсысының да мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын публицистикаға көшкен жөн. Өйткені, ол проблемалар өлеңге сыймайды, өлең табиғаты мен жаратылысына келмейді.
***
Маяковский өлеңді қалай дұрыс жасауды, яғни кұрастыруды үйретті. («Как делать стихи?» мақаласын оқыңыз). Ал, Есенин өлеңді қандай күш тудыратының жеткізе алмай кетті. Бірақ, ол оның құдайдың құдіретімен болатынын сезетін.
Сөйтіп, Маяковский өлеңді, айта берді поэзияны «дұрыс жасап, шебер құраушы» дәрежесіне дейін көтеріліп, өзінің құдай берген талантын «кеңірдегінен» (өз сөзі) басып өлтірді. Әлемдік социализмнің құрбаны болды.
***
Маған «жапырақтар қол соғып тұр» дегенге қарағанда «жапырақтар жамырап тұр» деген ұнайды. «Алтын күз» дегенше «Қоңыр күз» деуді хош көремін. Алдыңғы екеуі де орыс ақынынан аударылған калька, ал кейінгі асты қарайтылған қос тіркес, таза қазақы ұғым, қазақы тұрмыс-тіршілік, ғасырлап келе жатқан лексиконымыздағы ұлттық бояуға толы рең көрінісі. Бұл ұлттық өлеңнің көп қырларының бірі ғана. Бірақ, соған қарамастан бұл образдар қазіргі поэтикалық айналымға түсіп сіңісіп кетті. Бөтендігі жоқ.
***
Байрон:
Хочу я быть ребенком вольным.
Есенин:
Я хочу быть отроком светлым.
Қуандық:
Бала қылшы балдырған баяғыдай.
Мұқағали:
Сәби болғым келеді.
Бұл не? Конспектілеу ме? Әрине, жоқ. Бұны реминисценциялау (үндесіп, қайталанып отыру) дейді. Реминисценциялау - тарихи категория және ол әдеби, шығармашылық процесте үнемі кездесіп отырады. Мысалы, Пушкиннің «Гений чистой красоты» деген жолы Жуковскийден алынған. Бұл процесс поэтикалық бастаудың көзі. Арысы үндесіп, сөз, сөйлемнің алмасып, қайталануы арқылы өлең өрісі кеңейіп, ішкі иірімі байыған. Яғни, бір көркем дүние мен екінші көркем дүниенің көпірі іспеттес, бұл тәсіл жаңа мән-мағынадағы өлең туғызуға сұмдық ықпал еткен.
Тағы бір мысал, Есениннің «Осень» деген өлеңі бар. Оның екі жолы:
Тихо в чаще можжевеля по обрыву.
Осень - рыжая кобыла - чешет гриву,
десе, ал, Есенғали:
Жан қалқа жылдар өтті, айлар өтті,
Ызғырық қойды жұтып майда лепті.
Тұратын қасымызда қасынысып,
Күз деген күрең тайым қайда кетті? - дейді. Көрдіңіздер ме, асты сызылған қос жол екі ақында да қайталанып, өлеңге ұлттық реңк беріп тұр. Осындағы «қасынысыпқа» назар аударыңыздаршы, бұл - қазақтың қара өлеңінде жиі кездесетін сөз. Есенғали соны тұрмыс-салт тіршілігіндегі бояу, әрекетпен қалай астастырып, үндестіріп жібереді. Міне, бұл ұлттық реңк. Яғни, орыстың төл ұлы ақыны Есенин мен қазақ топырағынан өнген ұлттық ақын Есенғалидің үндесуі.
***
Ал, «Қазақ әдебиеті» газетінен Иран-Faйыптың:
«Өлген - Ол. Көмілген - Мен...» деген қысқа әңгімесін оқып отырып, Мәскеу Әдебиет институтындағы ұстазым Юрий Кузнецовтың «Другой» атты өлеңінің:
Светит луна среди белого дня,
Умер другой, а хоронят меня. - деген қос жолы еріксіз есіме түсті. Енді, бұл не? Жоғарыдағы реминисценцияға келе ме?.. Әрине, жоқ. Өйткені, ол жолма-жол қайталанып отырған жай ғана. Ары дамып, өрбімеген. Иран-Ғайыптың өз шешім, өз түйіні жоқ. Яғни, түпнұсқаны (Кузнецовтың жолын) дәлме-дәл қайталаудан аспаған. Орыс ақынның толғап айтқан ойынан аса алмай қалған. Бұл сөз етіп отырғанымызда ешқандай астар жоқ, әдеби процестегі пікір ғана.
***
Бір досым жақында теледидардан оқылған өлеңім туралы: «Неге ескі өлең оқыдың?» деп кінә артты. Шіркінде ес болсайшы. Ол ескеріп-елемеген бір жай, өлең иістеніп, бұзылып кететін ет емес екендігі.
***
Бір кездегі Фариза апамыздың:
Сенсіз өмір өмір ме? Құрсын бәрі!
Өлген артық мұнан да дала құшып.
немесе:
Баяғы менше қайғы шеккендерді
Ешқашан аямадым. Мысқылдадым.
болмаса:
Өмір деген бұрқанған дарияға
Бұрымымнан ұстап ап лақтырдың.
Сонда ғана есейіп, бұл жалғанда
Бәрі алдамшы екенін бір-ақ білдім - деген жолдарын оқып алған жас ақын қыздарымыз Г.Шәмшиева, Ш.Жұбатованың өлеңдерін оқып отырып, мен олардың төгілген көз-жасынан жиналған теңізден өту үшін кеме жалдауға тура келетіндей күй кешемін... Оны Шәмшияның өзі де:
Егіліп өлеңіме сырымды айттым,
Сүртемін көз-жасымды басқа немен, - деп айғақтайды. Ақталады. Соған қарамай, біз ақын қыздарымызды тым күйрек, боркемік болудан бойларын аулақ ұстауға шақырар едік. Ақындық мұңның қыр-сыры қашанда басқа болған. Оны кейбір өмірдің күйгелек те, күрсін толы тұстарымен жаңылыстырып алуға болмайды.
***
Сонымен, поэзия ЖҰМБАҚ әрі ҚҰПИЯ болса, онда оны ШЕШІП, АШУҒА тырысудың өзі ерсі... Ал, нағыз ақын мен жасанды ақынды айыру үшін олардың шығармаларының қаншалықты шынайы да шыншылдығына, сосын ақиқаттығына жүгінген жөн ғой... Айта берді, нағыз өлең мен жасанды өлеңді құрылым-құрылысына қарап ажыратуға болады. Тіпті, болмаған жағдайда, алмас пен жәй шыныны көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Қайсысы өзінен өзі нұрлана, сәуле шашып, жанды бейнедей елес беріп тұрады. Әрине, алмас. Онда өлең де солай. Қан-сөлсіз, қатқыл да қасаң, кәсіпқорлықпен жасалған өлең күн түскенде ғана жылтырап тұратын жәй шыны секілді. Алмасты оңайлықпен сындырып, күйрете алмайсын. Ал, жәй шыныны сындыруға қиналудың қажеті жок...
Ендеше, нағыз өлеңнін өмірі ұзақ. Ол бірте-бірте, араға жылдар салып, жалқыдан жалпыға көшеді де, ЖҰМБАҚ әрі ҚҰПИЯ поэзияға айналады. Оның қайта-қайта оқылып, оқылған сайын әр қырынан көріне беретінінің де сыры сонда болса керек.
(Жалғасы бар)
Abai.kz