Қытайдың ұсынысы. «Ішінде шайтан жатқан келісім»
Ресей мен Украинаның қарулы қақтығысына жыл толды. Украин халқы жеңіске сенімді. Кешегі күнгі сауалнама нәтижесі бойынша Украина азаматтарының 95 пайызы жеңіс қоңырауы соғылатын күн жақын десе, Зеленскийді қолдаушылардың үлесі де 90 пайызға жеткен.
Соғыс басталар алдында оны қолдайтындардың үлесі 36 пайыз болғанын ескеру керек. Даталы күнде әлем елдері де қауымдастық болып, жеке болып, Украинаға қолдау білдіріп жатыр. Олардың алдынғы легінде әрине АҚШ пен Еуропа елдері тұрғаны жұртқа мәлім. Ақ үй басшысы дүйсенбі күні Киевке арнайы келіп қайтты. НАТО елдері де Киевке ағылып, әскери көмекті күшейтіп жатыр.
Кеше Біріккен Ұлттар ұйымы да Ресейді айыптап, Украинадан шартсыз түрде әскерін алып кетуге үндейтін қарар қабылдады. Ол қарарды 193 мемлекеттің 141-і қолдады. 7 мемлекет қарсы дауыс берді. 32-сі қалыс қалды.
Десе де бұл құжаттың іс жүзіндік қуаты жоқ. Былтыр соғыс басталғанда Ресейдің шапқыншылығын айыптап, осындай қарар қабылдаған. Дауыс саны да биылғымен қарайлас болған. Ол қарар Ресей тұрақты жора болып табылатын қауіпсіздік кеңесінің мақұлдауынан өтпеген соң сөз жүзінде қалған.
Жақында «Мюхен қауіпсіздік кеңесі» басқосуына қатысқан Қытай сыртқы істер басшысы Қытайдың да Украина мен Ресей қақтығысын реттейтін бейбітшілік жобасы бар екенін жария еткен. Украина сыртқы істер министрі Кулеба кеше оның ішінара мазмұнымен танысқанын айтқан еді. Зеленский де үшінші тараптың, әсіресе, ықпалды елдердің ара ағайындық жасауына қарсы емес екенін жеткізген.
Бүгін Қытайдың аталмыш бейбітшілік қарарының мазмұны жарияланды. 12 тармақтан тұратын аталмыш қарарда екі тарапты Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысында айтылған тәуелелсіздік талабын қатаң сақтауға, ядролық нысандарға қауіп төндірмеуге, қара теңіздегі астық тасымалына кедергі келтірмеуге, соғысты келіссөз арқылы шашуге шақырған. Үшінші тараптың Украинаға қару беруін айыптап, соғысты одан ары өршітетін амал деп түйіндеген. Санкцияны өзім білемдікпен бір жақты емес, қауіпсіздік кеңесінің мақұлдауынан соң қыбылдауға үндеген.
Сарапшылар Қытайдың ұсынысын Американы айыптап, Украинаны Ресейге жығып беретін қарар деп бағалауда. Германия басшысы оның алдында тілшілерге Қытайдан еш үміт күтпейтінін айтқан екен. Ресейдің көңілінен шыққан Қытай жобасын Украина сыртқы істер басшысы: «Ішінде шайтан жатыр» деп бағалаған.
Abai.kz