Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3525 0 пікір 3 Сәуір, 2013 сағат 06:13

Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ: ӘУЕЗОВ СУРЕТТЕГЕНДЕЙ ҚҰНАНБАЙ ШЫНЖЫР БАЛАҚ, ШҰБАР ТӨС БОЛЫС БОЛМАҒАН

Досхан аға, Құнанбай туралы фильм түсіріп жатқаныңызды естіп едік. Әдетте Абай мен Құнанбай жайлы фильм түсіруді режиссерлер өзінің толысып, кемелденген шағында қолға алушы еді. Өзіңізді Құнанбайды түсіруге қаншалықты дайынмын деп ойлайсыз?
- Сұрағың өте орынды. Бұл идея менің басымда бір күнде немесе бір сәтте тумағаны хақ. Өзімді белгілі дәрежеде дайынмын деп ойлаймын. Әу баста режиссураға келемін деген ойым да жоқ еді. Бірақ, ақыл-ойдың кемелденген шағы дейміз бе, ұлтқа, ұлт мәдениетіне деген сүйіспеншіліктің еселенген кезі, ұлт руханиятына көзқарасымның екшеленген тұсы мені режиссерлікке әкелді десем болады. Бала күннен бастап оқып-тоқығанымды, көкейге түйгенімді  «Біржан сал» фильміне салдым деп ойлаймын. «Біржан салдан» кейінгі бес жылда біз  ендігі фильмге тақырып іздедік. Әлбетте, тарихи тақырып іздедік. «Томирис» атты фильм түсіру ойымызда болған, бірақ оған қаражат табудың қисыны келмеді. Онан кейінгі біздің ойымызға келген тың тақырып - Құнанбай еді.

Досхан аға, Құнанбай туралы фильм түсіріп жатқаныңызды естіп едік. Әдетте Абай мен Құнанбай жайлы фильм түсіруді режиссерлер өзінің толысып, кемелденген шағында қолға алушы еді. Өзіңізді Құнанбайды түсіруге қаншалықты дайынмын деп ойлайсыз?
- Сұрағың өте орынды. Бұл идея менің басымда бір күнде немесе бір сәтте тумағаны хақ. Өзімді белгілі дәрежеде дайынмын деп ойлаймын. Әу баста режиссураға келемін деген ойым да жоқ еді. Бірақ, ақыл-ойдың кемелденген шағы дейміз бе, ұлтқа, ұлт мәдениетіне деген сүйіспеншіліктің еселенген кезі, ұлт руханиятына көзқарасымның екшеленген тұсы мені режиссерлікке әкелді десем болады. Бала күннен бастап оқып-тоқығанымды, көкейге түйгенімді  «Біржан сал» фильміне салдым деп ойлаймын. «Біржан салдан» кейінгі бес жылда біз  ендігі фильмге тақырып іздедік. Әлбетте, тарихи тақырып іздедік. «Томирис» атты фильм түсіру ойымызда болған, бірақ оған қаражат табудың қисыны келмеді. Онан кейінгі біздің ойымызға келген тың тақырып - Құнанбай еді.
- Бұған дейінгі театр сахнасында сахналанған қойылымдарда Абайдың пайым-парасатын, кемеңгерлігін көрсету үшін Құнанбайдың тұлғасын төмендетіп, оны өз заманының озбыр болысы, рулық-феодалдық жүйенің жанкешті жақтаушысы, шынжырлы шонжар, жаңаның жауы, күні көненің жамап-жасқаушысы етіп көрсеткендер бар. Сіз түсіретін фильмде Құнанбайдың бейнесі қандай?  Құнанбайға қай тұрғыдан келдіңіз?
- Құнанбайдың бейнесін экранда ғана емес, көркем әдебиетте де айқындай алмай келеміз деп ойлаймын. Осыған дейінгі театр сахнасындағы Құнанбайдың образы «сыңаржақ» болғаны анық. Өйткені, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының өзінде Құнанбай шынжыр балақ, шұбар төс болыс болып суреттелді. Әуезов прогрессивті күш-қуаттың бәрін Абайға салды. Құнанбай жайлы фильм түсіру идеясы туындағанда мен Құнанбайға қай тұрғыдан келгенім дұрыс деп біраз кітаптарды қарап шықтым. Тұрсын Жұртбай ағамыздан бастап, бірнеше ғалымдардың зерттеулеріне зер салдым. Басқа да зерттеу еңбектерді оқи отырып аңғарғаным - Құнанбай іштей бірбеткей тұлға болмаған. Біріншіден, ол өте білімдар адам болған. Екіншіден, табиғатынан ізденімпаз, өнерпаз. Құнанбайдың өсу кезеңінің өзі үлкен прогрессивті жолда болған. Әкесі Өскенбай балаларының ішінен Құнанбайға бекер үміт артып, көзін тоқтатты дейсің бе? Өскенбай ел ісіне араласуға, билікке, тұлғалыққа Құнанбайды сүйреген.  Құнанбайдың образын, болмыс-бітімін ашу үшін барынша еңбектеніп жатырмыз, қалай болғанын фильм түсіріліп біткенде көрермен береді бағасын.
- Фильм сценарийін Таласбек Әсемқұлов жазып жатыр екен. Таласбек аға «Біржан салдың» да сценарийін жазды. Әу баста сіздердің шығармашылық байланыстарыңыз қалай өрбіді? Бұрыннан пікірлес пе едіңіздер?
- Біржан сал туралы фильм түсіруді қолға алғанда мен сценарий жазатын адамды шарқ ұрып іздедім. Әлбетте сценарий жазуды меңгерген, тіпті математикалық кестеге салғандай өлшеп-пісіп, белгілеген уақытыңда жазып, бітіріп беретін азаматтар бар. Бірақ мен ұлтқа жақын жазатын адамды іздедім. Алпыс екі тамырымен руханияттан сусындаған, қазақылықты бойына сіңірген, қазақтығын жоғалтпаған, қазақтың мәдениеті мен музыкасына деген тебіренісі бөлектеу жанды іздедім. Белгілі әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова апамызбен ақылдасып едім, Таласбек бауырымызды ұсынды. Таласбекпен шығармашылық, достық қарым-қатынасымызды Алла ажыратпаса, адам ажыратпас. Біздерді тоқайластырған - ортақ мақсатқа ұмтылғыштығымыз, ұлтқа қажетті дүние жасауға талпынысымыз деуге болады. Таласбек - өте білімді азамат. Өзі ғана емес, жолдасы Зира келін де өте білімдар жан.
- Мереке қарсаңында телеарналардан «Біржан салдың» көрсетіліп жататынын байқаймыз, фильм халықтың сүйсініп отырып көретін туындылардың  біріне айналды. «Біржан салды» түсіргенде сіз Біржан салдың серілігіне баса назар аударған сындысыз. Бірақ Біржанды қанша жерден сері, өнерпаз, халқы төбесіне көтерген азамат десек те, атамыз қазақ қызын серінің башпайын уқалауға жіберіп қойып, қарап отырмаған шығар. Бәрінен де намысын жоғары қойған халықпыз ғой... Фильмдегі осы көріністі беруде артық кетіп қалдым деп ойламайсыз ба?!
- Ер азаматтың аяғын жууды, аяқ уқалауды қабылдау қиын. Негізі, бұл -қазақтың табиғатында болған шаруа. Серілерді былай қойғанда, менің анам әкемнің аяғын жуған. Атқа мінерде анам әкемнің атының басын ұстап тұрып мінгізіп, түсерде қолтығынан демеп түсіріп жіберетін. Анам үшін бұл үлкен мәртебе болатын.  Қыз бала шашын қиды, еркектің шалбарын киді, сантиметрлеп тырнағын өсірді оған бой үйретік. Ал Әпіштің Біржанның аяғын жуғанын ерсі көрініс деп қабылдап отырмыз. Ерінің аяғын жууда үлкен ұлттық философия жатқанын білмей отырмыз ғой демек. Әпіштің айтатын: «Азаматтың намысы аяққа тапталып жатқанда, бір қатынның өлімі садаға» деген сөзін біздің аналарымыз айтқан. Қазақ қыздарының еріне деген сыйластығы, осы бір ең үлкен зиба дүние жоғалмағанда қазақ қоғамында еркектің әйелінің алдында бүгежектігі, жалтақтығы болмас еді. Ал серілік туралы айтар болсам: мәдениетті әлемдік деңгейде білетін адам - Ақселеу ағам еді жарықтық. Бірде Ақселеу ағамнан: «Қазақтың сал-серілерінің еркелігінің деңгейі қандай болған заманында?», - деп сұрағам. Сонда Ақселеу ағам: «Ойбай, Досхан-ау, сұрама, ашуланса ақылсыз болыстың, сараң, оспадар байлардың үйіне келіп, дәрет сындырып кеткен тіпті. Олардың мұнысын халық көтерген. Ауылына келген серілерді әлі он екіде бір гүлі ашылмаған қыздар ғана қарсы алған. Үлкен астауға су құйып, қыздар ғана шомылдырған», - деген. Сен аяқ жуып, башпай уқалауды ерсі көріп отырсың. Егер осы көріністерді экранға шығарар болсақ, халық түсінбеуі мүмкін. Әрі біз «Біржан салды» түсіргенде,  мұның бәрін көрсетуді мақсат етіп қоймадық. Біржанның зират басына барып айтатын: «Аяқ-табақ жалаған сарай әнші, сарай күйші етігімен төрге оза ма деп қорқам. Шын өнердің бағлан басы табалдырықта қала ма деп қорқам», - деген сөзінен-ақ қаншама дүниені аңғаруға болады?! Ұлттық өнерімізді, ұлт руханиятын төрге шығара алдық па?! Осы сауалдардың жауабын айту үшін де біз «Біржан салды» түсірдік.
- Досхан аға, жаңадан бері ұлттық, халықтық дүниелер туралы айтып жатырмыз ғой. Өнер адамдарының арасында да халыққа жақын тұлғалар бар. Сондай-ақ қанша жерден кәсібимін деп кеуде қаққанымен, халыққа жұғымы жоқ өнер адамдары да бар. Өнерпаз ретінде өзіңізді халықтық өнерпаз, халықтық тұлға деңгейіне жете алдым деп ойлайсыз ба?
- Тұлғалық деген шаруаға таласқым жоқ, таласа алмаймын да. Өйткені, тұлға боларлық адамның қандай болатынынан шатасқан адаммын, оны білмеймін. Тұлғалықты қойып, зиялы адам қандай болуға тиісті, оның бойында қандай қасиеттер болуы керек, мұны да айта алмаймын.
- Айта алмайтыныңыздың себебі неде сонда? Ұлт зиялыларының беделі арзандап, құны төмендеп кеткендіктен бе?
- Зиялымын деп жүргендердің бәрін көрдік, көріп келе жатырмыз. Өзін зиялы санайтын ел азаматтарының көбінде ұсақтық басым, қорқақ. Онысын  заманның ыңғайына қарай ғой деп түсіндіріп, ақталады да. Зиялымын ба, жоқ па оны халық бағамдай жатар, мен ұлтқа деген сүйіспеншілігімді өзімнің кином, кәсібім арқылы жеткізгім келеді. «Ұлтым үшін тап қазір күре тамырымды кесіп жіберіп, у ішуге де даярмын» дейтіндердің сөзінің бәрі өтірік. Өз кәсібім арқылы халыққа пайдалы дүние жасай білсем, қазаққа бірдеңе айта алсам, соның өзін ұлтқа жасалған қызметтің зоры деп білем.
- Сіздің шығармашылығыңызда тоқырау кезеңі болды ма осы?
- 1995-2001 жылдары қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының  директоры әрі көркемдік жетекшісі болдым. Осы жылдарды мендегі тоқырау кезеңі десе болады. Тіпті бұл жылдарда театр сахнасында эпизодтық рөлдерде де ойнамадым. Өйткені, рөл алсам, директорлық мандатымды пайдаланып, біреудің нәпақасын тартып алғандай болармын деп ойлайтынмын. Әйтпесе режиссерлер тарапынан маған рөлдер берілмеді емес, берілді.  «Уақытым жоқ, бұл рөл одан да пәленге берілсін», - деп, әрқандай сылтаумен әйтеуір сытылып шығатынмын. 2004 жылы «Көшпенділер» фильмінде Қалдан Сереннің рөліне бекітілгеннен кейін өнерім өгейсіп бара жатқанын ойладым да, арыз жазып, директорлықтан бас тарттым.
- Қазір ініңіз Ерік Жолжақсынов та Астана Циркін басқарып, білдей бір мекемеде директор болып отыр ғой. Басшылықтың шаруасымен жүріп, шығармашылық дағдарысқа ініңіз де ұрынып қалмай ма, қалай ойлайсыз?
- Өнер адамы рөл алмағанның өзінде, өзін-өзі дайындап жүруі тиіс. Өнерді ұмытып, қызметтің соңында кетсе, әртіс қатқылданады. Менің інім ондай дағдарысқа ұрынады деп ойламаймын. Отандық режиссерлерден бөлек, Ресейден де шақырту алып, Ресейдің фильмдеріне де түсіп жүр. Жалпы мен ініме ризамын, өте жақсы актер. Бірақ, әлі де сүбелі рөлі алдында шығар деп ойлаймын. Ерігім әртіс ретінде өз-өзін жоғалтқан жоқ. Жолжақсыновтар әулетіне кір келтірген кезі болған емес, Құдайға шүкір.

Сұхбаттасқан - Қарлыға ИБРАГИМОВА

"Халық сөзі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371