Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2643 0 пікір 9 Сәуір, 2013 сағат 06:44

Асқар Жұмағалиев: БІРҚАТАР ӘУЕ КОМ­ПАНИЯЛАРЫ ЖАБЫЛУЫ МҮМКІН

Бір емес, бірнеше рет апатты жағдай орын алса да әуе компанияларына қатаң шара қолданылмады. Кінәлілерді әлі де іздеп әлек. Осы мәселелердің басын ашып, белгілі бір тәртіпке салу ісі Парламентте қаралды. Апта басында Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев Үкімет сағатында берген есебінде еліміздегі әуе компаниялары ИКАО-ның талаптарына мойынсұнуына тура келеді деді. Қазақстанның әуе компаниялары тығырыққа тірелді.

Бір емес, бірнеше рет апатты жағдай орын алса да әуе компанияларына қатаң шара қолданылмады. Кінәлілерді әлі де іздеп әлек. Осы мәселелердің басын ашып, белгілі бір тәртіпке салу ісі Парламентте қаралды. Апта басында Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев Үкімет сағатында берген есебінде еліміздегі әуе компаниялары ИКАО-ның талаптарына мойынсұнуына тура келеді деді. Қазақстанның әуе компаниялары тығырыққа тірелді.

ИКАО - халықаралық азаматтық авиация ұйымы. Бүкіл әлемнің әуе компаниялары осы ұйымның белгілеген қағидаларымен жүріп-тұруы қажет. Әйтпесе «қара тізімге» ілінеді де, табысты бағыттарға ұшуға тыйым салып қайтарады. «Қара тізім» Қазақстанды Африка мен Азияның аса кедей елдерінің қатарына түсірді. Былтыр аталмыш министрлік «қара тізімнен» шығу үшін Еуроодақтың штаб-пәтеріне ИКАО-ның ескертулеріне қатысты есеп ұсынған болатын. Ал жуырдағы Көлік және коммуникация министрінің депуттаттар алдында есеп беруін жыл соңындағы апатты жағдайлар жеделдеткен сияқты.
2008-2013 жылдар аралығында Қазақстанда 21 әуе апаты орын алған. Бұл қайғылы жайт ИКАО-ны да бейжай қалдырмаса керек.
- Соңғы бес жылда елімізде 21 авиациялық оқиға болды. Бұл ретте техниканың бұзылуынан - 3, сыртқы факторлар әсерінен - 3, ал ұшу техникасы ережелерін бұзғандықтан, яғни адам факторынан 15 оқиға орын алып отыр. Бірақ оқиға­лар­дың негізгі себебі - ұшу қауіпсіздігі техникасы ережелерін сақтамау, яғни адами фактор болуда! Егер қарапайым тілмен айтсақ, көп жағдайда апатқа ұшқыштар кінәлі. Қазақстанда жұмыс істеуге жақсы жағдай жасалмаған­. Бұл салада кадрлардың сапасы сын көтермейді. Оларға нақты «нормальный» жалақы қажет!» - деді Асқар Қуанышұлы. Азаматтық авиацияда апатқа ұшқыштарды кінәлау жаладан құтылудың оңай тәсіліне айналған сияқты. Олардың жалақысы да тым төмен емес. Ендеше ұшқыштарды жазғырудың орнына ұшыру қауіпсіздігі мен техникалық тексерістерді жиілетіп, жіті қадағалауды қолға алған жөн. Жыл соңында Шымкент маңындағы ұшақ апатында техникалық тексерістің атүсті жасалғаны анықталды. Бұл түйткілді депутаттар қауымы бірінші болып көрсетті.
- Депутаттық корпус әуе кемелерінің техникалық жай-күйін бақылауды кү­шейтуді талап етеді! - деп мәлімдеді Мә­жіліс атынан депутат, Экономи­калық реформа және өңірлік даму ко­ми­тетінің жетекшісі Сейітсұлтан Әйімбетов. - Өйткені әуе тасымалы қауіпсіз болуға тиіс. Бұл әуекомпаниялардың және әуе кемелері иелерінің кез келген эконо­ми­калық негіздемелерінен басым болуға тиіс. Ұшқыштарға кінәні арта салу оңай, - деді ол. Асқар Жұмағалиев: «Адами фактор кесірінен орын алатын авиациялық оқиғаларды азайту, ұшу қауіп­сіздігін қамтамасыз ету және қауіпсіздік жұ­мысын бақылау мақсатында өткен жы­лы Премьер-министрдің өкімімен ИКАО аудитінің ескертпелерін жою бойынша іс-шаралардың ведомствоаралық жоспары бекітілді. Сон­дай-ақ ИКАО-ның Техникалық ын­ты­мақтастық бюросымен техникалық және кеңес беру туралы келісім жасалды», - деді. Мамандардың жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төменгі жалақы, төменгі біліктілік және авиациялық инспектордың мәртебесінің болмауы бойынша биылғы жылы авиациялық биліктердің жаңа құрылымы құрылады. Ол үшін Министрліктің штаттық саны шеңберінде азаматтық авиация комитетінің штаты 65 адамға артады, оның ішінде 80 пайызы авиациялық мамандар болса, ал инспекторлар саны 40 адамды құрайды. «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленіп, депутаттар талқысына ұсынылған болатын. Енді осы өзгертулердің үстінен ИКАО-ның ұсыныстары мен талаптары бойынша тағы да толықтырылатын болады. Оның ең негізгісі «ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптары», яғни ИКАО-ның халықаралық стандарттарына сәйкестендіру. «2013 жылы қазақстандық компаниялар мен әуе көліктерін ИКАО стандарттарына сәй­кес және осы ұйым өкілдерінің қатысуымен қайта сертификаттау жүргізілетін болады! Тұрақты рейстерде жолаушылар тасымалдау­мен айналысатын компаниялар да міндетті тәртіпте IOSA аудитінен өтеді. ИКАО-ның болжамдары бойынша қайта сертификаттау нәтижесінде Қазақстанда бірқатар ком­паниялар өз жұмысын тоқтатуы мүм­кін», - деді министр мырза. Бұл - ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Қазақстан авиациясын «қара тізімнен» шығуына ықпалын тигізеді деп сенеміз.
Депутаттардың қолындағы мәліметіне сүйенсек, елімізде мемлекеттік тіркеуде 497 азаматтық жолаушы ұшағы бар. Олардың 80 пайызы тозып, пайдалану мерзімі 20 жылдан асып кеткен. Халықаралық қауіпсіздік шараларына сәйкес, пайдалану мерзімі 30 жылдан аспауы тиіс. «ИКАО стандартына сай келмейтін, ескірген әуе кемелері паркі отандық аза­мат­тық авиа­цияның үлкен кемшілігі бо­лып отыр!» - деп Сейітсұлтан Әйімбетов сөзін нақтылады. Олар еліміздің компанияларына 80 ескертпе жасаған екен.
ИКАО талаптарына сай болу үшін әуе билеттерінің құнын арзандату, бәсекелестікті дамыту, сервис, қызмет көрсетуді жақсарту, сондай-ақ рейстердің кешігуін болдырмау қажет. Тіпті елімізде ең қарапайым пайдаланушыларға сертификат беру мен оның қызметі одан әрі қадағаланбайды. Бұл талаптардың қатарында әуежай инфрақұрылымын дамыту баса назарға алынған екен. Өйткені республика көлеміндегі әуежайлар күрделі жөндеуден өтпегелі 20 жылдан асыпты. Жаңа техникалық базаның қойылмауы контрабандалық тауарлардың дәуренін асырып келеді. Оған мысал ретінде Тараз қаласындағы әуежайды атауға болады. СКАТ компаниясының негізгі кеңсесі орналасқан осы әуежайдың тозығы жеткен, компания паркіндегі ұшақтардың да ахуалы осы іспеттес. Бірақ жуырда министр «Әуежайларды дамыту жөнінен кешенді шаралар қабылдау нәтижесінде 2016 жылға қарай 18 әуежайдың бәрі ИКАО категорияларына сәйкес келіп, Астана мен Алматы әуежайларының өткізу мүмкіндігі 2 есеге артады. Жыл сайынғы жолаушылар тасқынының өсімі кемінде 10 пайызды құрайтын болады», - деген еді. Былтыр құрамына 27 елдің өкілдері енетін Еуропалық комиссияның ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитеті еліміздің қолданыстағы авиация жүйесін реформалауға және оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған жұмыстарын оң бағалаған. Сөйтіп «Эйр Астана» әуе компаниясына Еуроодақ Ережесінің «В» қосымшасына жаңа әуе кемелерін енгізуге рұқсат берді. Бұл ұлттық компанияға Еуропаға ұшу бағыттарын кеңейтіп, қосымша кемелерді қолдануға мүмкіндік береді. Үкімет сағатының қорытындысында Асқар Жұмағалиев көлік инфрақұрылымын толық қамтитын жаңа бағдарлама әзірленіп жатқанын айтты. Оны кеңсе қызметкерлері ғана емес, жергілікті әкімдіктер де дайындауға атсалысуда. Бұл бағдарлама негізінде шағын авиацияны дамыту көзделіп отыр. Шығыс Қазақстан облысындағы қысы қатаң Үржар, Зайсан аудандарында шағын авиацияның алғашқы сынақ жобасы жүзеге асырылады. Республика бойынша жаңа әуежайлар салынып, оларды ұстап тұруға қаржылай субсидиялар қарастырылып жатыр екен. Көлік және коммуникация министрінің айтуынша, биыл 10 рейске субсидия беріледі. Былтыр олардың саны бар болғаны 7 болса керек. Жақында тиісті байқаулар ұйымдастырылып, субсидияны жеңіп алған әуе компаниялары шағын әуежайға қатынауды бастайды.
Азаматтық авиация саласындағы келең­сіздіктер реттелмесе, апаттың алдын алу мүмкін емес. Отандық авиация халықаралық талаптар мен стандарттарға сай жұмыс істеп, даму жолына түскенде ғана қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Ал қауіпсіздік Еуропа емес, өзіміз үшін керек.

Ақниет ОСПАНБАЙ

"Түркістан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5387