Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 4055 9 пікір 23 Наурыз, 2023 сағат 12:44

«Қыдыр» ұғымы қайдан шыққан?

 

Қызыр – шығыстың Араб дүниесіне, өте-мөте Інжіл, Ислам діндеріне байланысты образ. Солай бола тұрса да, қызырды және оның дінмен қатысын зерттеуге біздің пікіріміз жоқ. Қарымы жеткен тағдыр да қай халықтың дүниесі болса да зерттей беру бар құбылыс. Біздің назарымызды аударып отырған қызырды зерттеу емес, қыдырдың қызырға ауысуы. «Қызыр образы қалай туылған?» деген мақалада автор: «Қызырдың қазақ арасында жарыса қолданылып жүрген бір аты – қыдыр» дейді. Және бұл тұжырымын қазақтың «Қыдыр дарысын» деген батасын «Қызыр дарысын» деп қиыстату арқылы бөгенайлайды. Бізше, қызырдың қыдырмен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бірақ қызыр құсап қыдырды да дінге жетелеп апаратын бұл бір құбылысты сабақтағанда, тәрізі мына бір жайтты ескеріп өтпей болмайтын сияқты.

Қазақ кеңес энциклопедиясында қыдырға мынандай анықтама жасалған: «Қыдыр – мұсылман дінінде ел аралап жүрген адам бейнелі әулие, адамға қамқоршы, бақыт, дәулет беруші. Діни наным бойынша, әр бір нәрсенің иесі болады – мыс. Мысалы, құт, дәулет, ырыс. Олар түрлі құс, адам, жәндік бейнесінде ел кезіп жүреді – мыс. Соның бірі – қыдыр». Дінді тиек еткен бұл анықтама да көңілге онша қонымды болып шықпаған. Неге десеңіз, қыдырдың мұсылман дінімен, яғни исламятпен туада қатысы жоқ. Егер қатысы болғанда, оны (қыдырды) мойнынан жетелеп ислам дініне әкелушілер – молда, қожалар. Дінді тарату, діннің абройын көтеру үшін олар көп нәрсенің басын аяғына төңкерді. Барша нәрсеге дін таңбасын басқысы келді. Басқаны қойып, қазақтың ата – бабасын да сахабадан таралған деп пайғамбарға жақындатты. Және мұндағы жақындату бірер күннің, бірер жылдың, бірер мезеттің шаруасы емес, бір қанша заман, бір қанша ғасырларға созылды. Ата-бабаның өзі ауысып кете жаздаған осындай жағдайда, қыдыр образының қызырға ауысуына қалайша таңданарға?!

Деседе, халық өз дүниесін дінге айырбастай қойған жоқ. Халық көкейінде қыдыр бейнесі мәңгі бақи жасай береді. Олай болатыны, бұл бейне діннен туған жоқ, халықтың есте жоқ ескі замандардан бергі жаратылыстық дүние танымынан туған еді. Төл тумысына біткен мұндай таным, халықтың өзімен бірге жасаса келе, заманның, өмірдің сан ықылымын кешіп, өзінің ертегі, аңыз, ой дүниесіндегі бейнелі образына, эстетикалық, филосопиялық ұғымына айналды. Тегінде, «Қыдыр» деген бұл ұғымды оның сөздік мағынасындағы аталуымен жалқыластыра қарамай, ұғымдық, бейнелік мәнімен байланыстыра қарау керек. Халықтың дүние танымындағы қыдыр – кезіп жүрген қозғалысты күйде бейнеленеді. Тарыққанға қуат, талыққанға медеу болатын жарлыны жарылқап, сорлыны есіркеп, бақыттың, ырыстың еншісін үлестіретін ол, бір орында тұрақтап тұрса болмас па еді?! Басқаға құдіреті жеткенде, тұрақтап тұруға құдіреті жетпеді ме?! жоқ, бұл арадан жаратылыстық дүниенің қияннан бұлдыраған бір сыры қараңдайды.

Халық дүние тегінің осы бір бұлдыраған сырын – қозғалыстың нышанын көкейіне түйе бастаған, атап айтқанда, осынау бір бақ пен сордың, жақсылық пен жамандықтың, ізгілік пен жауыздықтың тайталасқан диалектикалық қозғалыс күйі, қыдырды да кезіп жүретін қозғалыстық күйге түсірген. Халық: «Қырықтың бірі – қыдыр» деп оның белгісіздік, тұрақсыздық қозғалыс күйін ашық айтады. Халықтың ұғымынша, қыдырды табу жалбарыну, сиыну арқылы ғана қолға келетін шаруа емес. Қыдырдан үміті болған кісі көп еңбектеніп, көп іздену керек. Қарекетке, ғылымға, есіл мұратқа армай-талмай талпыну керек. Оның армас-талмас қарекетінен, адал, дұрыс еңбек мұратынан әсерленген қыдыр, сонда ғана оны қолдап, ісін ілгерлетеді. Міне бұдан халық ұғымындағы қыдырдың діни нанымдағы «ие» ретінде емес, табиғаттың заңдылығы ретінде көрінетінін анық байқауға болады.

Онан соң, қыдырдың көбінеки батадан орын алуы да тегін емес. Халық ұғымында батаның, бата берудің жолы үлкен. Ағынан жарылған ақ бата азаматтың, елдің әділетті, игілікті, келелі зор ісіне айналады. Мұндай батаны көрінген адам бермейді, жұртқа танылған, жасы үлкен, халықтың ақылгөй, ойшыл қадірменді данасы, яғни халық сипатындағы адам береді. Батадағы: «Әуелі қыдыр қолдасын, қайратың болсын жолдасың...» деп арнай, кесетіле айтылатын сөздерден бата алушы үлкен рухани медет тауып, ісінің дұрыстығына, көптің қолдайтынына, адал еңбегінің жанатынына көңілі көншіп, сенімі күшейіп, қайраты таси түседі. Мұнан қыдырдың халық қолдайтынды қолдайтыны, әділетті, дұрыстықты, табан ет, маңдай терді қолдайтыны анық байқалады. Халық көкейіндегі қыдыр бейнесінің бұлайша ізгіліктің, бақыттың, жақсылықтың символы болып келуі, әлде қандай бір діни нанымдардағы ғайри себептерге байланысты емес, халықтың арман-тілегіне, эстетикалық мүратына қатысты екені анық аңғарылады. Демек, батадағы қыдыр да талаптанудың, еңбектеніп ізденудің демберушісі.

Қазір халықтық мұралардың қауырт жиналып, реттеліп және зерттеліп жатқан кезі. Халық қазынасы ұшан-теңіз. Негізгі нәрсе, бар дүниені қалыбын құратпай жинап алу. Бұл арадағы «қалыбын құратпау» дегеніміз, кезіккен дүниені естілген, айтылған, жазылған күйінде аудырмай хатқа түсіру. Ал, негізінен байыптау қажет болғанда, армай-талмай іздену. Бұлай деп отырғанымыз, кей-кейде біздің өз көкейіміздің жүрдек келетіні. Халық дүниесін өз көкейімізге балап қарай салатын, түзете салатын жайттеріміз әр жерден белең беріп жүр. Әрине кісінің өз көкейіндегі нәрсенің өзіне жөн құсап білінетіні, түймедей нәрсенің көзіне түйедей болып көрінетіні екінің бірінде кезігетін құбылыс. Мұның өзін жекенің еркі емес, танымның обектив жағдайы белгілеген. Осыны деп халық дүниесінің түйедей нәрсесін түймедей көріп қалсақ, елеусіз қарасақ келіспейді. Халық дүниесі халықтың өзімен бірге жасасып келе жатқан, сан заман, сан ғасырдың кешуінен, сынынан өткен дүние, бізге жетіп отырған мұндай дүниенің түймедей емес-ау, тарыдайының өзі – таудай. Сол себепті, мейлі қандай жағдайда болсын – жинайық, реттейік, зерттейік – халық дұниесіне қатты абай болғанымыз жөн.

 

Әзімқан Тышанұлы (1929-1993)

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394