Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2422 0 пікір 12 Сәуір, 2013 сағат 08:42

ОКСАРАЙДА КІМ ОТЫРАДЫ?

Сұрақ қойылды. Бұған дейін де талай қойылған.
Қазіргі президент Ислам Кәрімовтің денсаулығына байланысты алып-қашпа сөз он жылдан бері айтылып келеді. «Кәрімовтің денсаулығы нашар» деген дабыра сыбыс соңғы рет осыдан екі жыл бұрын шыққан еді. Ал «Оның мұрагері кім?» деген сұрақ оқтын-оқтын қойылып жүр.Бірақ Орталық Азиядағы саяси ахуалды анықтауға ықпал ететін осындай маңызды сұраққа әлі жауап жоқ.

Ендігі «Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтің жүрек талмасы ұстады ма, жоқ па?» деген сұрақ өзекті емес. «Ферғана» агенттігінің бас редакторы Даниил Кислов айтпақшы, егер Өзбекстанның басшысы науқас болмаса да, ол туралы суыт сыбыс тарату керек болатын. Өйткені ауру-сырқаусыз-ақ Өзбекстанның басшысы жиырма төрт жылдай басқарып келген тақты босататын кезі келді.
Ислам Кәрімов бұған дейін президент­тікке үш рет сайланып, бір рет бүкілхалықтық референдум арқылы өкілеттігін созды. Өзбек билігінің оппозициясы Кәрімовтің кеш дегенде 2005 жылы биліктен кетуі керектігін айтқан еді.
Ол биыл қаңтарда 75-ті толтырды. Қазақ айтатын қазыналық қарттыққа жетті. Жақсы тілек - «Жағың түспей, жамандық көрме» дегенді де көрді. 1989 жылдан бері Өзбекстанды билеп-төстеп келген саясаткер мерейтойлық жасқа келген соң, оның мұрагері жайлы сұрақ тағы қылаң берді.

Сұрақ қойылды. Бұған дейін де талай қойылған.
Қазіргі президент Ислам Кәрімовтің денсаулығына байланысты алып-қашпа сөз он жылдан бері айтылып келеді. «Кәрімовтің денсаулығы нашар» деген дабыра сыбыс соңғы рет осыдан екі жыл бұрын шыққан еді. Ал «Оның мұрагері кім?» деген сұрақ оқтын-оқтын қойылып жүр.Бірақ Орталық Азиядағы саяси ахуалды анықтауға ықпал ететін осындай маңызды сұраққа әлі жауап жоқ.

Ендігі «Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтің жүрек талмасы ұстады ма, жоқ па?» деген сұрақ өзекті емес. «Ферғана» агенттігінің бас редакторы Даниил Кислов айтпақшы, егер Өзбекстанның басшысы науқас болмаса да, ол туралы суыт сыбыс тарату керек болатын. Өйткені ауру-сырқаусыз-ақ Өзбекстанның басшысы жиырма төрт жылдай басқарып келген тақты босататын кезі келді.
Ислам Кәрімов бұған дейін президент­тікке үш рет сайланып, бір рет бүкілхалықтық референдум арқылы өкілеттігін созды. Өзбек билігінің оппозициясы Кәрімовтің кеш дегенде 2005 жылы биліктен кетуі керектігін айтқан еді.
Ол биыл қаңтарда 75-ті толтырды. Қазақ айтатын қазыналық қарттыққа жетті. Жақсы тілек - «Жағың түспей, жамандық көрме» дегенді де көрді. 1989 жылдан бері Өзбекстанды билеп-төстеп келген саясаткер мерейтойлық жасқа келген соң, оның мұрагері жайлы сұрақ тағы қылаң берді.
Ташкентте 19 наурызда ұлттық мейрамда би билеп, көңіл көтергеннен кейін Кәрімовтің бой тасалап, жеті күн бойы кісі көзіне түспеуі сыпсың сөзді одан әрі өршітті. Осы аралықта ғаламторда түрлі алып-қашпа сөздердің өрттей қаулағанына қарамастан, ресми Ташкент тарапынан әлдебір жауап болған жоқ. Тіпті шетелдің азуы алты қарыс ақпарат құралдарының өзі осы күндері өзбек президентінің денсаулығы жайлы нақты мәлімет ала алмай, діңкелері құрыды.
Ақыры, өзбек басшысының дін-аман, саламатты екендігі туралы ақпарат Астанадан айтылды. 27 наурызда Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовты Оксарайда қабылдап, екіжақты келіссөздер жүргізген. Бұл деректі Қазақ ақпарат агенттігі таратқан.
Осы аралықта АҚШ өкілдері де «Кәрімовтің денсаулығы нашар деуге еш негіз жоқ» деген мәлімдеме жасады.
Сәуір айының басында Кәрімов Ташкент облысында Халық депутаттарының кеңесінде сөйлеген сөзінде қарамағындағы шенеуніктерді «елдің қамы үшін еңбек етуге» үндеді.
Оның үстіне, жақын күндері Кәрімовтің Мәскеуге ресми сапары жоспарланған.
Түрлі долбарға құралған ұзынқұлақ лаңы әзірге осылайша басылды.
Саясаткер Ерлан Қарин жақында жергілікті газетке берген бір сұхбатында Ислам Кәрімовтің дімкәстығына байланысты ғаламтордағы сыбыстарды «троллинг» деп атады. Мұның өзі Өзбекстанмен көршілес әрі одақтас болғандықтан, бұл елдегі саяси тұрақтылық пен ресми биліктің заңды түрде ауысуы Қазақстан үшін өте маңызды екенінің айғағы.
Шындығында, Кәрімов дімкастығы туралы сыбыс ойдан шығарылған болса да, осындай жағдай болған жағдайда, ел ішінде, халықаралық қауымдастықта кім қалай әрекет етуі мүмкін деген болжамды тексеруге жақсы мүмкіндік берді.
Бірақ «Ислам Кәрімовтің көзі тайған жағдайда, Өзбекстан президенттігіне кім сайланады? Кәрімовтің мұрагері қандай саяси бағытты ұстанады?» деген сұрақ жауап тілейді. Себебі Кәрімовтен кейінгі президенттің қандай саясат ұстанбағы түптің түбінде Орталық Азиядағы саяси жағдайға әсер етуі мүмкін.
Келесі жылдан бастап АҚШ өзінің әскери базаларын Ауғанстан мен Қырғызстаннан шығара бастайды. Қазірдің өзінде егер АҚШ Орталық Азиядан кеткен жағдайда, бұл аймақтағы саяси ахуал ушығуы мүмкін деген болжам айтылып жүр. Әйтсе де, АҚШ қару-жарағы алысқа ұзамай, өзбек жерінде тұрақтап қалуы да ықтимал.
Батыстық демократиялық институттар тарапынан айтылып жүрген түрлі сынға қарамастан, Өзбекстан мен АҚШ - әріптес. Егер АҚШ өз базаларын Өзбекстанға орналастырар болса, онда Ташкенттің Орталық Азиядағы бәсі арта түспек. Былтыр аймақтық Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім-шарт ұйымынан шығуы да Өзбекстанның геосаяси мүддесінің алысқа көз тіккенінен хабар береді. Бұған дейін де Кәрімов Орталық Азиядағы әскери-саяси үстемдікке ие болуға үмітті екенін жасырмайтын. 2000 жылы «Коммерсантъ» газетіне берген сұхбатында ол «Өзбек армиясы қазіргі таңда Орталық Азиядағы ең күшті армия» деп мәлімдеді. Осы сұхбат кезінде айтылған «Ресейге айтыңыздаршы, бізді қорғаудың қажеті жоқ... Өзбектің өзіне берілген соққыға соққымен жауап беруге қауқары жетеді» деген тіркес сол сәтте-ақ қанатты сөзге айналды.
Сын демекші, 2005 жылы Ислам Кәрімов Әндіжандағы бас көтеруді күшпен басқанда да Батыс елдері, оның ішінде Еуропалық одақ ауызша айыптаудан аса алмады. Болған оқиғаның ізін суытпай тәуелсіз тергеу-тексеру жұмыстарын жүргізуге жергілікті билік жол берген жоқ. БҰҰ да өзбек сот жүйесінде азаптау әдіс-тәсілдерінің қолданылатынын талай рет сынға алған. Бірақ бұл сын тезі Кәрімовтің ішкі саясатына әлдеқандай әсер етті деуге негіз жоқ.
Әндіжан оқиғасынан кейін Ислам Кәрімов тарихта «диктатор» деген атпен қалуы мүмкін. Қазірдің өзінде шетелдік басылымдарда жарияланған мақалаларда оған қатысты «диктатор» деген теңеу ашық айтылып қалады.
Бұған дейін Кәрімов өзінің имиджін жақсартудың зайырлы жолдарын байқап көрген. Ол «Өзбекстан: жаңару мен дамудың өзіндік жолы» (1992ж.), «Ата Заңның үстемдігі» (1995 ж.), «Өзбекстан ХХІ ғасырдың табалдырығында. Қауіпсіздікке төнген қатер, дамудың шарттары мен кепілдіктері» (1997ж.), «Зор руханият - сарқылмас күш» (2008ж.), «Өзбекстан тәуелсіздік алардың алдында» (2011ж.) кітаптардың авторы. Бұл кітаптар Ислам Кәрімов билік басына келмей тұрғанда Өзбек елі қандай еді, қазір қандай жетістіктерге жетті деген сұрақтарға нақты жауап беруі тиіс еді, бірақ Кәрімовтің көзі тайғанда бұл кітаптар өзекті бола ма, жоқ па - күңгірт. Қалай дегенмен де, келешекте Ислам Кәрімовке оның өз кітаптары арқылы емес, іс-әрекеті арқылы баға берілетіні анық.
Сонымен, діні берік отыз миллион халқы бар Өзбекстанның келесі президенті кім болуы мүмкін?
Әзірге Кәрімовтің орнына келуі ықтимал үш бірдей үміткердің бар екені айтылады: бірі - премьер-министр Шавкат Мирзяев, екіншісі премьер-министрдің бірінші орынбасары әрі қаржы министрі Рустам Азимов. Үшіншісі - Кәрімовтің үлкен қызы Гүлнара Кәрімова.
Өзбекстандағы саяси билік белгілі бір кландар қолында екені белгілі. Олардың ішінде ең ықпалдылары «ташкенттіктер», «самарқандықтар» мен «ферғаналықтар». Ал бұлардан басқа «сурхандариялық», «хорезмдік», «қарақалпақ» кландары әзірге әлсіз.
Ислам Кәрімовтің өзі Самарқандта туылған. Шавкат Мирзяевті де самаркандық кланға жатқызады, ұлты тәжік. Оны 2003 жылы Кәрімовтің өзі премьерлікке ұсынған болатын, сол уақыттан бері Үкімет басында отыр.
Ал Рүстем Азимов - ташкенттік кланнан. Академиктің баласы қазір үкімет басшысының бірінші орынбасары әрі қаржы министрі.
Гүлнараның жасы қырыққа келіп қалды. Өзі әнші әрі модельер-дизайнер, Өзбекстанның БҰҰ өкілі болған. Гүлнараның үстінен Швеция мен Швейцарияда заңсыз ақша айналымына қатысы бар деген айыппен тексеру жүріп жатыр.
Гүлнара бір кездері әкесінің Батыстағы имиджін жақсартумен айналысқан. Ол Кәрімовтер әулетінің миллиардтаған байлығын талан-таражға түсірмей сақтап қалу үшін ғана таққа отыруы мүмкін. Бірақ әр саланың басын бір шалып жүрген шолжаң қызды өзбек халқы төбесіне көтеріп, «хан» сайлауы екіталай.
Ғаламтордағы Кәрімов туралы алып-қашпа сөздерге шама-шарқынша тойтарыс беруге тырысқан Гүлнара болды. Ол «Твиттер» арқылы әкесінің денсаулығына күмән келтіргендердің долбарын жоққа шығарып, олардың сөзін қылжаққа айналдырды.
Өзбекстанның Ұлттық қауіпсіздік қыз­метінің басшысы Рүстем Иноятовтың да ел ішіндегі жағдайға ықпалы күшті. 1995 жылдан бері осы құрылымды басқарып келеді, өзін ешбір кланға жатқызбайды. Кейбір мамандар Ұлттық қауіпсіздік ұйымын «мемлекет ішіндегі мемлекет» деп атайды. Өзбекстандағы бүгінгі саяси-әлеуметтік жағдайды ұстап тұруда әскер күшінің көмегі зор.
Түптің түбінде, Оксарайдағы үлкен қызметке кімнің келерін осы кланаралық қарым-қатынас анықтауы ықтимал.
Келесі жылдың соңында көрші елде кезекті парламент сайлауы, одан үш айдан соң президент сайлауы өтуі тиіс. Ендеше, «Оксарайдың ендігі қожайыны кім?» деген сұрақтың жауабы табылар күн де алыс емес.

Гүлбиғаш Омаров

"Түркістан" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434