Жұма, 22 Қараша 2024
1626 1 пікір 27 Наурыз, 2023 сағат 13:48

ҚХА жиыны: Қазақстандағы ұлтаралық саясат қалай жаңарады?

Халық санағының ресми қорытындысы бойынша, жиырма миллионға жуық қазақстандықтың ширегінен көбі өзге ұлт өкілдері екен. Жалпы саны бес жарым миллионнан асып жығылады.

Тек он алты диаспораның әрқайсысы кемі отыз үш мыңды құрайды. Ал басқаларының саны – ұлттың көрсетпегендерді қоса алғанда, шамамен 265 мыңның айналасында. Бұл көрсеткіштің өзі Қазақстанда тұратын ұлттар мен ұлыстарға тең құқық берілгенін айғақтайды.

1995 жылы, наурыздың бірі күні Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен құрылған Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган – Қазақстан халқы ассамблеясы еліміздің ынтымақтастығы мен тұрақтылығын сақтауға ат салысып, дамуына үлес қосып келеді. Парламенттегі тоғыз орын осы Ассамблея мүшелеріне тиісті.

Демек, заңдарды ұсыну мен талқылауда, қайта қарау мен мақұлдауларда аталмыш ұйымның айтарлықтай үлесі бар.

2015 жылды «Қазақстан халқы ассамблеясы жылы» деп атап өттік. Бұл жылы өткізілген шаралардың басым бөлігі бүкілқазақстандық мәдениетті дамыту, ел азаматтарын ортақ мүддеге жұмылдыру, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, этносаралық байланыстарды күшейтуге бағытталды. Осы істің басы-қасында ҚХА жүрді. Оның міндеті де сол – әр қазақстандық этникалық һәм діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияға сай азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай жағдай жасау, бауырластыққа, сыйластыққа, өзара түсінісуге мұрындық болу. Әрине, Мемлекетімізде еліміздің барлық этностарының діні мен дәстүрін, мәдениетін сақтауға да, дамытуға да қажетті жағдайлар жасалған. Ал Ассамблея атқаруға тиіс шаруалар Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешуіне ықпал етеді.

Бұдан бөлек, әр жылдары болған төтенше жағдайлардың кезінде апатқа ұшыраған аймақтарға көмек көрсетуде де Ассамблея қалыс қалған емес. Сан алуан әлемдік додаларда да ҚХА өкілдері туымызды көкте желбіретіп, мерейіміз өсіріп, алапамызды асырып келе жатқанына тарих куә. Еліміздің әр өңіріндегі театрларда да түрлі этностардың үлес салмағы бар. Дәлірек айтсақ, 85 театрдың 16-сы диаспораларға тиесілі (А.М.Горький атындағы Қостанай облыстық орыс драма және қуыршақ театры ,А.Островский атындағы Батыс Қазақстан облыстық орыс драма театры, Ақмола облыстық орыс драма театры, Жамбыл облыстық орыс драма театры, К.С.Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театры, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, М.Ю.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Мемлекеттік неміс драма театры, Мемлекеттік Қ.Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театры, Н.Погодин атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театры, Н.Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры, Ф.Достоевский атындағы Семей мемлекеттік орыс драма театры, Шымкент қалалық орыс драма театры, Шымкент қалалық өзбек драма театры).
Биыл ҚХА құрылғанына 28 жыл толды. Осы аралықта Ассамблеяның отыз бір сессиясы өткізілді. Отыз бірінші сессия былтыр «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» деген атпен өткен болатын. Күні бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXХІI сессиясын шақыру туралы өкімге қол қойды. Кезекті сессия «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырып аясында өтеді.
Иә, қазақ халқы түрлі нәубет кезінде құшақ жая қарсы алған ұлттар мен ұлыстардың бүгінгі ұрпақтары һәм халқымыздың қатарын кейіннен келіп толықтырған азаматтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Қазақстанның дамуы үшін аянбай еңбек етсе, түрлі-түрлі деструктивті топтардың теріс пиғылына тосқауыл болып, экстремизмдер мен тераризмдерге тойтарыс беріп, бірлік туын нық ұстаса – әділдік дегеніміз сол. Сонда ғана тәуелсіздігіміз тұрақты, бақытымыз баянды болмақ. Сонда ғана дамудың даңғыл жолына түсіп, бақуатты болашаққа бағдар аламыз.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322