Жұма, 27 Қыркүйек 2024
Жаңалықтар 3128 0 пікір 15 Сәуір, 2013 сағат 04:24

Интернет-конференция: Дәурен Қуат (Басы. 1-сұхбат)

-  Абай.кз порталын дүниеге әкелу идеясы қайдан пайда болды? Алғашқы күндерден есіңізде қалған қандай жайтты қадап айтар едіңіз? "Абайдың" аяғынан тұрып кетуіне кімдердің жәрдемі тиді?

- Бұл сауал маған интернет-конференция барысында келіп түскен сұрақтар мен пікірлердің соңын ала жолданыпты. Әйтсе де, мен әңгімені осы сұрақтан бастағанды жөн көрдім. Өйткені, арада дөңгеленіп төрт жылдың айы мен күні өтіп үлгергенімен, оның да өзіндік ыстық-суығы, қимас сәттері, қиналтқан шақтары болды емес пе? Оның үстіне, қандай да бір игілікті істің бастауы бар, ол іске түрткі болатын жайттар және табылады дегендей...

Сонымен, «Абай» қалай басталды?

-  Абай.кз порталын дүниеге әкелу идеясы қайдан пайда болды? Алғашқы күндерден есіңізде қалған қандай жайтты қадап айтар едіңіз? "Абайдың" аяғынан тұрып кетуіне кімдердің жәрдемі тиді?

- Бұл сауал маған интернет-конференция барысында келіп түскен сұрақтар мен пікірлердің соңын ала жолданыпты. Әйтсе де, мен әңгімені осы сұрақтан бастағанды жөн көрдім. Өйткені, арада дөңгеленіп төрт жылдың айы мен күні өтіп үлгергенімен, оның да өзіндік ыстық-суығы, қимас сәттері, қиналтқан шақтары болды емес пе? Оның үстіне, қандай да бір игілікті істің бастауы бар, ол іске түрткі болатын жайттар және табылады дегендей...

Сонымен, «Абай» қалай басталды?

2008 жылы сәуір айында мен республикалық «Жас қазақ» газетіне бас редактор болып тағайындалдым. Газеттің әкімшілік басқару ісіне де сол кезде ағайынды бір жігіттер келіп жатты. Әлгілер келген бетте-ақ қып-қызыл орыстілді, онша-мұншы сөзді ұға бермейтін ноқалайлау жігіттер екендігін бірден байқатты. Шығармашылық ұжым оларды қабылдамады. Ал «әкім-қараларым» болса, мені «бір командамыз» деп түсінсе керек, «журналистердің айлығын қысқартайық», «қаламақыдан қағайық», «жұмысқа кешігіп келсе, біркүндік еңбекақысын жазбай тастайық» дегендей ұсыныс айта бастады. Ұсыныс айтып қана қойған жоқ, соның солай болуы керектігін менен талап етті. Мен ондай дөкірлікке төзіп отыра алмадым, басында, рас, талантты ұжым мен жап-жақсы газетті сақтап қалу үшін  бар дипломатиямды жұмсадым да, болмаған соң бір ай, бір жарым айдың жүзінде табанды түрде шығармашылық ұжымның жағына шықтым.Менің бұл шындығыма күмән келтіретіндер болса, сол кездегі ұжымнан: Әмірхандар мен Сәкендерден, өзге де қыз-жігіттерден сұрасын. Онымен қоймай менің «Жас қазақтың» төріне барып «жайғасқаным» әлдебір ағайындарға да жайсыз тиіпті. Олар текке қарап жүрмей, жоғары жаққа, дұрысы - газет құрылтайшыларына домалақ арыз жүгіртті. Әлгілердің салақұлаш «арыз-армандарын» бір реті келгенде өзім де оқыдым. Ұят-ай... Сөздің қысқасы, «Жас қазақтан» кететінімді түсіндім. Әрине, бас редакторлық дегенді ұлық қызмет көріп, битімді төгіп отырып алсам болатын еді, бірақ мен еркімше жұмыс істеп, азат ойлайтын орта болмаса, мүләйім хал кешіп жүре алмайды екенмін. Асқан сорлы, ынжық немесе қолынан түк келмейтін біреу болмасаң, мына заманда ептеп өз бетіңше күнелтуге, өз қалауыңдағы ортаны қалыптастырып, отбасыңа, отаныңа қызмет етуге азды-көпті мүмкіндік бар. Ол мүмкіндік - жаңа медиа кеңістігіне бару деп түсіндім. Осы идея ішіме түсіп алып, шықпай қойды. Бірде жұмыстан кешқұрым бірге қайтып келе жатып ойымды Айдосқа - Айдос Сарымға айттым. Айдос «Жас қазақтағы» шенеуніксымақтардың зорлығын жақсы білетін. Сол үшін де газет редакциясына соғып жігерлендіріп, әзіл әңгімелердің шетін шығарып, мені сергітіп кетіп жүретін. Сайт ашу туралы ұсынысымды білдіріп едім, Айекең: «Тап осы мәселе менің де ойымда көптен бері жүр еді. Кеттік, ат басын бұралық мына бір дәмханаға», - деп күліп жіберді. Елбасымыздың «Мен Астананың сәулетті құрылыстарын салфеткаға сызып түсіргенмін» дейтін сөзі бар ғой, сол кісі сияқты біз Айдос екеуміз де «Абайдың» дизайнын «Дос» деген дәмханада отырып, салфеткаға сызғанбыз. Сосын оны қойын дәптерлерімізге түртіп алдық та, барлық айдарларын тізіп шықтық. Бұл, ұмытпасам, 2009 жылы ақпан айы болатын.  Содан «Тәуекел, Алла!» деп іске кірістік. Алдымен сайтқа салмақты ат қою керек болды. Бұған біраз бас қатырдық. Сөйтіп жүргенде қатарымызға Ақберен Елгезек қосылды да, «Абай» доменін тіркетіп қойғанын айтты. Қысқасы, ақпараттық порталға Ақбереннің, өзімше айтсам, Акоштың арқасында хакім атамыздың аты берілді. Сондықтан мен «Абайдың» асуы, алған биігі Ақберен Елгезекті әрқашан қуанышқа бөлейді деп білемін. Бір мақаласында Ақберен «Абай.кз» тарихқа еніп кетті» деп жазыпты. Анау-мынауға селт етіп мақтана қоймайтын, асып-таси бермейтін мені бұл сөз қатты толқытты.

«Абайдың» аяғынан тұруына біздің жақын достарымыз, мүдделес, ниеттес, қанаттас бауырларымыз да жәрдемін тигізді. 2009 жылдары Берік Әбдіғали Президенттің Мемлекеттік тіл қорын басқаратын. Берік басқарған қордың бір байқауына қатысып, жеңімпаз болдық. Бауырын енді жазып келе жатқан сайттың жұмысына Берік Әбдіғали мырза бөлген 300 мың теңге кәдімігідей жәрдемін тигізді. Қазағын, туған елін әлдекімдер сияқты «сүйемін, жолына жаным құрбан» деп айқайламай-ақ жақсы көретін азаматтар - Дархан Қалетаев пен Ерлан Қарин бағдарламашы балаларға қажетті тиын-тебенді таба алды. Саясат және өнертану институтын басқарған Ерлан Саиров құрақ ұшып, бір бөлмесін аз күнге босатып берді. Оқыған-тоқығаны көп менің сыралғы достарым Талғат Ешенұлы, Дидар Амантай, Сәкен Сыбанбайлар сайттың контетін байытуға үлес қосты. Өркен Кенжебек, Ерлан Әбдірұлы сияқты іні-достарым да «Жас қазақта» жүрген кезіміздегідей менен тапсырма алып, кейде өздері жазып, «Абайдың» «ауылынан» табылды. Тек осы азаматтар ғана емес, қазақ тілді газет-журналдар мен телеарнадағы әріптестерімнің бәрі тілеулестігін білдірді, «әйт, шу!» деген атқа сеп» дейді қазақ, тілеулес әріптестерімнің бірі жарқылдап, жылы лебізін жеткізсе, бірі өздерінде жарық көре алмай жатқан мақалаларды жолдады. «Хабар» арнасындағы қыздар тіпті екі-үш ай маған жанқалталарынан шығарып «жалақы» төлеп тұрды. Сол шақтарда осындай жантебірентерлік жақындығын көрсеткен жандармен қазір ет-жақын туыс болып кеттік. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бостың» ғажабына өз басым осылайша тәнті болумен келемін. Сол кезде де тісін-тісіне басып «Мына пәле енді мына жақтан шыға келді ме?»  деп сызданғандар да болды. Олар да, Құдайға тәуба, баршылық, соның қайсыбірін осы конференциядағы сұрақтарынан байқап отырмын. Аман болсын, өз қазағым, өз жұртым. Жан баласына жамандық тілете көрмесін Жаратқан.

Алматыдағы Абай мен Бауыржан Момышұлы көшесінің қиылысында 40-45 шаршы метрлі шағын пәтерім бар-ды. Соның асүйіне кіріп алып таң атқанша сайтқа материал теріп отырған кездерім болды. Айдос пен Ақберен жазады. «Азаттықтағы» жұмысынан қолы қалт етсе, Өміржан қосылады. Дизайнер-бағдарламашы  Әсет бар, бәріміз тәуліктер бойы көз ілмей жұмыс істеген күндерді бастан кештік. Сондай жанкештілігіміздің арқасында (құрметті оқырман, айыпқа бұйырмаңыз, солай деуге қақым бар шығар деп ойлаймын осы күні) Abai.kz ақпараттық порталы жаңа медиа кеңістігінде қалыптасты. Дәстүрлі БАҚ-қа балама ретінде  елге танылды.

- 4 жылдық құтты болсын! 4 ғасырлығын ұрпақтар тойлата берсін! Дәурен Қуат, Айдос Сарымдарға алғысымызды білдіреміз. Құрметпен қазақ оқырманы.

- «4 ғасырлығын» деген тілегіңіз қабыл болсын! Жасампаз істердің мәңгілік екендігіне сеніп өмір сүретін, сол сенім жолында алған бетінен қайтпайтын адамдарды біздің қоғам құрметтеп үйренсе екен деймін. Біздікі сондай игілікті істің бірі болып қалса, жетеді. 1909 жылы Қазан қаласында Абайдың алғашқы кітабы басылып шыққан. 2009 жылы ойшыл ақын есімі ғаламторға «байланды». Осыдан-ақ ғасырдан ғасырға жалғасатынымызды білуге болатын шығар (мына сөздің ажарын аша түсетін бір смайл керек пе өзі, қалай? Әзіл ғой)

- Дәурен мырза, порталдарыңыз керемет! Ендігі жерде порталдың мазмұндық, дизайндік дамуы қалай болады? Қандай жаңа дүниелер көре аламыз?

- Сайттың дизайнын ептеп жаңалап жатырмыз. Жаңалай да береміз. Бірақ алғашқы нұсқасын өзгерту әзірге жоспарымызда жоқ. Сайт бетін әрлеудің шеті мен шегі жоқ екендігін көре тұра алғашқы нұсқадан аулақ кеткіміздің келмейтін себебі - жұрттың көзі үйреніп қалды. Бұны - бір деңіз. Екіншіден, жаңа дизайн «Абайдың» мазмұнына нұқсан келтірмеуі керек. Неге десеңіз, әлем-жәлем дүние «Абайға» тән емес. Мысалы, «Masa.kz» сайтының жаңа дизайны сайттың «бетін бұзып» жіберді. Соған «әттеген-ай» деп отырмыз бүгін. «Қателескеннен қорықпау қажет. Алайда бір қателікті қайталай беру - ақымақтық» (Ошо) болып шығады.

Ақпараттар тасқыны адамзат қоғамын асықтырған заманда жаңа бір дүниелерді жоспарлау, тек жоспармен жүріп-тұру қиын. Алдағы күндерден үміт етуге болады, әлдебір мүмкіндікті меже тұтуға болады, бірақ соның бәрін қатаң жоспарға енгізу және сол жоспардағыны жария етемін деу мүмкін емес. Бас редактор - соғыс қимылдары жүріп жатқан майдан даласындағы әскери басшы сияқты: сондықтан оған тосын шешім қабылдап, батыл әрекетке барып отыру қажет. Біздің баспасөздегі басшыларға әсіресе керек мінез - осы. «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» митыңмен де біраз жерге баруға болады. Бірақ байқұс оқырманға обал ғой.

Ал «Абайға» келер болсақ, айтарымыз қысқа: жаңа дүниелерге, жаңалыққа әркез құштармыз. Жаңалықтармен, ақпарат кеңістігіндегі жаңа дүниелермен тату ұжым «Абайдың» оқырманын жалықтыра қоймас. Мен тек («арық сөйлеп, семіз шығудың» салтымен ) жалықтырмауға ғана уәде ете аламын.

- Abai.kz қаржыны қайдан алады осы?

- Бұл сұрақ құрылтайшыларының «құдіретті» екендігі, демеушілерінің «жебеушіден» кем түспейтіндігі байқалып тұратын баспаөздің біріне қойылса жөн болар еді. Біздің хал «осы қыстан аман шықсақ» дегеннің кері. Күніне пәленбай мақала беріп жатамыз, авторларымыз да баршылық, интернет-конференциялар ұйымдастырамыз, кездесулер мен басқосулардың да ұйтқысы болып жүреміз, сонымызды көріп, кейбіреулер ойлайтын болса керек, «мыналар ақшаларын қайда шашарын білмей жүр ғой» деп. Жоқ, олай емес, басқа-басқа, бізді алдымен баспасөздегі ағайын түсінсе керек еді, қазақтың газетіне, қазақтілді бағдарламаға осы уақытқа дейін қай мырза ақша салыпты? Қазақтың ісіне жәрдем етудің шегі айтысқа демеуші болу деп түсінетін байшыкештеріміз ендеше қазақтілді сайтқа қайдан қаражат құя қойсын? Бізде сұмдық байлар бар. Бірақ олар ұлттық буржазиялық санаға жеткен жоқ. Олар үшін меценаттық мәдениеттің де ауылы алыс.  Солай екен деп қарап отыруға болмайды. Қандай мүмкіндік бар, соны кәдемізге жаратуымыз керек. Біз дәстүрлі БАҚ сияқты мемлекеттік тапсырыстың байқауына қатысамыз. Бір-екі рет конкурстан ұтылдық, ұттық. Әйтеуір өзек жалғайтын тиын-тебенді тауып отырмыз. Ал осыны бізге артық көретіндер болса, айта берсін, күндей берсін. Мен және менің ұжымым үкіметтің өзі көңіл бөліп, жәрдем етіп жатқан азын-аулақ мүмкіндікті пайдалануға қақылы. Пәленбай жылдық тарихы бар, дәстүрлі мектебі бар, мұрағаттық мол қоры бар дәстүрлі БАҚ-қа жалғыз өзі балама болып, қазақтың сөзін жаңа кеңістікке алып шыққан «Abai.kz» ақпараттық порталы түгіл жылына бір мәрте өтетін мемлекеттік байқауға көшедегі тіленші, қаңғыбастарды суретке түсіріп алып «Қазақстан билігі қарттарын қаңғытып жіберді» деп сыртқа сөз таситын Савостинаның «Поколение» сияқты қоры да қатысып, ұтысқа ие болып жүр. Айтпақшы, осы сұрақты сол савостиналарға қою керек. Бұл сұрақ соларға лайық.

- Абай.кз неге діни және тарихи мәселелерде бір-біріне қайшы топтарды өршітіп, бірінен кейін бірін бере береді? Бұл өзі қоғамды ұйыстырудың орнына, іріткі салуға итермелемей ме?

- Дінге, тарихқа, т. б. қатысты мәселелер күн тәртібінен түскен болса, немесе біржақты шешімін тапқан болса, біздің бір тақырыпты шиырлап неміз бар? Керісінше, дін мен сенім-наным мәселесі бізде қабындап тұр емес пе? Қоғам осындай мәселеге - қазақ даласында бұрын-соңды күрделі мәселе екендігі байқала қоймаған діни ағымдардың өзара қайшылықты алаңына айналған кезде, қалайша үнсіз қалуымыз керек? Біз әңгіменің ашығын айтсақ, Атакемнің аузының дуасы кетіп қала ма екен?!. Төрткүл дүниені шарлап, сумаң қаққан суаяқтың абыройына нұқсан келеді екен деп, қазақтың іші содан алатайдай бүлінеді екен деп, менің үнсіз қалуым түптеп келгенде сатқындық болып шығар еді. Біз Сталин заманын сарнап айтқанға баппыз, батылмыз. Сөйте тұра қазақ ұлты бүгін басынан сын сағатын кешіп жатқанда үнсіздік танытамыз. Ол қулығымызды өзімізше «ұлт тұтастығына, ел ішінің бірлігіне нұқсан келтірмеу үшін үндемедік, әнебір сенсацияшыл газет немесе сайт сияқты алаөкпеленген жоқпыз» деп жасырып бағамыз. Өтірік. Осы күнгі жұртты өтірікпен өлтірсең де алдай алмайсың. Сондықтан әңгіменің ашығына жүгінуіміз керек. Ашық пікір алаңы - алауыздықтың майданы емес. Алауыздықтың майданы болса, ашығын жазып, азат ойлайтын Еуропа неге осы күнге дейін азып-тозып, атысып-шабысып, қырылып қалмай, аман келе жатыр? «Бабаларымыз тілерсегін тілсе де тізесін бүкпеген, сөзге тоқтай білген» деп бөскенде кереметпіз, демек, тура сөйлеп, тура жүру біздің де қанымызда бар. Ендеше неге демократияны Батысқа теліп, өзіміздің бүгінгі халімізден түңілеміз? Біз осындай немкеттілігіміздің «нәтижесінде» бүгінгі жүйге жабыла қызмет етіп жатырмыз. Саяси еркімізді билік жаулап алса, ұлттық тақырыпты авторитеттердің көлеңкесіне тығып және бұйығылана түсудеміз. «Тарих ұмытылу үшін жазылады» (Х.Л.Борхес). Бұл сөзді тура мағынасында «тарих ұмытылады» деп түсіну қате. Тарихқа ұрпақ үнемі шолу жасап, көктей өтіп тұрады. Оның кей беттері дауға айналады, қайсыбір бетінің қажеті болмай шығады. Мысалы, кәсіби тарихшы Талас Омарбековке салсақ, әйгілі хан Абылай Төлебидің інісі Қарабайдың аяқ салған күңдерінің бірінен туған бала екен. Осыны Талас Омарбеков жазып отыр. Сонда не, тарихшы жазды екен деп оған қарсы пікір, қарсы дәлел айтуға болмай ма? Қарсы дау, қарсы пікірді көтере алмайтын бұл кісі кім еді сонша? Талас аға айып етпесін, «маған қарсы мақала жазатын Садық деген қайдан шыққан мықты?» деп жатқан жоқ, бірақ бізде бір тақырыпқа қарсы екінші тарап өз дәлелі мен дәйегін көтерсе, «міне, «Абай» сайты біреуді-біреуге айдап салуда» дейтін доғал түсінік бар. Неге бұлай? Себебі, қазақ газеттерінде ашық пікір алысу мәдениеті кем. Біреу мақаласын бас редакторды жағалап жүріп жариялатқан соң қарсы әңгімеге жол жабылады. Бас редактор да, тұтас ұжым да әлгі адамның меншігі сияқты -  билеп-төстеп, баса-көктеп білгенін жасайды.

Есіме түсіп отыр: «Алтын Орда» газетіне 2004 жылы бас редактор болып бекідім. Ол кезде газетте марқұм Бекділдә Алдамжаровтың құлаш-құлаш мақаласы тоқтаусыз жария көріп жатқан кез. Бекділдә марқұм кезекті бір мақаласында Мұхтар  Шахановты «сойып» салды. Көп ұзамай маған Шаханов ақсақалдың редакциясынан жігіттер хабарласты, «осылай да осылай Мұхаңның мақаласы бар еді, «Алтын Ордаға» шығарасың ба?» деп. Мен, әрине, бірден келістім. Өйткені, газет алдымен пікірлер мен көзқарастар арнасын тоғыстыра алуы керек. Салмақты сөз, сара ой қоғамдық пікірді өсіреді, беріден қайтқанда әйтеуір оқырман үшін олжа: кімнің кім екені, ненің не екені білінеді. Содан, қойшы, Мұхтар ағамыздың мақаласы жарық көрді, есесіне, тағы бір қадірменді кісіміз - Мұхтар Мағауин «Алтын Ордаға» Шаханов қалай шығады?» деп шалқасынан түсіпті. Қысқасы, қазір қазақ баспасөзінде абыройлы басшы атанғыңыз келсе, бір топтың сойылын соқ, сөзін сөйле, бір күштінің артынан күшеніп жүр. Әйтпесе, абырой таппайсың. Ал біздің «аға» деп үлкенді, «іні» деп кішіні сыйлап жүруден өзгеге уақытымыз тапшы. Сол себептен де «Абай» біреудің аузындағы сөзге, көкейіндегі пиғылына қызмет етпейді, әлдекімдердің талағы тарс айрылса да қазаққа әсіресе қауіпті жайттар мен құбылыстарды құмбыл айта береді, жаза береді.

- Сайттарыңыздың саяси ұстанатын бағыты қандай?

- Ұстанған бағытын «Абай» осы уақытқа дейін әйгілей алды ғой деп ойлаймын. Ең бастысы, біз бұл сайтты әлдекімдерден кек алу үшін, әлдебіреулерге қызмет қылу үшін ашпағанымызды күнде дәлелдеумен келеміз. Рас, кейбір өткір мақалалар мен пікірлер алаңында айтылып қалатын иесі беймәлім сыңаржақ сөздер үшін бізді жек көруге болады немесе ұлтқа қажетті дүниеге сергек қарайды деп жақсы көруге де болады, ең бастысы, «Абайда» не жазылса да, не шықса да жұрт үнсіз қалған емес. Аптасына жалғыз мәрте шығатын қайсыбір газеттердің толайым бір нөмірінде ештеңе айтпай-ақ жүргендер бар, соны мысал ете отырып күнде жаңаратын «Абайдың» әр күнгі жарияланымынан жалт қарататын дүние ұсынудың оңай еместігін әңгіме етіп кетсем, өзім тілеп алған саланың қиындығынан жалтарғандай болармын: сөздің қысқасы, сайт жұмысы дегеніміз -   күнделікті «бірдеңе ойлап табу», өзіңнің шығармашылық қабілетіңді күнделікті паш ету. Кейде, әсіресе, қауырт қимылдар саябыр табатын жаз мезгілінде «жаңалық» ұсына алмай қалып жатсақ, сөге жамандамаңыздар.  Біз де жағдайға бағыныштымыз. Алайда қандай жағдай болса да бізді бағытымыздан айнытып, бағдарымыздан жаңылта алмайды.

- Дәурен мырза, менің ойымша, сіздерге «Абай» сайтының дизайнын жаңарту керек. Осыған қалай қарайсыз? Біраз ақша бөліп. Қылшығын шығарамын деп былшығын шығарып алмай. Ана БАҚ.кз, Тенгринюс сиякты деңгейде сайт жасауға мүмкіндік бар ма? Қоғамдық-саяси бағыттағы қазақ сайттарының ішінде бетке ұстар сайттың бірегейісіздер. Сайттарыңызды үнемі қарап, оқып отырамын. Жүріп жатқан мылтықсыз майданда Алла жар болсын! Рақмет .

- Сізге де рахмет! Алла жар болсын. Егер қанағат тұтсаңыз, «Абайдың» дизайніне байланысты жоғарыда өзімнің ойымды айттым. Байқауымша, сіз екеуміз бұл мәселеде пікірлес сияқтымыз. Дизайн сайттың контентіне қызмет ету керек. Сайттың бетін тотықұстай түрлентіп қойып қарап отыруға болады. Ондай сайттарды көріп те жүрміз. Мәселе мазмұнда ғой. Сол мазмұнды ашатын дизайннан бас тартпаймын, ал  ақпараттық технологияның даму мүмкіндігі «Абайға» ешқашан да жат боламайды.

- Порталдың өз орны қалыптасқаны рас. Іздеп оқып отырамыз. Менің адал ниетім мынау: қазір кез келген жұрттың қолында ұялы телефон. Техниканың дамыған заманы. Оның жақсы, әрі тиімді тұстары да бар. Мысалға ұялы телефондарға тән "приложения" деген ұғым бар. Сондай мүмкіндікті сіздер ашсаңыздар да жақсы болар еді. Мәселен, сол арқылы "Тенгринюстің" де  жаңалықтарын оқып отырамыз телефондағы интернет арқылы. Дәл осылай сіздерді де оқи алсақ жақсы болар еді. Мұндай идея келді ме сіздерге бұған дейін? Сосын сайттағы материалдарда орфографиялық қателер көп. Тым көп. Корректорға мұқтажсыздар ма? Болса, неге олар өз ісіне салғырт қарайды? Жауапты біреу болуы керек қой?! Не айтасыз? Ол қателер неден, қандай себептен кетеді?

- Көп нәрсе ойымызда бар. Алдағы уақытта оны көре жатарсыз. Мысалы, әлгі қолыңыздағы ұялы телефонмен-ақ сіз «Абайдың» контентіне үлес қоса алатын боласыз. Бәрін айта бермей-ақ қояйын, сонымыз дұрыс, өйткені, қазақ интернет кеңістігінде бәсекелестік дамып келеді. Мені бұл бәсекелестік расымен қуантады, бірақ кәсіби бәсекелестерім көз тігіп отырған конференцияда таза техникалық жайттарды жария етуге тиісті емеспін. Ал қате жағына келсек... бұл былай. «Абайдың» «Соңғы мақалаларында» күнделікті 5-6 материал (сұхбат, сараптама, шұғыл ақапарат, т. б.) жарияланады. Әр мақала 500-600 жолдан болғанда (одан азы да, көбі де бар) күніне 3 мың, 3 жарым мың жол материал жариялайды екенбіз. Оңай емес. Оның үстіне материалды монитордан оқимыз. Көзің талады, шаршайды. Бұл бірақ ақталуға есеп емес. Әріптік қателер кетіп жатыр. Корректорға аса зәруміз. Кәсіби сауатты корректорлар газет жұмыстарынан артылмайды. Қазақша мәтіннің қатесін қағып тастайын бағдарламаны болса да таба алмай жүрміз.

Бізде тақырыпты дұрыс талдайтын сарапшылар бар, деректер мен дәйектерді де молынан қамтиды, алайда жазу жағынан алдырады. Көбі жөні түзу сөйлем де құра алмайды. Сондай көзге ұрып тұрған қателерді түзейміз де, асығыс сайт материалдарын жаңалауға кірісеміз. Мен өзім авторлардың мақаласын газеттерде қызмет жасаған кезден бері өңдеумен келемін. Кейде содан жалығып та кетемін. Қашанғы біреудің «ит батпақтап, күшік сүрінетін» сөз-сөйлемін түзетіп, түгесіле шаршап, үйіңе сүлдеріңді сүйретіп қайтуға болады? Жазудың осындай азабы да бар, ағайын. Сондықтан баспасөзге мақала жіберетін жазарман алдымен өзін-өзі сын көзбен оқып, ойын жұртқа ұғынықты тілде жеткізіп үйренсінші. Мың болғырлар, сөйтіңдерші.

Орфогафиялық қателер туралы дегенмен де дұрыс мәселе қойдыңыз, бұны біздің жігіттер де оқып, ұялып отыр.

- Жаңаөзен таргедиясына қатысты жеке пікіріңіз қандай?

- Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін барып біздің билік «мұндай әлеуметтік толқулар дамыған Батыс елдерінде жиі көрініс тауып жатады» деп жуып-шайғансыды. Келіспеске амал кем, Батыста ереуілдер, қарсылық акциялары, наразылықтың әр түрі күнде болып жатады. Бірақ солай екен деп өз халқына оқ атып, ақыры әлімжеттік жасап, темір торға тоғытатын билік билеп-төстеген жүйе бүгінгі Батыста жоққа тән.

Жаңаөзен мен Шетпеде мұнайшылар еңбекақының заңды өтемін талап етіп, наразылық білдіріп бастағанда қазақ қоғамы Конституциядан орыс тілінің ресми тіл мәртебесінің заңсыздығын дәлелдеуге тырысып дүрілдеп тұрған-ды. Бұл бүгін-ертең нақты нәтижесін бермесе де, билікті кәдімгідей қысымға алған қимылға айналған-ды. Тап сол кезде орыстілді баспасөз елдің назарын Жаңаөзендегі мұнайшылардың ахуалына аударуға күш жұмылдырды. Тіпті тіл төңірегіндегі әңгімеге келгенде жанып түсетін Жанболат Мамай деген саясаткер, патриот жігітіміздің өзі Әбләзовке қарайтын бейнелі сайттардың бірінде: «Біздің тіл-тіл деп жүргеніміз бекер. Мәселе Жаңаөзенде жатыр» деген болатын. Мен орыстілді баспасөздің Жаңаөзен мен Шетпеге бұрыла бастағанынан сол кезде қатты секем алып қалып едім. Әйткенмен де, 1990 жылдардың тоқырауы мен толқуларында бұндай мәселелердің талайымен бетпе-бет келген қазақ үкіметі жағдайды ушықтырмайтын шығар деген үмітте болдым. Дегендей-ақ, Жаңаөзен мұнайшыларымен қытайлық компания арасында келіссөздер басталып, меморандумдарға қол қойылып жатты. Бірақ осы кезде Жаңаөзендегі жұмысшылар арасына ептеп оппозицияның адамдары еніп үлгерген де сияқты. Әйткенмен де бұнда тұрған ештеңе жоқ еді, тегінде елдің көңіл-күйін пайдаланып, билікке қарсы әрекет етпесе, ол оппозияция бола ма? Жармахан Тұяқбайдың «оппозициясын» көрдік қой, ұлтшылдар «ресми тілге» қарсы шығып, Жаңаөзен мен Шетпедегі шетін оқиғалардың шеті көрінгенде Петр Своикпен ауыз жаласып, Алматыда отырды.

Кейде ел мен жердің тұтастығы үшін  амалсыз қара күшті де пайдалануға болады  екен. Мысалы, қытайдың ұлы басшысы Дэн Сяопин 1989 жылы студенттер көтерілісін Тяньмин алаңында күшпен басуға бұйрық берген. «Жастардың талабы дұрыс, демократия керек. Бірақ біз батыстық демократияға әзір дайын емеспіз» депті шынашақтай болғанымен шынардай мықты шал. Сол сияқты қазақтың тұтастығына селкеу түсіретін пиғылдар болса, оның алдын алу өте керек. Бірақ ондай жағдайда мемлекет жұртты ұлардай шулатпай,  ел қауіпсіздігіне жауапты құрылымдардың күшін пайдалануы тиіс. Шынымды айтсам, Жаңаөзендегі мұнайшылардың наразылығын билік елді үрейлендіріп, қорқытып-үркіту үшін  пайдаланған сияқты.

Жоғарыда «әлеуметтік толқулар дамыған Батыс елдерінде жиі көрініс тауып жатады» деп  Жаңаөзен қырғынын биліктің жуып-шайғанын айттық. Тегінде әлеуметтік толқулар мен наразылықтар шеруінің жиі болуы қоғам дамуының тұрақсыздығын, я болмаса, кедейшілігін танытпайды. Билік осыны түсінуі қажет, мойындауы қажет. Содан кейін әлеуметтік талаптарды шешудің жаңа форматына өтуі тиіс.

Жаңаөзен біздің биліктің халықтан мейлінше алыстап кеткендігін көрсетті. Ел ішінде кенеуіне жеткен қандай да бір әлеуметтік ахуалды шеше алмайтын дәрменсіздігін, біліксіздігін жария қылды. Оппозицияның кішкентай қарсылығынан қалтырап қатты қорқатындығын білдіріп қойды. Сондықтан ол ешнәрседен тайынбады. Оқ атты, саяси шантаждар жасады, наразы топтың арасына жансыздарын жіберіп, мұнайшылардың әлеуметтік талабын аяққа таптады. Сот, прокуратура, тергеу, тіпті адвокаттардың өзі саяси тапсырыстарды ғана орындап шықты. Ең сорақысы, Жаңаөзен мен Шетпе оқиғасына билік сырттан қоныс аударып келген ағайынды жауапты қылды. Сөйтіп, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының өзі  бұйдасын қолына ұстаған қазақ көшін тоқтатты, қазақтың көбейгеніне ашықтан ашық қарсы шықты. Қазақ қазақ болғалы тағдырдың талай тәлкегіне түсіп, талай сыннан өтіп келеді. Бұл да бір сын шығар. «Қазақ билігі қазақтың көзінен жас ағызып жылатқан заман болған» деп күндердің күнінде айтып отыратын шығармыз. Біз аталарымыз кешіп өткен небір сұмдықтарды қазір ашық айта беретін болдық қой, Жаңаөзен мен Шетпе де қазақ көрген қилы тағдырдың бірі ретінде әңгіме болады әлі.

- Құрметті Дәурен Қасенұлы! Ұлы хакімнің атын алған сайттың аз ғана уақыт аясында қазақ оқырмандарының, қазақ аудиториясының қоғамдық, саяси ой-өрісінің, интеллектуалдық деңгейінің өсуіне тигізген ықпалы орасан. Өзіңіздің, Айекеңнің, өзге де тілеулес бауырлардың арқасында Абай сайты әлеуметтік желідегі соны публицистикалық ағымның түренін салды, жаңа диалог пен дискуссияның мәдениетін қалыптастырды. Әйткенмен,біз сайт бетінен, ұстанымынан Ұлы данышпанның аманатымен, ақиқат өсиетімен үйлесетін, билікке, қоғамға, адамға қатысты мейлінше өткір, обьективті,өрелі материалдарды көбірек көргіміз келеді. Сайттың алғашқы аяқ алысынан алаш жұрты осы бір құбылысты, өзгерісті аңғарғандай, сезінгендей еді. Біздің тілек: сол ерекшелікті, сол ұстаным мен сол мақсат-мұратты жоғалтып алмасаңыздар екен. Лайым, өздеріңіздің соқтықпалы, соқпақсыз жолда - елді есейтіп, қоғамды оятатын өзгерістер жолында жүргендеріңізді естен шығармаңыздар!..

- «Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық, зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілдету, ауруын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес. Олай болмаған болса, онда табиғат заңынан тысқары адамнан  шошқа, шошқадан күшік туған сияқты болып шығады. Қалам қайраткерлері жолын тастап, көрінген жолаушыға еріп кете беретін бұралқы ит емес» деп жазады Ахмет Байтұрсынұлы. Бүгінгі қазақ құл емес, тіпті бодандық дегеннің не екендігін түсіне алмайтын ұрпақ өсіп келеді. Алайда, мына заманда сол ұрпақтың өзін аздыратын, аздырып әкеліп өз мәдениетіне, өз тарихына, өз діліне қарсы шабатын Ұлтанқұл жасап шығаратын түрлі амал-айлалар толып жатыр. Сондықтан «көрінген жолаушыға еріп кетіп» елдік мұраттарды ұмытсақ бізді қара басқаны.

Бізді үнемі ойландырып, қамшылап, жігерлендіріп тұратын сөз айтыпсыз. Рахмет. Жаратқан сізге жар болсын!

- Cіздерді төте жазу қосады деп естіп ем. Әлі жоқ. Жалпы қосылады ма төте жазу парақшасы?

- Соншалықты көп өзгеріс жасамасақ та, «Абайдың» етек-жеңін жинақтап, дизайнын сәл жаңартқан болып жатырмыз. Ендігі бір тиянақтайтын жұмысымыз - сіз айтып отырған төте жазу мен латын қаріпі болмақ. «Әріп аударатын бағдарлама қолымда бар, соны сайттарыңызға қосып берейін» дейтін ағайын араңыздан табылып жатса, құба-құп, редакцияның телефонын, электронды адресін білесіздер, хабарласыңыздар.

- Ассаламуғалейкүм, АБАЙ. Абайшылдар, мерей күн құтты болсын! Талмас қанат, жігер күш, қуатты қалам тіледім, әрқашан оң қадмға жетелесін Жасаған.

- Бұл тілекті бізге тіркеліп пікір білдіретін Жаушы есімді азамат жазып отыр екен. Байқауымша Жаушы - өте сергек адам. Барлық тақырыпты қадағалап оқып, пікір білдіріп жатады.

Жаңа медиа жаңа оқырман ортасын қалыптастыра білуі керек. Біз Жаушыны жаңашылдыққа жаны құмар, өзіндік пікірі бар, ойын іркпей ортаға салатын жаңа оқырман, сапалы оқырман деп білеміз. Интернет-конференцияны пайдалана отырып мен осы Жаушы сияқты ішкі мазмұны терең қыз-жігіттерге, оқырман қауымға рахмет айтып қойғым келеді. Бірге болайық, бауырлар!

- Дәуке, Талғат Атабаев туралы жазу ойыңызда жоқ па, сіздің ауылдан деп естіген едік? Жалпы, 90-жылдардағы Талғат секілді мықты жігіттердің қызметі, өмірі жайлы әділ баға берілді ме?

- Талғат жігіттің нағыз көкжалы, сырттаны еді. Ауылымыздағы мектеп сегіз жылдықпен тәмамдалатында біз тоғыз бен онды совхоз орталығынан оқитынбыз. Мен сол тоғыз бен онды  Талғат туып-өскен үйде - Ғалымжан аға мен Шәкәтай тәтемнің қолында тұрып оқыдым. Талғат марқұм ол кезде Алматыда институтта білім алып жүрді. Каникул сайын келіп тұратын. Кейін тас-түйін сөйлемейтін болып кетті, әйтпесе ашық еді. Әңгімені салдырлап айта беретін.

Мен білетін Талғат ұлтшыл жігіт болатын. Студент кезінде-ақ қаладағы такси біткенді мініп алып тайраңдап жүрген, қазақты адам баласы деп білмейтін келімсектердің тізесін дірілдетіп, қабырғасын қақырата сөгіп жөнге салды. Тоқсаныншы жылдары Талғаттар мемлекет араласып шешеалмайтын ұлттық мәселелерге тәртіп енгізді. Басқаны білмеймін, Талғат бауырымды мен арыстан жүректі ел азаматы, ел айбары, ұлт қайраткері деп түсінемін. Оның өліміне қолында шексіз билік болған біреудің қатысы бар екендігін де ішім сезеді.

Атасының аты рухын көтеріп «Атаба» атанып кеткен, еркін күрестен спорт шебері, жастар мен жасөспірімдер арасындағы халықаралық ірі жарыстардың жүлдегері  Талғат Атабаев туралы жазу ойымда бар. Біздің әдебиетте Атабалардың бейнесі жоқ. Бұл жайтты мен ғана емес, жалпы қаламгерлер қауымы ескеруі керек. Джек Лондонның, Майн Ридтің, Дюманың, Марио Пьюзоның шығармалары оқырманның қолынан еш түскен емес қой. Демек, қылымыс әлеміндегі біздің әділетті жігіттер де әдебиет пен кинодан, қоғамнан лайықты бағасын алуы керек.

- Абай сайтының дизайны жаман емес, қарапайым. БАҚ.кз сяақты каша жасаудың керегі жоқ, бастысы сапалы материалда деп ойлаймын. Ал төте жазуды қосқандарыңыз дұрыс, себебі қытайдағы 2 милионға жақын бауырларымыздың жарты милионы сайыттарды қарайды, біздегі сяқты екі қолға бір күрек таба алмай жұрген жастар жоқ. Бастысы олар қазақ қоғамына бей-жай қарай алмайды, сол үшін төте жазу керек болар.

- Арғы беттегі қазақ Ахмет Байтұрсынұлы жасаған төте жазумен енді қанша жыл «қара танып» отырады екен, белгісіз. Бірақ ақпарат кеңістігіндегі ұлттық тұтастық үшін тап қазір төте жазу керек. Өте керек. Оның керектігін күнде ойлаймын. Қазіргі ҚХР территориясында қалып бара жатқан бауырларымның сергектігін, ақпараттық технология жетістігін тез меңгеріп жатқанын да жақсы білемін. Бізге тек серіктесу, өзара жақын қарым-қатынаста болу мүмкіндігі ғана жетпей тұр.

Baq.kz туралы пікіріңізбен келіспеймін. Бұл сайт агрегатор қызметін жақсы атқарып келеді. Сайт ұжымы қазақ баспасөзіндегі үздік мақалаларды берумен шектеліп отырған жоқ, жылдам хабар таратумен, ақпаратты шұғыл жария етуімен ерекшеленіп келеді.

- Дәурен, осы біздің Елбасы неге өз ұлтын төменшіктете береді? Жүйе өзгерсе жемқорлық тиылмаса да азаяды деп ойлайсыз ба?Осы сайтты Елбасы біле ме екен? Неге сендердің бүйректерің исматуллашыларға бұрып тұрады? Қазаққа жаны ашығансып сөйлейтін бекболатшылар мен исматуллашылардың жолы теріс деген ҚМДБ пәтуасы туралы не айтасыз? Олардың сөзі бөлек, ісі бөлек екені белгілі емес пе?Абайды, Шәкәрімді, ақын-жырауларды бетперде қылады, жүрген жерлері фитна.

- Елбасы неге өз ұлтын төменшіктете береді? Білмеймін. Өзімсінетін шығар. Адам өзіне жақын жанға батып сөйлеп тастайды ғой. Бірақ жақын екен, сөзімді көтере береді екен деп жақынның жанына бата беруге болмайды. Жүрегіне сызат түсуі мүмкін. Бір ұлық жиында (мен оны телеарнадан көрдім) жазушы Адам Мекебай ағамыз Елбасына сұрақ қойды. Әдекең басында сөзін тәп-тәуір бастап еді. Президент те оны ден қойып, зейін сала тыңдап қалды. Әңгімесін әп-әдемі бастаған Әдағам сөзінің аяғын шұбалтып жіберді: «Идеологияны жасырын жүргізсек қайтеді деді ме-ау, ұлттық мәселелерді құпия іске асыру қажет деді ме-ау», әйтеуір осыған ұқсас бірдеңелерді айтып кетті. Бұл - баспасөз өкілдері тегіс қатысып отырған ашық мәслихат еді. Адам ақсақалдың жаңғы сөзі олардың ортасында әрқилы талқылануы мүмкін ғой, соны ойлады ма, Президент шарт кетті. Қатты сөйлеп тастады.

Тағы бір білуімше, Президент қазақ ағайынның жағымпазданып сөйлегенін жақтырмайды-мыс. Алайда қазір мақтау мен мадақтың неше атасы айтылып жатыр ғой, соларды неге тиып тастамайды екен, соны түсінбей-ақ қойдым. Қысқасы бұл сұрақты ол кісінің өзіне қойған жөн.

Туған халқын жақсы көрсе де сезімін сыртқа білдірмеу - Назарбаев сияқты саясаткерлердің мінезі болса керек. Мен бұл кісі қазағын соншалықты жек көреді деп ойламаймын. Дәстүрлі әндер шырқалғанда, Құрманғазының Сарарқасы төгілгенде Елбасының жанарын жас жуып өтеді. Соны бірнеше рет байқадым. Қазаққа кейігеннің бәрін қазақты жек көреді деп ойласақ, Абайды қайда қоямыз? Жалпы, Назарбаев туралы ең әділ сөз Назарбаев дәуірінен кейін айтылады. Оған дейінгіміздің дені көңіл-күй ауанындағы әңгіме болып шығуы мүмкін.

Жемқорлықпен күрес демокартиясы дамыған, азаматтық қоғамы белсенді Батыс елдерінде де тоқтаусыз жүріп келеді. Жемқорлық - жегіқұрт. Біздегісі соның ең сұмдық түрі. Мемлекетіміздің өзіне кейде қаупін төндіріп кететін тажалы. Коррупционерлерді шетінен ұстап қамау - коррупцияны жеңе алмайды. Қазақстандағы коррупцяға қарсы күрес коррупциялық күштердің өзара қырқысына айналып барады. Ендеше жүйе өзгеруі керек. Өзгерісті жүйеден ғана күтіп отырмай бұқара халық біздің өзіміз де өзгеруіміз керек. Қазір Қазақстанда жемқор емес, ұры емес адам кемде-кем. Бәрімізде ұрымыз. Пиғылымыз жаман. Бір-бірімізге жақсылық ойлағымыз келмейді. Қолынан келгені қорғансыз бейшараға әлімжеттік жасап қалады. Еңбек етіп тер төгуден қашатын болдық. Алды артымыз толы былық. Толған кедергі. Астанадағы ақжағалы алаяқтардың көлеңкесі - бізбіз. Қазаққа осының бәрін сырттан таңып отырған ешкім жоқ, жамандықты біз өзімізге өзіміз қылып жүрміз. Осыдан келіп Асан қайғы болып жылаймыз, Абай болып күңіренеміз. Абайдың заманы басқа еді. Ол заманда қазақтың еркі өзінен кетіп жатқан. Ал, қазір ше? Өзіңмен өзіңсің. Қандай ел боламын, қайда бет бұрамын десең де еркің. Бірақ, міне, көріп отырмыз: саясатта -  Ресейшіл, экономикада (тұрмыста) -  Батысшылмыз. Бұл екеуі қазіргі қалыпында үйлеспейтін екі әлем. Осы екіәлемді біркітірмек болып әуіресарсаңға түсіп жүрміз.

- Осы сайтты Елбасы біле ме екен?

- Білмеймін.

- Неге сендердің бүйректерің исматуллашыларға бұрып тұрады?

- Бұрған емес. Ислам дініндегі екі партия: сопылар мен уахаббшылар былтыр, алдыңғы жылы қатты тіресті. Біз екі жаққа да сөз беріп отырдық. Өтірік десеңіз, сайтымыздың мұрағат қорын ашып қараңыз.

- Қазаққа жаны ашығансып сөйлейтін бекболатшылар мен исматуллашылардың жолы теріс деген ҚМДБ пәтуасы туралы не айтасыз?

- «Бекболташылар» деген ҚМДБ-ның пәтуәсын естімеппін. Сондықтан ол пәтуаға қатысты ештеңе айта алмаймын.

- Олардың сөзі бөлек, ісі бөлек екені белгілі емес пе?Абайды, Шәкәрімді, ақын-жырауларды бетперде қылады, жүрген жерлері фитна.

- Мына сөзіңіз терең әңгіме. Дәл осы мәселе төңірегінде «Абайда»  сараптамалық мақалалар жиі жарық көріп тұрады. Оқып жүрген боларсыз.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

P.S. Құрметті оқырман, интернет-конференция қонағына қойылатын сауалдар легі осымен тоқталатынын хабарлаймыз. Үш-төрт күннен бері біраз сұрақ келіп түскен екен. Біз оқырман қауымның интернет-конференцияға белсене қатысқаны үшін рахмет айта отырып, енді Abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуаттың жауаптарын жариялай бастаймыз.

0 пікір