Шаяхмет Қалиұлы. Алтын ханзада кім?
Жақында телеарнаның бірінде, Қазақстанды дүниеге танытатын жоба жарияланғаны айтылып қалды. Осы орайда көптен бері ойымды мазалап жүрген бір мәселенің толғағы толғандырып, сол ойымды ортаға салып, көппен бөліскенді жөн көрдім.
Жақында телеарнаның бірінде, Қазақстанды дүниеге танытатын жоба жарияланғаны айтылып қалды. Осы орайда көптен бері ойымды мазалап жүрген бір мәселенің толғағы толғандырып, сол ойымды ортаға салып, көппен бөліскенді жөн көрдім.
Қытайда туып өскен, Қытайдың Гоминдаң (халық партиясы) және Гүңсандаң (коминистік партия) атты екі үкіметінде де, саналы ғұмырын сарп етіп, сапалы қызмет еткен, қытай тілінің жеттік маманы, Қытай қазақтарынан шыққан алғашқы әйгілі тарихшы, ұлтжанды, айтулы ғалым азамат, атамыз Нығмет Мыңжанидың, таза қытай тілінде жазылған, қазақтың ескі түп-тамырына қатысты тарихи көздеріне сүйене отырып жазған, «Қазақтың қысқаша тарихы» (Шынжаң халық баспасы 1987 жыл, "Жалын" баспасы, 1994 жыл) атты еңбегінде, біздің жыл санауымыздан бұрынғы, яғни, жаңа эрадан ілгері екінші ғасырда, Жетісу жерінде іргелі мемлекет құрған үйсін, қаңлы елдері туралы егжей-тегжейлі баяндайды. Сондағы баянда: «Үйсін Күнмуы Елжау бидің он ұлы болған. Олардың ішінде Дулы (Дұғлұ) қабілетті де қайратты, соғыс өнеріне шебер қолбасшы болып жетіледі де, он мың атты әскермен өз алдына тұрады. Күнмудың тақ мұрагерлігіне тағайындаған баласы ерте қайтыс болып кетеді. Оның Жөнші би деген баласы жетім қалады. Күнмудың тақ мұрагерлігіне тағайындаған ұлы қайтыс боларда әкесі Елжау биге Жөнші биді тақ мұрагері етіп бекітуді өтінеді. Елжау би бұл өтінішке ризалық білдіріп, Жөнші биді тақ мұрагері етіп бекітеді. Тақ мұрагері бола алмағанына наразы болған Дулы бүлік шығарып, Жөнші биді өлтіріп тастауға сұқтанады. Бұл жайды байқаған Күнму Елжау, Дулының өлтіріп тастауынан қауіптеніп, он мың әскермен Жөнші биді бөлек ұстайды. Елжау би он мың әскермен өзін қорғап ортада тұрады. Сонымен үйсін елі өз ішінен үш ұлысқа бөлінеді. Бірақ барлығы Күнмуға (Күнбиге) бағынады» ("Жалын" баспасы, 1994 жылы, 68-бет)
Ал осы тақылеттес әңгіме XVIII ғасыр да өмір сүрген, қазақ халқының басына төнген қилы-қилы шайқастардың бел ортасында жүріп, ерен ерлік танытқан, заманының үздік оқымыстысы, көпті көрген, көсемсөз түйіндеген шешен, арғы-бергі баба тарихтан, тағылымды шежіреден мол мағлұматты дарабоз атамыз, шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» ("Жалын" баспасы, 1993жыл) атты елеулі еңбегінде: «Арғын қызы Ұмай-біздің шешеміз он үш құрсақ көтеріпті. Жалпы, Елсау атамыз бес әйелінен 23 бала көріп, соның оны тіреп тұра қалыпты». ( 42-бет). «23 баланың үлкені Нулы, одан кейінгі тоғызы Дулы, Ерте, Кек, Бер, Көнбіс, Шор, Қалыш, Дұр, Көлби - бәрі он ұл, атамыз артында бір рулы ел қалыпты»(42-бет).«Атамыз Нулы әкесі Елсаудың ұсынған көрші елдегі тағына отырудан өзі бас тартып, тете інісі Дулыны әкесіне балап таққа ұсыныпты. Сонда қалған сегізі атамыз Нулыға өкпелеп: "Басыңа келген бақты аяғыңмен тептің, өйтетінің бар, неге алдымызға салмайсың", -деп, әрқайсы артына ерген біраз елді бірге көшіріп, Алатауды сағалап кетіпті. Ол шақтар бидің ордасы Барсығанның (Ыстық көл) шығыс жағында екен» ( 42-бет).
«Нулы атамыз әкесі Елсаудан бұрын жастай жиырма екі жасында кетіпті. Сол жасында артында төрт ұлы-Абыл, Албан, Азық, Санжар (Жөңше нар) қалыпты. Жиырма екі жасында дүниеден жас кеткен, өзі ақылды, патшалық таққа қызықпаған, орнын інісіне сыилаған Нулыны қатты ардақтап Үш-Қарашқа қойыпты»(43-бет)
Тағы да: «Төртеудің үшеуі Абылдан Абыл елі, Албан билеген уәлаяттан Албан елі, Азық билеген елден Азық елі пайда болған» (43-бет).
Жоғарыдағы дерек көздеріне сүйенсек Нулының жастай, яғни, 22 жасында қайтыс болғаны, өлген жері- Жетісу, мүрдесі қойылған жері-Үш-Қараш (қазір 'Қараш-Қараш' деп аталады) болып тұр. Үш-Қараш - Есік қорғанына тиіп тұрған жер. Дәлірек айтқанда, Есік қаласының күншығысындағы келесі сай Түргеннің басында. Қазақтың ұланғайыр жерінің басқалай бір жердің аты жазылмай, Есік қорғанына, осыншама жақын аралықта қойылған деп, жазба тарихқа, хатқа түсуі әрі ханзада Нулының 22-ақ жаста екендігін ескерсек, бізді еріксіз менмұндалаған бір сәулелі ойдың бұйдасы жетелейді.
Қазақстанда жарық көрген кез келген тарих кітаптарында, кез келген тарих оқулықтарында, кез келген тарихи мақалаларда Есік қорғанынан 1969 жылы табылған ханзаданы Археологиялық ғылыми зерттеудің нәтижесінде, жас мөлшерінің 17-18-де ғұмыр сүрген дәуірі: жыл санауымыздан ілгері 3, 4 кейде 4, 5- ғасырлар деп, сақ дәуіріне яғни сақ тайпасына жатқызады, әрі көрнекті елбасының ұлы немесе көсем деп айтылады. «...Қазақстан жерінде өмір сүрген сақтардың көрнекті елбасының ұлы немесе жас көсем, әскербасы екенін айқын көрсетеді» (Ежелгі Қазақстан, "Аруна" баспасы, 2009 жыл, 56-бет). Сондай-ақ ханзаданың алтынмен әшекейленген киіміндегі өрнек үлгісінің Үйсіндердің қолөнер үлгісімен бірдейлігі, олар ежелден бір туысқан халық екендігі де айтылып, жазылып жүр. Сөзімізге дәйек ретінде: «Жер астынан табылған заттардың дәлелдеуіне қарағанда, үйсіннің қолөнер кәсібі жан-жақты өркендеген. Әсіресе қыштан күйдірген сан-алуан ыдыс-аяқ, құмыра жасау ісі дамыған. Қоладан, темірден қару-жарақ, өндіріс құрал- саймандар, тағы қазан жасалған. Алтын мен күмістен алуан түрлі сәндік бұйымдар: жүзік, сырға, алқа, түйреуіш әшекейлі ою-өрнегімен сәнделіп істелген» (Н.Мыңжан, 85-бет). Тағы да: «Үйсін обаларынан табылған сәндік бұйымдарда көшпелі тұрмысты, аңшылықты және үйсіндердің нанымдарын, сенімдерін бейнелейтін суреттер: арыстан, жолбарыс, қабылан, құлжа, тауешкі, бұғы, бөкен бейнелері бар. Ерттеулі атты ұстап тұрған адамдардың мүсіні қойылған шамдалдар тым тамаша»(Н.Мыңжан, 86). Байқасақ, осылардың бәрі де алтын адам кимінде көрініп тұрған жоқ па?
Тағы да бір айта кететін жайт: біздер «Сақ қорғаны» деп, ат қойып, айдар тағып, зерттеп жүрген қазақ жеріндегі кез-келген қорымды, бес мың жылдық жазба тарихы бар қытай ғалымдары, ежелден бастап дәл қазірге дейін «Үйсін қабірлері» деп, зерттеп, зерделейді.Осы арада үйсін қабірлері мен сақ қорымдарының парқы туралы аздап сауаттана кеткеніміз жөн сияқты. Құл-Керім Елеместің Қазақ әдебиеті 2008 желтоқсанның 23де жаряланған «Тарихқа қиянат жасамайық» атты көлемді мақаласында «...дүние ғалымдары сақ қорымдарының топырақпен төбе болып үйілмейтінін, төрт бұрыш, беті жермен бірдей, төрт жағы жерден 20-30см биік, әрі жерге қарай тік жалпақ тастармен қаланған болатынын, ал, «үйсін зираттарының» үлкенді-кішілі, ақымның үстін әуелі топырақпен, сосын таспен, сосын қайта топырақпен, үлкендерінің биіктігі 3-5метрге, ені 30-40 метрге дейін биік төбе болып үйетінін, негізінен бір түзудің бойында жататынын, ақым батыс-солтүстік жаққа қарай негізделіп, мәйітпен бірге қыштан, қоладан, алтыннан жасалған ыдыстар, мүйістер, қару-жарақтар, түрлі қолөнер бұйымдары, дуылға, сауыт секілді сол заманның бұйымдары бірге жерленетінін археолгтар қаншама дәлелдеп жазғанына қарамастан біздің ғалымдарымыз «үйсін зираттарын» «сақ қорымдары» деп дәлелдеуден жалықпауда» тағы ары қарай: «Қытай деректерінде дәл Есік қорымынан аумайтын, Нарынқол шекарасынан ары, Қытайға қарай 20 шақырым жерде орналасқан Шаты қаласын ғалымдар тарихтағы «үйсін мемлекетінің астанасы-Шығу қаласы» деп дәлелдейтінін әрі ондағы зираттардың ішкі- сыртқы құрылымы дәл біздің Есік қаласындағы «сақ қорымы» деп аталатын «үйсін зираттарымен» ұқсас екенін ескертеміз»-деп, тайға таңба басқандай Есік қорымындағы байырғы зираттың жүз пайыз үйсін зираты екендігін дәлелдеп тұр. Иә, бағзы бір заманда ұлы жүз (ұлы иозылер) бен үйсін Күнбиі Елсау, елін бастап қазіргі Қытай елінің Чиланшан (Шүлен тауы) өңірінен осы Жетісу өлкесіне келгенге шейін, бұл жерде жасаған халықты өзге жат жұрттықтардың "сақ", "скиф" деп атағаны белгілі. Бірақ олар дәлме-дәл сол халықтың өз атын айтты ма? Жоқ әлде өз көзқарастары бойынша, тұрмыс-салтына, әдеп-ғұрпына, өң-әлпетіне, мінез-құлқына немесе жер табиғатына қарап айтты ма? Бұл жағы жұмбақтау. Біздің ғалымдарымыздың, ертедегі қорымдарды зерттегенде, мүдірмей осы үрдіспен үдіре жүруі, меніңше, мынадай себептер болуы керек. Бірінші: Европа ғалымдары немесе орыс ғалымдарының солай атап қалыптасып қалған сүрлеуі. Екінші: Қытайдағы біздің тарихымызға қатысты нақтылы жазбалардың дер кезінде қолға түспеуі. Үшінші: Кей адамдардың көзі жетіп тұрса да батылдыққа бара алмауы немесе пендешіліктен аса алмауы.
Байыппен байқасақ, ғылыми зерттеу ханзаданың жасын математикалық есептеудің дәлдігімен, дәл жасы 17 не 18 деп, дәуірін жаңа эрадан бұрынғы 3 не 4, немесе 4 не 5 деп, кесіп айта аламай отыр.Тек мөлшерлеп жуықтатып қана айтқан. "Жуықша" математика ғылымында, дәлдікті көрсетпейді, белгілі бір нүктенің аржақ-бержағы, яғни сол шамада дегендік. Енді қараңыз, жас айырмашылығы 22-18=4- ақ жас. Осы жерде тағы да ескере кететін бір жәй: қазақ жасты аймен өлшемейді. Жылдың соңында туылса да, сол жыл баланың жасына қосылады. Егер біреу жылдың басында қайтыс болса да, ол жыл жасына қосылады.Осы тұрғыдан қарағанда, Нулының дәл жасы 21-де болуы да мүмкін. Өлген жері дәл Жетісу, жерленген жері 10 шақырымнан аспайтын дәлдікте. Мүмкін, ол кезде осы өңір бір тұтас Үш-Қараш деп айтылғанда шығар.Үш-Қараш үш ағайындының аты емес пе Қазыбек бек Тауасарда. Малмен айналысқан адамның өрісіне 10-15 шақырым жер тарлық етпесе ешқашан кеңдік етпейді ғой. Қазақтың ежелден келе жатқан бір әдеті: кім, қай жерде, қай сайда, қай тауда малын бақса, сол өңірді, сол адамның атымен атайтын. Ол кешегедейін келмеді ме? Сондай-ақ, алтынмен апталып, күміспен қапталып жерленген адамның зиратын, ешқашан да анық айтуға болмайтыны да белгілі. Елімізге ересен танымалы тарихшы ғалым Тұрсын Жұртбаев өзінің «Дуылға» атты елеулі еңбегінде, ежелгі үйсін елін оның ұлы күнбиі Елсаудың ғұмыр-баянын терең де, мұқият зерттей келе, мынадай жүрекжарды қорытынды пікірге келеді. «...Осы арада Кемел Ақышев қазған Есік қорғанындағы «Алтын киімді ханзада» сол ұлы күнбидің ұлы емес пе екен деген ой ұшығы қалт ете қалады. Оның жас мөлшері жиырманың ар жақ, бер жағы деп айтылып жүр. Ол кезде бидің баласына бесікте жатып-ақ қалыңдық айттырылатынын ескерсек, шындықтың шылбырын аттамаймыз. Алтынмен аптап, күміспен күптеп қойылуына және жас мөлшеріне қарағанда, пәлендей қайшылық байқалмайды.»("жалын" баспасы 1994 ж 292бет) ары қарай тағыда «...Сыма-Цянның «Тарихнамасында» да дәл осылай баяндалады. Ондағы айырма, Елжаудың тұңғыш ұлы тым жас өліп, артында қалған кішкене ұлын мұрагер етуді өтініп, «өзгелердің ол орынға сай емес екенін айтады». Демек, біздің «алтын киімді» адамды күнбидің сүйікті баласы ретінде елестетуіміз онша «қиялилық» емес екен.»(293бет) деп, алдыңғы тұжырымын онан сайын шымырландыра түседі. Ендеше жоғарыдағы қыруар фактлерге негізделе отырып, алтын киімді ханзада Елсау күнбидің бәйбішесі Ұмай анадан туған тұңғышы Нулы болды ғой деп, қортынды жасауға болмай ма? (Бұлай айтуға тағы бір себеп, Нулыны қатты ардақтап жерлегеніне қарағанда, Елсау күнби оның ақылдылығына, бауырмалдық кең пейілділігіне, әке-шешеге деген шексіз мейірбандылығына, таққа құмартпайтын ұлы қасиетіне "тақ үшін бірге туған бауырлардың бірін-бірі өлтіруі, тақ үшін баласының әкесін немесе әкесінің өз баласын өлтірген фактілер әлем тарихында санмыңдап саналады емес пе?" бірлік- ынтымақты ту еткен таза да пәк адалдығына сүйініп, өзі жасында игілігін көрмеген бар байлықтың қызығын ханзаданың бойынан көргісі келіп, ханзадаға күнібұрын сол дәуірдің бар өнерін салдырып,алтынмен әшекейленген киім дайындаған болуы керек. Болмаса өлген адамға табанда осыншама өрнектелген киімді қалай үлгертіп жасай алады?) Әрине, бұл-менің жоғарыдағы дәйекті дәлелдерге негізделе отырып, логикалы ойлаумен математикалық талдау жасаудан шығарған түйінім. Ғалымдар онан сайын зерттеп, зерделеп жатса құба-құп.
Ендігі әңгіме, мейлі, ханзада Нулы болсын, мейлі, біз айтып жүрген бұл күндері еш қазақ тайпаларының құрамында аты жоқ сақ ханзадасы болсын, әйтеуір, бүгінгі қабырғалы қазақ халқының, дүние жүзі мәдениеті алдында бетке басар байлығы, ұлттық мақтанышы, рухани азығы, алтын тамыры екендігі анық. Бірақ, ерте заманда осы топырақты мекендеген, кейін Еуропаға дейін ауып кеткен (тарихта ұлы жүздер Жетісуға келгенде, сақтар оңтүстікке ауып кеткен. Көше алмай қалған аз құрамы кейін ұлы жүздермен бірге үйсіндер құрамына енеді деп айтылады.) Ауар тұқымдары немесе Бақтиярдың бұтағы атанып бұл күндері Иран, Ирак, Ауғанстан елдерінде жүргендер қала берді түріктің бізден басқа да мемлекет құрып отырған балалары бар, басқасы бар «Бұл біздің ханзадамыз болатын» -деп, құдды біздің әлем елдері әлдеқашан Моңғұл қағаны деп танитын Шыңғысханды, қазақ еді деп таласып отырғанымыздай немесе қырғыз ағайындардың көкпарды, өзбектің Алпамысты, неміс кәсіпкерінің қымызды иеленіп алғаны сияқты, сылтауын тауып, жоқ жерден пәтуа айтып, дау айтпасына кім кепіл? Қалай дегенмен сақтықта қорлық жоқ.
Иә, біздің Алматыдағы Респулика алаңына қойған монументімізде Алтын ханзаданың біраз бейнелері бар. Бірақ ханзаданың толық бейнесі көрініп тұрған жоқ. Шетелден келген біреуге немесе ауылдан келген ағайынға "мынау Алтын адамның мүсіні"-деп, арнайы айтып түсіндірмесең, бұл желтоқсандық қаһармандардың ерлігін бейнелеп тұрған ескерткіш деп түсінеді. Сондықтан, алдағы жерде мемлекетіміздің атақ-даңқын онан сайын арттыра түсу, қазақ халқының ежелгі сапта сапалы мәдениетін әлемге әйгілеу, 2017 ЭКСПО-да дүниенің төрт бұрышынан келетін миллиондаған меймандардың естерінен шықпастай естелік қалдыру үшін, Астананың ең маңызды деген жеріне «АЛТЫН ХАНЗАДА» деген атпен биікте салтанатты етіп, бет-әлпетін таза қазақи келбетте жасап, киміндегі 4000-нан астам өрнекті ашық та айқын бедерлеп, алтын жалатып, күндіз күн нұрымен шағылысып жан-жағына сәуле шашса, түнде электір сәулесін түсіру арқылы менмұндалап жарқырап тұратындай етіп, орнату керек. Тасқа ханзаданың аты Нулы, туылған жылы жыл санауымыздан ілгері екінші ғасыр 152- жыл шамасында, қайтқан жылы мөлшермен 131- жылдары, жасы 22-де деп жазып қойса-тіпті жақсы болады деп ойлаймын. Өмір сүрген дәуіріне айтар уәжім: Қытай қаншайымы Ши Жүн (Арты қуыс Қытай елінің ақылдылығын қараңыз, осыдан бірнеше жыл бұрын, Моңғұлкүре ауданының Шаты "үйсін ордасы табылған жер" деген жеріне, қу далаға зәулім де салтанатты етіп Ши Жүн ханышаның жалғыз тұрған мүсінін орнатып қойды. Ондағы ағайындар, 'күйеуін іздеген жесір қатын'-деп әзілдейді.),үйсін еліне жыл санауымыздан ілгері 108-жылы ұзатылып келгенде, Елсау Күнби 74 жаста делінген (Қазыбек бек Тауасарда), Қытай жазбаларында да, Ши Жүн келгенде Елжау күнби қаусаған шал еді деп, осы сөзді растайды. Ши Жүнді Елсау немересі Жөнші биге заманымыздан бұрынғы 104 жылы қосқанда, Жонші биді шамамен 20 жаста болуы керек деп жорамалдасақ, онда ол заманымыздан бұрынғы 124 жылы туылған болады. Ал Нулыдан қалған төрт баланың үлкені осы Жөнші би болуы керек. Себебі: үйсіндерде тұңғыш бала ғана ханзадалыққа бекітілетін болған. « Әсілі, Үйсіндердің мұрагерлік дәстүрі бойынша, күнбилік орынды бәйбішеден туған тұңғыш ұл жалғастыруы керек.» (Қазақ тарихының өзекті мәселелері. Н.Мұқаметжанұлы, "Brand Print" ЖШС-де басылып шығарылған, 2010 жыл, 25-бет). Нулының қалған балалары жыл санауымыздан ілгері 126 жылы, 128 жылы, 130 жылдары туылған болуы керек деп жорысақ, онда мөлшермен жаңа эрадан ілгері 131 жылы ханзада Нулы өмірден өткен болады. Тағы бір жағынан 131 ге 22 ні қоссақ б.з.д.152 жыл-Нулының туылған жылы. Елсау Күнби жаңа эрадан бұрынғы 104 жылы 78 жаста болғандықтан, біздің жыл санауымыздан бұрынғы 182 жылы туылған болып шығады, осы есептеу бойынша: 182ден 152ні алсақ, Нулы, Елсау күнбидің 30 жасында туылған болады. Бұл да ақылға қонымды меніңше. Себебі-Елсау Күнби, жастайынан ғұндардың Маодунь (Модэ,Моду)Тәңір құтының(еңжоғарғы елбилеуші) қолында тәрбиеленіп, ер жете келе әскер бастап, түрлі-түрлі соғыстарға қатысып, елеулі ерлік көрсетіп, әбден пысып жетілгенде, Тәңір құт оған өз елін беріп, батыс өлкені мәңгі қорғауға жұмсады емес пе? Міне, дәл осы кезде Тәңір құт, өзінің мәңгі айырылмас бөлегі ету үшін өз тұқымынан Ұмай ананы қосқан деуге болады.
Abai.kz
Пайдаланған әдебиеттер:
«Қазақтың қысқаша тарихы», Нығмет Мыңжани ("Жалын" баспасы, 1994 жыл)
«Түп-тұқианнан өзіме шейін» Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы ("Жалын" баспасы, 1993 жыл)
«Ежелгі Қазақстан» ("Аруна" баспасы, 2009 жыл)
«Үйсін туралы зерттеу» авторы: Уаң Миңжы, Уаң Биңхуа. ("Шынжаң халық" баспасы. 1989 жыл) Қытай тілінен аударған Нәбижан Мұқаметжанұлы.
«Қазақ тарихының өзекті мәселелері»,Нәбижа Мұқаметжанұлы
("Brand Print" ЖШС-де басылған 2010 жылы )
«Дуылға», Тұрсын Жұртбаев ("Жалын" баспасы, 1994 жыл )