Жанар-жағармай: Жаңа үкімет жаңа баға ұсынып отыр
Дүйсенбі күні Президент жарлығымен «Аманат» партиясы қайта ұсынған Үкімет басшысы Әлихан Смайловтың командасы жасақталды. Ескі құрам қайта келді десе де болады. Бұрынғы Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің орнына президент әкімшілігін басқарған Мұрат Нұртілеудің келгені болмаса.
Өткен 2022-жылдың билік үшін қатерге толы жыл болғаны белгілі. Іште «Қаңтар оқиғасы» жүз берсе, сыртта кіндігіміз байланған одақтасымыз Кремль Украинаға соғыс ашты. Соған қарамастан әлем елдерімен сыртқы байланысымыз бұрынғы қалпында қалды. Азулы АҚШ пен Англияның, Германияның Сыртқы істерге жауапты басшылары елімізге сапарлап қайтты. Әлемді коронавирус жайлағалы бері сырт елге шықпаған Қытай басшысы да сапарын бізден бастады.
Дей тұрғанмен әлемдік қауымдастықтың наразылығына ұшыраған орыс билігі Батыс санкциясының өшін бізден алғандай әсер қалдырды. Оған дәлел жетерлік. Бейпіл ауыз Соловьевты былай қойғанда, Ресей коммунистерінің атаманы Зюгановтан тартып, Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Медведевке дейін мемлекеттік тұтастығымызға, тәуелсіздігімізге шәк келтіретін сөздер айтты. Ресей СІМ баспасөз хатшысы Захарова да тісін қайрап Украинаның Қазақстандағы елшісінің сөзі мен қазақ кәсіпкерлерінің Киевке тіккен киіз үйлеріне дейін түсінік беруге мәжбүрледі. Мұхтар Тілеуберді бұл сындардан өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай шыға алды. Шовинистік пиғылы асқынған Путин билігіне бұл тең нәтиже ұнамай отырған сияқты. Тоқаевтың «Қаңтар оқиғасы» кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірінші орынбасарлығына уақытша тағайындаған сенімді адамы Мұрат Нұртілеуді сыртқы ведомства басшылығына тағайындауы соны көрсетеді.
Президент Тоқаев «Қаңтар оқиғасынан» кейінгі алғашқы Жолдауында өткен 30 жылда Қазақстаннан әлемдік деңгейдегі миллиардерлердің шыққанын, қазыналы елдің байлығының қызығын 162 адам көріп отырғанын тілге тиек етіп, жемқорлардың шетелге тыққан ақшаларының елге қайтарылатынын қадап айтқан еді. Өткен бір жылда марқұм Алтынбек Сәрсенбаев «Үш таған» деп сипаттаған тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаржылық пирамидасының атамандарына болмаса да, жақындарына құрық салынды. Немере інісі Қайрат Сатыбалды 6 жылға, құдасы Қайрат Боранбаев 8 жылға сотталды.
Мұрат Нұртілеудің орнына Президент әкімшілігіне басшы болып барған, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетті басқарған Олжас Бектенов өз миссиясын орындап, ел басшысының ойынан шыққан сияқты.
«Біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналыпты» дегендей, кеше сот үкімі оқылар кезде Алматы облысының экс-коменданты Серік Күдебаевтың шетел асқаны мәлім болды. Қайта сайланған «Жаңа Қазақстаншыл» депутат Ерлан Сайыров: «Серік Күдебаевтың Қазақстаннан қашып кетуі, «Ескі Қазақстанның мемлекетке қарсы заговоры» деп мәлімдеді. Оның уәжінше, «мұндай тұтқиыл қашуды IIM, шекара қызметі өкілдерінсіз ұйымдастыру мүмкін емес». Өз кезегінде ҰҚК Шекара қызметі Күдебаевтың ресми кеден бекеттерінен өтпегенін мәлім етті. Орындарына қайта жайғасқан Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов та, Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов та Күдебаев қашты делінген 23-наурызда өздерінің міндетін уақытша атқарушы тұлға болғанын алға тартып, жауапкершіліктен оңай құтылып кеткен сияқты. (19-наурызда Әлихан Смайлов үкіметтің отставкаға кететінін жариялап, міндеттерін уақытша атқара тұратынын мәлімдеген еді).
Қайта сайланған заң шығарушы парламент болсын, қайта жасақталған үкімет болсын, алдарында тұрған ең өзекті мәселе – қымбатшылықты ауыздықтау екені ақиқат. Өткен наурыз айында инфляция деңгейі 18,1 пайыз болған. Кеше Энергетика министрі Болат Ақшолақов 12 сәуірден бастап, бензин бағасының 10 пайызға, дизель құнының 20 пайызға қымбаттайтынын айтты. Оның себебін «Ұлттық мүдде мен энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін» деп түсіндірді. Көршілес Ресеймен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен салыстырғанда бізде жанармай бағасы әлде қайда арзан екен. Кей БАҚ көздерінің жазуынша, қырғыздар елге көлікпен кіріп, жанармайды бөшкелеп әкетіп жатыр-мыс. Қазақстанның жанармай нарығындағы ірі ойыншылар ұсақ алыпсатарлар емес, Ресейдің «Петройлы» мен Қытайдың «Синойлы» екенін көзқарақты жұрт жақсы біледі.
Әлихан Смайыловтың кандидатурасына ЖСДП қарсы болғаны мәлім. «Аманаттықтардың» 30 жылда 30 зауыт салмаған «Ескі Қазақстанды» айыптап, Үкіметтің тасымал ақысының қымбаттауына, жүйеден ауыздықсыз кеткен зат бағасының шарықтауына әкеліп соғатын жоғардағы шешімін ақтап алары сөзсіз.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz