Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Жаңалықтар 1651 0 пікір 11 Наурыз, 2023 сағат 17:09

Қазақстандық патриотизмді дамыту үшін қандай шаралар қолға алынған?

Патриотизмнің қалыптасуы ­­- бұл адамның күш-жігерін сондай-ақ отбасы мен білім беру мекемелерінен бастап билік органдарына дейінгі әртүрлі әлеуметтік институттардың қажырлы еңбегін қажет ететін күрделі процесс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету» деп жазған болатын.

«Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Барша отандастарыма, әсіресе, жастарға айтарым: кең байтақ Қазақстанды асқақ армандарың мен батыл жоспарларыңды емін-еркін жүзеге асыра алатын, табысыңа марқайып, әрдайым тілеуіңді тілейтін қасиетті Отаның ретінде бағалаңдар! Мен жаңа Қазақстан патриотизмінің жасампаздық құдіретіне сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте елімізде азаматтардың, әсіресе жастардың бойындағы патриотизмді күшейтуге жыл сайын қаражат бөілініп, үкімет тарапынан көңіл бөлінеді. 2023 жылы қазақстандық патриотизмді дамытуға 39,8 млн теңге мөлшерінде қаражат бөлінбек. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бұл мақсаттағы қаражат көлемін бұрынғыдан 5 есеге көбейткен. Қаражат азаматтарды отансүйгіштікке баулу, патриоттық сананы қалыптастыру мақсатында және  мемлекеттің стратегиялық құжаттарын түсіндіру мақсатындағы іс-шараларды өткізуге бағытталған. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның отырыстары өткізіледі. Осы іс-шаралардың қорытындысы бойынша халықтың патриотизм туралы түсінігі, Ұлттық рәміздерді қолдану туралы хабары 1 пайызға ,яғни 82-ден 83 пайызға көтерілуі керек. Тиісінше келесі жылы бұл көрсеткіш тағы 1 пайызға өсуі тиіс.

«Мәдениет және өнер салалары бойынша бәсекеге қабілеттілікті арттыру, қазақстандық мәдени мұраны зерделеу, танымал ету және мұрағат ісін іске асырудың тиімділігін арттыру» бағдарламасына 51,3 млн теңге бөлінбек.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов «Бүгінде еліміздің мәдени саясатын жетілдіру – басты стратегиялық мақсаттардың бірі болып отыр. Осы орайда, Мәдениет және спорт министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Мәдени саясатты дамыту тұжырымдамасын өзектендіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Атап айтқанда, мәдени саясатты дамыту тұжырымдамасының жобасында Ұлттық жоба мен Президенттің Сайлауалды бағдарламасындағы көрсеткіштер интеграцияланып, халықаралық тәжірибеге шолу жасалды және мәдени саясаттың басым бағыттары қамтылды.

Сол үшін Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет саласын дамыту ісінде төл мұраларымызды терең зерттеуді, оны қалың көпшілікке, әсіресе өскелең ұрпаққа дәріптеуді, бірегей рухани құндылықтарымыз арқылы әлем бедерінде өзіндік орнымызды алуды көздейді»,-деген болатын.

Аталған қаражат мынадай іс-шараларды атқаруды көздейді:

Мәдениет және өнер саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

Қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу және дәріптеу;

Археологиялық ескерткішті ғылыми-реставрациялау және мұражайландыру жұмыстары;

Мәдениет саласының инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ тиімділігін арттыру;

Мұрағат жұмыстары мен құжаттаманы іске асыру;

Ұлттық фильмдер шығару және қазақ тіліндегі фильмдердің дубляжын қамтамасыз ету;

Мұрағат және мәдениет ұйымдарының қызметі ұйымдастыру;

Мультимедиялық мұражай құру;әлеуметтік маңызы бар және мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға арналған экспозициялар жасау;

Мәдениет және өнер қайраткерлеріне Мемлекеттік сыйлықтар мен стипендиялар тағайындау. Сонымен қатар, тарихи-мәдени ескерткіштерді қайта құру, салу жөніндегі жұмыстар атқарылады. Оған ағымдағы жылы 912 млн теңге қарастырылған. Құжатта нақтыланғандай, қаржы көне мешіттерді, кесенелерді қалпына келтіру,  тарихи кешендер мен сәулет-мәдени ескерткіштер реставрациялау жұмыстарына жұмсалады.

 

Abai.kz

0 пікір