Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5070 0 пікір 23 Сәуір, 2013 сағат 05:40

ДінмұхамедАязбеков.Қазақтілді БАҚ-тың қазіргі ахуалы – қауіпті құбылыс

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин мен Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаметтің назарына!

 

АҚШ-тың бұрынғы президенті Ричард Никсон ұлттық қауіпсіздік кеңесінде бюджет шығындары туралы сөйлеген сөзінде «Ақпарат пен үгіт-насихатқа жұмсалған 1 доллар қару жүйесін құруға жұмсалған 10 доллардан әлдеқайда табысты, қаруға кеткен шығын сол мерзімде іске жаратылып үлгеретін болса, шығын кетірген ақпарат сәт сайын,  сағат сайын жұмыс істей береді» деген еді. Бүгінде үшінші дүниежүзілік соғыс сол ақпарат соғысы кейпінде жүріп жатыр. Сол себепті, әрбір мемлекет әскери саладан гөрі, ақпараттық қуаттарын, ақпараттық қауіпсіздіктерін барынша нығайтуда. Мәселен, РФ президенті В.Путин осыдан бір ай бұрыншет елдердегі орыстілді БАҚ-тарды дамытуға Үкіметке тапсырма жүктеді. Онда биылдың өзінде орыстілді БАҚ-ты қолдауға ресейлік бюджеттен 70,4 млрд. рубль бөлінгенін «Известия» газеті қуана жариялады. Сондай-ақ, бұл қаржының бір бөлігі «Русский язык» атты арнайы федеральдық бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында шет елдердегі орыстілділерге демеушілік жасау болып табылады.

Ақпараттық соғыстың әлемдік көрінісі

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин мен Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаметтің назарына!

 

АҚШ-тың бұрынғы президенті Ричард Никсон ұлттық қауіпсіздік кеңесінде бюджет шығындары туралы сөйлеген сөзінде «Ақпарат пен үгіт-насихатқа жұмсалған 1 доллар қару жүйесін құруға жұмсалған 10 доллардан әлдеқайда табысты, қаруға кеткен шығын сол мерзімде іске жаратылып үлгеретін болса, шығын кетірген ақпарат сәт сайын,  сағат сайын жұмыс істей береді» деген еді. Бүгінде үшінші дүниежүзілік соғыс сол ақпарат соғысы кейпінде жүріп жатыр. Сол себепті, әрбір мемлекет әскери саладан гөрі, ақпараттық қуаттарын, ақпараттық қауіпсіздіктерін барынша нығайтуда. Мәселен, РФ президенті В.Путин осыдан бір ай бұрыншет елдердегі орыстілді БАҚ-тарды дамытуға Үкіметке тапсырма жүктеді. Онда биылдың өзінде орыстілді БАҚ-ты қолдауға ресейлік бюджеттен 70,4 млрд. рубль бөлінгенін «Известия» газеті қуана жариялады. Сондай-ақ, бұл қаржының бір бөлігі «Русский язык» атты арнайы федеральдық бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында шет елдердегі орыстілділерге демеушілік жасау болып табылады.

Ақпараттық соғыстың әлемдік көрінісі

Ақпарат кімнің қолында болса, сол әлемді билейді. Себебі, ақпарат арқылы кез келген елді қарусыз санасын жаулап, өлтірмей жанын алуға әбден болады. Біздің әрбіріміз туылған күннен бастап ақпараттық тордың құрсауына ораламыз. Қоғам бар жерде ақпараттық шабуыл үнемі жасалады. Бір қарағанда, ешбір өзгерiссіз ақпарат санамызға сіңуде. Алайда, бұқаралық ақпарат құралдарымен құлаққа кіріп, санаға сіңген ақпарат кішігірім қоғамда, мемлекетте, тіпті тұтастай әлемде қаруы жоқ соғыстың өршуіне себепкер болатынын сезе бермейміз... Ақпараттық соғыстың басты мақсаты - қарсы жақты өз ырқына мәжбүрлеп көндіру арқылы өз мүддесіне сәйкес келетін саяси, экономикалық, әскери, әлеуметтік ұтысқа қол жеткізу. Мұндай соғыс мемлекеттер, одақтар, қоғамдық, экономикалық және әскери құрылымдардың арасында жүргізіледі. Ақпараттық соғысты кейбір ғалымдар «психологиялық соғыспен» де теңестіріп жатады. Ең қызығы, бұл қарусыз майданда «кімнің жау» екенін ажырату өте қиынға түседі. Психологиялық шаралар, электрондық соғыс шаралары, теріс ақпарат тарату мен қарсы үгіт-насихат шаралары, қарсы әрекет ету мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары, тікелей ақпараттық шабуылдар мемлекеттер мен ірі державалар арасындағы ақпараттық теке тірестің өршуіне негізгі себеп болады. Сондай-ақ, алыпқашпа әңгіме, сенімсіз ақпарат, қауесет мұның барлығы да ақпараттық терроризмнің бөлшегі ретінде танылады.

Әлемнің дамыған елдері әлемді билеу мақсатында ақпараттық кеңістігін өте жоғары деңгейге көтерді. Мәселен, бір ғана АҚШ-тың CNN  телеарналары жүздеген елдерде ақпарат таратады. Әрине, бұл ақпарат құралдарының идеологиясы «әлемді біріктіріп, тыныштық сақтау» болып табылғанымен АҚШ-тың жеке мүддесінен әрі аса алмайды. «CNN планетаны Жаһандық ауылға айналдырды. Ал біздің бәрімізді көршілерге айналдырды. Жаһанданудың тез жүзеге асуына бірден-бір себеп осы телекомпания» - деп журналист Ангелина Сирина сонау 1996-жылдың өзінде мәлімдеме жасаған болатын.Одан кейін ондаған жыл өткенін ескерсек, бүгінгі әлем кімнің құрсауында екені мәлім болады. Шын мәнінде, жаһандану жаңашылдығымен қоса тұтас ұлтты жұтып жіберуге бар өзге де шовинистік пиғылымен көрініс тапты. Ақпараттық шабуыл арқылы АҚШ енді дамып жатқан елдердің мәдени азғындауына, ұлттық рухтарын жоғалтуға, салт-дәстүрлерін ұмытуға т.б. теріс әрекеттердің жүзеге асу саясатын жүргізді.

Соңғы жылдары жер бетіндегі ірілі-ұсақты мемлекеттер арасында қақтығыстар мен шиеленістер көбейіп кетті. Солардың ішіндегі Ислам мен Батыс елдері арасында ашық ақпараттық соғыс жүргізіліп жатқандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Мәселен, қырық бір жылдан бері елді басқарып келе жатқан Муаммар Каддафиді биліктен кетсін деп көтеріліске шыққан ливиялықтар әлем жұртшылығын таңғалдырғаны рас. Шынында, Ливияның экономикалық қуаты, халқының жағдайы кейбір елдерге қарағанда әлдейқайда жоғары еді. Мұндай елде көтеріліс болатынын саясаттанушылар үш ұйықтаса да түсіне кіргізе алмаған. Қақтығыс салдарынан 6 мың адам көз жұмды. Ақырында Ливия Каддафиге бағынатын Батыс пен оппозицияның ықпалындағы Шығысқа бөлініп, екіге жарылды және Каддафидің аяусыз өлімімен аяқталды. Тіпті, Каддафидің өлімін тікелей эфирден көрсетіп, бәзбір бір алпауыт телеарналар өзіне ұпай жинады. Ливиядағы жағдай дүниежүзінде жасырын ақпараттық соғыстың жүріп жатқанын әшкерелеп берді. Көптеген ақпараттық және әлеуметтік интернет желілер бір-біріне қарама-қайшы мәлімет таратты. Әлем Ливияға қатысты ақпараттық соғыстың «құрбаны», сонымен қатар көрермені болды.

Ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін қаперіне ұстаған Катардағы «Al Jazeera» телеарнасы да мемлекеттің қолдауымен әлемдік телеарналардың біріне айналды. Бүгінгі күні бұл телеарна ақпараттық соғыста ешкімге, тіпті АҚШ-тың өзіне де дес бермей келеді. Ал, АҚШ ақпараттық соғыста «Al Jazeera» араб телеарнасынан бөлек, Қытай мен Ресейден де бәсі төмендеп жатқанын кейбір сарапшы мамандар айтып жүр. Қытайлар әр түрлі тілде таратылатын ғаламдық телевизиялық желі құрып жатса, орыстар ағылшынтілді телеарна ашып алды. Бұл бүгінгі күнде АҚШ-тың ақпараттық кеңістікте беделі мен ықпалы азайып бара жатқанының анық айғағы болса, бір жағынан басқа да елдердің ақпараттық үстемдікке жеткісі келетіндігінің дәлелі.

Бірнеше жыл бұрынғы Ресей мен Беларусь арасындағы келіспеушілік газ жанжалынан бастау алып, соңы ақпараттық соғыспен аяқталған еді. Бұл жағдайды көршілес елдер түгілі, Батыстың ақпарат құралдарының өздері жарыса хабарлады. Кедендік одаққа біресе «кіремін», біресе «кірмеймін» деп дал болып жүрген Белоруссия басшысы Лукашенко соңында Кедендік кодексті ратификациялағанын, Астанада өткен ЕурАзЭҚ-тің мемлекетаралық кеңесіне қатысатынын мәлімдеді. Өз есесін жібермейтін Ресей ертесінде жауап ретінде НТВ арнасынан Лукашенконың басқа қырынан көрсеткен «Өкіл батька» фильмін көрсетіп, басылымдарда сынның астына алған көптеген мақалалар жарияланды. «Батькада» аянып қалсын ба, Грузияның президенті Саакашвилимен бірігіп, Кремльдің де біраз құпияларын жалпақ жұртқа жайып жіберді. Осылайша «ақпаратпен атысып» жүрген екі мемлекеттің арасындағы тартыс әлі де жалғасып келеді. Оны тоқтату мүмкін емес.

Бір ғана мысал, соңғы он жыл көлемінде әлемдегі оқиғаларды көрсетуде БАҚ рөлі айтарлықтай өсті. Бұл үдерістердің барлығы әлемнің ақпараттық салаға миллиондап қаржы құйып жатқандығын көрсетеді. Әсіресе, жергілікті соғыстар мен жанжалдар кезінде бірден көзге көрініп тұратын, сол жерден репортаж жасап, оқиғаны өзінің мүддесіне бұратын БАҚ қазір де әртүрлі мемлекеттердің жеке қолдауымен көбейіп кетті.Олар бұрынғы уақыттарға қарағанда оқиғаны болған жерден және дәл уақытында, халықты қалай сендіргісі келсе, солай көрсете алды. Көп жағдайда әскери науқан ұрыс даласындағы табысымен емес, әлемдік БАҚ-тың оны қалай жеткізуімен қорытындыланып отырды. Мәселен, 2009 жылғы қаңтардағы израильдіктердің Газа секторындағы әскери операциясы барысында бомбалар мен зымырандардың көзделген жерден мүлт кетуі емес, қоршаудағы қалада қалып қойған Би-Би-Сидің жалғыз тілшісі Әли Макбулдың қай жерде қандай жарылыс, қандай қырғын болғанын көрсетуі маңызды болды. Бұл израильдіктерді басқыншы екендіктерін көрсетудің, әлем жұртшылығын оған қарсы қоюдың, сол арқылы бәсекелестіктен кетірудің бірден-бір жолы.

Ақпараттық майдан үшін тек әскери жанжал ғана негізгі тақырыптың өзегі болып қалмайды. Кей жағдайларда, жергілікті әскери қақтығыстан гөрі ұлт басшысының денсаулығы немесе сыбайлас жемқорлыққа қатысты дау-дамайдың өзі маңызы зор әлемдік оқиғаға айналып кетіп жатады. Арақашықтық, шекара деген бөгеттерді білмейтін, көпшіліктің қолдануына өте ыңғайлы дүиежүзілік ғаламтор әлемдік мәселелерді шешуде БАҚ-тың рөлін бұрынғыдан да көтеріп жіберді. Мұндай жағдайда, кез-келген мемлекет ақпараттық қауіпсіздікті өзінің шекарасының қауіпсіздігінен кем көрмеуі қажет екенін әлемдік саясаттанушылар қаперге іледі.

Ресейдің езгісіндегі қоғамдық сана

Ақпараттық тәуелсіздік - бұл ақпараттық қауіпсіздікке жетудің бірден-бір жолы. Бүгінгі ақпараттық ғасырымыздың талабы осы болып тұр. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, өркениетті елдерде әр ел өз аумағына сырттан таралатын БАҚ-ты мемлекет тұрғысынан реттеп отырады. Өзге елдік БАҚ-ты 20 пайыздық шектен асырмайды. Егер, одан асса мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігіне нұқсан келтірілген болып саналады. Осындай қағидаларды ескергенімізбен, өзіміздің ақпараттық кеңістікті ресейлік баспасөзге беріп қоюымыз мемлекеттігіміздің, тәуелсіздігіміздің болашағына үлкен қауіп төндіретіні шындық.

Қазақстандық телекөрерменнің 55 пайызы Ресей БАҚ-ың ықпалында. Ал, еліміздегі басылымдарды сарапқа салу тәуелсіздігімізден түңілуге алып келеді. Неге десеңіз, орыстілді басылымдардың қасында қазақтілді басылымдар теңіздің тамшысындай... Қарапайым ғана мысал, еліміздегі БАҚ санының тек қана орыс тілінде шығатын үлесі 35 %, ал тек қана қазақ тілінде таралатын БАҚ үлесі 18%, ал, екі тілдегі көрсеткіш 35 %-ды құрайды. Қалған бөлігі басқа тілді болып келеді. Ал, бұл есепке Ресейден ағылатын 5000-нан астам газет-журналдарды қосы беріңіз... Ресейдің «Труд», «Комсомольская правда», «Московские новости», «Новая газета», «АиФ» сияқты басылымдары қазақстандық қосымша шығарып, сол арқылы өз мүдделерін қорғауға барын салуда. Ол аздай қазақ телекөрермендерінің санасын улап жатқан шетелдік телеөнімдерді эфирлерден үзбей беріп жүрміз. Қазақстандық «31-арна» акциясының 20 пайызын «СТС Медианың» қолына беріп қойдық. Одан өзге ұлттық менталитетімізге жат, бұрыс тәрбиеге итермелейтін анайы бағдарламалар мен фильмдер жеткілікті.

Қазақстанда кім кімнің сойылын соғады деген сұрақ көп адамды мазалайды. Бұл әсіресе жекелеген депутаттар мен ақпарат құралдарына қатысты көп айтылып келеді. Әлдеқандай бір идеологиялық топтардың қолшоқпары болып кеткендердің аты аталып, түсі түстелмегенімен, мұндай жағдайлардың болып жатқаны ақиқат. Саясаттанушы Мұхит Асанбай: «Қазақстанның мүддесіне қарсы шығатын журналистер де, сарапшысымақтар да жетеді. Тіпті, көп-көрім аты бар академиялық ұйымдар да, Президенттің атын жамылып жүрген институттар да бар. Ал ол жерде жұмыс істейтін адамдардың барлығы да ресейшіл, себебі, басшылығы ресейшіл» - дегені бар. Мұның бәрі біздің ақпараттық қорғансыздығымыздың нәтижесі.

Қазақстанда қазақтілді БАҚ қана еліміздің тәуелсіздігіне алаңдайды. Орыстілді БАҚ-тардағы орыстілді журналистердің біразы Қазақстанның тәуелсіздігіне алаңдаушылық білдіру былай тұрсын, қайбір жылы сауалнама жүргізгенде 50%-дан астамы Ресейдің құрамына кіргісі келетіндіктерін қалаған. Бұл ненің белгісі? Әрине, олардың басым бөлігі Ресйдің мүддесіне жұмыс істеп жатқандықтың бірден-бір айғағы. Мәселен, бірде-бір орыстілді журналист Кедендік одаққа қарсы шыққан жоқ. Ал, қазақтілді БАҚ-тың бәрі дерлік оған қарсы болып, тәуелсіздігімізге, елдігімізге алаңдады. Осылайша қазақтілді және орыстілді болып бөлінетін ақпараттық кеңістігіміз өз ішінен іріп жатыр. Басқасы басқа, соңғы кезде сан түрлі бәлеге ұшыраған ақпарат кеңістігіміз қоғамға кәдімгідей апат төндіріп отыр десек, қателеспеген болар едік. Өйткені, көзге көрінбейтін «мылтықсыз майдан» жүріп жатқанын көзі ашық жандардың бәрі біледі.

Көп ретте қазақтілді басылым мен орыстілді басылымдардың қандайда бір оқиғаға байланысты берген бағасы да екі түрлі болып шығады. Олардың пікір қарама-қайшылығы, көздеген мүддесі де екі түрлі екені көзге айқын көрінеді. БАҚ басылымдарының мазмұнынан оны басқарып отырған жандардың, журналистер ұжымының ішкі пиғылын, ниетін, ұстанып отырған саясатын анық байқауға болады. Бұл жерде дұрыс нәрсені бұрмалау, жөнсіз байбалам салудың орын алып жататыны да жасырын емес. Енді өз ішіміздегі орыстілді басылымдардың қатарына таза орыстық саясатпен айналысатын мың сан ресейлік БАҚ-тарды қосыңыз. Осындайда санның сапаға айналатынын ескерсек, біздің тәуелсіздігімізге қауіп төніп тұр. Қазақстанның ақпараттық кеңістігін жаулап алған орыстілді баспасөз бен Ресей БАҚ-ы улап-шулап аз сан қазақ баспасөзінің үнін шығармай тастайды. Бұдан қазақ баспасөзімен бірге қазақ мүддесінің де жеңіліс тауып жатқан жайы бар.

Соңғы кездері қазақстандық кейбір журналистер шетелдік ұйымдарға жұмыс істейді деген қауесет ақпараттар да еліміз де өріп жүр. Осыдан бірнеше ай бұрын Бас прокуратураның жасаған мәлімдемесі естігенімізді дәлелдей түсті. «К+» телеарнасы, «Стан-ТВ», «Республика» интернет-порталдары материалдарының, «Республика», «Голос Республики», «Взгляд» газеттерінің тұжырымдамалық мәтіні әлеуметтік араздық қоздыруға бағытталғанын, ақпараттарында мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін насихаттаулар бар екені мәлім болды. Енді бұл БАҚ-тың еліміз аумағында таратылуына тыйым салынуы мүмкін екендігі де ескертілген еді. Бұл жағдайлар, расында, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігінің өте төмен деңгейде екенін көрсетіп берді.

Ғылымдағы жүйелілік тұрғыдан қарайтын болсақ, Қазақ БАҚ-ның бәсекеге қабілетсіздігі жалпы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мүшкіл жағдайынан туындап отыр. Кез-келген мемлекет құраушы ұлт тілінің қоғамдағы ахуалы қандай болса, баспасөзінің дәрежесі сондай болады. Еліміздегі шешім шығаратын саяси басшылар негізінен орыстілді БАҚ деректеріне сүйенеді. Орыстілді газет-журналдар қазақ ұлтына қатысты мәселелерді қозғамайтындықтан, қазақтілді халықтың мұң-мұқтажы, мүддесі қабылданған шешімдерде көрініс таппай қалады. Қазақстанның мемлекеттік қызметінде отырған шенеуніктер қазақтілділерді кәсібиліктен жұрдай деп санайды. Мұның өзі шенеуніктеріміздің Ресейдің ақпараттық торына құрсалғанын білдіреді. Дегенмен,  қазақ журналистерінің басым бөлігі өткір материалдар жазуға қабілетсіз екендіктерін де ешкім жоққа шығармайды. Билік не айтса, басын шұлғи беретін көнбістік біздің қазақ журналистеріне тән. Өз ұстанымын қорғап, мінез көрсете алмауы да қазақ журналистикасының бағын байлап тұр.

Бүгінде интернет журналистика азаматтық журналистиканың белсенділігін тудырды. Бірақ, қазақ баспасөзінде қалыптасқан мектепті, қалыптасқан кәсіби біліктілікті қазақ интернет журналистикасында да қолдануымыз керек. Яғни, біз интернет журналистиканың кең белең алғандығын ескеріп, ондағы ақпараттық армиямызды мықтап нығайту үшін қазақ баспасөзіндегі дәстүрлі мектептің тәжірибесін интернет журналистиканың жаңашылдығымен үйлестіре білсек нұр үстіне нұр болар еді. Қазақ баспасөзі туралы бір сұхбатында Ерлан Қарин «Қазақ баспасөзі ұлттық партияның қызметін атқарып келе жатыр» деп еді. Қазақ баспасөзінің сол позициясы, сол ұстанымы, сол мазмұны интернет журналистикадан көрініс тапса, бұл ұлттық партиямыздың әлемдік деңгейде танылуына себеп бола алады.

Қазақстандық масс-медиа алаңындағы қазақтілді БАҚ ұсынып жататын ұлттық идея «этномәдени тұжырымдамаларға» жүгінетін болса, қазақстандық идеяны жақтаушы орыстілді БАҚ  «саяси-азаматтық көзқарастарды» негізге алады. Қазақтілді және орыстілді БАҚ арасындағы қайшылық 2009 жылы «Ел бірлігі» доктринасын талқылау кезінде айқын көрініс тапты.  Қысқасы,  Отандық БАҚ алаңында «ұлттық идея» мен «қазақстандық идея» арасында іштей қайшылық пен өзара бәсекелестік барына көз жеткізу қиын емес. Дегенмен ұлттық идеяның генераторы - қазақтілді БАҚ. Қазақтілді басылымдардың атауы ұлттық символикалық болып келеді. Сондықтан, біздің тәуелсіздігімізді, елдігімзді қорғайтын қазақтілді БАҚ екеніне ешкім шек келтірмес. Алайда, сенгеніміз орыстілді БАҚ-тың езгісінде жүр.

Ашық дарбаза немесе қорғансыз қамал

Қазақстанның ақпараттық кеңістігі бұрыннан Ресейге тәуелді. Еліміздегі орыстілді және қазақтілді ақпарат құралдарының санын салыстыратын болсақ, екеуінің айырмасы жер мен көктей. Дегенмен, соңғы жылдары басқа да елдер бізге көз тігіп отыр. Бұл олардың бізге деген ақпараттық басқыншылығының басталайын деп жатқандығын білдіреді. Мәселен, елімізге және Орталық Азияға көз тастап отқан алпауыт мемлекеттердің бірі - Қытай.

Бүгінде аспан асты елі  Орталық Азияға (ОА) ақпараттық шабуыл жобаларын жасап, оны бастамақшы болып отыр. Қытай өзінше бір әлем және ол АҚШ пен Еуропа өкілдері сияқты, біздің елдің ақпараттық кеңістігіне әсер ету үшін Ресей және біздегі орыстілді БАҚ-тың ықпалына жүгінбейді. Қытайдың өзінде 1,5 миллионға жуық қандастарымыз бар. Сондықтан, бұл ел қандастарымыз арқылы бізге  қазақ тілінде ақпараттық шабуыл жасауға мүмкіндігі бар. Ресейдің бүгінгі идеологтары қазақ жұртшылығының қоғамдық пікірі Мәскеудің бақылауынан сытылып шығып, АҚШ-тың және Батыс Еуропаның жетегіне еріп кетеді-ау деп қауіптенбейді. Алайда, еліміздегі ақпараттық кеңістікті басқарып жатқан Ресей Қытайдың бүгінгі қарқынынан сескеніп жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды.

Қазір әлемде саяси өзгерістер күрт көбеюде. Оңтүстікте ислам әлемі, Шығыста жаңа индустриалды мемлекеттерге айналған Азия мемлекеттері, оның ішінде, ешкімге бағынбайтын Қытай күш алып келеді. Бұл екі аймақтың екеуі де Батыстың бәсекелесі ретінде қалыптасуда. Қазақстан және жалпы Орталық Азия олардың өзара және батыстық әлеммен қайшылыққа енетін алаңдарының біріне айналды. Ал, Қазақстан ОА-ғы ең маңызды мемлекет екенін ескерсек, Ресейдің, Батыс елдерінің және Қытайдың ақпараттық соғыс алаңы біздің ел болатыны күмәнсіз. Неге десеңіз, біздің оларға қарсы тұрардай ақпараттықа армиямыз жоқ. Дарбазадан кез келген ел кіріп, қамалды қалағанынша бақылауға алуда. Бұл біздің әлсіздігіміз...

Ресей тактикалық тұрғыдан Батыспен бәсекелес болғанымен, страгетиялық тұрғыдан олармен бірігіп, бізге ақпараттық шабуыл ұйымдастырып келеді. Сондықтан, бүгінгі таңда Қазақстанда орыстілді ақпараттық кеңістіктің бұрынғыдан бетер қанат жаюына, ресейлік және жергілікті БАҚ құрылымдарының осындағы ықпалының одан әрі арта түсуіне жалғыз Мәскеу ғана емес, Вашингтон да мейлінше мүдделі. Бұл бағытта американдықтар, британдықтар және т.б. сол сияқтылар ресейліктермен одақтасқан. Мәселен, ұлыбританиялық Би-Би-Си корпорациясының жақында Қазақстанда қазақ тілінде хабар таратуын тоқтатып, есесіне біздің елге тек орысша хабар тарату жүйесін сақтап қалуын айтуға болады. Осы жәйттің өзінен көп нәрсені аңғаруға болады.

Енді сыртқы күштер қазақтілді ақпараттық кеңістік тынысының тарыла беруіне қуанбаса, қапалана қоймас. Оларға керегі - мәдени мүдде емес, саяси мақсаттар. Және жай мақсаттар емес - геосаяси мақсаттар. Сондықтан кейінгі жылдары Ресейдегі БАҚ құрылымдарын қайта бөліске салып, ондағы ақпараттық кеңістікті өз ыңғайына қарай қайта бөліп алып шыққан күштер қазір Қазақстанда да осыған ұқсас өзгерістер жасауға кірісуде. Батыстағы медиа-бизнес біздің еліміздегі медиа-кеңістік үшін ресейлік әріптесімен тікелей бәсекелестікке түспейтінін танытты. Алайда, Қытай біздің ақпараттық кеңістігімізді қолға түсіру үшін Ресеймен де, басқасымен де бақталасуға бар.

Мәскеуде американдық «Ньюсуиктен» бастап «Бизнес Уикке» дейінгі АҚШ-тың талай газет-журналы орыс тілінде шығады. Бұндай құбылыс Қазақстанға да келуі мүмкін. Әрине, қазақтілді емес, сол орыстілді негізде таралады. Орыс тілінде шығатын Америкалық бұл газет-журналдардың басықасында ресейлік және қазақстандық орыстілді журналистер жүретіні айтпаса да түсінікті. Солар осыны басқарады және жүргізеді. Ал, оны оқитын және ондағы ақпараттарға сенетін, шын мәнінде, қазақтар болады. Ондай жоба қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр. Әрине, ашықтан-ашық ештеңе айтылмайды және мойындалмайды. Жаңа мақсаттағы алғашқы қадамдардың, алғашқы шаралардың бірі - сол Би-Би-Си шарасы. Алыс Британияда орналасқан корпорацияның тек өз құрылымы ауқымында жасаған аз ғана өзгерісінің нәтижесінде Қазақстандағы БАҚ кеңістігінде қазақтілді журналистиканың позициясы әлсіреп, ал орыстілді журналистиканың позициясы бұрынғыдан бетер күшейе түспек.

Ақпараттық кеңістігімізді осылайша кім көрінген пайдаланғысы келеді. Ал, кейбіреулері (Ресей) пайдаланып та отыр. Біз ақпараттық армиямызды тез арада тіктеп үлгермесек, қазаққа ортақ тілден де, мәдениеттен де айрыламыз. Өкінішке қарай, біздің осындай жағдайға түскенімізді қалайтын, осыдан өз мүддесін өрбітетін күштер бүгінгі таңда жетерлік. Біздің өз тіліміз бен мәдениетімізге деген немқұрайлылығымыз неғұрлым артса, ондайлар соғұрлым өз мақсаттарына жетпек. Кез келген дамыған ақпараттық топтың саяси партиядан да қатерлі екенін ешкім жоққа шығара алмайды.  Міне, қазір көріп жүрміз ақпараттық езгіден кейін кеңестік рухты, құл сипатты, еңсесі езілген әлжуаз адамдар елімізде пайда болуда. Кім көрінгенге дарбазамызды аша берсек, түбі қазақтың болашағынан қайран кетуі әбден мүмкін.

 

Ақпарат саласын қайтсек нығайтамыз?

Айналып өте алмайтын шындығымыз сол, Қазақстан 130 ұлыс өкілі тұрып өмір сүріп жатқан «көпұлтты ел» болып аталады. Сонымен қатар, орыс тілі әлі күнге дейін  еліміздегі барлық диаспоралар үшін негізгі қатынас тілі ретінде өмір сүріп жатыр. Ал, ақпараттық армияның негізі БАҚ-тағы көрініс те дәл осы орыстілділердің уысынан шықпай отыр.Тұрғындардың басым бөлігі қазақ тілінде сөйлейтін Оңтүстік Қазақстан облысында ғана ақпараттық қауіпсіздік сақталған. Дейтұрғанмен, еліміздегі ақпараттық кеңістікті бақылайтын және басқаратын орыстілді БАҚ. Ал, тәуелсіздігімізге, ұлттығымызға, елдігімізге алаңдайтын қазақтілді ақпараттық армиямызды қалай күшейтеміз?

Егер, ірі қалалардағы тұрғындар үшін қолжетімді интернетті алар болсақ, онда да орыс тілінің артықшылығы көзге ұрып тұрады. Бұл фактілер, әлі күнге дейін, сол КСРО кезіндегідей отаршылдықты насихаттайтын қоғамдық сана қалыптастыруға итермелеп келеді. Бұған 2008 жылғы тамыздағы Ресей мен Грузия арасындағы жанжалды қазақстандық БАҚ-тың көрсетуін нақты дәлел ретінде келтіруге болады. Ел басшылығының оқиғаға байсалды баға бергеніне қарамастан, Қазақстандағы орыс тілді БАҚ-тар Ресейдегі Грузияға қарсы насихатты сол күйінде қайталап беріп отырды, ал оның барлығы да Кавказдағы соғыстың негізгі шындығымен сәйкес келе бермейді.

Қазіргі уақытта еліміз өз алдына тәуелсіз саясат жүргізіп отыр.Әрине, біздің саяси бағытымыз Ресей саясатымен үнемі сәйкес келе бермейді. «Бейбітшілік үшін әріптестік» бағдарламасы ауқымында Қазақстанның НАТО-мен ынтымақтастығын, энергия ресурстарын көрші елдерге шығару жолын таңдаудағы тәуелсіз экономикалық саясатты ресейлік БАҚ-тар, өз тұтынушыларына қасақана біржақты етіп көрсетуге тырысты. Мұндай саясат келешекте жағдайдың ушығып кетуіне сеп болады. Бұл кез келген мемлекет үшін өте қауіпті.

«Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік тілдің еліміздің барлық саласында, оның ішінде БАҚ-та қолданылуында жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар мемлекеттік қызметкерлерді қазақ тіліне оқыту және елімізде қазақ тілді БАҚ-тың үлесін арттырумен бір мезетте жүргізілуі тиіс.Мемлекеттік тілді оқып, оны үйреніп жатқан халықтың барлық деңгейін электрондық БАҚ-тар қолдап отырса, онда бұл мақсатқа әбден жетуге болады. Әсіресе, қабілетіне, жасына және қай ұлысқа жататынына қарамастан, кез-келген адам жеңіл үйреніп алатын тұрмыстық қазақ тілі дүкенде, көлікте, жұмыста, мектепте және басқа да орындарда тілдесетін құралға айналуы қажет. Түрлі тіл ұстарту бағдарламаларын көрсету арқылы БАҚ-тар да көмек жасауы керек. Сонымен қатар, егер қазақ тілі кириллицадан латын әріпіне көшірілсе, онда Интернет мемлекеттік тілде жақсы дамып кетер еді. Көптеген түркі тілді елдер, атап айтқанда Түркия» - дейді ҚБТУ-дың профессоры, лектор Леонид Пухович.

Әрине,бұл ғалымның пікірін қазақтілді сарапшылар да айтып жүр. Шынында, Қазақстан тәуелсіз саясат жүргізгісі келсе, оның ішінде ақпараттық армиясын күшейтемін десе,  осындай ұсыныстар мен ойлардықолдауы керек. Ақпараттық қауіпсіздік кез келген мемлекеттің егемендігінің аса маңызды элементінің бірі болып саналады. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту арқылы ақпараттық қауіпсіздікті күшейту жөнінде жоғарыда қаралған шараларды асықпай және абайлап жүзеге асыру керек. Ақпараттық қауіпсіздігімізді сақтаудың бір ғана жолы, БАҚ-та мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту болып табылады. Басқа жол бұралаң...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320