Ұлттық сана негізі – қазақы салт пен діни дәстүр
Салты жақсының – халқы жақсы!
Ғасырдан ғасырға ұласқан талай заманды басынан өткерген қазақ халқы өзіне ғана тән болған ұлттық бейнесін паш етер қазақы салты мен ислами дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа тапсырып келеді. Алайда ата салтты ескіліктің қалдығы санаған, діни дәстүрді құбыжық көрсетіп санаға сіңдірген адасушылықтың салқын сызы әлі де ел ішінде білініп келеді. Кейде қазақи салт пен діни дәстүрдің мәнін жете білмегендіктен дін ұстанып, намаз оқып жүрген кейінгі ұрпақтың арасында өзара түсінбеушіліктің орын алып жүргені де рас. Ол екі тараптың бірі, өзін ғана жөн санап, екінші жақтың іс-әректтері мен амалдарынан кемшілік тауып жатады. Ондай өзара түінбеушіліктің бір қатар себептері де көпшілікке белгілі. Десек те, сондай себептің пайда болуы, күнделікті қолданып жүрген сөздер мен сөз тіркестеріне де қатысты екенін аңғармай жүрміз.
Бізде әдет-ғұрып, салт-дәстүр, салт-сана мәселелері айтылудай-ақ айтылып келеді. Тіпті бұл тіркестерге құлақтың үйренгені соншалық сана да, салт та, дәстүр де бір мағынада айтылатын синоним сөздер сияқы естілетін болып кетті. Алайда, бұл сөздер қоғамдық ортада бөлек-бөлек өзіндік міндет атқаратын, жеке-жеке ұғымдар екеніне көпшіліктің мән беріп жатқаны шамалы.
«Әдет-ғұрып» деп айтып жүргеніміз, арап тілінен ауысқан «әл-ғәдат» және «әл-ғурф» деген сөздер. Бұл сөздер түрлі мағынаға ие. Қоғамдық ортада, «әл-ғәдат» - үйреншікті іс, қалаптасқан жағдай дегенді білдіретін, ал, «әл-ғурф» - дұрыс, тура, жақсы дегенді білдіретін мағынада қолданып жүрміз. Әдет-ғұрып деп айтқанда, дұрыс деп мақұлданған, қоғамға пайдалы болатын жақсы іс-әрекеттер айтылады. Егер әдеттің ішінде жағымсыз көрінетін бұрыс (теріс) әрекеттер байқалып қалса, ондайда «әдеті жаман екен» деп, әділ баға беріп те жатамыз. Яғни, ондай әдет жақсы (әл-ғурф) емес. Әдет-ғұрыпты сақтайық, – дегенде, қазақтың ерекшелікке ие ежелгі жақсы әдеттері мен табиғатын байыта отырып, келер ұрпаққа жеткізейік дейміз.
Дәстүр – «дустур» деп айтылатын арап сөзінің баламасы, конституция, құқықтық негіз, діни үкім дегенді білдіреді. Ислам мемлекеттерінде конституция (дәстүр) ислам шариғат ережелеріне негізделген. Ислам діні келгеннен кейін арап халқының ежелгі салттары реттеліп, дінге қайшы келмейтіндерін Пайғамбарымыздың (с.ғ.у.) өзі да ұстанды.
Мысалы: Пайғамбарымыз (с.ғ.у.), Құрайыштықтардың ежелгі салты бойынша, ұлы Ибраһим дүниеге келгенде, жеті күннен кейін шашын алып, есімін қойып, садақа таратып, мал сойып, жақындарына дәм татырды. Осылайша, Ислам дініне қайшы келмейтін Құрайыш салттары Пайғамбарымыздың (с.ғ.у.), сүннетке айналып, діни дәстүр талаптарына кірікті. Сондықтан Ислам мемлекеттерінде діни білім алған кейінгі ұрпақтың ішінде, діни дәстүр талаптарына қайшы келмей тұрса да, басқа елдің салттары «бидаға (діннен тыс)» деген ұғыммен, өз салтына өзі өгейсіп қарайтындардың бар екендігі шындық.
Қазақ та мұсылман халық, олай болса ислам шариғатына тән дәстүр (үкім) бізге де лайық әрі міндетті. Кеңестік заманның негізгі мақсаттарының бірі халықты дінсіздендіру болғандықтан, атейст ғалымдардың белсенділігі «дәстүр» сөзінің мағынасын түбегейлі өзгертті. «Дәстүр» сөзін «салт» немесе «ежелгі, бұрынғы» деген мағынада қолдана беретін болдық. Бұл орайда өнер саласындағы «жұлдыздар» оқ бойы озып, аспандап тұр. «Дәстүрлі ән, дәстүрлі жыр, дәстүрлі күй, дәстүрлі би» деп сырғыта береді. Ол «жұлдыздарды» шалғайдан тартып, «жер бетіне» түсірер ғылым иелерінің өздері де салт ұғымына оншалықты мән бермейтін сияқты, «салт-дәстүр» деп қосарлап сөйлегенге немесе жазғанға үйренген. Сонда салт не үшін керек, дәстүр не үшін керек екенін айырып ала алатын тыңдаушы немесе оқырман болса ғой.
Салт – бір тұтас өлкенің, халықтың тұрмыс-тіршілігіне сіңісті болған үрдістен қалыптасқан қолданыстағы іс-әрекеттер.
Бір қатар ежелгі ғылым иелері әр этностың салтына үлкен мән бере отырып, ол әдеттердің бір елдің «салты» деп мойындалуы үшін төмендегі мына үш шартты ұсынған:
- Салт, Құран мен Сүннеттің мәтіндеріне, ғалымдардың бір ауыздан келіскеніне (ижмаъ) немесе шариғатта бекітіліп қойған үкімге кері келмеуге тиіс.
Сондай-ақ, салт – зайырлы мемлекеттерде, конституциалық талаптар мен ережелерге қайшы болмауы керек. Имам әс-Сарахсидың сөзіне құлақ салсақ: «Құран мен Сүннетке қарсы келген кез-келген салт есепке алынбайды. (ХІ ғ. «әл-Мәбсут» 1/146)
- Салт – сол қоғамдық ортада кең таралуы тиіс. Имам ас-Суютидың айтуынша: «Егер салт (қоғамдық ортада мойындалып) кең тараған болса ғана тән алынады, ал егер олар айқын болмаса, есепке алынбайды». ( «әл-Әшбахһ уә-инәзиар» 87).
- Салт, бізге бұрынғылардан жеткен, сондай-ақ, бүгінгі өмірде де қолданыстағы салт болғаны жөн. Бұл орайда имам ал-Қарафи: «Әр нәрсенің салт арқылы көрсетілетін айрықша орыны бар», - десе, имам ән-Нәуәуи: «Шариғатқа қарсы келмеген кейбір мәселелерде, салтқа сүйену керек», - екенін айтады.(«Шарх Сахих Муслим» 2/8).
Салт негізінде – бір ұлыстың, ұлттың, сондай-ақ қоғамның, қауымның табиғи болмысын, сыртқы сипатын айқындайтын көрініс.
Салт – ұлттық құндылықтарды, ана тілімізді, түр-тұлғамызды сақтаушы. Салт өзгеріп ұлттық сипатынан айырыла бастағанда қазақы менталитет те (діл) өзгеріске ұшырайтынын бүгінгі өмір көрсетіп отыр. Ана тіліміз өзге этностың сөздерімен шұбарлана берсе, қазақ тіліне тән үндестік бұзылып, біртін-біртін өзге тілге айналдырып алмаймыз ба? Әрине, мұндай жағдайдың бетін аулақ еткей, алайда «өркениет» деген түсінікпен басқа елдің салтын бойға сіңіріп жатқанымызды аңғаруға болатын шығар.
Салт – жасампаздықтың кепілі, ұлт күмбезінің діңгегі.
Білектің күшімен, найзаның ұшымен елін, жерін қорғаған арыстан азаматтар аттан аунап жер жастанғанда, олардың отбасына қамқорлық еткен, артында қалған жетімдерді жебеп, кеткен боздақтардың шаңырағын сақтап, ұлын ұядан, қызын қиядан көрсете алатын ерекше салтымыз болды. Ол – ӘМЕҢГЕРЛІК. Азулының аузына, мықтың уысына түсіп, «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болған сол бір қиын кезеңде қазақты жойылып кетуден сақтап қалған осы әмеңгерлік салтымыз. Бүгінгі ай-күн аманда, бейбітшілік заманда неге жесір көп, неге жетім көп?
Салт – туыстық байланыс пен жекжаттық қатынасты реттеуші. Орыс халқы ұлдан шыққан немерені де, қыздың шыққан жиенді де «немере» деп қабылдайды, сондықтан құдандалы екі жақ бірін-бірі «туыс» деп есептейді. Өкінішке орай, бүгінде осылай деп түсініп: «Несі бар, ұлдың баласы да, қыздың баласы да өз балам, немере» деп жүрген қазақтар баршылық. Бұл – өзге ұлттың салтын қабылдап жатқанымызға айғақ емес пе? Қазақ салтында құда туыс емес, сыйластық жөнінде ең жоғарды құрметке лайық жекжат. Жиен де, күйеу де – жекжат. Салтымыз олардың да өздеріне тән сый құрметтерін реттеп қойған.
Салтына қарап адамдардың қай ұлттың өкілі екендігін айыру қиын емес. Өйткені ұстанған салты, ана тілі, сәні мен салтанаты олардың кім екендігін айшықты түрде көрсетіп тұрады. Ежелден-ақ салт – адамдардың бірін-бірі құрметтеуде, өзара сыйласуда үлкен міндет атқарып, қоғам тыныштығы мен ауызбірлікті қолдаудың нақты көрінісі болып келген. Бүгінде Қазақстан халықының Ассамблеясы осы көріністің шынайы жалғасы екендігіне баршамыз куә болып жүрміз.
Дәстүр болса – рухани сенім айнасы. Адам дінсіз бе, жоқ әлде дін ұстанама? Егер дінде болса, қай діннің өкілі? Яғни діни дәстүр – адамның рухани бейнесі, қауымның рухани байланысы.
Мысалы: ауылға келін түскенде, оны кұйеу жігіттің жақын туыстарымен таныстыру, жырға қосып, өсиет-өнеге беру, сондай-ақ адам өмірінде айрықша орын алатын осындай қуанышты күнге лайық жарасымды әзіл-күлкіні араластыра отырып, келіннің бетін ашу – қазаққа ғана тән болған салтымыз. Ал, шариғатымызға сай жұбайлардың некесін қию – діни дәстүр. Атап айқанда, Ислам шариғатымен дәстүрлер жалғасады. Дәстүр арқылы миллиондаған мұсылмандар қатарынан орын алып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.у) абройлы үмметінің ішінде болмақпыз. Ал салтымыз арқылы өзге ұлт өкілдері бізді ҚАЗАҚ деп таниды әрі мойындайды.
Заманында Тәуке ханның «Жеті Жарғысы», Есім ханның «Ескі Жолы», Қасым ханның «Қасқа Жолы» Заңнамалық құжат ретінде елдің ішкі және сыртқы саясатын іреттеп отыруда маңызды рөл атқарғанын тарихымыз біледі. «Жер дауы, жесір дауы, барымта кезіндегі адам шығыны, ұрлық кезіндегі мал басы мен тапталған ар-намысты орнына келтіретін шешім қабылдағанда, діни дәстүрден бөлек, санаға сіңген салттың маңызы аса салмақты болған.
Қолданыстағы «сана» сөзі салтқа да, дәстүрге де қатысты. Егер пәнде діни дәстүрді саналы түрде мойындаса, онда ол – мұсылман болады. Егер қазақ өз салтын саналы түрде ұстанса, онда басқалар оны «қазақ» деп қабылдайды, яғни ұлттық сипат сақталады. Қазақ, қырғыз, үнгіш, шешен, түрік, ноғайлы, татар т.с. – бәріде бір діни дәстүрді ұстанады ғой? Бірақ оларды ұлт ретінде көрсетіп отырған қолданыстағы салттары емес пе? Егер бұрынғылардың сөзін еске алатын болсақ: «Әр елдің салты басқа, иттері қарақасқа» деп бекер айтпаған шығар. Салтты сақтаудың негізді мақсаты: ел болып қалу, заманға сәйкес ұлт болып қалыптасу.
Олай болса, салт пен дәстүр сабақтастық шырынынан сусындаған сенім ғана келешекке алып бара алатын, байырғы бабалар ұлылығын жалғастырар жол деп түсінеміз.
Ежелгі тарихқа қарасақ қаншама ұлыстар, кезінде гүлденген қаншама өркениет жер бетінен жоқ болып кеткен. Олардың сәулет өнеріндегі жетістіктері мен алып құрылыстары, сондай-ақ кейбір тылсым құпиялары, акемедиялық ғылыми табыстармен қаруланған бүгінгі заман тұрғындарын күн өткен сайын таңғалдыруда. Бірақ олар жер бетінде мәңгі ел болып қала алмады ғой.
Өткенге үңілсек, қазақ елін жоқ етуге ұмтылған мемлекеттердің кейбірі жер бетінен жойылып кетіпті. Бабалар тілегі қабыл болып, мың өліп, мың тірілген қазақ елін Жаратушы Ие сақтап келеді. Өйткені Қазақ елінің ұлылыққа ұмтылған салтанатты салты, адамгершілікке, мейірбандыққа, сүйіспендікке шақырған діни дәстүріне деген кіршіксіз сенімі, әр заманда рухына қуат, жасампаздыққа деген берік сана қалыптастыра білді.
Ендеше «салт – сана» деп бекер айтылмапты. Барша Қазақ елін ұлттық биіктікке көтеретін қоғамдық сананың қалыптасуы, озық, жасампаз салтымыз бен кінаратсыз сенімге негізделген діни дәстүр тазалығын сақтай білуде екен.
Қуанышбек Әлишерұлы
Тараз қаласы
Abai.kz