Қазақ ғылымы қайтсе дамиды?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды Mezgil.kz.
Біз аталған жиында айтылған маңызды мәлімдемелерді топтап ұсынғанды жөн көрдік.
«Шын мәнінде, бүгінгі басқосудың мән-маңызы зор. Қай заманды алып қарасақ та, дамудың басты кілті бұл – ғылым.
Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан мен ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын.
Осы өзекті мәселе бойынша сайлау алдындағы бағдарламада арнайы өз пікірімді айттым. Себебі ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі», - деді Президент.
***
«Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті, бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Сол себепті менің Жарлығыммен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Оған Президент жанындағы кеңес мәртебесі берілді.
Бұл – мемлекеттің ғылым саласындағы басымдықтарына қатысты ұсыным әзірлейтін негізгі құрылым. Біз кеңесті жасақтаған кезде оның құрамына айрықша мән бердік. Қазақ ғылымына зор еңбек сіңірген аға буын өкілдерін және шетел ғалымдарын шақырдық. Әлемге әйгілі ғылыми орталықтарда жұмыс істеп жүрген жас ғалымдарымыз да кеңестің құрамына қосылды.
Бізге алдыңғы толқынның мол тәжірибесі, кейінгі толқынның озық білімі және тың идеялары аса қажет. Олар өзара үйлесім тауып, еліміздің кәдесіне жарайды деп сенемін», - деді әрі қарай.
***
Ғылымдағы жаңару: «Илон Масктің өзі алаңдаушылық білдіріп жатыр...»
«Біз, ең алдымен, жұмыстың негізгі бағдары мен басымдықтарын айқындап алуымыз керек. Қазір әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Геосаясат, экономика және қоғамдық қатынастар бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерге тап болды. Ғылым мен технология өте қарқынды дамуда.
Ғылым саласы қаржы айналымы миллиардтаған долларды құрайтын алып индустрияға айналды. Технологиялық ірі корпорациялардың құны триллион долларға жетті. Нейрожелі және жасанды интеллект революциялық үдерістерге бастау болып жатыр. Соған сәйкес мүлде бөлек, жаңа өмір салты қалыптасуда. Оның пайдалы жақтарымен қатар зор қатер туғызуы мүмкін зиянды тұстары да бар.
Жасанды интеллектіге байланысты, тіпті, Илон Масктің өзі алаңдаушылық білдіріп, оның дамуын әзірше тоқтату керек деп айтқан екен. Өйткені жасанды интеллект бүкіл адамзатқа үлкен қауіп төндіруі мүмкін деп ескерткен. Энергетика, медицина, био және гендік инженерия саласында іргелі жаңалықтар ашылды. Оның бәрі адамзат өміріне түбегейлі өзгерістер әкеле бастады», - деді Мемлекет басшысы.
***
«Әлем қауымдастығы бірлесіп шешімін табуға тиіс аса күрделі мәселелер бар. Жаһандық жылыну үдерісін бәсеңдету, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау және індеттің салдарын жою айрықша маңызды. Бір сөзбен айтсақ, заман өте жылдам өзгеріп жатыр. Біз осы өзгеріске бейімделуіміз керек. Әйтпесе, өркениет даңғылынан қалып қоюымыз мүмкін.
Түпкі мақсатымыз – көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу. Бұл мақсат, әрине, өте күрделі, оны жақсы түсінуіміз керек. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Яғни, ғылыми дамудың соңында қалмай, осы прогресті анықтайтын мемлекеттердің қатарында болу – негізгі міндет. Бәлкім, бұл міндет тым күрделі көрінер. Бірақ біз алдымызға осындай мақсат қоюымыз керек. Оған еліміздің ғылыми әлеуеті жетеді. Бұл міндеттің оңай емес екенін түсінемін. Алайда біз оны сөзсіз орындауға тырысуымыз қажет. Жалпы, біз алдымызға қол жеткізе алмайтын тым асқақ мақсаттар қоймауымыз керек, бірақ ғылыми жетістіктерге жету үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажет», - деді.
***
Елімізде мықты ғылыми мектеп бар!
«Елімізде мықты ғылыми мектеп бар. Білікті ғалымдарымыз да көп. Мемлекет тарапынан ғылымға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр.
Соңғы жылдары бұл салада біршама өзгеріс болды. Ғылымды қаржыландыру тәсілдері жақсарды, қаржы көлемі едәуір артты. Ғылыми мекемелер біртіндеп жаңғыртылып жатыр. Әлемге әйгілі ғылыми орталықтарда тәжірибеден өткен мамандар саны көбейіп келеді. Докторанттарды даярлауға және ғылыми жұмыспен айналысуға бөлінетін грант саны артты. Жалпы, жастардың ғылымға деген қызығушылығы ояна бастады.
Бірақ мұның бәрі жеткіліксіз. Ашығын айтсақ, ғылым саласы әлеуметтік-экономикалық өркендеуге әлі де тың серпін бере алмай отыр», - деді Президент Тоқаев.
***
Қазақстан парадигмадан шыға алмай қалды...
«Қазақстан басқа посткеңестік мемлекеттер секілді ғылым дамуының «мобилизациялық модель» парадигмасынан шыға алмай қалды.
Жоспарлау мен басқарудың шектен тыс орталықтанған жүйесі, мемлекеттік қаржыландыруға тым тәуелді болу, ҒЗТКЖ-ға бизнес тарапынан сұраныстың аз болуы, кадр тапшылығы, әсіресе жас мамандардың ғылымнан кетуі – осы модельге тән проблемалар», - деді Мемлекет басшысы.
***
«Қазіргі ахуалды сипаттау үшін мына мәселелерге тоқталып өту қажет. Соңғы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы 60 пайызға артты. Ал ішкі жалпы өнімдегі ғылымның үлесі, керісінше, 0,13 пайызға төмендеді.
Бұл қаражаттың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 70 пайызы бюджеттен бөлінеді. Сондай-ақ ғылымның түрлі саласын қаржыландыру ісінде өте үлкен теңсіздік бар. Қаражаттың 82 пайызы іргелі және қолданбалы ғылымға жұмсалады. Қалған 18 пайызы ғана тәжірибелік-конструкторлық зерттеулерге арналған.
Елімізде ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз. Кәсіпорындардың 65 пайызы шикізат, металлургия саласында жұмыс істейді. Бұл – үшінші технологиялық деңгей деген сөз», - деп жалғады сөзін.
***
Ғалымдарымызға айрықша міндет жүктеледі!
«Машина жасау, мұнай-химия саласындағы, яғни төртінші деңгейдегі өндірістің үлесі – 34 пайыз. Қалған 1 пайызы микроэлектроника, роботтандыру және IT салаларында немесе бесінші деңгейдегі технологиямен жұмыс істейді. Нано және биотехнологияға негізделген алтыншы деңгейдегі өндіріс бізде мүлде жоқ. Бұл жағдай көш соңында жүргенімізді көрсетеді. Ғылымның анағұрлым озық салалары бойынша тым артта қалып келе жатырмыз. Мен нақты цифрларды мысалға келтірдім. Оны мойындауымыз керек.
Дамыған елдерде кәсіпорындардың тең жартысынан көбі – бесінші, ал 5 пайызы – алтыншы деңгейге жеткен. Бір сөзбен айтқанда, біздің өндірістеріміз олармен салыстырғанда артта қалған.
Бұл айырмашылықты жою – еліміз үшін өте өзекті мәселе. Сондықтан ғалымдарымызға айрықша міндет жүктеледі», - деді.
***
«Ғылым саласы ұлттық экономиканы жаңғырту ісінде аса маңызды рөл атқаруға тиіс. Мысалы, Қытайда ғылымға негізделген қоғам атты партия мақұлдаған тұжырымдама бар. Яғни, Қытайда ғылымға негізделген қоғам тұжырымдамасы бар. Партия және Үкіметтің барлық маңызды шешімдері міндетті түрде ғылыми сараптамадан өтуі керек. Мұның бәрі Қазақстан ғылымының даму моделін түбегейлі жаңартатын уақыт келгенін көрсетеді.
Сондықтан Қазақстан ғылымын дамыту үлгісін түбегейлі өзгерту – аса маңызды міндет. Қажет болса, келешекте ғылыми шешімдер мен цифрландыруды негізге алатын парасатты экономика моделіне көшу керек болады. АҚШ, Қытай, Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия елдеріндегі технологиялық серпілісті бүкіл әлем біледі. Олар ғылымның ашық нарықтық үлгісіне көшкеннен кейін зор жетістікке жетті.
Мұндай үлгінің бірқатар ерекшелігі бар. Ең алдымен, ғылымға қаржы салуға жеке инвесторларды ынталандыру керек. Технология секторы алып-сатудан гөрі пайдалы әрі өміршең бизнес екеніне кәсіпкерлердің көзін жеткізу қажет. Сонда ғана ғылым мен бизнес арасында өзара тиімді әріптестік орнайды», - деді әрі қарай.
***
«Зерттеу жұмыстарымен шұғылданатын университеттерді қолдау қажет. Ғылым мен өндірістің байланысын нығайтып, инновацияның өзіндік құнын төмендеткен жөн. Яғни, тың идеяларды және технологиялық жаңалықтарды жедел енгізу өте маңызды.
Сондай-ақ қажет мамандарды осы салаға ұдайы тартып отыру керек. Бұдан бөлек, балаларды мектеп жасынан бастап ғылымға, инновациялық тұрғыда ойлау әдісіне баулу аса маңызды.
Шын мәнінде, дарынды балаларды жастайынан ғылымға тарту керек. Осы өте маңызды жұмысты ірі кәсіпорындар жүргізіп отырса, құба-құп болар еді. Ғылымға бейім жастарды ғылыми орталықтарға шақырып, ғалымдардың жаңа буынын дайындау керек», - деді.
***
Ғылымды кәсіпкерлер қаржыландыруы тиіс!
«Үкімет Қазақстанда ғылымның ашық моделін қалыптастыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыруы керек. Ең алдымен, ғылымды дамытудың жаңа тәсілдерін заң жүзінде бекітіп, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясатының өзара байланысын күшейткен жөн.
Таяуда Ғылым мен жоғары білім саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Енді ғылым мен технологиялық саясат туралы арнайы заң әзірлеудің қажеттілігі туындады. Бизнесті ғылымға қаржы құюға ынталандыру үшін салық жеңілдіктері мен инвестициялық преференцияларды «ауқымды шегерімдер» түрінде енгізу қажет.
Әлихан Асханұлы, ғылымға көбірек инвестиция тарту үшін салық жүктемесін жеңілдету арқылы ынталандыру мүмкіндіктерін қарастырыңыз. Бізге салық саясатында, жалпы алғанда, икемді тәсілге көшу керек деп ойлаймын. Азайтуға мүмкіндік бар жерде, қорықпау керек. Түптеп келгенде, Салық кодексі осы заңнама аясында тиісті шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін қарапайым нормативтік акт болуға тиіс. Бүкіл Салық кодексін мың беттен тұратын қасиетті кітапқа айналдырмайық. Осыған келісейік.
Бұл жеңілдіктер ҒЗТКЖ мен ғылыми орталықтардың дамуын қаржыландыратын кәсіпкерлерге берілуге тиіс. Мұндай тәжірибе Сингапурда, Қытайда, Оңтүстік Кореяда өз тиімділігін көрсетті. Салық, Кәсіпкерлік және Бюджет кодекстеріне нақты нормаларды биылдан қалдырмай енгізу керек», - деді Мемлекет басшысы.
***
Шетелдік жетекші ЖОО-лардың филиалдарын ашу керек!
«Университеттердегі ғылымды жүйелі түрде дамыту үшін ғылыми мекемелердің ауқымды желісін қалыптастыру қажет. Аймақтарда академиялық артықшылық орталықтарын, сондай-ақ технопарктер, инжиниринг хабтары мен зертханалар ашуды тапсырамын. Бұл ретте аймақтың ерекшелігімен қатар, ғылыми-технологиялық және экономикалық даму басымдықтарын ескеру маңызды.
Ғылымды мемлекет тарапынан қаржыландыруға ғалымдар, нақтырақ айтқанда псевдоғалымдар «майшелпек» ретінде қарамауы керек екенін баса айтқым келеді. Қаржы гранттарының көбінесе ғылыми маңызы, өзектілігі жоқ жобаларға берілетіні ешкімге жасырын емес. «Парасат» ғылыми холдингінде болған өкінішті жағдай – осының анық мысалы. Бөлінген қаражаттың бәрі құмға сіңген судай болды. Ал оның бұрынғы басшысы, химия ғылымдарының докторы Америка азаматтығын алып, отбасымен бірге елден кетіп қалды.
Еліміздегі зерттеу университеттерінің санын біртіндеп көбейту қажет. Шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу тәжірибесін жалғастыру керек», - деді әрі қарай.
***
«Сондай-ақ ғылыми-жаратылыстану, инженерлік-технологиялық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы мықты ғылыми орталықтар мен институттарды ашу жөніндегі кешенді жоспарды іске асыра бастаған жөн. Бұдан бөлек, қазіргі ғылыми-зерттеу институттары қызметінің тиімділігіне сараптама жасау өте маңызды. Сондай-ақ жас ғалымдарға тартымды болу үшін институттардың жұмыс істеу тәсілдерін жетілдіру керек.
Ғылыми кадрларды даярлаудың мәні зор. Бүгінде университеттердегі ғылыми зерттеу жұмыстарының негізгі қозғаушы күші – докторанттар. Әйтсе де олардың саны біздің жоғары оқу орындарында білім алушылардың 1 пайызына да жетпейді. Өкілетті органдарға докторантураға қабылданатындардың санын тиісті деңгейге жеткізуді тапсырамын. 5 мың жеткілікті цифр деп ойлаймын. Министрлік бұл мәселені қайта қарап, оның нақты саны мен санатын анықтауы және тисті шешім қабылдауы қажет», - деді Президент.
***
Шын ғалым мен кездейсоқ жүргендерді шатастырмайық!
«Ғалымдардың мәртебесін дәйекті түрде көтеріп, оларды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету шараларын күшейтуіміз қажет. Осы мәселеге байланысты академиктердің пікірімен келісемін. Ол үшін жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер қызметкерлерінің ғылыми дәрежесі мен атағына қарай төленетін үстемеақыны 1,5 есе арттыру қажет.
Сонымен қатар күрішті күрмектен айыра білуіміз керек. Көмекке, әсіресе материалдық тұрғыда қолдауға лайық нағыз ғалымдар жеткілікті. Сондай-ақ ғылыми атақтары бар, бірақ ғылымға еш қатысы жоқ ғалымдар да бар. Олар туралы кейінірек айтамын. Олар бұл атаққа тек әкімшілік, саяси қызметінің арқасында қол жеткізген. Сондықтан оларды шын ғалымдармен шатастырмайық. Ғылымда кездсейсоқ жүргендерден гөрі, нағыз ғалымдарға бөлінетін қаржыны ұлғайтқанымыз жөн», - деді.
***
«Университеттерді тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін мақсатты капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы заң жобасын әзірлеген жөн. Ғылымды қаржыландыру көздерін көбейтуге, соның ішінде жер қойнауын пайдаланушылардың өндіріске жұмсайтын қаржысының 1 пайызын ҒЗТКЖ-ға міндетті инвестиция ретінде құюына айрықша назар аудару қажет. Бұл ретте өндіруші компаниялардың аталған шығындарын орталықтандыруды жалғастыру керек.
Бұл орайда аталған қаражат тағы бір салық түрі ретінде қабылданбауға тиіс. Бұл – өте маңызды. Осы орайда жер қойнауын пайдаланушылар, соның ішінде «Самұрық-Қазына» қоры қаржыландыратын зерттеулерді ғылыми-техникалық саясаттың басымдықтарымен үйлестіру үшін тиісті шаралар қабылдау қажет.
Олардың ҒЗТКЖ жүргізу тәртібін жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары үшін ашық, бәсекелі әрі қолжетімді ету керек. Барлық процесс мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан өткізіліп, ғылыми-техникалық кеңестерде қаралуға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.
***
Каспий теңізін жан-жақты зерттеу керек!
«Жалпы, өндірісте ғылыми-зерттеу жұмыстарын көбірек жүргізу керек. Ол үшін бизнес өкілдері ғалымдармен тығыз байланыста болуға тиіс. Елімізде «ақылды қалаларды» және агломерацияларды дамыту ісі өте маңызды. Сондай-ақ Каспий теңізін жан-жақты зерттеу және еліміздің биологиялық қауіпсіздігін сақтау керек.
Жаңа сорттар арқылы астықтың шығымын арттыру, мал тұқымын асылдандыру, шөлді аймақтарда жеміс-жидекті үнемдеп суару сияқты мәселелерге ғылыми тұрғыдан қарау қажет. Осындай өзекті бағыттарға ауқымды гранттар бөлу керек. Шын мәнінде, гранттармен қамтамасыз етілген ғылыми жобалар өзекті, сұранысқа ие болуы қажет», - деді.
***
«Қазір көптеген ғылыми мекеменің материалдық-техникалық жағдайы мәз емес. Тіпті нашар деуге болады. Ғалымдардың жалақысы төмен. Сол себепті кейбір дарынды ғалымдарымыз шетелдің ғылыми орталықтарында жұмыс істегісі келеді. Мұны ашық айтуымыз керек.
Сондықтан негізгі ғылыми-зерттеу институттарын бюджеттен тікелей қаржыландыру қажет. Олардың инфрақұрылымы жаңғыртылып, заманауи зертханалар салынуға тиіс.
Ғылыми зерттеу институттарының жұмысы қаншалықты тиімді екеніне талдау жасау керек. Жас ғалымдар онда ықыласпен жұмыс істеуі үшін жағдай жасау қажет», - деді Президент Тоқаев.
***
Мұнда да қағазбастылық, бюрократия бар!
«Сондай-ақ ұжымдық зертханалардың әлеуеті зор. Онда әртүрлі ғалымдар мен ғылыми ұжымдар бірлесіп жұмыс істей алады. Мен ғылыми инфрақұрылымды грант арқылы қаржыландырудың жаңа тәсілін енгізу қажет деп санаймын. Сол арқылы алынған құрал-жабдықты пайдалану құқығы басқа да ғылыми мекемелерге берілуге тиіс.
Мемлекеттік сатып алуға қатысты нормалар нақты жобаларды жүзеге асыруға кедергі келтіріп отыр. Мұнда да қағазбастылық, бюрократия бар.
Бұл жағдай ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың мерзіміне және сапасына кесірін тигізеді. Мемлекеттік ғылыми мекемелерге және жоғары оқу орындарына осы жұмысты мемлекеттік сатып алу талаптарынан тыс жүргізуге мүмкіндік берілуі қажет», - деді Президент.
Академиктерге өмір бойы стипендия төленетін болды!
«Ғылымды дамытудың жаңа үлгісіне сәйкес Ұлттық ғылым академиясының рөлі ерекше болады. Ғылым академиясына жақында Президент жанындағы орган мәртебесі берілді. Оны қаржыландыру мәселесі шешілді. Академиктерге өмір бойы стипендия төленетін болды.
Бірақ осы жерде ашық айтуым керек: бізде академиктер тым көп, кейбір академиктердің таза ғылымға еш қатысы жоқ. Бір қарағанда, академик деген аты бар. Бірақ ғылымды дамытуға қосқан үлесін ешкім білмейді. Осындай академиктердің ғылыми сапасы да, олардың ғылымға қосқан үлесі де күмәнді. Бұл Академияға нұқсан келтіргені сөзсіз. Сондықтан Академияның жаңа басшылығы осы маңызды мәселеге назар аударуы керек. Ғылым академиясының беделі, абыройы мінсіз болуы қажет.
Нағыз ғалым болу – академик не болмаса доктор атағына ие болу емес, жан-дүниеңмен беріліп ғылыммен айналысу, зерттеу жүргізу арқылы қоғамға, елге пайдаңды тигізу екенін назарда ұстау қажет. Академияның жұмысы түбегейлі өзгеруге тиіс», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы...
«Тағы бір өте маңызды мәселе. Бұл қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне қатысты. Бұл мәселе бүкіл қоғамның ықыласын тудырғаны белгілі. Мен бұрын бұл мәселе бойынша талай рет айттым: біз, ең алдымен, осы сәтті пайдалана отырып, қазақ тіліне реформа жасауымыз керек. Мәселе кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне механикалық түрде көшуде емес. Біз латын әліпбиіне тез арада көшуіміз керек деп, көптеген өрескел қате жібердік.
Мысалы, латын қарпімен жазылған билбордтарға қараңыздар! Бұл – қазақ тілі емес, тіліміздің табиғатына жат, бұрмаланған мәтіндер. Сондықтан бұл жұмысты Ғылым академиясының басшылығымен асығыстыққа жол бермей, жан-жақты ойластыра отырып, жалғастыру керек. Тағы да қателесуге құқымыз жоқ.
Бір мысал келтірейін. Мен бұл мәселе бойынша Құрылтай отырысында айттым. Кириллицада көптеген сөзде «ы» деген әріп бар. Мысалы, «ырымшыл» деген сөзде үш «ы». Біз оны автоматты түрде «у» деп жазатын болдық. Сонда «ырымшыл» деген сөзді латын әліпбиінде жазатын болсақ, үш игрек болады. Бұл қазақ тілі ме? Оны кім оқи алады? Ақырында, тіліміз кирилл әліпбиімен де, тіпті, латын әліпбиімен де жағымсыз көрінетін болды. Осындай мысалдар аз емес. Сондықтан ғалымдарымыз басқа елдердің озық тәжірибесін мұқият зерттеп, ұтымды тұстарын пайдалануы керек», - деді Президент.
***
«Ғылым академиясы Қазақстанды тұрақты әрі жан-жақты дамытуға мол үлес қосады деп сенемін. Елімізді ғылыми-технологиялық жағынан дамытуға қатысты менің негізгі пайымдарым – осы.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: ғылымның жаңа үлгісі мемлекет пен бизнестің әріптестігіне негізделуге тиіс. Осы тәсіл әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Бұл біздің Әділетті Қазақстанды құру жолындағы стратегиялық бағдарымызға толық сай келеді. Елімізде Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сияқты ғұламалардың жолын қуған ғалымдардың жаңа буыны шығатынына нық сенімдімін», - деп жалғады сөзін.
***
«Сөз соңында баршаңызды Ғылым күнімен құттықтаймын! Ғылым жолында жүрген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Мемлекет ғалымдардың еңбегін жоғары бағалайды және қолдау көрсете береді. Біз бүгін бірінші отырысты өткіздік. Алда тағы көптеген кездесу болады.
Менің ұсынысым мынадай: біз ғылымның дамуына байланысты ең өзекті мәселелерді басымдық (яғни приоритет) ретінде осы құраммен талқылап, тиісті шешімдерді қабылдауымыз керек. Әрине, мемлекеттің қаржылық мүмкіндігі шексіз емес, біз «көрпеге қарай көсілуіміз керек». Сондықтан Академия басшылығы мемлекет басшылығына ғылымның негізгі басымдықтарын ұсынуы қажет. Бұл – өте маңызды жұмыс», - деді Президент Тоқаев.
Түйін:
Кеңес отырысында Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев, Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья, Пурду (АҚШ) университеті Ядролық энергетика мектебінің профессоры Зинетола Еңсепов, Ұлттық ғылым академиясының академигі Жәкен Таймағамбетов, Густав Рози (Франция) институтының директоры әрі доценті Мұрат Сапарбаев, «Экономика институтының» Жаһандану және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің бас ғылыми қызметкері Оразалы Сәбден, Аустрия ғылым және технология институтының доценті Жәнібек Әлпейішев және Лос-Аламос ұлттық зертханасының (АҚШ) ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының кандидаты Дияр Талбаев сөз сөйледі.
Abai.kz