Атыраудағы екі мұнай кәсіпорны жабылуы мүмкін
Атырау қаласының ауасын ластаған екі кәсіпорын тексеріліп жатыр. Бұл туралы Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Абдуалиев айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Өткен аптада Атырау облысында бірқатар оқиға (экологиялық) болды. Қоршаған ортаның ластану себебінің бірі – Ақжайық табиғаи резерватындағы өрт. Екіншісі – Атырау мұнай өңдеу зауытындағы (АМӨЗ) апат. Дәл сондай апат «KPI» өндірісінде де тіркелді. Атыраудың ауасын күкіртсутекпен ластап тұрған негізгі көздер – жұрт «Тухлая Балка» және «Квадрат» деп атап кеткен нысандар. Жел осы нысандарда буланған шығарындыларды қалаға жеткізген. Экология департаменті сынамалар алып, күкіртсутектің нормадан асып кеткенін анықтады», - деді Айдар Абдуалиев.
Айтуынша, материалдар Атырау облысы бойынша сантиариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасына жолданған.
Ал, Атырау мұнай өңдеу зауытында 8 сәуірден бері тексеру жүріп жатқаны белгілі болды. Егер тексеру қорытындысы бойынша бұзушылықтар анықталатын болса, министрлік зауыт жұмысын тоқтату жөнінде сотқа жүгінбек.
KPI кәсіпорнындағы жоспардан тыс тексеру кезінде газдың ауада рұқсатсыз өртенгені анықталған. Бұл факті де тексеріліп жатыр.
Айта кетейік, бұдан бұрын Атыраудың атмосфералық ауасында күкіртті сутегі шекті нормадан 20 есеге артқаны мәлім болған.
Abai.kz