Ғабидолла Әбдірахымовқа қарсы петиция жарияланды
Қазақстандықтар Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа қатысты мұқият тергеу жүргізу қажет деп петиция жариялады.
Онлайн петиция Avaaz.org. сайтында жарияланған. Мәлімдеме авторлары Ғабидолла Әбдірахымов қызметтік лауазымын асыра пайдаланып, мемлекет пен қоғамға зиян келтіре отырып, пайда тапқан деп санайды.
«Бұған жол бермеуіміз керек! Жалғыз біз ғана емес, бұл жағдайға бей-жай қарамайтын көптеген азаматтар шенеунікке қатысты қатаң шара қабылдауды талап етуде! Осыған өз наразылығымызды білдіріп, осы мәселеге елдің назарын аудару үшін біз Ғабидолла Әбдірахымовқа қарсы петиция бастадық. Ең алдымен, осы ісімізбен құқық қорғау органдарына жүгінген және осы шенеуніктің сыбайлас жемқорлығы жайында айғақ берген азаматтар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетпекпіз. Сонымен қатар, осы петиция арқылы мемлекеттік органдарды тиісті шаралар қабылдауға және кінәліні жазалауға шақырып отырмыз», – делінген хабарламада.
Мәлімдеме авторларының айтуынша, қоғамның басты мәселелерінің бірі – сыбайлас жемқорлық екені белгілі. Оның салдары халықты әділетсіздікке, теңсіздікке және билікке деген сенімді жоғалтуға әкеп жатыр.
«Ғабидолла Әбдірахымовқа қарсы петиция сыбайлас жемқорлықтың нақты бір жағдайына назар аударуға ғана емес, жалпы сыбайлас жемқорлық елді көктетпейтінін, оның жолын кесу қажет дегенді қоғамдық санаға енгізу үшін жарияланып отыр», – дейді олар.
Олардың айтуынша, мұндай қадам осындай мәселеге тап болған басқа да кәсіпкерлерге үлгі болмақ.
«Шенеуніктердің заңсыз әрекеттерін жария ету арқылы өз құқықтарын қорғауы қажет. Петиция азаматтардың өз құқықтары мен мүдделері үшін әрекет етуге болатынын және күресе алатынын көрсетеді. Нәтижесінде, петиция Заңнаманы өзгертуге және еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге түрткі болуы мүмкін», – делінген петицияда.