Жұма, 27 Қыркүйек 2024
2504 12 пікір 18 Сәуір, 2023 сағат 13:39

Қызылжар сепаратистері қамалды!

СҚО сепаратистеріне қатысты сот сараптама нәтижесі шықты. «Халық кеңесін» құрып, Қазақстаннан «тәуелсіз» болғасы келген топтың 3 өкілі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу әлі аяқталған жоқ.

«Сепаратизмді насихаттады деп күдіктелген топқа екі қылмыстық іс қозғалған, ҚР Қылмыстық кодекстің 180-бабы 2-бөлігі бойынша Қазақстан Республикасының біртұтастығы мен тұтастығын ыдыратуды насихаттау немесе оған жария түрде бұқаралық ақпарат құралдарын және телебайланыс желілерін шақырумен материалдарды тарату және Қылмыстық кодекстің 179-бабы бойынша мемлекеттің қауіпсіздігін ыдыратуды үгіттеу бойынша сарапталған. Бұл ауыр қылмыстар санатына кіреді. Оның санкциясымен 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі баламасыз жазалау қолданылады.
Топтың негізгі үш фигуранты бүгін бір сағат бұрын уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», - деді СҚО прокуратурасы басқармасының бастығы Ғани Жалби.

Саясаттанушы мен басқа да мамандардың қатысуымен болған комиссиялық психологиялық-филологиялық сот сараптамасының қорытындыларына сәйкес сепаратизм белгілері анықталған.

«Тергеу барысында Петропавл қаласында 2023 жылғы 19 наурызда Солтүстік Қазақстан университетінің колледж ғимаратында «Халық Кеңесі» тобына қатысушылар облыс орталығының 20 азаматынан тұратын топтың жиналысы өткендігі, олар өздерін Кеңес Социалистік Республикалар Одағының ізбасарлары деп көзқарастарын білдіргендіктері белгілі болды. Біреуі кәмелет жасына толмаған баласымен келген.
Қалған 16 адам жұмыстарынан шеттетілген жоқ, қызметтерін жалғастырып жатыр. Олар бойынша шешім қабылданған жоқ.

Кінәсі дәлелденген жағдайда жазаға тартылады. Тергеу барысы қатаң бақылауда. Кімнің қайда жұмыс істейтіндігі туралы, қалай бұл топқа қосылғандығы туралы әзірге ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.
Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жалғасуда және жиналысқа қатысқан басқа тұлғаларға қатысты объективті және жан-жақты құқықтық баға берілетін болады», - деді Ғани Жалби.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы 19 наурыз күні Петропавлда бір топ адам жиналып, «Халық кеңесі» деген ұйым құрғандарын айтып, Қазақстанды заңсыз жарияланған мемлекет деп атаған болатын.

30 наурызда «Халық кеңесі» тобына қатысушылардың жиналысы туралы интернет желілердегі бейнероликке қатысты Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің

СҚО бойынша Департаменті сепаратизм фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастаған.

 

Abai.kz

12 пікір