Серік Ерғали. Әліпби реформасы: қай жол қолайлы?
Елбасының Халыққа жолдауымен басталған әліпби реформасы төңірегіндегі алуан сипатты әңгіме нақты жолға түсіп, нақты бағыттар айқындала бастады. Әсіресе аталмыш мәселе бойынша ғылыми ресурсты жүйелі бағытқа салып, жұмылдыратын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанынан Қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің ғылыми және оқу-әдіснамалық негіздерін ұйымдастыру жөніндегі жұмыс тобының құрылуы қуанарлық жайт. Бұл ғылыми жұмыс тобы түрлі жобаларды талқылап, сараптаумен айналысып, үйлестіруді қолға ала бастағалы жүйелі жұмыстың ізі көріне бастады. Соның бірі - жуырда Түркі академиясының ұйымдастыруымен болған «Түркі мемлекеттерінің латын графикасына көшу тәжірибесі және әліпби реформасының қазақстандық жолы» тақырыбына арналған ғылыми семинар.
Әліпби жолы екі айырылды
Бұл ғылыми басқосу әліпби төңірегіндегі әңгіменің сапаға айнала бастағанын байқатты. Ғылыми жұмыс тобының кезекті отырысы әліпби реформасында бір жолдың екі тармағы барын айқындады. Енді осы жолдарды не біріктіру,не біреуін таңдау басты маңызға ие болуда.
Елбасының Халыққа жолдауымен басталған әліпби реформасы төңірегіндегі алуан сипатты әңгіме нақты жолға түсіп, нақты бағыттар айқындала бастады. Әсіресе аталмыш мәселе бойынша ғылыми ресурсты жүйелі бағытқа салып, жұмылдыратын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанынан Қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің ғылыми және оқу-әдіснамалық негіздерін ұйымдастыру жөніндегі жұмыс тобының құрылуы қуанарлық жайт. Бұл ғылыми жұмыс тобы түрлі жобаларды талқылап, сараптаумен айналысып, үйлестіруді қолға ала бастағалы жүйелі жұмыстың ізі көріне бастады. Соның бірі - жуырда Түркі академиясының ұйымдастыруымен болған «Түркі мемлекеттерінің латын графикасына көшу тәжірибесі және әліпби реформасының қазақстандық жолы» тақырыбына арналған ғылыми семинар.
Әліпби жолы екі айырылды
Бұл ғылыми басқосу әліпби төңірегіндегі әңгіменің сапаға айнала бастағанын байқатты. Ғылыми жұмыс тобының кезекті отырысы әліпби реформасында бір жолдың екі тармағы барын айқындады. Енді осы жолдарды не біріктіру,не біреуін таңдау басты маңызға ие болуда.
Аталмыш отырыс негізінде семинарға қатысушылар мына нәрсеге көз жеткізді, бастысы - қазақ тілінің әліпбиін ауыстыру да, көшіру де емес, әліпби реформасына кірісіп отырғандығы. Ал, реформа - кез келген адамның кірісіп, бастан аяқ жобаны қолға алатындай жайдақ шаруа емес, оған арнайы мамандармен бірге, сол реформаны тұтынушылардың да уәждерінің ескерілуі қажет күрделі жұмыс. Осы тұрғыдан келгенде қуантарлығы сол - ұлттық бұл жобаға ғалымдар мен сала мамандарын былай қойғанда, қоғамның алуан топтарының кірісіп, мүдделілік танытуы. Бүгінде жазуды латын графикасына көшіруге айтарлықтай қарсы топ алғашқыдағы қарқынын бәсеңдетті, оған басты себеп қоғамдық ортада латын пайдасына келтірілген дәйектердің молдығы мен тегеуріндігі болар.
Басқосу барысында латын қарпін таңдаудағы жайттарды саралай отырып, басты екі көзқарастың бір біріне қарсы келіп отырғанын ашып айтқан жөн. Олар:
- Ортақ түркі бірлігін көздейтін Түркі кеңесі мақұлдаған 34 таңбалы әліпбиді (қысқаша - Т-34) жақтаушы тарап;
- «классикалық» аталып жүрген ағылшындық 26 қаріпті әліпбиді (қысқаша - А-26) қазақ тіліне икемдеуді жақтайтындар.
Басқа алуан жобалар осы екі бағыттың біріне жататын түрленген нұсқалар болып табылады. Азаматтық бастаманың әліпби жобасын балалатқан ахуал әліпби реформасына кім көрінгеннің араласып отырғандығы турасында қоғамдық пікірді қалыптастырып отыр. Дегенмен, жаңа әліпби авторларының саны мен сапасына назар аударғаннан гөрі, бұл үрдістің сапалық және тиімділік жағын саралау арқылы әліпби реформасының барысына бағыт болар пайымды ортаға салуды жөн санадық. Сонымен негізгі екі әліпби бағытындағы нұсқаларға ортақ сипатты аша отырып, олардың тиімі мен кемдігіне тоқталайық.
Жалпытүркілік әліпби не береді
1. Ортақ түркі әліпбиін - Т-34 қарастырғанда, көзге алдымен мына маңызды сипаттар түседі:
- 200 миллион түркітекті жұрттардың бір бірін жазу арқылы ұғысуына жарайтындай жалпытүркілік ортақ сауаттың пайда болуы;
- 40-тан аса түркі халықтарының бірігуіне нақты қадам боларлық жалпытүркілік бірігу идеологиясына ортақ әліпбидің негізболуы;
- түркілік ортақ жазудың пайда болуы мен оны жүзеге асыруға жалпытүркілік ресурсты жұмылдыру ықтималдығы;
- бүкілтүркілік рухани жазба құндылықтарын ортақ транскрипцияға түсіріп, оның біртұтас жалпытүркілік зерттеу нысанына айналатындай рухани интеграцияның туындауы;
- кирил жазуы арқылы бұрмалау мен бұғауға түсіп отырған ірілі-ұсақ түркілердің әрқайсысы үшін тілдік жазба ортасының бірден кеңеюі және тәуелсіз біртұтас тілдік жазба ортаның қалыптасуына алғышарт жасалуы;
- Т-34 әліпбиін іске асыру арқылы қазақ ұлты түркі әлеміндегі өзінің жетекші орнын тиянақтауы, қыпшақтілділердің латын жазуына жаппай көшуіне ықпал етуі мен үлгі болуы;
- Бұл әліпби форматының қазақ тіліне қажетті орфографиялық-орфоэпиялық реформаны тиімді жүргізуге икемділігі, қазақ дыбыстарының оңай таңбалануы, «1 дыбыс - 1 таңба» тұрғысының салтанат құруы.
Әрине, әр тарапқа кеткен түркілік әліпби арқылы бірігуді күстаналайтын уәждердің барлығы рас. Алайда Түркі академиясында өзбек, әзербайжан тілдерін білмесе де, олардың латындалған әліпбиінің арқасында бірқатар түркітанушылар туыс жазба мұраларды зерделеу, оқып-танысу үшін латын қаріпті әліпбиді қолдана бастағаны ескеруге әбден тұрарлық. Ал егер бұл әліпбилер біртұтас сипат алып, ортақ түркілік 34 әріпке тоқайласса, қандай нәтиже боларын бағамдай беріңіз. Осындай жолмен таза қазақтілді 8 миллион адамды қамтитын тілдік арап қаріпті орта шетелдік қазақтар мен өзге қыпшақтілді түркілер тарапынан екі есе молайу ықтималдығын да жоққа шығармаған абзал. Ал ортақ 34 таңбаны қолданатын ықтимал түркітілді 200 миллиондай тұтынушы ескерілсе, әлемдік ақпарат технологиясының лидерлері мойын бұрмай отырмас еді...
Енді кемшін тұсын атап өтсек, бұл - Т-34 форматының А-26-мен салыстырғанда техникалық, технологиялық жағынан анағұрлым қауқарсыздығы:
- электрондық кеңістегі болсын, басқа да лингвистикалық ғылыми зерттемелер үшін техникалық жағынан икемсіздігі мәлім (салыстыру үшін, А-26 қарпінің 3000-нан аса типографиялық түрі болса, түріктер бүгінде соның небәрі 45 пайызын ғана қолдана алып отыр);
- әрбір электрондық сайман үшін арнайы программалық қамтыма әзірлеу қажеттігі, оған қыруар қаржының жұмсалу ықтималдығы;
- электрондық байланыс үдерісінде А-26-ға қарағанда қымбат болатындығы; техникалық, технологиялық қажеттіліктерді қалыптастыруға уақыт пен біліктің қажеттігі.
Классикалық латын қарпынан қайыр бар ма?
2. А-26 форматын қарастырсақ, оның басты маңызды сипаты мынау:
бүгінгі ғылыми-техникалық мүмкіндіктерді тұтынуға бірден көшу, яғни технологиялық әлеуетті ешбір шығын шығармастан пайдалануға кірісу мүмкіндігі. Бірақ оның есесіне жоғарыда аталған Т-34 әліпбиінің пайдасындағы мол мүмкіндік бұған ешбір тән емес:
- жалпытүркілік ортақ жазу мүмкіндігінен айырады;
- қазақ тілі өз мәселесімен оқшауланады;
- тілдік ортаның басқа түркілер есебінен кеңейуі мүмкін болмайды;
- қазақтардың түркі дүниесін біріктірудегі жетекші рөлі тежеледі;
- түркілердің жазу мәселесін ортақтастыру жолындағы әлеует пен ресурсты біріктірудің мәні қалмайды... әрбір түркі жұрты өз жазуымен өзі әуре болып қала береді.
Аталмыш семинарда Т-34 әліпби нұсқасының жобасын ұсынған белгілі фонолог Жүнісбек Әлімхан мырза А-26 нұсқасы үшін еңбектенген технократ-ғалымдар Алтынбек Шәріпбай мен Байбеков Сейітқасым ұсынған жобаны «Тілді техникаға мойынсұндыру» деп бағалады.
Бұл форматты қолға алушы азаматтар А-26 нұсқасының әзір тұрған технология екенін, ғылыми-техникалық прогрестің қайнаған ортасындағы әліпби екендігімен дәйектеуге тырысады. Техникалық жағынан алғанда өте дұрыс аргумент. Жыл сайын жаңғырып жатқан неше алуан техникалық саймандардың жаңа буыны сайын әр тілдің қарпын енгізу машақаты бар.
Алайда, әлемді былай қойғанда А-26 форматына амалсыз көшкен өзбек әліпбиі қаншалықты мүмкіндіктерге қол жеткізіп отырғандығы байқалмайды. Болмаса технологиялық жағынан талайды он орап алатын, тілдік жағынан агглютинативтік, яғни қазақ тіліне жақын жапондар неге А-26 нұсқасына сүйеніп өз әліпбиін жасай салмайды? Оны қойып, 5 миллион иврит тұтынушылары - еврейлер ше? Неге армян, грузиндер өздерінің сүйретпе жазуын сүйретуден жалықпайды? Демек, мәселе бір ғана техникалық аргументпен шешілмейді! Оны шешетін басты фактор - тілдік орта! Қандай алтын қарыпты әліпби болса да, оны қолданатын қауқарлы тілдік орта болмаса, ол әліпби сандықта жатып тозатын алтын шапан сияқты. Сондықтан әліпби реформасын жасаудағы басты мақсат - қазақ тілінің тілдік ортасын кеңейтетін әрі оны сапаландыратын фактор боларлық жазу мүмкіндігін қолайлау,тиімді ету, өгей емлеге тәуелділіктен құтқару. Ал тілді техникамен қамту, оған қаржы табу жағы шын мәнінде бірінші дәрежелі басымдыққа жатпайды.
Бізге керегі: қарып ауыстыру ма, жазу реформасы ма?
Ағылшын қарыпты әліпбидің ақпараттық технологиядағы қазіргі орны ойда-жоқта өзгеріске ұшырауына ешкім де кепіл емес. Мәселен, Америка құрлығын тілдік жағынан тықсыра бастаған испантілді латынамерикалықтар бар, экономикасы мен демографиялық жағынан әлемді мойындатып отырған Қытай, халық саны мен ақпараттық технологияда ойып өз орнын ала бастаған үнділер, ал барлық сайман мен технологияда ешкімге дес бергісі жоқ жапондар мен кәрейлерді есептен шығара қойу - дұрыс болмас. Жалпы, бір тәуелділіктен құтылу үшін оның тағы басқасын таңдау - кешегі рухани тәуелділіктің тағы бір көрінісі емес пе?! Ойда-жоқта азиялық операциялық жүйе шығып, дәстүрлі латын қарыпты кодтауды ығыстырса қайтеміз? Бәлкім, ақылды саймандардың «ойлау жүйесінің» тетігі ретінде адамзаттық ортақтасқан таңбалар қолданысқа түсер. Кеше тілдік жағынан орыс ықпалында болсақ, енді америкалық технологияны талғажау етіп, тілімізді соның қажығасына байлауға ұмытуымыз - дәйекті бағыт емес.
А-26 нұсқасымен айналысып жүрген азаматтардың көпшілігі шын мәнінде әліпби реформасымен емес, қарып ауыстырумен шұғылданып кеткендігін байқамай жүр. Ал орфографиялық-орфоэпиялық қыруар кешенді шаруашылық өз алдына қордаланған күйі қалатынын ескермейді. Бұл нұсқаға негізделген әліпби жобалары тұтынушыны жеңіл оқу мен жазуға, тілдік емленің орнықты болуына, қайшылықсыз ережелердің азайуына кепілдік бере алмайды. Тіпті ол жағы әзір қарастырылған емес. А-26 форматы өзінің мол технологиялық ресурсы мен техникалық әлеуетіне қарамастан, қазақ тілі үшін жаңа өрлеу үдерісіне басты фактор бола алмайды. Бұл нұсқа жазу реформасына итермелемейді, бар болғаны ағылшын тілінің абыройын жамылуға, оның дайын техникалық мүмкіндігіне дәмексүумен жолдан қалдыратын алаңдатушы фактор ғана.
Шын мәнінде, қазақтың электрондық технологтары, тілді дайын техникаға қолжаулық етуді ойлаудан гөрі, тіл дамытар технология жасауға көшкені жөн. Аталмыш нұсқаларды сараптай отырып, біздің міндетіміз әлдебір тарапқа бүйрек бұру емес, қоғамдық ортаның барынша әділ де объективті түрде мәселені шешуге кірісуі үшін мейлінше жан-жақты ақпарат ұсыну. Математик ретінде де, программист есебінде де, және соңғы 3 жыл бойы А-26 форматындағы әліпби жобасын әзірлей тұра, техникалық ғылым саласындағы әріптестерді қолдауға толық дәйек таба алмағанымды жасырмаймын. Өз басым бұл нұсқаға бас қатырудан бас тарттым.
Тілдің 28 дыбысын толық таңбалайтын, әрі әлемдік жетекші ағылшын жазуымен қайшылыққа ұрынбайтындай, оған қоса 2-3 шетелдік кірме дыбыстарды таңбалау үшін кирилшеге дағдыланып, «1 дыбыс - 1 таңба» талабын іздейтін ұрпақ тұрғанда, А-26 форматымен ойдағыдай нұсқасын жасау соңғы он жыл бойғы ізденіс барысында мүмкін болмады. Бұнымен кемінде 100-ге тарта автор әуреленді. Бұл формат «апостроф» ауруына шалдықпай бірдеңе тындыруға ешбір мұрсат бермейді. Шынтуайтына келгенде, бұл нұсқаға қанша күштеп иек артқанмен, «қасқырдың далаға қарап ұлуынан» құтыла алмаймыз. Біз осындай әрекетіміз арқылы ылғи да қолдауды біреуден, басқадан іздеп қалған дағдымызға иек арта беретін қылығымыз екенін ескеруіміз қажет. Енді тіл үшін ағылшын қарпынан қолдау іздеу қыйсынсыз шаруа. Бүгінде тілдің мейлінше толық тәуелсіздігі мен еркін дамуы үшін саяси тәуелділіктен енді оны техникалық тәуелділікке ұрындыру - Ана тіліміз үшін рухани жағынан жауапты да қатерлі болса, лингвистикалық тараптан шикі әрі біржақты іс болып шығары анық.
«Өгіз өлтірмей, арба сындырмай» алға басуға бола ма?
Дегенмен, А-26 форматын ұсынушылардың дәйегін ескермей, жайына қалдыруға болмайды. Сонда арба сынбайтындай, өгіз өлмейтіндей жол бар ма? Бар: ол үшін көптеген елдерге тән 2 әліпбиді де қарастыру қажет. Айталық, оның бірі Т-34 форматындағы ресми әліпби болса, екіншісі А-26 нұсқасының кейпіндегі бейресми техникалық әліпби. Әрине, бұлайша қос әліпбиге қол жүгіртудің ерсі көрінері анық, бірақ біз оны қалай пайдаланатынымызға назар аударсақ, бәрі орнына түседі.
Айталық, Т-34 түріндегі ресми әліпбиді таңдадық дейік. Бірақ оны барлық жерде бірден енгізу мүмкіндігі қиынға түсері анық - сәйкес техникалық сүйемел жоқ, программалық қамтымаларға қосымша қаржы бөлу керек, тіпті, Түркі кеңесін құрушы 4 мемлекет ортақ қор құрып кіріскеннің өзінде алғашқы 2-3 жылға дейін мәселе толық шешіле қоймасы белгілі. Одан кейін де әлемнің кез келген жерінде жүрген қазақтілді адам кез келген планшетке не компьютерге отыра қалып хат жазатындай мүмкіндігі болмайды. Сол секілді Төтенше жағдайлар саласы да жұртшылыққа СМС хабарламамен қазақша ақпарат таратуға бірден кірісе алмас.
Ал, қосалқы бейресми техникалық А-26 әліпбиі болса, осындай олқылықтың орнын толтырып тілдің техникалық ортасына бөгет болар кедергіні айналып өтуге мүмкіндік берер еді. Ең болмаса елдегі банктер «компьютерлік программалар қазақша қарыпты танымайды» деп сылтаурата алмас еді. Бекітілген бейресми әліпби арқылы техникалық амалдарды орындап, ал құжат айналымы үшін қағазға ресми әліпбимен шығарып алу мүмкіндігі болады. Қысқасы, А-26 форматы Т-34 әліпбиі үшін техникалық қолбалаға айналар еді. Тіпті, оны электрондық амалдар үшін ресми әліпбидің шифры ретінде қолданып, барлық электрондық шараларды ағылшын қарпымен атқарып алып, нәтижесін ресми әліпбиге көшіре қоятындай да алгоритмді жүзеге асыруға болады.
Бүгінде электрондық кеңістікте А-26 қазақтілді тұтынушының бейресми мәтін үшін құтқарушысы болып отыр, бірақ 4-5 әріптің айнымалы болғандығынан жалпыхалықтық қолданысқа да тарауы қиындық туғызуда, сондықтан мобилдік операторлар, тіпті, Төтенше жағдайлар департаменттері қазақтілді тұтынушылар үшін хабарлама тарата алмай, адам құқығын аяқасты етуге мәжбүр - жалпылама мойындалған бейресми (волопюк) әліпби жоқ.
Қорыта айтқанда, қазақ тілінің әліпби реформасы бүкілқыпшақтық, жалпытүркілік үдеріске айналса, лингистикалық, техникалық кедергілер соншалықты күрделі емес. Мәселе - тек қана техникалық ресурсқа арқа сүйеуде емес, тілдік ортаға иек артуда және сол үшін жазу реформасын қарастыруда. Қысқасы, бір ғана артықшылыққа бола аталған жеті мүмкіндікті жайына қалдыруға болмайды. А-26 форматының ресми әліпбиге жарап, жазу реформасының ауыр жүгін көтеретініне сенуден бас тартып, нақты шараны көп түркімен көретін ұлы тойға батыл бағыттаған мақұл.
Abai.kz