Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5875 0 пікір 1 Мамыр, 2013 сағат 06:04

Зейнеп Ахметова. Бабалар аманаты (жалғасы)

... Бүгінгі күн ың-шыңсыз тыныш өтті. Кешкі ас ішілген соң Бақытжан әкесіне қарап:

- Папа, қазір он бес минуттан соң концерт болады, тыңдайсың ба? - деп, атақты опера әншісінің атын айтты. Ата «ы-ы-ым» деп барып:

- Мен оның мықты әнші екенін мойындаймын. Сөйте тұра жаратпаймын. Бұрыннан қалыптасқан, ата-бабам салған әндерді орындағанда әнді емес, өзінің дауысына өзі сүйсініп айтады. Халықтық сазынан айырылған, жылуы жоқ гүрілдеген үнді қайтейін...

- Папа, тым артық кеттің. Ол жай әнші емес, Халық артисі деген үлкен атағы бар ғой, - деп Бәкең дауласа кетті.

- Әй, сен өзің таяз ойлайды екенсің. Ол указ-жарлықпен «Халық артисі» атағын алды. Бірақ халық оны қалай қабылдайды, дауыс ырғағы, айту мәнері халықтың құлағына жаға ма? «Сендер өз аттарыңды бересіңдер ме» деп халықтан оны кім сұрапты? Әр дыбысты есеппен, ерінін қалай созып, аузын қалай ашып-жабу керектігін жіті меңгергенінде елдің шаруасы жоқ. Қазақтың кең тынысты шырқап салатын немесе шымырлатып бой балқытатын әндерін ол айтқанда сәні мен мәнінен айырылып не жүрекке, не құлаққа әсер бермей шыға келеді. Халық өзі сүйген, бұрыннан жүрекке жақын, құлаққа сіңісті болған әннің «мәдениеттеніп», түлкі тымаққа фрак кигенін қаламайды. Халық өзі қабылдамаса, өзі көтеріп әкетпесе, ондай өнер

... Бүгінгі күн ың-шыңсыз тыныш өтті. Кешкі ас ішілген соң Бақытжан әкесіне қарап:

- Папа, қазір он бес минуттан соң концерт болады, тыңдайсың ба? - деп, атақты опера әншісінің атын айтты. Ата «ы-ы-ым» деп барып:

- Мен оның мықты әнші екенін мойындаймын. Сөйте тұра жаратпаймын. Бұрыннан қалыптасқан, ата-бабам салған әндерді орындағанда әнді емес, өзінің дауысына өзі сүйсініп айтады. Халықтық сазынан айырылған, жылуы жоқ гүрілдеген үнді қайтейін...

- Папа, тым артық кеттің. Ол жай әнші емес, Халық артисі деген үлкен атағы бар ғой, - деп Бәкең дауласа кетті.

- Әй, сен өзің таяз ойлайды екенсің. Ол указ-жарлықпен «Халық артисі» атағын алды. Бірақ халық оны қалай қабылдайды, дауыс ырғағы, айту мәнері халықтың құлағына жаға ма? «Сендер өз аттарыңды бересіңдер ме» деп халықтан оны кім сұрапты? Әр дыбысты есеппен, ерінін қалай созып, аузын қалай ашып-жабу керектігін жіті меңгергенінде елдің шаруасы жоқ. Қазақтың кең тынысты шырқап салатын немесе шымырлатып бой балқытатын әндерін ол айтқанда сәні мен мәнінен айырылып не жүрекке, не құлаққа әсер бермей шыға келеді. Халық өзі сүйген, бұрыннан жүрекке жақын, құлаққа сіңісті болған әннің «мәдениеттеніп», түлкі тымаққа фрак кигенін қаламайды. Халық өзі қабылдамаса, өзі көтеріп әкетпесе, ондай өнер

иесінің несі халықтық? Анау Нұрғиса тентекті халықтікі емес деп көрші, кез келген қазақ тұмсығыңды бұзады. Өйткені оның өнерінің тамыры халықта жатыр. Таусылмайтын қазына, сарқылмайтын бұлақ халық творчествосы екенін оған түсіндірудің керегі жоқ. Барлық болмысы, өмірі, әні мен күйі халықпен бірге. Халқының қасиетін жүрегімен түсініп, асылын ардақтай білген, соны қайтадан ел игілігіне бере білген саңлақтар ғана халықтық болып қалады.

- Бүкіл халықтың атынан неге сонша батыл сөйлейсің? - деп баласы тағы да сөзді бөлді. Мен әкелі-балалы екеуіне кезек қарап, «әңгімелері қай жерге дейін барып, немен тынар екен» деп қозғалмай отыра бердім.

- Мен ешқашан өзімді халықтан жоғары қойып, күпірлікке барған емеспін. Халықтан асқан ұлылық адамзат жаралғалы бері болмаған. Болмайды да. Ал сен жақсы көретін әнші шыққан тегін менсінбейді. Өзін көпке өнер таратушы, қазақта жоқ жаңалықты әкелуші озық жан ретінде көреді. Сыйлы болғың келсе, жұртыңмен сыйлас. Сыйласпақ түгілі қазақша сөйлей алмайды. Нағыз халық әншісі өлең айтқанда адамды баурап әкетеді, елжіретеді, еліктіреді, шаттандырады, жылатады, бір сөзбен айтқанда, ән құдіретін береді, соны жеткізеді. Ал сенің әншің ән айтудың техникасымен елді таңғалдырмақ болады. «Сендер не түсінесіңдер, менің әндерім таңдаулыларға арналған» дегендей қарапайым халыққа мұрын шүйіреді. Сонда халыққа рухани берері жоқ техникасы сайтаныма керек пе? - дегенде Бәкең сақылдап тұрып күлді.

- Әй, неге күлесің?

- Күлмей қайтейін, біреудің бәленбай жыл оқып-меңгерген техникасы мен теориясына пысқырмай тұрсаң...

- Қазақтың халық композиторлары мен әншілері - Біржан сал, Ақан сері, Мәди, Мұхит, Естайлар нота дегеннің не екенін білмеген. Ешқандай теория мен ән техникасын оқымаған. Сонда да ұрпаққа өшпес, өлмес асыл мұра қалдырған. Олар құдайдың берген талантының арқасында жүректен таралатын ұшқыр сезімнен ән шығарып, шалқыған шабытпен сол әндерді орындаған. Жүректен шыққан ән халық жүрегіне жетіп, күні бүгінге дейін шырқалып келеді. Ал техникасы мен теориясы күштілер оны өздерінше бұзып айтып, ерекше болғысы келеді.

- Папа, ол - опера әншісі. Операның ариясын айту кез келген әншінің қолынан келмейді, - деді Бәкең.

- Айта берсін ариясын. Мен оны «таланты төмен, дауысы жоқ» деген жоқпын. Арияларды жақсы орындайды, әсіресе италия тіліндегі арияларды. Менің айтпақ болғаным - қазағымның халық әнін арияның етегіне жармастырып, соны жетістік көретіні. Халық қазынасы - халық әнінің түп-тамырына қол салып, келер ұрпаққа қиянат жасауға болмайды. Саф алтын күйі жетуі керек. Ал операға келсек, ол - күрделі де үлкен өнер. Италия опералары атам заманда қалыптасып, баяғыда-ақ әлемдік деңгейдің алғы сапына шығып кеткен. Олар өзге елдердің опера өнері саласын дамытуда

үлгілі мектеп міндетін атқарып келеді. Италияда кез келген қарапайым қара шаруа операны түсінеді. Өйткені опера сол топырақта туып, өсіп-жетілген. Қазақстан да, Құдайға шүкір, операсыз емес. Бізге кенже келген өнер болғанымен «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» секілді классикаға айналған қойылымдар бар. Алайда опера қазақтың төл өнері емес. Сондықтан опера жалпыхалықтық бола алмай келеді. Өйткені қазақ топырағында тамыры жоқ. Заман өте келе, мүмкін ауыл-аймақтарға дейін операны етене қабылдайтын межеге жетуі ғажап емес, - деп ата сөзін аяқтады...

***

Атаның бөлмесінде ойнап отырған Ержанды әкесі шақырды.

- Ержик, қазір мультфильм басталады, - деп дауыстады. Ержан ойыншықтарын жинамастан тұра жүгірді. Мен оның ойыншықтарын қағаз қорапқа салып жатқанымда, ата:

- Байқап жүрмін, Ержанда ойыншық көп емес. Тіпті санаулы ғана көрінеді. Осы балаға түрлі-түрлі ойыншық әперуге ақшаңды аяйсың ба, әлде басқа себебі бар ма? Мұны сұрап тұрғаным, әлгі Шапиға кішкене қызымен біздің қолымызға келіп тұрған кезде төрт бөлме мен асүйдің қайсысына кірсең де, неше түрлі ойыншықтар үйіліп жататын, - деді. Шапиға - біз осы үйге көшіп келерден бұрын қайтыс болған атаның жұбайы Кәмеш апайдың қызы.

- Ақша аяғаннан емес, - дедім, - көп болса, бала ойыншықты бағаламайды. Талғамсыздыққа үйренеді. Болғанның үстіне бола түскенін қалайды, соған дағдыланады. Бәрі өзінен-өзі келіп жатқандай қанағатсыз әдет пайда болады. Ол мінезіне қалыптасып кетсе, кейін тіпті жаман ғой. Ержанның ойыншықтары аз емес, бір балаға жетерлік. Мен тек бір бөлігін тығып қоямын да, бір бөлігімен ойнауға мүмкіндік беремін. Біраздан соң сол ойыншықтардан зеріге бастағанын байқасам, оларды Ержанға көрсетпей, тыққан ойыншықтармен алмастырып қоямын. Сонда ол енді жаңағы ойыншықтармен қызыға ойнайды, яғни ұмыттырып барып, орнын ауыстырып отырамын. Арасында сынған, бүлінген, ескіргенін жаңа ойыншықпен толтырамын. Содан кейін... - Сөзімді кілт үздім. Ата маған қас қақпай қарап қалыпты. Екі бетім ду ете түсті. Ұят-ай, атаға ақыл айтқандай, сонша ділмәрси сөйлеппін-ау! Әрбірден соң бұл менің ойлап тапқан ақылым емес, ападан үйренгенім ғой... Ойыншық салған қорапты көтеріп тез шығып кетпекші едім, ата:

- Қайда барасың? Тоқтағын, - деді. «Бұйрық қатты, жан тәтті», атаға қарсы келер қауқар қайда, амал жоқ, тоқтадым.

- «Содан кейін...» деп сөзіңнің аяғын жұтып қойдың. Мен саған қанша рет айтам, бастаған сөзді орта жолда қалдырмай, аяғына жеткізіп, тиянақта деп! Содан кейін не?

- Содан кейін Ержанды ойыншық сататын дүкенге апармауға тырысамын. Өйткені көп ойыншықты көргенде ақыл тоқтатпаған кішкене балалар бәріне қызығады, ананы да, мынаны да алғысы келеді. Бір жолы дүкенде үш-төрт жасар бала әлдебір ойыншыққа жармасып, айырылмай қойды. Анасы оны алғысы келмеді. Білмеймін, ақшасы жетпеді ме, әлде басқа себеп пе, баланың қолынан ойыншықты күшпен жұлып алып, есікке қарай жетелемекші болды. Бала көгеріп-сазарып қатты жылап, еденге сұлап сұлқ түсті. Бұтына жіберіп те қойды. Өте бір аянышты, қорқынышты көрініс маған қатты әсер етті. Ержан айтқанды түсінеді, сонда да бала болған соң, кім білсін... Психикасына қысым түспесін деймін...

- Мен солдат тәрбиелеуге шебер болған адаммын, ал бала тәрбиесінен сауатсызбын. Шынымды айтсам, сенің ойыншық туралы айтқандарың маған үлкен жаңалық болды. «Век живи, век учись» деген - осы. Сен көп үндемей жүріп-ақ кейде жүзіктің көзінен өтіп кететінің бар. Так держать! Енді бара бергін, - деді ата.

Ойхой деген! Бүгін азанда оң аяғыммен тұрған екенмін де! Мақтау естігенді ұнатпайтын адам жоқ шығар, әңгіме кімнің мақтағанында ғой. Күнде түгіл айына бір атадан мақтау есту - маған бұйырмаған несібедей. Бүгін күтпеген жерде әлгі өкіметтің жарлықпен жариялап, ерен адамдарға беріп жататын орденінен артық марапат алып, кеудем аяққаптай болды. «Тау басында тұрса, құмырсқаға да қанат бітеді» дегендей, ертелі-кеш атаның қасында жүріп сирек болса да осындай жылы лебіз есту қалай қанат бітірмесін?! Өзімді ата мақтайтын адамдар санатына қосып, көңіліме кәдімгідей желік кірді. Сөйте тұрып, «осы шұғыла шуақты күндерім бір кезде қол жетпес арман болады-ау...» деген ой кимелеп кетті. «Тфә-тфә! Түбінің қайырын бер» деп көңілімді басып, тәубеге келдім.

...«От өзі қайнатқан сумен де сөндіріледі», кешегі мақтау бүгінгі айқаймен оп-оңай орын ауыстыра салды. Мақтау естіп желіккен жел көңілімді тәубеге келіп, өзім баспағанда бүгін әбден сүмірейер едім.

Ержан ұйқыдан оянған соң әдеттегідей киіндіріп жатыр едім:

- Баланы жалқаулық пен салақтыққа үйретіп жүрген сен екенсің ғой, - деген атаның зілді дауысы естілгенде орнымнан ұшып тұрдым. Ержанның да көздері жыпылықтап кетті.

- Сағатымды әкел! - деп маған бұйырды. Аяғым-аяғыма тимей, атаның ұзын шынжырлы «тырс» етіп ашылатын қақпағы бар қалта сағатын алып келдім.

- Өзің ары кеткін! - деп тағы қатаң сөйледі.

Баламның екі иығы құнысып, төмен қарап мөлиіп тұрған сұрын көргенде бүйіріме шаншу қадалғандай болды. Әйтсе де, кеттім. Кетіп бара жатып: «Шешін!» - деп немересіне беріп жатқан «командасын» естідім. Не істегелі жатыр? Бұл не дегені екен? Әй, мен де бір өлермен екенмін, қорқыныштан гөрі бауыр етім балама жүрегім бұрып кетті. Дыбысымды естімесін деп аяғымдағы тырпылдап жүретін шәркейімді шешіп, шұлықпен ақырын келіп, жартылай ашық тұрған есіктен сығаладым. Бір оңдысы, ата ары қарап тұр екен. Ержан әлгінде мен тап-тұйнақтай етіп киіндіріп қойған киімдерін шешіп, бей-берекет жерге тастап жатыр. Баланың үстінде майка мен ішкиім қалғанда, ата: «Киін!» - деп сағатын сырт еткізді. Ержанның  шешінуінен қайта киінуі қиын болды. Түймелері жоғары-төмен, бір жақ жағасы ішіне қарай бүктелген, шұлықтың біреуі - теріс, біреуінің өкшесі үстіне шыққан, шалбардың ауы салбырап тұр. Киінген сияғы - осы.

- Плохо! Очень плохо! Шешін! - деп атасы тағы бұйрық берді.

«Қай жағымнан көмек келеді» деп алаңдап тұрды ма, есіктен сығалап тұрған мені Ержан көріп қойды. Оны ата тез байқап, кәрін төгіп жіберді.

- Жоғал бұл жерден! - дегенде сүріне-қабына асүйге қарай безіп бердім. Атаның не ойы бар екенін енді түсіндім. Сағатқа қарап, минут, секундпен баланы тез киініп-шешінуге үйретпекші. Кеше «бала тәрбиесіне сауатсызбын» деп еді, сол олқылықтың орнын толтыруға кіріскен секілді. Алайда беске толмаған немересін кәдімгі солдаттардай қысқа бұйрықтармен тәрбиелеп жатыр. «Шешін», «киіннің» қанша рет қайталанғанын білмеймін, біршама уақыт өткенде:

- Бүгінге осы жетеді. Ертең қайталаймыз, - деген атаның сөзін анық естідім. Бері шыққан болуы керек. Сол арада қып-қызыл болып тершіген Ержан қасыма келді. Киімі алғашқыдай болмағанымен әлі олпы-солпы екен.

Бұл жаттығу күнде қайталанды. Ержанға енді ойын секілді көрінді ме, жоқ қанында қайсарлық бар ма, қыңқ етпей атасының айтқанын жанын сала орындауға тырысып жүрді. Мен қайтып есіктен сығалағанды да, көңіл бөлгенді де қойдым. Сөйтіп жүріп баламыз өзі шешініп, өзі киінетін әрі шешкен киімін ретімен қоюды меңгеріп алды. Кейбір кезде қолының икемі келмей жатқанда көмектесейін десем: «Салақ болып қалам», - деп қолымды итеретінді шығарды. Атам үнемі «салақ адам сенімсіз болады, сенімсізден жақсы адам шықпайды» дейтін.

...Беу, зырылдап өткен заман-ай! Кейін бәрі көзден бұлбұл ұшқан арман болды ғой. Дегенмен атасының сол үйреткені Ержанның бойына мықтап сіңген. Біздің үйдегі ең ұқыпты, ең жинақы адам - осы Ержан. Енді атасынан алған сол сабақтарын өзінің екі ұлының да әдет-дағдысына айналдырыпты. Сырт адамға бұл жай нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ немере, шөберелері үшін бұл да бір өнеге, бұл да ұлағат деп ойлаймын.

(Жалғасы бар)

P.S.

Кітапты сатып алам деушілер 87016520613 (Айгүл) телефонына хабарласса болады

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5335