Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4076 0 пікір 2 Мамыр, 2013 сағат 09:01

Интернет-конференция: Ермұрат Бапи (Басы)

Конференциямыздың кезекті қонағы -  «Дат» жобасының бас оқырманы Ермұрат Бапи оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдардың алғашқы легіне жауап беріп отыр.

Ермұрат мырза латын әліпбиіне қатысты сауалға жауап бере келіп: «Мен де қазақ баласы болғандықтан, көзқарасым дұрыс: орыстық, құлдық мұрадан құтылу үшін, латынға ма, руна жазуына ма ауысу - әйтеуір түбі кириллицадан кету керек. Бірақ кетер кезді еріккенде уақ-уақ саммиттер мен көрмелер өткізуді ермек қылатын Ақорда емес, азаматтық қоғам мен маман-ғалымдар қауымдастығы шешуі керек. Ал кириллицадан кетудің оңы - соңғы екі жүз жылда әлемдік көште керітартпа кесірге ұшыраған славян қауымы қарпінен әлемдік өркениетке өту деп түсінемін. Терісі - біздің тіліміз емен есікті кеңселерге кірмейінше, латынмен лағып, қайда барар екенбіз деген ойға қала берем» - деген ойын жеткізеді.

 

Конференциямыздың кезекті қонағы -  «Дат» жобасының бас оқырманы Ермұрат Бапи оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдардың алғашқы легіне жауап беріп отыр.

Ермұрат мырза латын әліпбиіне қатысты сауалға жауап бере келіп: «Мен де қазақ баласы болғандықтан, көзқарасым дұрыс: орыстық, құлдық мұрадан құтылу үшін, латынға ма, руна жазуына ма ауысу - әйтеуір түбі кириллицадан кету керек. Бірақ кетер кезді еріккенде уақ-уақ саммиттер мен көрмелер өткізуді ермек қылатын Ақорда емес, азаматтық қоғам мен маман-ғалымдар қауымдастығы шешуі керек. Ал кириллицадан кетудің оңы - соңғы екі жүз жылда әлемдік көште керітартпа кесірге ұшыраған славян қауымы қарпінен әлемдік өркениетке өту деп түсінемін. Терісі - біздің тіліміз емен есікті кеңселерге кірмейінше, латынмен лағып, қайда барар екенбіз деген ойға қала берем» - деген ойын жеткізеді.

 

- Ереке, Сізге, Сіз шығарып отырған газетке айтарым жоқ, ризамын! Өзіңізбен әріптес болып жұмыс бастаған, ашық ойлы азамат саналған бір топ - Ж.Қорғасбек, Н. Жүсіп т.б-лар көрінбейді ғой, қазір қайда жүр осы?

- Сұрағыңыздың астарын аңдадым... Ал аталған азаматтарға қатысты астарсыз айтар болсам,  әркім өз соқпағында жүр: біреу - жар жағалап, енді біреу - жар сағалап...  Ал Жүсіпбек пен Нұртөре мемлекеттік қызметпен деңгейлес шаруада: ол жерде «ашық ойлы азамат саналғандар» санатқа алынбайды - «қоғам» деген қораның тәртібі сол. Осы тұрғыдан келгенде, әлдекімдерді «қайда жүр» деп, жазғыра алмаймын, бауырым.

- Ереке!
Әу баста Қазақстанның тәуелсіздігін алмауға, күні біткен СССРды сақтап қалуға жанталасқан, кейін Ельцин "задный мост"дан бір теуіп зорлықпен оны берген соң халық қазынасын ұрлап, заңсыз байыған, енді қайтадан Одақтың отарына бізді беріп өздері қазірдің өзінде қыз-қырқындарын шетелге қоныстандырып жатқан Отанға опасыз мына билікті қашан тақтан тайдырамыз?

Алтайшы.

- Жеті жолдан тұратын бір сөйлем сұрағыңыз қаншама ұзын болса, бұл биліктің кетер күні де соншалықты ұзақ болайын деп тұр ғой. Оның ғұмыры тақты тақымына басқан адамның көрер күнімен өлшенетін жағдайға тап болдық. Себебі, сіз сияқты «қашан тайдырамыз?» деген қазақ аз боп тұр. Амал нешік, көппен көрген «ұлы той», шыдай тұруға тура келеді: парсылық пайыммен айтсақ, шах пен ишак сайтан болып кетпесе, бірі - бір күні өлер... Түркінің төркіні Алтайшылар аман болсын!

- Ермұрат аға! Болашақта мықты журналист болу үшін қазіргі жазып жүрген "DAT" авторларының ішіндегі кім деген журналистен үйренуім керек? Жастарға бүгінгі журналистер арасынан дәл кімді үлгі-өнеге етіп ұсынасыз?

- «Болашақта мықты журналист болам» деген арманың жақсы екен - өркенің өссін! Өткендерден Марат Қабанбайды оқы: марқұмның жазбалары Ұлттық кітпаханада сақталған «Ана тілі» мен «СолДАТ» газеттерінде бар. Марат ағаның публицистикасы 80-нің соңы мен 90-шы жылдардың шедеврі.

Қазіргілерден - Гераға Бельгердің логикасын үйрен. Негізі - «қисында» (логика)  қисықтың өзін түзу ғып көрсететін құдірет бар. Қисынын қиыстыра білсең, оқырманға қараған қайың боп көрінеді.

«ДАТ» авторлары арасында Әбдірашит Бакірдің публицистикалық пәлсәфәсін пайымдаған пайдалы. Тарих пен бүгіннің арасына саяси экскурс-экспертиза жасауды Қанағат Жүкешев деген ғалым ағаңнан үйрен. Саяси-әлеуметтік публицистикада Лесбек Байжанов, Айдос Сарым, Қуандық Шамақай, Әміржан Қосанов деген «ДАТ» авторлары - сараптамада сұңғыла.

Айтпақшы, аталған ағаларыңның Әміржаннан басқасы «журфакта» оқымаған жазғыштар.  Сондықтан, баспасөз мәслихатында таратылатын пресс-релизді көшіруді мамандық санайтын «барыпкел-шауыпкелден» ірілеу болу үшін, журналистік диплом алу міндет болмаса керек.

Бүгінгі журналистерден Қайнар Олжай, Әмірхан Меңдеке, Сәкен Сыбанбай, Бауыржан Омаров, Сұлтанхан Аққұл, Дәурен Қуат, Серғазы Мұхтарбек, Әмірхан Балқыбек, Амангелді Кеңшілік, Сансызбай Нұрбаба (Молдажанов) деген аты-жөндер газеттер бетінен көріне қалса, оқи жүр - қор болмайсың. Бір қынжылыс - маған кезіндегі сұғыла газетші Қайнарды теледидардың темір-терсегі «жеп» қойғандай көрінеді де тұрады.

Мен бірдеңені білсем - жазуың мен мәнерің («стиль» дегенім ғой) қалыптасқан, кесек жазатын журналист болам десең, жастайыңнан тележәшік журналистикасына әуестенбеу керек. Тіпті, теледидар көкейіңді тесіп бара жатса, газетте төрт-бес жыл төселіп алған соң - бар. Газеттің жазуын оқырман тесіліп оқиды, басына жастап, етігінің қоншына қысырып, архивтен алып оқиды: тасқа басылып қалар дүниені жақсы жазу қажеттілігіне тәрбиеленесің.

Ал көрерменнің көзі мен көңілін тележәшіктің әлем-жәлем, жарқ-жұрқ суреттері алдарқатып, сөздің солғындығы бейненің тасасында қалады. Тележурналист - экранның шаршы бетіндегі бейнеқатарға жұмыс істеуге мәжбүр. Ол қатардан көрінген бейнені сөзбен суреттеу - майға май құйғанмен бірдей. Сөз бен бейне жарысқан жерде журнализмнен бұрын, артистизм артық көрінеді. Ал сөз екінші планға шықса, журналистикадан жұрнақ қала ма?

- Ермұрат аға, армысыз!
1. Латын әліпбиіне көшуге көзқарасыңыз қалай? Оның оң және теріс жақтары туралы не айтасыз?
2. Осыдан 20 жылдан кейінгі Қазақстанды қалай елестете аласыз?
3. Өмір жолыңызда қол жеткізген елеулі еңбегіңіз бен әттеген-ай тұстарды айтасыз ба?
4. Бүгінгі қазақтың бойындағы қандай кемшілік (оны қалай жеңуге болады?) пен артықшылықты атап өтсеңіз.
Құрметпен Қазақ баласы.

-  1. Мен де қазақ баласы болғандықтан, көзқарасым дұрыс: орыстық, құлдық мұрадан құтылу үшін, латынға ма, руна жазуына ма ауысу - әйтеуір түбі кириллицадан кету керек. Бірақ кетер кезді еріккенде уақ-уақ саммиттер мен көрмелер өткізуді ермек қылатын Ақорда емес, азаматтық қоғам мен маман-ғалымдар қауымдастығы шешуі керек. Ал кириллицадан кетудің оңы - соңғы екі жүз жылда әлемдік көште керітартпа кесірге ұшыраған славян қауымы қарпінен әлемдік өркениетке өту деп түсінемін. Терісі - біздің тіліміз емен есікті кеңселерге кірмейінше, латынмен лағып, қайда барар екенбіз деген ойға қала берем.

2. «Осыдан 20 жылдан кейін» 93 жастағы Нұрсұлтан ағамыз Ақордада отырмайтын шығар деп ойлаймын. Соңғы жиырма жылы «жоғалған» менің құрдастарым ол кезде 74-ке келеді екен... Бүгінгі отыздағы жігіттер жаңа Қазақстан жасайды деп үміттенем.

3. Елеулі еңбегім болса, тарихтан табылар. Дегенмен, «әттегенсіз» өмір болса, оның мәнін түйсінер өлшем болмайды ғой. Сондықтан, «жақсы» мен «жаманды» салыстыруға «әттеген-ай» да керек шығар.

4. Кемшілік - бойкүйездік, жарамсақтық, даңғазалық, немқұрайдылық... Оны бүгінгі қалыптасқан қазақтың бойынан сылып тастау мүмкін емес. Бірақ болашақта бір амалы бар: бүгінгі балаңды бесіктен осыған қарсы тәрбиелеу керек. Мәселенки, еврейлер ес кірген баласына «сенің қолыңнан келмейтін іс жоқ» деген ойды құяды екен. Бізге де бала тәрбиесінде аздап еврей болу керек шығар...

- Осы Мұхтар Шахановты қалай бағалайсыз?

- Шамасы, Мұхтар аға менің бағама зар болмаса керек. Бірақ бір білетінім - бізде Мұқаңдай жетпіс жазушы болса, қазақ бүгінгідей кенде тірлік кешпес еді. Менің есімде - 90-шы жылдардың ортасында «Азамат» қозғалысын құрамыз деп, 70 зиялы білек сыбана шыққанда, билік бұтына тышып қоя жаздаған. Президент әкімшілігі мен үкіметтің ішкі саясат бөлімдері қозғалыс құруға қол қойған әрбірін шақырып, «құлың болайын, райыңнан қайтшы» деп, жата-жалбарынған. Қол қойғандардың «қошқарларын» президенттің өзі қабылдап, одан кішіректері мен жасамыстарын сол кездегі вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов үгіттеп, ақыры «Азамат» қозғалысы құрылмай қалды. Осы сөзім жалған десеңіз 1994-96 жылдары шамасында президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінде бір басшы болған Уәлихан жездем Қалижановтан сұрарсыз. Бүгін билікке бүйрегі бұрған шекпенді болса да, тек-түбі журналист қой - өтірік айтпас...

Сондықтан, Мұхтар Шаханов пен Темірхан Медетбеков бола ма, Дулат Исабеков пен Иран-Ғайып бола ма, жоқ әлде жұдырығын жең ішінде жасырып жүрген Тұсынжан Шапай мен Ғалым Доскен сияқты «жастау» біреулері бола ма - ақын-жазушылардың басын қосар біреуі суырылып шықса, Ақорданың айналасындағылар кіші дәретке отырып қояр еді. Бірақ, қайдам, биттің қабығындай бір кітабын госзаказбен шығару үшін, үндерін өшіріп алған өңкей өлеарманнан ондай шыға қояр ма екен?

- Өткен 2012 жылы "Дат" газетінде көтерілген қай мәселе биліктің ұйқысын бұзды, атап айта аласыз ба?

- Ой-бу, биліктің ұйқысы бұзылған заман өтіп кетті ғой! Кезіндегі «ДАТ» көтерген «Қазақгейтке» тақылеттес тақырыптар екі күннің бірінде көтеріліп жатыр: бірақ билік былқ етпейді. Халықпен санасудан қалған биліктің бүгінгі ұйқысы «Жаңаөзен қырғыны» кезінде де бұзылмады. Ендігі жерде бір ғана газет емес, бүткіл ел көтерілмейінше «ұйқы бұзылады» деген ой - құр қиял болып қалды ғой...

- Еліміз шын тәуелсіздігін алар, қазақтың ақ таңы атар. Сол кезде «ДАТ» жобасымен қазақтың бүкіл масс-медиа жүйесі тыныстайтын болады. Кешікпей оған қолымыз жетер. Сол кезде "Дат" жалпыұлттық бас газетке айналады. Елестетіп көріңізші, күн сайын шығатын "Дат" газетіне күнін көре алмай жабылып қалған "Егеменнің" журналистері жұмыс сұрап келсе, ең алдымен кімді жұмысқа алар едіңіз?

- Қиялыңыз қызғылықты екен: тілеуіңіз оң болсын! Дегенмен, «ДАТ» ресми түрде ұлттық газет бола қоймас. Ол үшін жұрттың санасында революция болу керек. 1992 жылы еліміз тәуелсіздік алған кездің өзінде, компартияның органы болған «Социалистік Қазақстан» газетін «егемендіге» ғана ауыстыра алған санамызбен түбегейлі төңкеріс жасай алмаспыз. Мәселен, сол жылдары тәуелсіздік алған Балтық жағалауы елдерінің партиялық газеттері түгелдей жабылды. Ал біз «социалистікті» «егемендімен» алмастырғанға ғана мәз болдық. Себебі, бізге тәуелсіздік өз аяғымен келгенімен, тәуелсіз елдің түйсік-танымын түбірімен өзгертетін  жаңа билік келген жоқ. Бұрынғы «СОКП»-ның сарыжем басшылары ел басында қалды. Олардың өзі коммунистік білімнен басқа терең тәлім көрмеген, Алаштың мұрасынан мақұрым мұрагерлер еді. Сол мұрагерлердің ендігі көрсеткен күні мынау - қайтадан Кремльдің курантымен - сағатын, Мәскеудің меңзеуімен - саясатын түзетуге көшті. Сол саясаттың салдарынан толық мәндегі тәуелсіз ел болуға мүмкіндік беретін тарихи шансты қолдан жіберіп алдық. Енді бізге Мәскеу ондай мүмкіндік бермейді. Өкініштісі - осы.

Ал кезінде өзім де үш жылдан астам уақыт қызмет қылған «Егемен Қазақстан» қақысында айтар болсам, біз қазір «егемен» екенімізді кімге дал боп дәлелдеп жүрміз деген ой туады. «Қазақстанға» «егемен» деген ескі сөзден құтылатын уақыт болды. Ондай сөз Ресейдің құрамындағы Татарстан мен Башқұртстанға ғана жарасады. Ал біз кімнен «егеменбіз»? «Егемендігімізді» кімнің есіне салып жүрміз - Қаратаудың қойнауында байдың қойын бағып жүрген жалдама қазаққа ма? Ол бейшараға «егемен» екенімізді ескерту үшін, жылына мемлекеттік бюджеттен 500 миллион теңге шығындап, арнайы газет шығару қажет емес. Аудан түгілі, ауылдың әкімі жылына бір рет оған: «Сен - егеменсің!» деп, көзіне шұқып қойса болды - ол байғұс бас шұлғып жүре беретін күн туған.

Біз - тәуелсіз елміз! Тіпті, тәуелсіз екенімізді де ескерте беру - жалтақтықтың белгісі. Мәселен, мен «Тәуелсіз Түркия», «Тәуелсіз Германия», «Тәуелсіз АҚШ» деген тіркесті естіп көрмеппін.

Сондықтан, 90 жылдан асқан тарихы бар «Егеменді» ел екшесінен өткізер күнге «қолымыз жетер» деген арманыңыз өте орынды. Бірақ, ол екшеуді бізге «СОКП»-дан қалған саясаткерлер сияқты сауытбектер («Егеменнің» егесі) емес, ескіден сытылған жаңа қоғамның жігіттері жасау керек.

Ал  «Егеменнен» журналистері жұмыс сұрап келсе, ең алдымен кімді жұмысқа алар едім»? Әкім-қараның қабағына жалтақтап, министрді мөңкітіп алмайын деп, қалтырақ қалам ұстаған «Егеменнің» бүгінгі журналистері жаңа заманға қызмет ете алмайды! Олардың солақай саясат мүжіген санасын өзгертем деп, ит болғанша, интернет иірімінде еркін жүрген блогерден журналист жасау - қазаққа да, қоғамқа да әлдеқайда қолайлы қадам болады. Әрине, «егемендік» әріптестерімнің жазу шеберлігіне шәк келтіре алмаймын: мәселе - санаға сіңген қиқымда.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329