Жұма, 22 Қараша 2024
Күбіртке 2994 2 пікір 25 Сәуір, 2023 сағат 13:05

Қоқыс жәшігіне қарай жүріңіз, келешегіміз жоқ па екен!?

Жоғарғы оқу орны қабырғасында жүргенімде ғой, бір ағайыммен пікірталастырып қалғаным. Қоғам, мәдениет, руханият мәселелерін айта келе, іште қыз-қыз қайнаған, жүрекке қайғы байлаған біраз дүниені де ақтарып едім. Сол кезде ағайым терең күрсініп: «Болашақты сендерге тапсырдық. Келешек сендердің қолдарыңда», – деп еді-ау... Оған: «Маған мұндай қиранды һәм құранды болашақтың керегі жоқ! Сіздердің бізге лақтырған келешектеріңіз күресінді іздеп тауып, соған түсіп жатыр!» – дегенім де есімде.

Кешіріңіздер, бірақ бұл сөзіме өкінген емеспін. Керісінше, уақыт өткен сайын дұрыс айтқаныма көзім жетіп келеді. Кірсіз ұрпаққа мінсіз келешек қана мінәсіп. Ал бізде қалғаны не: алдау, арбау, ұрлық, өтірік, соттау, қамау һәм жақсылықтың өзі емес, ымы ғана. Иә, рухани құндылықтар жетті, алайда ол болмысқа сіңбеген күйі жетті. Үлкен адамдар рухани мұраны көкірегіне сақтамай, қолына ұстап тапсыра салды, кіші балаларға. Соның әсерінен ғой, осы жолдарды жазып отырғаным.

Жә, осы сөздерді санамда қайта жаңғыртқан не жағдай – соны айтайын. Бүгін Оралда қоқыс жәшігінен жаңа туған нәресте табылыпты. Жылап жатыр екен... Сәуірдің жиырмасы күні Керекудегі Бакинская көшесіндегі үйдің кіреберісінің жертөлесінде кәріз құбырын тазалау кезінде шала туған шақалақтың мәйіті табылған...

Қылмыс па? Қылмыс. Бір әттеген-айы, заң періште-мүсінді күресінге тастаған екі адамды ғана жазалайды. Демек, тағы да салдармен күресеміз. Бұған шын мәнінде кім кінәлі? Алдымен ақша деп, жан бақшасына көз салмаған отыз жылғы «бағбан»! Ел мәдениетін қолдан тұншықтырғанда тырп етпеген, мойнын пышаққа тосқан құрбандық секілді қол қусырып қарап тұрған кісілер!

Жазу үстелімнің астындағы қоқыс жәшігіне қарап-қарап қоямын, нәресте түсіп кеткен секілді жаным түршігіп. Шындап келгенде, қоқысқа тасталған балалар – болашақтың символдық белгісі ғана. Аталмыш жағдай қайталана бермеуі үшін қайтпек керек? Ешкімге ештеңе тапсырмау қажет – бәрін өзіміз, дәл бүгін жасауға тиіспіз. Тым болмаса, ертең мен сияқты бір жас қоқыс жәшігіне үңіліп жүрмеу үшін...

Асылан Қуанышұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5257