Министр: «Ауғанстанмен сауда көлемі 1 млрд доллар»
Ауғанстанмен сауда ынтымақтастығы нығая түспек. Мұны Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Серік Жұманғарин Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің қойған сұрағына: «Біз Ауғанстанмен ынтымақтасамыз, сауданы дамытамыз. Екіжақты сауда 1 миллиард долларды құрайды», – деп жауап берді. Оның айтуынша, бұл Әзербайжанмен, Түркіменстанмен жасалған саудамен салыстырғанда айтарлықтай көп екен.
«Ауғанстанмен екіжақты саудада бидай, ұн, күнбағыс майы басымдыққа ие. Неліктен бұл мүмкіндіктен бас тартуымыз керек? Бұл, сайып келгенде, біздің мемлекетімізге пайда әкеледі», – деді вице-премьер.
Сондай-ақ, министр Ауғанстанда сауда үйі ашылып, оған арнайы өкіл тағайындалатынын хабарлады. «Ресми өкіл жұмысты үйлестіруге жауапты, өйткені Ауғанстанның аумағы үлкен әрі әртүрлі. Енді екіжақты сауданы дамытуда нарықты зерделеп, жергілікті кәсіпкерлермен танысу қажет. Ауған кәсіпкерлерін осында шақырып, бизнес-форум өткізгім келеді. Оларға біздің мүмкіндіктерімізді көрсеткен жөн», – деді Серік Жұманғарин.
Abai.kz