Сенбі, 5 Қазан 2024
1720 0 пікір 25 Сәуір, 2023 сағат 13:58

«Электр желісінің 74 % тозған» – Ақтөбенің 3 ауылы жарықсыз қалды

Ақтөбенің Ырғыз және Шалқар аудандарында үш ауылда жарық жоқ. Қазіргі кезде құлаған бағаналарды қайта орнату жұмысы аяқталып қалды.

Ырғыз ауданында Жаныс би, Шеңбертал ауылдары және Шалқар ауданының Тұмалыкөл ауылында жарық жоқ.

Жаныс би мен Шеңбертал ауылдарында 12 адам, 4 арнайы техника жұмылдырылды.

«Ауылдарды резервтегі желіге қосамыз. Жаныс би ауылындағы ішкі желілерді қайта тексеріп шығып, кешке электр тогын бермекпіз. Шалқардың Тұмалыкөл ауылында 10 адам, 4 техника жұмылдырылған. Онда 42 бағана құлаған. Бәрі қайта орнатылды. Ауылдардағы әлеуметтік нысандарға генератор қосылды. Ал халық жарықсыз отыр. Жөндеу жұмысына ауа райы кері әсер етті. Жел күшейген кезде кранмен жұмыс істеу қауіпті. Бағаналар орнатылғанымен, сымын тарту қиындық туғызды», - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Нұрберген Бекеев.

Айта кетейік, Жаныс би және Шеңбертал ауылдарында шамамен 1200, ал Тұмалыкөл ауылында 200-ге жуық адам бар.

Еске салсақ, сәуір айының ортасынан Ақтөбедегі бірнеше ауылда жарық сөніп қалды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Нұрберген Бекеевтің айтуынша, жалпы облыс бойынша электр желісінің 74 % тозған.

 

Abai.kz

0 пікір