Маңғыстауда жер дүмпуі сезілді
Маңғыстауда магнитудасы 4,7 жер сілкінісі сезілді. Бұл туралы Еуропалық Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы ақпарат таратты.
«Жерасты дүмпуі Астана уақыты бойынша сағат 13:25-те тіркелді. Эпицентрі Форт-Шевченкодан солтүстік-шығысқа қарай 187 шақырым және Шетпеден солтүстікке қарай 104 шақырым жерде орналасқан. Ошақ 10 шақырым тереңдікте жатты», - делінген мәліметте.
Облыс тұрғындары жер сілкінісі сезілгенін бірден әлеуметтік желіде жазды.
«Жер сілкінісі дүмпуін сезіндім. Сегізінші қабатта тұрамыз. Еден дірілдеп, жарық шамдары қозғалды», - деп жазады Ақтау қаласы шағын аудандарының бірінің тұрғыны Аманкелді Байзрахман.
Бұл жер сілкінісінен кейін өңірде ешқандай залал туралы ақпарат тіркелмеген.
Abai.kz