Ердоған вице-министр Ибрагим Күлшімбаевты марапаттады
25 сәуірде Түрік Республикасының Анкара қаласында елдегі жер сілкінісінің салдарын жою кезінде құтқару бөлімшелерін басқарған төтенше ведомстволардың өкілдері марапатталды.
Марапатқа ие болған 80-нен астам елдің өкілдері арасында Қазақстаннан Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев та бар, ол зілзала салдарын жоюға көмек көрсеткені үшін медалімен наградталды. Мемлекеттік награданы Түрік Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған табыс етті.
«Бауырлас Түрік халқына тағы да көңіл айтамын. Адамдардың өмірін құтқаруға қатысқан барша халыққа, құтқарушылар мен дипломатиялық корпусқа ризашылығымды білдіремін! Біз Түркия халқы жақын арада табиғи апаттың салдарын жеңеді деп сенеміз!» - деп Ибрагим Күлшімбаев атап өтті.
Түркияның үш өңірінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу басталғаннан бері Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының күштері 7 адамды құтқарды.
Қаза тапқан 88 адамның, оның ішінде 10 баланың денесі шығарылды. Қазақстандық құтқарушылар қолмен, сондай-ақ инженерлік техниканы, авариялық-құтқару жабдықтарын, шанц аспаптарын тарта отырып, 250 мың текше метрден астам үйінділерді бөлшектеді.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Түркияда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізген мамандар да мемлекеттік наградалармен марапатталды.
6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында және Сирияның солтүстігінде жойқын жер сілкінісі болды. Эпицентрі Түркияның Кахраманмараш провинциясындағы Пазарджик ауданында орналасты. Аталған елде соңғы мәлімет бойынша, 46,1 мыңнан астам адам қаза тапты, 26 мыңнан астам ғимарат қирады. Құлаған нысандарға қатысты іс бойынша 247 адам тұтқындалды.
Abai.kz