Медведев: «Англия – Ресейдің мәңгілік жауы»
Сәуірдің 17-сі күні Мәскеу соты Навальныйдан кейін тағы бір Путин билігіне қарсы оппозиционерді ұзақ жылға соттады. Кісі қолынан қаза тапқан Ресейлік оппозиционер Борис Немцовпен бірге АҚШ Конгресін Ресейдің адам құқықтарын бұзушы, жемқор шенеуніктеріне (олардың арасында Путиннің жақын серіктері де бар) санкция салуға көндірген Кара-Мурзаға «мемлекетке сатқындық жасады», «орыс армиясының беделін түсірді» деген көптеген айыптар тағып, 25 жылға бас бостандығынан айырды.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бірнеше аптадан соң – 2022 жылғы наурызда Аризона штатында америкалық конгрессмендердің алдында сөйлеген Владимир Кара-Мурза: «Кремльде отырған диктатор режим әскери қылмыс жасады», - деп мәлімдеген. 2022 жылы сәуірде Ресейге оралысымен ауыр айыптармен қамауға алынды.
Ол бұдан бұрын да 2012 жылы АҚШ президентіне Ресей шенеуніктері мен кәсіпкерлерінің америкалық активтерін бұғаттауға мүмкіндік беретін «Магнитский заңының» қабылдануына тікелей ат салысқаны үшін екі рет өлім аузынан қалған.
2015 және 2017 жылдары Кара-Мурза Ресейде екі рет ауыр халде ауруханаға түсті. Жақтастары оның уланғанын айтты. Бірінші қастандықтан кейін науқастың кей органдары жұмыс істемей қалып, қайта аяққа тұру үшін ұзақ емделді.
Оппозиционердің соты әлемдік қауымдастықтың ерекше назарын аударды. Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдардан бөлек Біріккен ұлттар ұйымы мен Еуроодақ үкімді қатаң айыптады. Әсіресе Еуропаның Англия, Франция, Германия қатарлы жетекші елдері ерекше белсенділік танытты. Осы елдердің Маскеудегі елшілері сот залына кіре алмағынымен сыртта қарсылық шарасын үйымдастырды. Ресей Сыртқы істер министрлігі оларға ескерту жасады. Артынан Англия үкіметі Кара-Мурза ісін қараған судья Елены Ленской, Дениса Колесникова мен Андрея Задачинаға, Ресей ФСБ қызметкерлері Александр Самофал и Константин Кудрявцев санкция салғанын мәлімдеді.
Оған кейінгі кезде сіркесі су көтермей жүрген Ресей Қауіпсіздік кеңесінің орынбасар төрағасы Медведев от алып қопаға түсіпті. Жеке парақшасында: «Әрине біз олардың шешіміне пысқырмаймыз. Англия кеше де, бүгін де, болашақта да Ресейдің мәңгілік жауы болып қала береді. Олардың менмендігі Ресейдің ядролық қарулары алып толқындар тудырып, шалшық аралдарын су түбіне батырғанда бітеді», - деп жазған.
Медведевтің Еуропа елдерін «қуатты қаруларымен» қорқытуы бір бұл емес екені жұртқа мәлім. Алдында Германия заң органдары «Путинді соғыс қылмыскері деп танып, халықаралық іздеу жариялаған» Гаага сотының шешімін бұлжытпай атқаратынын айтқанда: «Төбелеріңнен Құдай мен орыстың атом бомбысы төніп тұр», - деп қорқытпақ болған.
Ресей Украинаға соғыс ашқалы бері Англияда үш уәзір билікте болды. Үшеуіде бірінің аузына бірі түкіріп алғандай Ресейге қатаң позиция ұстанып келеді. Алдындағы Борис Жонсон әлем елдерін Ресеймен жасасқан 300-жылдан бергі шекара келісімдерін қайта қарауға үндесе, министр тағында 40 күн ғана отырған Трас та: «Ісім Ресеймен болады», - деген еді. Ал қазіргі уәзір Сунак Украинаға қырғыш ұшақ беруден кет ары емес екенін ашық айтып, украин ұшқыштарын дайындауға кірісіп кетті. Медведев оларды: «Трасс — «термоядерная русофобка. Боррель — «недалекий комиссар», а Джонсон — «фрик-дядька», - деп қағытқан еді.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz