Нобель сыйлығы: Нави Пиллай және адам қадір-қасиетін қорғау...
2026 жылғы Нобель сыйлығы алты бағыт бойынша беріледі: физика, химия, физиология немесе медицина, әдебиет, Бейбітшілік сыйлығы және экономика. Нобель сыйлығының лауреаттары қазан айында әр бағыт бойынша жеке-жеке жарияланады. 2026 жылғы 10 қазандағы жағдай бойынша Нобель сыйлығының төмендегі лауреаттары белгілі болды:
Медицина және физиология: Карл Дейссерот, Петер Хегеман және Георг Нагель. (Жүйке жасушаларының белсенділігін жарықтың көмегімен басқаруға мүмкіндік берген жаңалықтары үшін);
Физика: Фрэнсис Хальцен. (Ғарыштан келетін нейтриноларды зерттегені және IceCube обсерваториясын құруға қосқан үлесі үшін);
Химия: Анри Каган және Кэнсо Соай. (Асимметриялық органикалық синтез және автокатализ салаларындағы жаңалықтары үшін);
Әдебиет: Энн Карсон (Канада). (Қазіргі әдебиетті классикалық дәстүрмен ұштастыратын жаңашыл шығармашылығы үшін);
Бейбітшілік сыйлығы: Наванетхем «Нави» Пиллэй. (Бейбітшілікті нығайту және халықаралық құқықты ілгерілету жолындағы күш-жігері үшін).
Әзірге экономика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты жарияланған жоқ. Оны жариялау 2026 жылғы 12 қазанға жоспарланған.
Жоғарғыдағы лауреаттар бойынша Abai.kz порталы жаңалықтармен бөлісіп отырды. Ең басты сыйлық – Бейбітшілік сыйлығы бағытында Нобель сыйлығы иегері атанған Наванетхем «Нави» Пиллай туралы деректерді ұсынамыз:.
Наванетхем Пиллай
Ол 1941 жылғы 23 қыркүйекте Оңтүстік Африка Республикасының Дурбан қаласында дүниеге келген. Н.Пиллай — үнді тамилдері шыққан оңтүстік африкалық заңгер, халықаралық судья және құқық қорғаушы. Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі бұрынғы Жоғарғы комиссары.
Нави Пиллай апартеид, яғни Оңтүстік Африкадағы нәсілдік кемсітушілік жүйесі үстемдік еткен кезеңде дүниеге келіп, сол ортада өсті. Наталь университетінде заңгерлік білім алып, кейін Гарвард заң мектебінде оқуын жалғастырды. 1982 жылы құқық магистрі, ал 1988 жылы заң ғылымдарының докторы дәрежесін алды.
1967 жылы ол Наталь провинциясында жеке адвокаттық кеңсе ашқан алғашқы әйел атанды. Апартеидке қарсы қозғалыс белсенділерін қорғап, тұтқындардың құқықтарын сақтауды жақтады.
1995 жылы Нави Пиллай Оңтүстік Африканың Жоғарғы сотының судьясы болып тағайындалған алғашқы қара нәсілді әйел атанды. Кейін БҰҰ-ның Руанда жөніндегі халықаралық трибуналында судья болып қызмет етті. 1999–2003 жылдары осы трибуналдың төрағасы болды. Ал 2003–2008 жылдары Халықаралық қылмыстық соттың судьясы қызметін атқарды.
2008 жылғы қыркүйектен 2014 жылғы тамызға дейін БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары лауазымында жұмыс істеді. Одан кейінгі жылдары да халықаралық сот төрелігі мен адам құқықтарын қорғау саласындағы қызметін жалғастырды.
2026 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығы. 2026 жылғы 9 қазанда Нави Пиллай Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты деп жарияланды. Ол бейбітшілікті нығайтуға, халықаралық құқықты дамытуға, сондай-ақ әскери қылмыстар, адамзатқа қарсы қылмыстар мен геноцид үшін жауапкершілікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін марапатталды.
Нави Пиллайдың өмір жолы — адам қадір-қасиетін қорғау, заң алдындағы теңдікті қамтамасыз ету және адам құқықтарын сақтау жолындағы табанды күрестің үлгісі.
Редакциядан: Нави Пиллайдың Нобель атындағы Бейбітшілік сыйлығын алуының символикалық мәні жоғары: қазіргі кезеңде әлемде «саяси ойындар» шиеленісуде ‑ бірнеше локалды соғыстар жүріп жатыр. Онда бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төніп, адам құқы тапталуда. Миллиондаған адамдар босқындарға айналды. Ендеше, Нави Пиллайға Бейбітшілік силығының берілуін ‑ адамзатқа бейбітшілік құндылығын ескерту деп түсінген абзал.
Әбдірашит Бәкірұлы, философ
Abai.kz