«Қазіргі қазақ баласының екеуінің бірі «ақын»
Бекқожа ЖЫЛҚЫБЕКҰЛЫ, филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия Ұлттық университетің профессоры:
– Бекқожа Жылқыбекұлы, сізбен 3-4 жылдың алдында сұхбаттасқан едім. Уақытқа тоқтау барма, өмір сынаптай сырғып өтіп жатыр. Биыл 60-қа толып жатыр екенсіз, мерейлі жасыңыз құтты болсын! Мерей тойға байланысты қандай дайындықтар жасалып жатыр?
– Әлеке! Осыдан бірнеше жыл бұрынғы екеуара сұхбаттарымызда шығармашылық пен шырайлы да шынайы өмір жайлы, менің төлқұжатымды тартып алып, бірнеше жыл «үйқамақта» ұстаған Қытай елінің қоғам қауіпсіздік мекемесінің мерез іс-қимылдары туралы дәлел сыпаттары айқын, құнды пікірлерді ортаға салған болатынбыз. Ол тақырыптар әлі де көнерген жоқ. Десе де, Таңжарық ақынның «Куәсі талай ғасыр өтті сырғып, жылды жеп, айды асап, күнді турап» деген аталы сөзі секілді күндердің күмілжіп, жылдардың жылысып өтіп бара жатқан керуені біздің кешегі балалық, жастық шағымызды 60-тың биігіне жеткізіп салып отырғаны адамға ой салады. «Алпыс – талтүс» десек те адам алдына емес, артына қарап қарттық қойнауына беталғандығын сезінетіндігі анық екендігін аңғарғандаймыз. Сондықтан оқу-тоқуға ден қойған, өзіндік шығармашылық жолы бар адамының 60 жасқа келіп, осы жасқа дейін не істедім, не тындырдым деп, өзіне өзі ғана емес, ел-жұртына, халқына есеп беруі табиғи құбылыс екені белгілі. Сол дәстүр үлгілерімен елес-қимыл арқылы сан-санақтық мәлімет беру шаруасына өзімше әзірлік жасап, қамданып жатырмын десем, анық болатын шығар.
– Ұзақ жылдан бергі ағарту саласындағы еңбегіңіздің нәтижесінде шығармашылығыңыз бен ғылыми зерттеу еңбектеріңіз туралы 60 жылдық мерей тойыңызға орай «Қазақ, қытай тілі мен әдебиетінің даму беталысы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді деген ақпараттық хатты көзіміз шалып қалды. Оның жай-күйі қалай?
– 1985 жылы Шыңжаң университетін тамамдаған соң, ҚХР Құлжа қаласындағы Іле педагогикалық инстутында тіл-әдебиет мамандығы бойынша «Жазушылық білімі», «Қазақ әдебиеті тарихы» және «Осы заман қытай әдебиеті» қатарлы сабақтарды дәріс ретінде студеттерге лексия оқу барысында шыңдалып шыққаным есімде. Сол барыста орталық Ұлттар инстутында білім жетілдірумен бірге Сандоң педагогикалық унверситетінің магистратурасында арнаулы «Қытай әдебиеті» мамандығы бойынша білім алғаннан соң, ғылыми-зерттеу бағытымды одан ары айқындап, «Өлең теориясы» саласында ізденіс жасауға кірістім.
Ал 1995 жылы атажұртқа қоныс аударғаннан кейін де, осы тақырып бойынша филология ғылымдарының докторы, прафессор Құныпия Алпысбаевтың жетекшілігімен «Қазақ өлеңі: көркемдік және дәстүр жалғастығы» атты тақырыпта кандидаттық дессертатцияны солақай саясаттың содыр кедергісіне қарамай арт-артынан екі рет қорғап жүріп, филология ғылымдарының кандидаты атандым. Өкінішке орай, «Идеялогиялық бетбұрыс кезеңі: егемендік алғаннан кейінгі қазақ өлеңі және жаңа дәуірдегі қытай поэзиясы» атты тақырыпта докторлық дессертатция қорғауға араналған ғылыми еңбегім дайын болып қалғанда, ғылыми еңбекті қорғаудың көне жүйесі жабылып, PhD докторлық жаңа жүйе оның орнын басты да, бұл жол ортадан үзіліп қалған еді. Алайда оны реттеп, жүйелеп, жаңғыртып және толықтырып «Өлеңнің өзегі» атты монографияға айналдырып, өлең өнерінің қыры мен сырын білгісі келетін оқырмандарға ұсынғаныма бек қуаныштымын. Әне сол секілді қазақ, қытай тілі мен әдебиеті жайлы ғылыми зеріттеу жақтағы еңбектерімнің де оқулық және оқу құралдары ретінде үнемі арт-артынан жарыққа шығып жатқандығын ескере отырып, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіміздің 2023 жылдың 28 сәуірінде менің 60 жылдық мерей тойыма орай «Қазақ, қытай тілі мен әдебиетінің даму беталысы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізуді жоспарлап отырғандығы мені шабыттандырып отыр. Міне, бұл ұзақ жылдық ғылыми зеріттеу мен оқ-ағарту саласындағы еңбегімнің елеп-ескерілгендігінің нәтижесі.
– Өлең теориясы демекші, жақында сіздің «Өлеңнің өзегі» деген зерттеу еңбегіңіз жарыққа шықты ғой. Осы кітабыңыз жайлы айта кетсеңіз?
– Бұл кітап өлең теориясына қатысты ғылыми еңбек. Күні бүгінге дейін өлең теориясына қатысты жарық көрген ғылыми еңбектердің көбі өлеңнің буын, бунақ, ұйқасы мен шумағынның төңірегінде бармағын санап, өлең өнерінің ұйқас ерекшеліктерін түгендеп, оның ішкі мәндік маңызды түйіндеріне және өзегіне бойлай алмай келген болатын. Ал бұл ғылыми еңбектің ерекшелігі өлең өнерінің сырытқы түр-тұлғалық ерекшеліктерін өлеңнің бір ғана ырғақтық белгісі ретінде қарастырып, «өлең өнерінің өзегі не?» деген сұрақ төңірегінде оның ішкі мәндік болмысына назар аударады және ол туралы нақтылы мысалдар арқылы дәлелдеп-дәйектеп көрсетуге тырысады. Сөйтіп, өлең өнерін көркемдік ерекшелігіне қарай «сарынды өлең» және «дарынды өлең» деп екі топқа бөліп, жіктеп-жінтіктеп, талдап, тармақтап береді. Осы негізде ойды бейнелеу тәсілдері болған баяндау, пайымдау, лирика, суреттеу қатарлы тәсілдермен бірге ойды тақпақтап жеткізу тәсілінің де қазақ халқының ауызекі тілі мен тақпақтық жазба мәтіндерінде бар екендігін дәлелдеп көрсетеді. Мысалы, Шәкерім Құдайбердіұлының:
«Қазақтың түп атасы – батыр Түрік,
«Арабсың» деген сөздің түбі шірік.
«Пәленше сахабаның затысың» деп,
Алдаған дін жамылған өңкей жүлік.
Немесе Абайдың:
«Пайда ойлама ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге», – деген бұл өлеңдік мәтіндер былай қарағанда өлең бе? Әрине өлең! Онда буын, бунақ және ұйқастың бәрі толық. Сондықтан оны өлең емес деп ешкім де айта алмайды. Бірақ онда түсіндіру мен ақыл айту үйқаспен көмкерілгеннен тыс, суреткерлік пен бүкпелеу жоқ. Онда тек ұйқастардың болуына қарап, біз бұл шумақтарды өлең деп отырмыз. Бұл да шындық. Сонда біз оны керемет өлең деп, Еркін Ібітановтың:
«Торғай тұр тоңып, қалтырап,
Теректен пана табылмай...
Сарғайып қапты жапырақ
Аурудың алақанындай» немесе Тыныштықбек Әбдікәкімнің:
«Қыбыр етпес аптапта сусар шілік,
Тау – ұйқышы, ит – тыныш, жусан – сұлық.
Шаңырақтан тік түскен найза – сәуле,
Сүйегіне сандықтың тұр шаншылып», – деген мына өлең шумақтарының қатарына қоя аламыз ба? Әрине жоқ! Не үшін? Жоғарыда мысал келтірген өлең шумақтарда суреткерлік жоқ. Суреткерлік жоқ жерде поэтикалы құндылықтың болмайтындығы бешенеден белгілі. Ал поэтикалық қуат болмаған жерде көркем әдебиеттің көлеңкесі де көрінбейді. Сондықтан, ұйқас өлеңнің жалпы беттік поэтикасын емес, тек ырғақты саздылығын тудыратын өлеңнің көп түрлі ерекшеліктерінің ішіндегі біреуі ғана. Оны дәлелдеу үшін Шәкерім мен Абайдың осы бір шумақ «өлеңдерін» ұйқастардан айырып, қара сөзге айналдыратын болсақ, бәрі белгілі болады. Ал төменгі өлең шумақтарын ұйқастан айырсаңыз да, ол сол қалпында өлең болып қала береді. Оның себебі – онда тұнып тұрған суреткерлікке толы сезімдік толғаныс бар. Оны ырғағы мен әсем саздылығынан айырса да, онда ой-сезімге әсер ететін поэтикалық күш-қуат менмұндалап тұрады. Сондықтан қазақ дүниетанымында ойын тақпақтап бейнелеудің «тақпақ» үлгісін біз мынадай технология мен рухани әлем кемелденген дәуірде нағыз өлең деп, шатасып жүргеніміз ұят-ақ. Қазіргі қазақ баласының екеуінің бірінің «ақын» болатын себебі де содан. Осы түрғыдан алып қарағанда, ойын тақпақтап бейнелейтін ұйқасқұл өлеңдер қолданбалық сипатымен «тақпақ» немесе сарынды өлең деп аталады. Ал шебер суреткерлігі мен образдылығы арқылы ой-сезімге ойнақы әсер ететін дарынды өлеңдердің нағыз көркем әдебиеттің мәйегін құрайтындығын өлеңтанушылар мен ақын болғысы келетін машық иелеріне айқындап беру «Өлеңнің өзегі» атты бұл ғылыми еңбегіміздің басты міндеті десек артық айтқан болмаймыз.
– Беке, мыны бір ойыңызды өлеңтану саласында бұдан бұрын еш жерде естімеген, не көрмеген тың жаңалық ретінде қабылдап отырмын. Осы ойыңызды ары қарай тағы да біраз өрбітіп жіберсеңіз жақсы болар еді.
– Иә, бұл ойымызды тың жаңалық деуге де болады, демеуге де болады. Өйткені, тақпақтың не екендігін біле тұра, оның өлең емес екенін мойындағысы келмейтін «ақындарымыз» жеткілікті. Тақпақ пен өлең екеуінің екі басқа дүние екендігін мойындап, олардың аражігін нақтылы мысалдар арқылы айырып беру расында да жаңалық. Деседе, бұл ойымызға тістырнағымен қарсы келетіндер үшін сандырақ болуы да мүмкін. Өйткені, айтыс ақындары мен көркемдік өресі ұйқастан аса алмайтын мадақ, арнау, құттықтау, өсиет, бата-тілек, жоқтау, саяси ауқымды жырлау қатарлы публицистикалық тақырыпта өлең жазатын «ақындар» ойды тақпақтап бейнелеу тәсілін қолданады. Сол үшін біз тақпақ жазатын адамдарға табынып кеттік те, жаңаша стильде өзінше ізденіп өлең жазатын ақындарды «батысқа табынған, модернизмшіл, өлеңі түсініксіз, ұлттық дәстүрден ауытқыған» деген секілді жала қоқсығы мен даттау дақпырттарын олардың басына үйіп-төгіп, артынан ит қосып қуалайтын дәрежеге жеттік. Адам баласының психологиялық ішкі арпалыстағы әлемі мен жан дүниесін суреттеп, бүкпелеп көрсететін шығармамаларды бағалауды екінші орынға ысырып қойғанымыз да жасырын емес. Оның басты себебі – өлеңжанды адамдардың өлеңнен «өзекті ой» іздеп, оның салмағын ақылдық таным таразысымен таразылап, әлеуметтік-саяси құнын асқақтатып, одан сезімдік таным тұрғысында эстетикалық сұлулық пен поэтикалық құндылық іздеуден алшақтау екені белгілі. Сөйтіп, өлеңдеріміз адам жанының рухани әлемінің қайшылық-қақтығысқа толы түйіндері мен түйткілдерін шешудің орнына саяси-әдеуметтік мәселелердің заманалық сипатымен айналысып, саяси-құрылымдық жүйенің қолбаласына айналып кеткен, өлең өнерінін шығармашылық шындығына кереғар «өлең өндірісі» сынды жасанда қимыл-әрекеттің басы қасында жүрміз. Міне, мұның өзі де өлеңнің өзегін түсінбеудің, нақтылап айтқанда, көркем әдебиеттің жаны болған поэтиканың не екендігін толық игере алмаудың салдары болса керек.
– Айтпақшы, Беке, өлеңтанушы ретінде көркем шығармадағы поэтикалық леп жөнінде оқырмандарға нақтылы бір түсінік бере кетсеңіз жақсы болар еді.
– Біз көркем шығарманы оқығанда одан хабар-ошар немесе сандық мәлімет алайық деп оқымаймыз, қайта одан ләззат алу үшін оның құрылымына ден қоямыз. Осындағы көркем шығарманың оқырманды әсерлендіріп, оған белгілі деңгейде ләззат сыйлауы шығармадағы поэтикалық күш-құдірет арқылы іске асады. Сондықтан поэтика әдеби шығарманың эстетикалық сұлулық қуатын, оның айқын образдылыққа ие көркемдік мән-мағынасын, шығармашылық құндылығын айқындап беретін, көркем шығарманың шырай-тұлғасынан тек сезінуге болатын, алайда көзбен көруге келмейтін қасиетті рухы деуге болады. Ол көркем шығармадағы бір тұтас көркем шындықтың жоғары деңгейдегі ішкі байланыс заңдылықтары мен үйлесімділік жүлгесінің жиынтығы және әрқандай бір көркем шығарманың құрылымдық жүйесінің астарына жасырынған алтын қазына немесе аңғарымпаз ой-сезім арқылы аңғару мүмкіндігі бар құпия сыр деуге болады. Көркем шығармада қолданылатын ойды көркем бейнелеу тәсілдері, шығарма құрылымын құру шеберлігі мен шығармашылық шеберлік әдістер және тілді көркемдеу амалдары сынды әдеби шығармашылыққа байланысты әдіс-амалдар мен тәсілдердің бәрі де көркем шығармадағы поэтикалық құндылықты көрнектілендіру үшін қызмет етеді. Сондықтан көркем шығарма өзінің бойына сіңірілген поэтиканың күш-қуатымен көркем шығарма атағына ие болады. Егер ол болмаған жерде, көркем шығарма деп жүргеніміздің бәрі публицистикалық туындыға айналып қалады. Бұған мысал ретінде Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» атты шығармасын көлденең тартуға болады. Ондағы Арайдың өлімі жай өлім емес. Ол әңгіменің поэтикалық мәніне үңілген адам бүкіл кеңес одағының сыңар жақтылы солақай саясатының «жасанды өркениеті» үшін лағанет жаудырады. Оразқан Ахыметұлының «Тұлпардың соңғы түяғы» атты повесті де поэтикалық күш-қуатқа толы. Ондағы аналық есекке телініп өскен құлынның қасиетті жылқының мінез-құлқын жоғалтып, есектің мінез-құлқын өзіне сіңіруінің астарында бір адамның немесе бір ұлттың тағдырына тән ерекше поэтикалық тартымдылық жатыр. Сол сияқты немістің әйгілі жазушысы Г.Носсактың «Спираль» романындағы түрмеде жазасын өтеп жүрген кейіпкердің үлгілі тәртібі үшін түрмеден мерзімінен бұрын босатылатындығы туралы хабарды ол өте қорқынышты үреймен қабылдайды. Түрме ол үшін нағыз рақатты өмір еді. Ал түрме сыртындағы әлем оған сүркейлі, қатыгез өмір болып сезіледі. Роман кейіпкерінің осы бір сезімдік толғанысының астарында да терең поэтикалық мән-мағана жатыр деуге болады. «Жаңбыр жауса жердің ырысы, жақсы шықса елдің ырысы» деген мына бір мақалдағы поэтикалық тартымдылық ұйқас немесе ырғақ арқылы көзге түссе, ал «Ақсақ иттің көңілі ары жақта» деп келетін мәтел өзінің бүкпелеу сипатты поэтикалық пошымымен оқырманын ой-қиял иріміне жетелейді. Біздің қаламгерлер қазір көркем шығармадағы поэтикалық күш құдіретті прозада жалаң ертегішілікке, ал өлең шығармашылығында оны тек ұйқасқа жүктеп қойғандықтан, туындылары оқырмандардың көңілінен шыға алмай, арамтер болып жүр. Шығармадағы көркемдік пен поэтика бір нәрсе емес. Көркемдік қаламгердің шеберлігін меңзесе, ал поэтика тапқырлықтың туындысы. Ол шығармашылық шеберлік арқылы тіпті де жандана түседі. Қазіргі қазақ әдеби шығырмашылығында поэтикалық күш-қуаты жоқ «көркем шығарма» көп, ал поэтикалық тапқырлығы бар дарабоз шығармалар аз болып тұр. Сондықтан біздің әдеби шығармашылығымыз сапаның емес, санның құлы болып барады.
«Ей, қарағай,
сен алып
Болмақ түгiл өнбес ең,
Күн нұрынан өң алып,
Жер уызын ембесең.
Қаңтар қарын үйгенде
Күндi ұмытсаң сынарсың,
Төбең көкке тигенде
Жердi ұмытсаң құларсың».
Қытай қазақтарының көрнекті ақыны Жәнатхан Тұтқабекұлының «Қарағай» атты бұл өлеңіндегі поэтикалық тартымдылық қарағай, күн, жер сынды үш тұғырдың қисынды байланысын тапқырлау арқылы оқырманның ой-қиялын шарықтатып, ойлантып-толғантып, көңіл-күй құсын сезімдік әлем көкжиегінде қалықтатып қойғандығынан анық байқалып тұр. Жалпы, поэтика көркем шығарманың жаны. Жаны болғанда да ол бөліп-жаруға келмейтін біртұтас әлем. Бір өлеңнің барлық шумағы ондағы поэтикалық күш-қуатты қисынды түрде жабыла көтергенде ғана өлеңнің құны асқақтап, ол дарынды өлеңге айналады. Бұл ойымызды әдебиеттанушы ғалым Сәуле Ержанова ханымның «Поэтикалық мәтінге тән қасиет ең алдымен онын эстетикалык қызметінде» деген тұжырымды пікірі растап тұрғаны анық.
– Бұл пайымдауларыңыздан поэтика жөнінде толық түсінікке ие болған адам бұдан былай «сарынды өлең» жазып, өзін де, оқырманында әуре-сарсаңға салмайтын шығар деген ойдамыз. Ал енді өлеңнің жанрға, түрлерге бөлінуі туралы өз басым бірде анадай, бірде мынадай жіктеулерге тап болып жүрмін. Сіз бұл жөнінде не айтасыз?
– Шынтуайтына келгенде, қазақ өлеңі көлеміне қарай дара шумақтар, шағын өлеңдер, толғаулар, сюжетті өлеңдер деп жіктелсе, пішіндік құрылымына қарай шумақты өлеңдер, шұбыртпалы өлеңдер, ақ өлеңдер және пішіндік өлеңдер деп, бірнеше топқа бөлінеді.
Жалпы өлең көркемдік өресіне немесе оқырманның қабылдау түйсігіне қарай сарынды өлең және дарынды өлең деп екі үлкен топқа бөлінеді. Ал сарынды өлең өлеңде бейнеленген тақырып-мазмұнына қарай қолданбалы мазмұндағы сарынды өлеңдер және жалпылық мазмұндағы сарынды өлеңдер деп тағы екі топқа жіктеледі. Бұдан әрі қарай қолданбалы мазмұндағы сарынды өлеңдерге адам баласының белгілі бір уақыттағы мерзімдік қажеттілігі негізінде туындаған өлеңдер яғни арнау өлеңдер, мадақ өлеңдер, насихат өлеңдер, өсиет өлеңдер, бата-тілек өлеңдер, мұң-шер өлеңдер, наурыз өлеңдер, мерекелік өлеңдер, мерзімдік өлеңдер, хат өлеңдер, саяхат өлеңдер, саяси өлеңдер, сенім-нанымдық өлеңдер, тұрмыс-салт өлеңдер, шежіре өлеңдер, өтірік өлеңдер, есеп өлеңдер, жұмбақ өлеңдер, пішіндік өлеңдер, балалар өлеңдері жатады. Жалпылық мазмұндағы сарынды өлеңдерге адам баласына ортақ болған таным-түсініктер негізіндегі өлеңдер яғни нақыл өлеңдер, мысал өлеңдер, пәлсапалық өлеңдер, мысқыл өлеңдер, айтыс өлеңдер, ән өлеңдері, бәдік өлеңдер, диалог өлеңдер, азаматтық өлеңдер, махаббаттық өлеңдер, табиғат суреті өлеңдері, сюжетті өлеңдер тізбегі кіреді. Міне, бұл өлеңнің мазмұндық жақтан жіктелуі. Бұл мазмұндар қай дәуірде де ақындар жағынан өлең шумақтарына тоқтаусыз еніп отырған. Алайда олардың суреткерлік сипаты мен лирикалық тұлғаның тұтастығы және ырғақтық ыңғайының бір тұлғаланбауы себепті дарынды өлең деңгейіне көтеріле алмай келе жатқандығын жақсы білеміз. Сондықтан сарынды өлеңдер қай дәуірде де «өлең өндірісінің» көлкөсір туындысы болып келді де, көркем эстетикалық және поэтикалық талғам таразысының қатаң өлшеміне толмағандығы себепті, көркем әдебиет тарихының ақордасына кіре алмай, рухани әдемнің қоқыр-қоқсық алаңының «қонағы» болуға қарай аяңдап бара жатыр десек, артық айтқан болмаймыз.
– Жалпы өлең өнеріндегі нағыз өлеңді сіз «дарынды өлең» деп отырсыз. Бұл пікіріңіз өте орынды, алайда сарынды өлеңдер тобына жататын өлеңдерді сіз жоққа шығарып отырған жоқсыз ба?
– Сарынды өлеңнің қазақ өлең тарихындағы орны бар екендігі бәрімізге мәлім. Ол біздің күнделікті тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасып кеткендігі соншалық – онсыз бір қадам аттап басу мұң. Бесік жырынан тартып, бата-тілек, мақтау-жоқтауға, тіпті, қарғап-сілеу мен бәдік өлеңге дейін тақпақтап ойды білдіретін өлеңдердің бәрі де осы сарынды өлеңнің еншісінде. «Салт-санасына сәйкес пікірлерді келтесінен келтіріп, өлең түрде ұйқастырып айту – тақпақ болады. Тақпақ қысқара-қысқара маңызданып барып мақалға айналып кететін жері де бар» демекші, қазақ халқы ежелден тақпақтап сөйлеуді әдетке айналдырып, тақпақ құрастыра білген адамды ерекше құрметтеген. Оны ақын-жыршы деп, төбесіне көтерген. В.В.Радловтың: «Қазақтар шешен келеді, олар мақалдап сөйлейді, жәй сөзінің өзі өлең болып құйылып жатады» дейтіні де осыдан. Жалпы тақпақтау арқылы ойды бейнелеу тәсілі қазақ дүниетанымы мен ойды ойға жеткізу үдерісінде ежелден бар құбылыс. Алайда, оны ғылыми теориялық тұрғыдан жүйелеу жағы кенжелеп қалғандығы себепті, тақпақтап сөйлеушіні дарынды ақыннан айыра алмай, алжасып, адасып жүргендігіміз өкінішті. «Ештен кеш жақсы» демекші қазақ дүниетанымы мен этикасының және салт-санасының тарихын сарынды өлеңдер негізінде жүйелеп, қазақ поэзиясының тарихын дарынды өлеңдер жауһарының поэтикалық сұлу әлемімен безендіру біздің алда атқаратын ауыр міндетіміздің бірі де, бірегейі екендігі анық. Сондықтан ойды бейнелеу тәсілдері негізінде «Сарынды өлеңдер мен дарынды өлеңдердің пайда болу жолдарының кестесін» оқырмандардың назарына «Өлеңнің өзегі» атты кітапбымда ұсынған болатынмын. Өйткені өлеңтану ғылымын тек өлең шумақтарының буын-бунағын түгендеп, ұйқастық құрылымы мен онда бейнеленген мән-мазмұндары негізінде түрлерге бөліп, жіліктеп-жінтіктеудің күні өтті. Әрқандай бір өлеңге кешенді түрде ойды бейнелеу тұрғысынан талдау жүргізетін болсақ, онда оның ойды қарапайым немесе көркем тіл суреткерлігі арқылы бейнелегенін біле аламыз да, сарынды өлең мен дарынды өлеңнің ара жігін қиналмай, айқын ажыратамыз. Алайда бұл арада ерекше бір ескеретін нәрсе – баяндай, пайымдау, түсіндіру, суреттеу, лирика, бүкпелеу және ынтығу (сұрау) сынды ойды бейнелеу тәсілдерінің ішіндегі ойды тақпақтап жеткізу тәсілінің ескерусіз, елеусіз қалып отырғандығы. Егер біз осы түйіннің қыры мен сырына терең үңіліп, өлең шығармашылығындағы сарынды өлеңдер мен дарынды өлеңдерді осы негізде айыра білуді танып жететін болсақ, онда өлеңтану саласында зор жетістікке жететіндігіміз анық.
– Өлең өнері – өте күрделі өнер. Оны өнер ретінде емес, қолданбалы құрал ретінде шоуға айналдырып пайдалану өте өкінішті. Сондықтан өлеңтану саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып, оның теориялық негіздерін бір жүйеге түсіру үшін талмай еңбектеніп жатқаныңызға рақмет айта отырып, күні бүгінге дейін жарық көркен жыр жинақтарыңыз бен оқу-оқытуға қатысты еңбектеріңізді білгіміз келеді?
– Мен бала жасымнан әжемнің ертегі-әңгімесін тыңдап, өлеңін жаттап өскендігімнен бе білмеймін, халық ауыз әдебиетіне ерекше әуестендім. Кейін есейе келе, жазба әдебиеттің жауһарларымен таныстық. Сөйтіп орта мектептен бастап өлең жаза бастадым. Бірақ оларды ешкімге көрсетпейтінмін. 1980 жылы Шыңжаң университетінің тіл-әдебиет мамандығына оқуға түскеннен кейін, ұстаздарым мен жоғары жылдықтағы әдеби шығармашылықпен айналысатындардың ықпалымен және кітапхана қорындағы кітаптардан бас алмаудың арқасында өлең жазу машығы күнделікті әдетіме айналды. Сөйтіп жүріп, «Ұршық» атты өлеңім 1982 жылы Құлжада шығатын «Іле газетінде» тұңғыш рет жарияланған күннен бастап, өзімді ақын сезіне бастадым. Ары қарай университет қабырғасының өзінде-ақ жас ақын ретінде Шыңжаң қазақ оқырмандарына едәуір танылып үлгірдім. Міне, содан шабытымды шаужайлай алмай келе жатқан жайым бар. Күні бүгінге дейін «Жалғыз төбе», «Айжарық» «Қос құлыншақ», «Ай анаға сәлем», «Көңілімнің көлеңкесі», «Атқа жеңіл, тайға шақ» «Қара сәуле», қатарлы жыр жинақтарым жарыққа шықты. Әлі де баспа бетін көрмей жатқан өлеңдерім оқырмандармен бет көрісуге әзірленіп жатқандығын да айта кеткенім жөн болар.
Бұдан тыс оқымыстылар ортасында жүріп, оқып, біліп, тыңдап, қарапайым халық оқытушысы болып дәріс сөйлеп жүрген соң, ғылыми зерттеу еңбегімен айналысыпай тұра алу мүмкін емес. Университет бітіретін кезде «Өлеңдегі эстетикалық сұлулық» атты дессертатциялық еңбегімді Шара Таңжарыққызының жетекшілігінде қорғаған күннен бастап, өлең теориясы мәселесіне ден қойып, қытай және қазақ өлең өнерінің өзекті түйіндеріне назар аудара бастадым. Сөйтіп Атажұртқа қоныс аударғаннан кейін алдымда қанша кедергілер болса да, оны ойсырата жеңіп, осы тақырыпта филология ғылымдарының кандидаты атағын сәтті қорғап шықтым. Осы барыстағы ізеністерім мен еңбектенуімнің жемісі ретінде «Қазақ өлеңінің дәстүр жалғастығы», «Өлеңнің құпиясы», «Өлең өлшемдері», «Өлеңнің өзегі» қатарлы монографиялық еңбектерімді жарыққа шығардым. Бұдан басқа қытай тіліне қатысты «Қытай тілінің әліппесі» «Қытайдың кілттік бейәріптерін жазу дәптері», «Қазіргі заман қытай тіл білімі: тест үлгілері», «Қазақ, қытай, ағылшын, орыс тілдерінде жиі қолданылатын 100 сөз және 666 сөйлем» секілді оқу-құралдарым қытай тілін үйренушілердің игілігіне жарап жүргеніне қуаныштымын. Сондай-ақ ғылыми зертеу саласымен айналысып жүрген осы жылдар ішінде ел ішіндегі және шетелдегі ғылыми-әдеби басылымдарда жарияланған жүзден астам ғылыми-танымдық еңбектің авторы болғандығыма да шүкіршілік етемін. Сөйтіп жүріп 60 жасқа қалай келгенімізді де сезбей қалыптық. 60 жылдық мерей тойға байланысты ел-жұрт алдында есеп беруде ауыз толтырып айтуға тұрарлық ештеңе болмаса да, әйтеуір тізбелеп көрсетуге тиісті өз атыма қатысты мәліметтердің болғандығы көңілге демеу, көрер көзге жұбаныш екені белгілі. Сондықтан Жаратушым денсаулыққа дем берсе, әлі де реттелмей жатқан 6-7 томдық дүниені қағып-сілкіп, ілікке аларын оқырмандардың назарына сапалы деңгейде ұсынсам ба деген ойым бар. Бұл арада ғылыми зерттеу мен шығармашылық қимылдың ойы көп, ойыны аз ақыл-ой еңбегі екендігін айта кету де артық болмас.
– Беке, әңгімеңізге көп рақмет! Алда жоспарлаған іс-шараларыңыздың табысты өтуіне тілектеспін!
Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы
Abai.kz