«Тілдік үш жүз» туралы
Қазақ бұрын руға қатысты үшке бөлінуші еді. Енді тілдік белгіге қатысты үшке бөлініп отыр. Бұл бөлініс КСРО кезінде қалыптасты. Қазақстанның 5 пайыз орман, 25 пайыз далалық өңірлерін орыс тілділер мен ана тілді дисапоралар бауырына басты. Қалған 70 пайыз шөл мен шөлейт өз елінде өгей болған қазекемдерге тиді.
КСРО құлап билік ауысқанымен отаршыл билікке құлдық ұра қызмет еткендер билік басында қала берді. Бұрынғы ҚазКСР компартиясы «Отан» деп атын өзгертіп, Шығыс Еуропадағы Ялта бөлінісінен кейінгі жартылай отар елдердегі сияқты Мәскеудің қабағына қарап, жұртты алдайтын «көпвекторлық саясат» дегенді ойлап тапты. Және түсін бояған «қызыл биліктің» қалдықтары ОА ұлттық және діни партия құруға Заңмен тыйым салды. Орыс барлауы жасырын түрінде барлық осы елдердегі сайлауға араласты. Көнгісі келмеген Әзербайжан елінің 30 пайызынан айырылды. Және бұл елде билік монархиясы өмірге келді.
Жергілікті ұлтты 40 пайызға жетер жетпес болған Қазақ елі тек алыс-жақын ағайындардың (өз басым әуелгі – оралман, кейінгі – қандас деген сөзге қарсымын. Ағайын дегенді Шығыс Түркістаннан келген туысқандарға қатысты қазыналы қарттар мен ақ жаулықты әжелер айтып отыратын. Ал, қандас, қарындас сөзі барша қазаққа ортақ атау. Оның ауқымын шөмшитудің керегі жоқ) көшіп келуі мен бэби бум қазақтың санын 120 пайызға көтеріп, елімізде 75 пайыздық деңгейге жеттік. Бірақ қазір қазақтың 45-50 пайызы ғана таза қазақ тілді. Ал қалған 50-55 пайыз не таза орыс тілді, не орыс тілін жетік, қазақшасы ауызекі және орысша да, қазақша да мүдірмей сөйлейтіндер. Орыс тілді билік кезінде қазақтың саны өскенімен оның тілін білетін жергілікті ұлттың саны онша өскен жоқ. Тап КСРО тараған кездегі пайыздық деңгейде қалып қойды. Ең басты трагедия тілге қатысты қазақ жері: Орыс тілді аймақ, Қос тілді аймақ (орыс, дұңған, ұйғыр және өзбек т.б.тілді өңірлер) және Таза қазақ тілді аймақ деп тілдік үш жүзге бөлініп кетті.
40-50 пайыз қазақ тілді қазақ, яғни, күнделікті өмірде тек қазақша ғана сөйлеп, қазақша ойлайтын алаш баласы үшін орыс тілді билік алдаусырататын қитұрқы әрекеттерге барып отыр. Бұл қазақтарда тілдік проблема жоқ және өз жеріне келген кез келген ұлтты қазақтандыра алады. Сол проблема болмағандықтан олар аралас және тұтас орыс тілді өңірлердің проблемасына енжар қарайды.
Ал нағыз тіл жанашырлары аралас және тұтас орыс тілді өңірлерде құр босқа шырылдап, биліктің қара тізіміне еніп жүр. Тек таза қазақ тілді өңірдегілер түре көтерілсе ғана қазақ тілі өз мәртебесіне көтеріледі. Осылайша тілдік үш жүзге бөлінген қазақтың басы әлі қосылмай жүр.
Билік шөл мен шөлейтте қазақтан басқа ешкім тұрмайтынын жақсы біледі. Сондықтан бар күш-қуатын өздері ресей мәнерімен «нацик» деп атайтын «үңгірдегі ұлтшылдықпен» күресуге арнап, аралас тілді өңірлердің орыс тілді өңірге айналуын қалайды. Өйткені, қазақ өзінің ана тілінде сөйлейтін ұлттық буржуазиясын өмірге әкеле алған жоқ. Бірде-бір отбасында қазақша сөйлейтін алаш миллардері емге жоқ. Тек қазақ тілді өңірлердегі ұлттық миллонерлер әзірше жыртыққа жамау.
Биліктің қазақ тілділерге немқұрайлы қарауы жақсылыққа әкелмейді. Елімізде татулық тек қазақтың өзге 30 пайыз ұлттық азшылықпен отаршылар тілінде сөйлесу арқылы сақталынып отырудың түбі жақсылыққа соқтырмайды. Тілдік жақтан үшке бөлінген ел оңбайды. Қазақ үшке бөлініп Патшалық Ресейге бодан болды. Алда-жалда Ресеймен соғыс болса, орыс тілді өңірлер Қазақ елінен бірден бөлінсе, аралас өңірлерде ондағы қазақ тілділер тарапынан орыс тілділер жаппай қырғынға ұшырайды. Ресей осы соңғы факторды ескеріп бізге батпай отыр.
КСРО Шығыс Еуропаны кезінде қолында қалайша ұршықша иірсе, Путлерлік Ресей Орталық Азияны әлі күнге тап сол тәсілмен, тап солай билеп төсеуде. Қазақты тілдік үш жүзге бөлу тек Ресейге ғана пайдалы. Тілдің тұғырлы болуы қазақ тілді аймақтардың дүр көтеріліп, өз азаматтық позициясын білдіруіне келіп тіреліп тұр. Қалған аймақтағылардың айтқаны ешқашан биліктің құлағына шалынбайды.
Сөз соңы. Қазақ тілі «Мемлекеттік тіл» болса, оны білген адамдар ғана мемлекеттік қызметте істей алатын, депутат болып сайлана алатын бап туралы бір ауыз сөз болмауы, оның есесіне тілдік мәжбүрлеудің қажеті жоқ деген биліктің тепсіне айтқанына жол болсын. Тілді білмей шенеуінік болу, депутат болу – әлемдік тәжірибедегі абсурд!? Елі үшке бөлінген билік осы мәселеде ойлануға тиіс.
Abai.kz