Теледидар «есалаңдар» көзімен-2
Осыған дейін назарларыңызға «Теледидар есалаңдар көзімен» атауымен сұхбат ұсынылды. Сөз иелері экс-тележурналистер Ұлдай Ділімбетқызы, Серік Әбікенұлы және тележурналист Қанат Әуесбайұлы болды. (http://old.abai.kz/node/21369)
Бүгінгі сөздің тізгінін ұстаушылар - экс-тележурналист, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымының сарапшысы Ғалия Әженова (1-нші суретте), көрерменінің есінде «Дода», «Бетпе-бет», «Үкімет пен әлеумет» бағдарламаларымен есте қалған, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппарат басшысының орынбасары, баспасөз қызметінің басшысы Берік Уәли (2-нші суретте) және алдыңғы буын үмітін артқан «Алматы» арнасының редакторы Айбар Олжай (3-нші суретте).
- Жас тележурналистердің экрандағы сөйлеу мәдениетін қалай бағалайсыз? Кімдерді үлгі тұт дер едіңіз? (жастар туралы)
Ғалия Әженова: Экрандағы бет-жүздері үлбіреген жастардың айтып отырған сөздеріне сене алмаймын. Қазақ телеарналарына қарнымыз ашады дейтін көрермендердің қатарында мен де бармын. Жұмыстан үйге келгенде қосып қалсаң - түріктің, үндінің,кәрістің сериалы. «Түріктермен оянамыз, кәрістермен ұйықтаймыз» деген сөз халық арасында да айтылып жүр.
Осыған дейін назарларыңызға «Теледидар есалаңдар көзімен» атауымен сұхбат ұсынылды. Сөз иелері экс-тележурналистер Ұлдай Ділімбетқызы, Серік Әбікенұлы және тележурналист Қанат Әуесбайұлы болды. (http://old.abai.kz/node/21369)
Бүгінгі сөздің тізгінін ұстаушылар - экс-тележурналист, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымының сарапшысы Ғалия Әженова (1-нші суретте), көрерменінің есінде «Дода», «Бетпе-бет», «Үкімет пен әлеумет» бағдарламаларымен есте қалған, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппарат басшысының орынбасары, баспасөз қызметінің басшысы Берік Уәли (2-нші суретте) және алдыңғы буын үмітін артқан «Алматы» арнасының редакторы Айбар Олжай (3-нші суретте).
- Жас тележурналистердің экрандағы сөйлеу мәдениетін қалай бағалайсыз? Кімдерді үлгі тұт дер едіңіз? (жастар туралы)
Ғалия Әженова: Экрандағы бет-жүздері үлбіреген жастардың айтып отырған сөздеріне сене алмаймын. Қазақ телеарналарына қарнымыз ашады дейтін көрермендердің қатарында мен де бармын. Жұмыстан үйге келгенде қосып қалсаң - түріктің, үндінің,кәрістің сериалы. «Түріктермен оянамыз, кәрістермен ұйықтаймыз» деген сөз халық арасында да айтылып жүр.
Мүлдем жұмыс істеліп жатқан жоқ деп айта алмаймын. Бірен-саран әрбір арнадан көзге түсерлік, ойсаларлық дүниелер бар. Жалпы алғанда, экраннан салмақты, салиқалы сөз естігісі келіп шөлдеген адамға ұсынар дүние жоқтың қасы. Олар қылт етіп бір көрінеді де, жоғалып кетеді.
Жас тележурналистердің образы дейсіз, олар жылтың етіп сахнаға бір шығады да жоғалып кететін актерлерге ұқсайды. Соңғы кезде жас тележурналистердің арасында Өнер институтын бітіргендердің жиі кездесетінін естіп жүрмін.
Берік Уәли: Қазіргі жас, жаңа қалыптасып келе жатқан журналистердің арасында әр таң сайын «Қазақстан» ұлттық арнасының шымылдығын ашатын «Таңшолпан» ақпаратты-сазды бағдарламасының жүргізушілері Берік Көшербекұлы мен Ирина Тенді ерекше атап өтер едім. Сөз саптаулары құлаққа жағымды, тілдері жатық, экранда өзін-өзі ұстау, сөйлеу мәдениеті жоғары тележүргізушілер. Сол сияқты Самат Сүлейдің сөздері сүйектен өтеді. Нұрбек Бекбау білім, білігімен өзгелерден ерекше көзге түседі. Жаңалықтар жүргізетін ұлттық арнадағы Мейіржан Әлібектің мықтылығын айтпасам әділетсіз болар. Әу дегені әр қазақтың көңілінен шығып тұрады.
Айбар Олжай: Мен өзім де жаспын ғой, әрі жастарды жақсы көремін. Қазіргі жұмысым арналардың барлығын бақылау, қарау. Ертең кәнігі репортер болатын жастар өсіп келе жатыр. Жастарды үлгі тұт деуге әлі ерте. Бірақ медиаменеджерлерге Қанат Әуесбай, Руслан Желдібай, Нартай Аралбайұлы, Өркен Кенжебектерден көз жазбай бақылап отыру керек сияқты.
- Қазақтілді арналарда көрермен тапжылмай отырып көретін, резонанс тудырған хабарлар бар деп айта аласыз ба?
Ғалия Әженова: Кино, телевидение деген қазақ үшін өнердің жаңа түрі. Телевидение жылдамдықты талап етеді. Ал біздің психологиямызға асықпай ойлау, алыстан өрбітіп, дәл жанымыздағы нәрсеге Қытайдан оралып келу деген сіңіп қалған. Бірден бола қою біз үшін жат. Содан ба білмеймін, қазақ арналарының хабарларында табиғилық, өзінділік жоқ. Өз ойын ақтарып ортаға салуға қымсынып, жалған намысшылдыққа барады. Бұл хабардың сапасын түсіреді. Қайта не ойладың, соны айту арқылы халықты қызықтырасың. Жүргізушінің де, залда отырғандардың да, сұхбат берушінің де тараптарынан осы байқалады.
Ең бірінші, жүргізуші белгіленген тақырыпқа қанық болуы керек. Сұхбат алатын болса, сол адамның қай қырын айта отырып, жұрт біле бермейтін тұсынан көрсете аламын, өміріндегі қай оқиғаны айта отырып, басқа да кезеңдерін айтқыза аламын деген ой мазалауы керек. Жүргізуші хабардың алгоритмін дұрыс меңгеруі басты шарт.
Берік Уәли: Бір ғана телебағдарламаны айтайын. Өзім көп жылдар бойы 31-каналда, Хабарда бірге жұмыс істеген, әріптесім Бейсен Құранбек жүргізетін «Айтуға оңай» ток-шоуы. Бұл жоба шын мәнінде сапалы, әрі сауатты. Көрерменнің көңілінен шығады. Өзім қолым тиіп жатса қалдырмай көруге тырысамын. Форматы да, контингенті де, шығармашылық топ та мықты. Күн тәртібіндегі өзекті мәселелер көтеріледі.
Айбар Олжай: Ең бірінші орында Бериван, Гюнештер, түрік сериалы! (Күледі). Қалжың ғой. Біздің арнада «Тіл сақшысы» деген жақсы хабар болған, Жеті Нысанасымен жарып шықты, Қазақстанда «Апта.кз» өз орнын тапқан. Ал резонансты дүр сілкіндіру, тіпті қоғамның ашу-ызасын тудыру деп ұқсаңыз, онда КТКдағы «Астарлы ақиқат», Еларнадан «Фобияны» қарасаңыз болады.
- «Үш қиян» газеті «бүгінгі қазақ телеарнасында кешегі қаһарман, дана, ер қазақты бүгінгі оның ұрпағымен байланыстыра алмай отыр, сондықтан қазіргі отандық телеарна жасаған жобалар:көрермен қазақтың көңілінен шықпайды. Жасандылық көп!» дейді.Сіз қалай ойлайсыз?
Ғалия Әженова: Аға буын, орта буын, кіші буын арасында байланыс үзіліп қалғаннан кейін, сапалы хабарларды жасай алатын шеберлік қайдан болсын?! «Үш қиян» газетінің айтып отырғаны орынды. Ортада байланыс үзілгендіктен, барлығы тек бизнеске айналып кеткен соң жасандылық белең алады.
Бизнес деген жақсы, көйлегің көк, қарның тоқ болғанның несі жаман?! Алайда, халықты да ойлау керек. 2-3 ғасырдан соң қандай болады, өзара қай
тілде сөйлеседі деген мәселелер толғандыру керек қой. Өсе ме, өше ме, аз да болса тележурналистер осыны ойласа екен.
Берік Уәли: Ондай біржақты пікірмен келіспеймін. Мен жоғарыда айттым. Жақсы, сапалы дүниелер бар. Тек оны көре білу керек. Бізде жоқ деген ойдан арылсақ деймін. КТК арнасындағы «Астарлы ақиқатты» жасанды деп айта аласыз ба? Ұлттық арнадағы «Апта кз» жасанды ма? «Хабар» телернасындағы «Біз» ток-шоуының да арқалаған жүгі ауыр. Барлығының өз көрермені, өз аудиториясы бар. Сондықтан ер қазақты бүгінгі оның ұрпағымен байланыстыра алмай отыр деген пікірді қолдамаймын.
Айбар Олжай: Түбі бәрі кадрға келіп тіреледі. Жасанды жоба деген не? Менің ойымша ол көрерменін сендіре алмайтын жоба. Демек авторы әлсіз. Ал бізде әлсіздер өте көп, түйсігі мол, талантты, әрі кәсіби профессионалдар аз. Өйткені талантты адамның басшымен, телевизиядағы күнде құбылып өзгеріп жататын ойын ережесімен келісуі қиын. Ол бетке айтады, басшысына ұнамайды, сондықтан эфирден ығысып қалады. Ақыр аяғында эфир әлжуаз, бірақ тіл алғыш авторға тиеді. Ол мәміле іздеп, ешкімнің көңіліне келмейтін жасанды дүние шығарады. Қазіргі жағдай осы.
- Экс-тележурналист Ұлбосын Айтөлен сұхбатында «Қазақ арналары ән салып тұрғандай» деген еді. Сіз не дейсіз?
Ғалия Әженова: Ән салғанда, әндетіп айту бар. Ресми хабарлар ресми тілменен, ресми түрменен айтуға болады ғой. Теледидарды қосып қалғанда жаңалықтардың болып жатқандығын, енді біреуін ашқанда сұхбат өтіп жатқандығын жүргізушінің даусынан аңғару керекпіз. Ал бізде ондай емес. Барлығы - ән.
Берік Уәли: Мен жуырда «Оңтүстік Рабат» газетіне берген сұхбатымда осы мәселені айтқанмын. Шын мәнінде ырду-дырду әнге байланысты бағдарламалар қаптап кетті. Әншілердің қоғамдық-саяси бағдарламаларды жүргізгенін қолдамаймын. Жұбаныш Жексенұлының әнге байланысты бағдарламасы дұрыс. Жарасымды. Бірақ біздің әншілер әлеуметтік хабарларға да, ток-шоуға да, басқасына да жүгіре береді. Әншілер қауымы маған ренжімес, қаншама талантты жас журналистер бар, соларға мүмкіндік беруіміз керек.
Айбар Олжай: Үлкен продакшн-студиялар ән-шоу жобалар жасап машықтанып алды. Ал үлкен бюджеті бар ірі арналар солардың жобаларын сатып алып машықтанып алды. Екі жаққа да тиімді, арна эфирді қалай толтырамын деп мазаланбайды, ал продакшн үлкен пайда көруде. Ұтылып жатқан тек көрермен ғана. Мен Ұлболсынмен келісемін. Бірақ тым көбейсе дәмсіз болады ғой, сондықтан бұл уақытша құбылыс. Сәл шыдай тұру керек, қазірдің өзінде біраз телеарна басшыларының шоулардан жүрегі айни бастады. Демек, ертең бағыт өзгеруі тиіс.
- Ғаламтор беттеріне қарағанда, қазақтілді жастар қазақша бағдарламаларды аз қарайды. «Хабар», «Қазақстан» ұлттық арнасын, ауыл қазақтары мен ұлтжанды қала қазақтары зейнеткерлер сериалдар мен ойын-сауық хабарлары мен концерттерді көреді екен. Неліктен деп ойлайсыз? Қайтпек керек?
Ғалия Әженова: Қаладағы ұлтжанды қазақтар дегенге келіспеймін. Қазақтың бәрі ұлтжанды, кейде ерегесіп, "осы қазақты қойшы, қолынан түк келмейді, қазақтарды жек көрем" деуі мүмкін. Алайда, бұл ұлтын жақсы көрген адамның сөзі. Ал ауылдық жердегілерге келсек, оларға нан мен ән болса болды деген пікірлер де бар. Ол да бір жағынан дұрыс шығар. Бірақ менің ағам 1986 жылғы желтоқсанды «Қазақ көтеріліске «колбаса» үшін шықпады ғой» дейді. Қазақтың, жалпы көрерменнің рухын көтеретін, ойға жетелейтін хабарлар керек.
Берік Уәли: Бұл сұрағыңызды қандай дерекке, дәйекке сүйеніп, қойып отырсыз. Нақты факт бар ма? Әлеуметтік сауалнама жүргіздіңіздер ме? Қазақтілді жастар отандық арналарды қарамайтыны туралы ақпаратты қайдан алуға болады? Егер сіз жалпылама айтып тұрсаңыз, мен келіспеймін. Қайта қазақ жастары ұлттық арналарымызыдың ең бірінші көрермендері дер едім. Өз-өзімізді кемсітіп, өз жастарымызды өзектен тебуді қою керек. Өзіміз осындай пікір қалыптастырсақ, басқалар не демейді.
Ия рас, ауыл қазақтары, ұлтшыл қазақтар, зейнеткерлер сериалдар, ток-шоуларды қарайды. Меніңше, қала қазағы да, дала қазағы да көріп отырғаны өзіміздің арналар.
Айбар Олжай: Олар сериалдар мен ойын-сауық концерттерді көрмегенде не істейді? Бізде эфирде одан басқа не бар? Қазақтілді жастар Фейсбук пен агентте отыр. Ол теледидарға қарағанда анағұрлым қызық, онда цензура жоқ. Телевизияның жастарды ұстап тұратындай ештеңесі қалмады, ол Қазақстанда ғана емес, бүкіл батыс елдеріндегі құбылыс. Біз сол жаһандық тенденцияның ішінде келеміз. Демек, интернеттегі қазақтілді контентті дамыту керек. Телеарнаны интернетке икемдеу керек, интернет-телевизия ашу керек. Жастар қайда барса, телевизия солардың қыр-соңынан қалмау керек қой. Әйтпесе жағдай күрт өзгереді.
- Жоғарыда айтқанымдай, хабарлардың сапасына көпшілік көрермен наразы. Айтарлықтай реформа қажет пе, қалай, не істеу керек?
Ғалия Әженова: Реформа деген түбегейлі өзгеріс қой. Менің ойымша, хабарларды түзеу үшін экс-телемамандарды тартып, кеңес пе, бюро ма, комиссия ма құру керек. Ортада үзілген байланысты қайтадан қалпына келтіру қажет. Теледидардағы таза актерлікті қою керек. Шоуға, концертке жарамды шығар, бірақ хабарды, сараптамалық бағдарламаларды, жаңалықтарды жүргізуге жарамайды. Сараптамалық бағдарламаны жүргізу үшін баста бір нәрсе болуы керек. Білімін күнде-күнде арттырып, өзі қорытып отыруы шарт. Ондай білікті мамандар бар, соларды ескеріп экс-телемамандардың шеберлігін жастарға алып қалудың уақыты келді.
Жақында бір үлкен кәдеге жиналған едік. Лауазымды кісілер өтіп бара жатып, экс-телемамандар отырған үстелге қарады да: «Мына жақта «Қазақстанның» телеэлитасы отыр ғой, осында жайғасайық!»,-деді солардың ішіндегі жасы егде кісі. Сол жерде отырған элитаның ішінде Невада-Семей мәселесін көтеріп, жарылыс болған шахталарға түскен Ұлдай Ибадуллаева, Алаш зиялылырын, қазақ киносының тарихын зерттеген Гүлжаһан Қасымжанова, ауыз ашуға болмайтын заманда қазақ тілі үшін күрескен Назгүл Әбутрапова, керемет режиссерлердің бірі Сәуле Иманова, кезінде «Сапа» бағдарламасын жасаған Гүлмариям Барманбекова, микрофонымен халықтың арасынан шықпайтын Раиса Майтанова болды. Қазір бірі жұмыссыз, бірінің жұмысы болса да журналистикаға қатысы жоқ әр жерде жүр. Нандарын тауып жеп жүр, бірақ мәселе бұл емес. Солардың шеберлігін, білімін алып қала алмай отырмыз.
Берік Уәли: Егер мен реформа қажет десем, жоғарыда айтқан өз пікірлеріме қарсы шыққан боламын. Жақсы телеөнімдер баршылық. Креативті ойлар мен тың бастамалар болып жатса, қуанамыз. Меніңше, «Қазақстан» ұлттық арнасына қарап, басқа арналар бой түзесе жаман болмайды.
Айбар Олжай: Мұнда нақтылық керек. Нақты қай хабар? Қай арнадан шығады? Неге сапасыз? Соны анықтап алып, қоғамдық талқыға салып, басшыларына нақты ұсыныс жіберсе, олар хабарды реформалауға дайын. Осыны қоғамдағы бір белсенді қолына алса, көрермен іске өзі кіріссе, өзіне ұнайтын телевизия жасап шығаруға болады.
- Тележурналистер сараптамалық талдау хабарларға қаншалықты батыл барып жүр?
Ғалия Әженова: Қазақ тілінде бармайды деп ойламын. Газетте жазуы мүмкін. Кейбір арналарда тек тапсырыс бойынша айтуы мүмкін. Көрермен бергі жақта, журналистке риза болып, «өкіртіп айтты-ау» деуі мүмкін. Бірақ, ол - тапсырыс.
Бізде сөз бостандығы жоқ. Кез-келген тақырыптағы мәселелерге еркін сұрақ қойып, еркін жауап алып, кейін журналистің жазаланбауы өте күмәнді.
Берік Уәли: Батыл журналистер бар. Біз көбіне осы мәселеде қоғамдық-саяси сараптамалық бағдарламаларды айтамыз. Әлеуметтік, жемқорлыққа қатысты жақсы талдаулар бар. Дәулетхан Қыдырбайұлы жемқорлық тақырыбын батыл көтеріп жүр. Айнұр Серимова да сауатты сараптамаларымен танымал. Болат Мүрсәлім, Есболат Айдабосын, Ерлан Атамбай, Мұрат Есжан, Өркен Кенжебек сынды тележурналистерді де атар едім.
Айбар Олжай: 21 ғасырда, Қазақстан Республикасында қаншалықты батыл баруға болады, соншалықты батыл барып жүр.
- Теледидардың жұмысын аға буын өкілдері өрт сөндірушілер қызметімен теңейді, тым асырып айтқандық емес пе?
Ғалия Әженова: Өрт сөндіруші деп жаңалықтардағы журналистерді айтуға болады. Көкейкесті репортаждардағы журналистер де осы қатарға кіреді. Қазір болды, қазір дайындап, көременге қазір жеткізу керек. Өрт сөндірушіге теңеу тым кең ұғымда айтылған. Журналист SOS деген жердің барлығында да жүреді.
Берік Уәли: Шын мәнінде солай. Асырып айтқандық емес. Қоғамда орын алып жатқан әр түрлі қиын жағдайларда түсіндіру, халыққа жеткізу миссиясын атқарып отырғаны шындық.
Айбар Олжай: Кейде өрт болса, оқиға орнына телеарна өрт сөндірушілерден бірінші болып жетеді. Жаңағы теңеу, жеделдікке қатысты айтылса келісуге болады. Ал қоғамда тұтануы мүмкін өртті сөндіру жағына келсек, қазір телеарна мұндай өртті сөндіре алады, бірақ қауыптісі өртті жаға да алады.
- Дәстүрлі сауалымыз. Британдық психолог Кевин Даттон «Есалаңдар» данышпандығы» еңбегінде «есалаң» мамандықтар тізімін жасапты. Сол тізімде тележурналистер алғашқы орныдарда тұр. Сіз не дейсіз?
Ғалия Әженова: Бұл дүниежүзіндегі журналистерге қаратып айтқан. Біздің журналистерде айырмашылық бар.
Мысалы, бір жерде апат болды. Журналист адам ретінде апатқа ұшырағандарға жаны ашуы мүмкін, қиналады. Бірақ, оның қиналып тұруға уақыты жоқ, оқиға болған жерге қалайда жету керек. «Есалаңдық» осындайда көрінеді. Бұл «есалаңдыққа» келісемін.
Оның екінші жағы да бар. Тапсырыспен жұмыс жасайтын есалаңдар. Олардың есалаңдығы - ақша, басшылықтың айтқаны. Олар ақпаратты фактымен емес, эмоциямен жеткізеді. Жоқ фактыны ақтарып бір жерден тауып алуы мүмкін, бірақ қанша жасырынса да, құлағы көрініп қалған қоян сияқты жалғандығы байқалып тұрады. Сол сияқты материалдарының «құлақтары» көрініп қалады. Өкінішті нәрсе.
Берік Уәли: Егер бұл сауалды 6-7 ай бұрын қойғандарыңызда толық келісер едім... Ал, қазір мемлекеттік қызметте жүргендіктен, журналист әріптестерім ойымды дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. (күледі). Сондықтан бұл сұрағыңызға жауап бермей-ақ қояйншы.
Айбар Олжай: Күні-түні ұйықтамай, зыр жүгіріп, сол жұмысың үшін биліктен де, қоғамнан да таяқ жеу, көрерменнен сын есту, тиімді бизнеспен айналыспай, уақытты бекер эфирден бір сәт өтіп кететін дүниеге қор қылу - нағыз есалаңның ісі. Сондықтан есалаңдарға ескерткіш қоймайды. Жастарға журфакқа құжат тапсырар алдында осыны ойлану керек.
P.S.
Алдағы күндері теледидардың өзгеде мәселелерін көтерген сұхбаттарды оқи аласыздар.
Сұхбатты жүргізген Балғын Әділбаева
Abai.kz