Бас прокурор Боранбаев пен Намазбаев ісін қайта қарауға қатысты түсінік берді
Боранбаев пен Намазбаев және олардың қорғаушылары жаңа мəн-жайлар бойынша істі қайта қозғау туралы өтінішхатпен жүгінген жоқ. Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауапта осындай дерек келтірген.
«Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 14.03.2022 жылғы заңды күшіне енген үкімімен Боранбаев (5 жыл 2 ай бас бостандығынан айыру) ұлттық алауыздықты қоздырғаны үшін (ҚК-нің 174-бабы 2-бөлігі) жəне Намазбаевпен (5 жыл бас бостандығынан айыру) бір топта билікті күштеп басып алуға шақырғаны үшін (ҚК-нің 179-бабы 2-бөлігі) сотталғаны анықталды.
Осы іс бойынша сіздер жаңадан ашылған мəн-жайлар бойынша сот актілерін қайта қарау туралы мəселе қойып отырсыздар. Сонымен бірге, жаңадан ашылған мəн-жайлар бойынша қылмыстық іс жөнінде іс жүргізуді қайта бастау тəртібі мен негіздері Қылмыстық-процестік кодекстің (бұдан əрі – ҚПК) 53-тарауымен реттеледі. Бұл іс жүргізу – қылмыстық процестің бір сатысы жəне ол жерде үкім шығару кезінде сот білмеген мəн-жайлардың болуы немесе болмауы туралы мəселе шешіледі. ҚПК-нің 55-бабы 1-бөлігінің 4-тармақшасына сəйкес сот актілерін қайта қарау жəне жаңадан ашылған мəн-жайлар бойынша іс қозғау құқығы тек сотқа ғана тиесілі», - деп жазылған жауапта.
Бас прокурордың айтуынша, мұндай істі қайта бастаудың тәртібі Қылмыстық-процестік кодекстің 499-бабы 2-бөлігі бойынша реттеледі.
«Бұған сот үкімінде белгіленген жəбірленуші, куə, сарапшы қорытындысының жалғандығы, заттай дəлелдемелердің, тергеу 2 жəне сот іс-əрекеттерінің хаттамаларының бұрмаланғандығы, тергеушінің, судьялардың қылмыстық іс-əрекеттері, сондай-ақ сот үкім шығарған кезде ол туралы білмеген тексеру немесе тергеумен анықталған өзге де мəн-жайлар жатады. ҚПК-нің 502-бабына сəйкес қылмыстық процестің қатысушылары (сотталған, жəбірленуші, олардың қорғаушылары немесе заңды өкілдері) ғана жаңадан ашылған мəн-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхатпен жүгіну құқығына ие. Бұл ретте, Боранбаев, Намазбаев жəне олардың қорғаушылары осы негіздермен жүгінбеген, яғни олар өздерінің іс жүргізу құқықтарын іске асырмаған. Осыған байланысты сотталғандар үкім шығару кезінде сотқа белгісіз болған мəн-жайларды көрсете отырып жəне олардың кінəсіздігі немесе онша ауыр емес қылмыстық құқық бұзушылықты жасағанын куəландыратын өтінішхатты сотқа не прокуратура органдарына дербес беруге құқылы екендігін түсіндіреміз», - деп жазады Берік Асылов.
Abai.kz