Мәскеудегі парад: Украина ТМД басшыларына өкпелі
Кеше Мәскеуде «Жеңіс парады» өтіп, оған Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев және Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан.
Бұған қатысты пікір білдірген Украина сыртқы істер министрлігі ТМД лидерлерінің Мәскеудегі парадқа баруын «өмірі мен тәуелсіздігі үшін күресіп жатқан украин халқына қарсы дұшпандық қадам» деп айыптады.
Украина СІМ-інің айтуынша, парад кезінде Украинаға қарсы соғысқа қатысып жатқан ресейлік әскери техника көрсетілген.
Сондай-ақ, мәлімдемеде Ресей президентінің «Украин азаматтарын өлтіруді, Украинаның қалалары мен ауылдарын талқандауды, бала ұрлау мен оккупацияланған украин аймақтарының тұрғындарына қарсы репрессияны ақтағаны» жазылған.
Мәлімдемеде: «Іс-шараның алдында Ресей Украинаны одан сайын қирату үшін 25 қанатты зымыранын ұшырды», - делінген.
«Орталық Азия және Кавказ халқы 78 жыл бұрын нацизмді жеңуге өлшеусіз үлес қосты. Ал осы елдердің басшыларының парадқа қатысуы азаттығы үшін күресі жатқан украин халқына қарсы дұшпандық қадам», - дейді мәлімдеме авторлары.
Abai.kz