Өзгерісті өзінен бастаған – «Ақ жол»: Үгіт науқаны қалай жүріп жатыр?
Тамыздың 23-і өтетін алғашқы Құрылтай сайлауы – елімізде ресми тіркелген жеті саяси партияның толық құрамда қатысып отырған алғашқы ірі науқандарының бірі болып отыр.
Орталық сайлау комиссиясы тіркеген тізімде: «Әділет», «Ақ жол», «Қазақстан Халық партиясы», «Ауыл», «Respublica», «Байтақ» және «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» (ЖСДП) бар екенін жақсы білеміз.
ӨЗГЕРІСТІ ӨЗІНЕН БАСТАҒАН – «АҚ ЖОЛ»
Бұл жолғы сайлау науқанның жалпы келбеті бұрынғыдан мүлдем өзгеше десек артық айтпаймыз. Егер бұрын партиялар идеологиямен емес, әкімшілік ресурс пен танымал тұлғалармен жарысса, бұл жолы әрқайсысы нақты электоралды ортасын қалыптастырып үлгергені айқын байқалады.
Осылардың ішінде 25 жылдық тарихы бар «Ақ жол» - Қазақстанның демократиялық осы науқанда айқын түрде Алтын орда мұрасының мұрагері әрі жоқтаушысы һәм орта және шағын кәсіпкерлердің жоғын жоқтайтын, ыстығы мен суығына көнетін орта таптың партиясы ретіндегі позициясын айқара паш еттіп отыр.
Сайлаудың аз-ақ алдында «Ақ жолдың» тізгінін Дания Еспаева ұстады. Сол себепті де партия үшін бұл науқан - жаңару кезеңі болып табылады.
«АҚ ЖОЛ» ПАРТИЯСЫ ТОСЫН ТАКТИКАЛЫҚ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ!
Жалпы, сайлауалды сиезде «Ақ жол» партиясы алдағы Құрылтай сайлауы қарсаңында тактикалық тұрғыда өте маңызды шешім қабылдады десе болады. Себебі, партияны ондаған жылдар басқарған Азат Перуашевтың өз орнында қала беруі – Қазақстанда жаңа мазмұнда жасақталатын парламентизм институтының сипатына сай емес еді (Азат Перуашевтың өз сөзі). Мұндай жағдай қоғамда ««Ақ жол» партиясы сайлауға ешбір өзгеріссіз қатысуда» деген пікірді орнықтырып, партия өз электоратынан қол үзіп алуы да мүмкін болатын. Сондықтан, алдағы Құрылтай сайлауында көбірек дауысқа ие болудың ең дұрыс жолы ретінде партия иммиджіне жаңа леп беру қажет болды. Сиез осы мәселені шешті. Шешкенде де, өте сәтті тактикалық қадам жасай отырып шешті: ол – төрағалық орынға әйел адамды, яғни, Дания Еспаеваны алып келу.
Енді, қоғамдық пікірде партияның өзгерістерге даяр екендігіне сенім күшейіп, ол «Ақ жол» партиясының Құрылтайдағы позициясын нығайта түседі десек қателеспеймз.
Қарапайым тілмен айтсақ, «Өзгерістер қажет» деп ұрандатқан «Ақ жол» сол өзгерісті өзгеден бұрын өзінен бастап, үлгі көрсетті!
Сөзіміз сұйық болмасы үшін, нақты сандерек: Соңғы бір жылда партияның ұйымдастырушылық және сайлау штабын басқаруда жаңа буынға жол ашылды. Орталық Кеңес құрамы 40%-ға жаңартылып, төрағаның орынбасарлары мен өңірлік филиал басшыларына 35-45 жас аралығындағы кәсіпкерлер, заңгерлер мен экономистер келді. Партияның өзі мұны «Ақ жол 2.0 - басқарушылар партиясынан жұмыс берушілер партиясына» көшу деп атайды.
Партияның негізгі сайлауалды ұраны нақты: Өзгерістер, нарық, демократия, әділеттілік. Бірақ акценттер жаңа жағдайға бейімделіп өзгергені де байқалады. Егер 2021-2023 жылдары партия көбіне шағын және орта бизнесті қорғау туралы айтса, қазіргі бағдарламасында үш нақты блок бар:
- Салық реформасы - қосымша құн салығын 16%-дан 12%-ға түсіру, жеке кәсіпкерлерге арналған бірыңғай 4% салық.
- Кәсіпкерді қылмыстық қудалауды тоқтату - экономикалық баптар бойынша қамауға алуға тыйым салу.
- Адал тендер - мемлекеттік сатып алуды толық цифрландыру және отандық өндірушіге 30% жеңілдік. Ақ жол партиялық тізімі - бұл жолғы науқандағы ең жас және ең кәсіби тізімдердің бірі.
«АҚ ЖОЛ» НЕ СЕБЕПТЕН ЕСПАЕВАНЫ ТАҢДАДЫ?
Бұл сұраққа жауап беру үшін, алдымен «Ақ жол» демпартиясының су жаңа төрағасы - Дания Мәдиқызы Еспаеваның өмірбаянына шолу жасаған дұрыс: Дания Мадиқызы Еспаева 1961 жылы 5 наурызда Ақтөбе облысы, Мартукст ауданы, Жайсан ауылында.ауылда дүниеге келген. Бір жасында анасынан, кейін әкесінен айырылған. Сондықтан мүмкіндігінше тезірек мамандық алып, өз аяғына тұруға ұмтылған. 1982 жылы Алматы есеп-несие техникумын қызыл дипломмен, он жылдан кейін сырттай Алматы халық шаруашылығы институтын тәмамдаған.
1982 - КСРО Мемлекеттік банкінің Ақтөбе облыстық департаментінің несие бөлімі экономисі. 1986-1987 жж - КСРО Мемлекеттік банкінің Ақтөбе облыстық департаментінің несие бөлімі аға экономисті. 1988-1991 жж - Промстройбанк облыстық басқармасының ақша айналымы бөлімінің аға экономисі. Бұл деректен Дания Еспаеваның Кеңес заманында еңбек ете жүріп, КСРО сияқты алып мемлекеттің экономикалық жүйесінің күре тамыры – қаржы саласын жетік меңгергенін көреміз.
Бұл тәжірибе оны еліміз Тәуелсіздік алған соң құрыла бастаған банк саласын дамыту ісіне алып келеді. Сөйтіп, ол 1992 ж. - «Тұран» БК Ақтөбе филиалының бас бухгалтері, 1992-1995 жж - «Тұран» АҚ Ақтөбе филиалының директорының орынбасары, 1995-1997 жылдар - «Әлем Банк Қазақстан» АҚ Ақтөбе облыстық департаментінің несие бөлімінің бас маманы, несие кафедрасының меңгерушісі, Кредиттеу бөлімінің бастығы, 1998 - 2005 жж - «БТА Банкі» АҚ Корпоративтік бизнестің директорының орынбасары, 2006 жылдың қараша айынан бастап - «БТА Банкі» АҚ Ақтөбе филиалының директоры, 2014 жылғы қарашадан бастап - «Казкоммерцбанк» АҚ Ақтөбе филиалының директоры қызметтерін атқарады.
Бұл «қызметттік тізімнен» Д.Еспаеваның маман ретінде сатылы түрде жоғарыға өрлеп отырғанын, қызметі тұрақты нәтиже беріп отырғанын көруге болады. Ал, бұл, өз кезегінде, адамның адами қасиеттерінің көрсеткіші саналып, ортамен дұрыс қарымқатынас орната білудің, және сонымен бірге, мақсатты әрі табанды адам екендігінің индикаторы бола алады.
БІЛІМНІҢ ЕСПАЕВАНЫ МӘЖІЛІС МІНБЕРІНЕ КӨТЕРУІ...
Ақ жол» парламенттік партияға айналған соң кәсіпкерлік пен өндірушілерді қолдайтын партия ретінде таныла бастады. Сол кездері оның депутаттық құрамына белгілі өндіріс адамдары, кәсіпкерлер көптеп шақырылды. Еліміздің экономикасының іргетасы саналатын өндіріс саласында кәсіби заңдар шығару үшін осы саланы жетік білетін мамандарды партия өз қатарына тартты. Сондықтан, экономиканың белді саласы – қаржылық жүйеде өзін таныта білген, білікті қаржы экономисі, бір облыстағы ірі банкіні басқарып отырған Дания Еспаеваны «Ақ жол» партиясының назардан тыс қалдыруы мүмкін емес еді. Сөйтіп, ол 2016 жылғы наурыздан бастап ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болып қызметін атқара бастады.
Негізі, Д.Еспаеваның депутаттық тәжірибесі өзінің Ақтөбе облысында қалыптаса бастаған болатын. Ол екі рет Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған, Ал қоғамдық жұмысында «Атамекен» одағы басқармасының мүшесі болған, ұзақ жылдар бойы отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссия құрамында жұмыс істеді.
Д.Еспаева 1982 жылдан бастап банк жүйесінде жұмыс істеді. Осы саладағы жалпы жұмыс өтілі 34 жыл, оның ішінде 17 жыл басқарушылық лауазымда болды. Банк қызметінің барлық салаларында терең білім алды. Міне, осындай білікті маманды еліміздің индустриялық дамуын мақсат еткен «Ақ жол» партиясы өзінің депутаттар корпусы қатарына қосты.
Д.Еспаева тек білікті депутат болып қоймады, партия оны 2019 жылы өткен Қазақстан Республикасы президентін сайлауына балама кандидат ретінде қосты. Сөйтіп, Д.Еспаева еліміздегі президенттік сайлауға кандидат ретінде ұсынылған алғашқы әйел болып аты тарихқа енді. Осы науқан кезінде Д.Еспаева елді көп аралады, жүздеген мекемелер мен ұжымдарда халықпен кездесулер өткізіп, өзінің елжұртқа әйгілі болған ұстанмын паш етті: «Әйел – отбасының қаржы директоры. Ал біздің көпұлтты отбасымыз – Қазақстан. Қаржының бәрі ел ішінде қалуы керек. Қазір зейнетақы және ұлттық қор қаражаты шетелде небәрі 3%-бен сақталып жатыр. Бұлай болмауы тиіс. Одан да сол қаржыны осында іске қосып, жергілікті өндірушілерді қолдау қажет», – дейді Еспаева. Ал, халық арасында «Данияны президент сайлайық, сонда Даниядағыдай өмір сүретін боламыз»» деген әзілдің кең тарағаны ұмытылған жоқ.
ДАНИЯ ЕСПАЕВАНЫҢ САЯСИ ТҰЛҒА РЕТІНДЕ ӨСУІ
Одан өзге, президенттік сайлау науқаны Д.Еспаеваның саясаткерлік тәжірибесінің шыңдала түсуіне де көп ықпалын тигізді. Ол еліміздегі өткір тұрған экономикалыққаржылық мәселелерді шешуді «еуропалық демократиялық бағытты ұстана отырып шешу қажет» деп санады. Елімізде әділеттілік, адам құқын қорғау, еркіндік пен бостандық мәселелері сөз жүзінде қалып қоймай, нақты мазмұнға ие болуы керек екендігін халыққа түсіндірумен болды.
Оның президенттік сайлауға кандидаттыққа ұсынуын Еуропа саясаткерлері де жылы қабылдап, пікірлерін білдіріп жатты. Мысалы, сайлау науқаны басталған күндердің өзінде-ақ Еуропарламенттің Орталық Азия жөніндегі делегациясының төрайымы Ивета Григуле «Ақ жол» партиясы «Қазақстанға және халықаралық қауымдастыққа демократия мен либерализм қағидаттарына адалдығын, негізгі құндылықтар мен азаматтардың тең құқықтылығына құрметін көрсетті», - деп орынды атап өтті.
Д.Еспаеваның енді тарих қойнауына кетуге бет бұрған Қазақстан Республикасы Мәжілісінің төрағасының орынбасары, вицеспикер болуы да – оның саясаткерлік қырының ең жарқын беті дейміз.
Бүгінде «Ақ жол» партиясының төрағалығы орнына келген Д.Еспаеваның шағын саяси портреті өте бай екенін жоғарыдағы деректер молынан айтып тұр. Енді ол өзінің жаңа қызметінде партияны Құрылтай сайлауында төрге шығару міндеті түр. Сөйтіп, оған білімі мен тәжірибесін Қазақстанның дамуына арнауға даңғыл жол ашылды десек болады.
Сөзіміз нақты болуы үшін, Д.Еспаеваның бірнеше саяси, экономикалық, әлеуметтік бағыттағы талаптарына назар аударайық.
Саясаткер шетелдік жер қойнауын пайдаланушылардың тауарлар мен қызметтер сатып алуында отандық кәсіпорындарға нақты басымдық беру мәселесін үнемі көтеріп келеді. Бірде ол сөзінде Алаш жетекшісі Әлихан Бөкейханның сөзін келтіреді: «Жер астындағы, жер бетіндегі және тіпті аспандағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Қазақтың кеудесіне тағылатын түйме құюға болатын әрбір тасқа дейін».
«Біз жақсы өмірге апаратын жаңа мүмкіндіктерді үнемі кеңейтіп, ашып отыруымыз керек және осы жолда кедергі болатын нәрсенің бәрінен батыл түрде бас тартуымыз қажет», – дейді Дания Мадиқызы сайлаушылармен кездесулерде бірнеше рет.
Атап айтқанда, ол еліміздегі басты міндеттерінің бірі ретінде жемқорлыққа қарсы ымырасыз күресті және капиталдың офшорлық аймақтарға заңсыз шығарылуын тоқтатуды санайды.
(Айта кетсек, «Ақ жол» өкілдері парламенттегі алғашқы күндерінен бастап он жыл бойы үкімет пен бас прокурорға офшорсыздандыру және Қазақстаннан заңсыз шығарылған миллиардтарды қайтару жөнінде нақты фактілер мен есімдерді көрсетіп тұрақты ұсыныстар жасап келеді).
Ал, Д.Еспаеваның ұстанымы оны өткір саясаткер қатарына қосатын сияқты: «Егер министр немесе Ұлттық банк басшысы девальвация болмайды деп мәлімдеп, кейін ол бәрібір орын алса, мұндай шенеунік отставкаға кетуі тиіс», – деп нақты талап қояды Еспаева.
Сонымен бірге ол девальвациялық тәуекелдерден шығудың жолын отандық өндірушілерді қолдаудан, импортты алмастырудан және ішкі нарықты қазақстандық тауарлармен толықтырудан көреді.
Мінеки, Д.Еспаеваның саяси ұстанымдарына шағын шолудың өзінде оның мемлекетшілдік ұстанымы, әділеттілікті ту етіп ұстанатыны, мемлекет қызметкерінің мақсаты халқына қызмет ету екендігі анық айтылады. Бұл – еліміздің саяси аренасына заманға лайық ойлайтын, жігерлі күрескер саясаткердің партия басшылығына келгенінен хабар береді. Әрине, бұл ойлар болашақта партияның да тұрақты ұстанымы ретінде көрініс беретіні анық.
Түйін: «Ақ жол» партиясы ұзақ жылдар бойы Алтын орда мұрагері ретінде өзін танытып келді. Енді, партияға жаңа төраға келуімен «Ақ жол» партиясының осы бір руханимәдени бағыты өзгермейді деп сенім білдіреміз. Ендеше, Дания Мадиқызы Еспаева басқаратын «Ақ жол» партиясы осы жолдан таймайды, қоғамды демократиялық құндылықтарға бастайды деп партияға да, оның көшбасшысына да үлкен сенім артқымыз келеді.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Ескерту: Материалдың ақысы «Ақ жол» - Қазақстанның демократиялық партиясының сайлауалды штабы қорынан төленді.
Abai.kz