Қазақстанда 2029 жылға қарай 9 әлемдік ЖОО-ның филиалы ашылады
Бүгінде елімізде төрт әлемдік деңгейдегі университеттің филиалы ашылды. 2029 жылға қарай тағы 9 университеттің филиалын ашу жоспарлануда. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов мәлім етті.
«Біз үшін ғылыми зерттеу жұмыстарына инвестиция құю басты міндеттердің бірі. 2027 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) ғылыми зерттеуге бөлінетін бюджет қаражатын 1%-ға ұлғайтуға тырысамыз. Ғылыми зерттеуге бөлінетін бюджет әлемдік стандарттар бойынша аз болып көрінуі мүмкін, дегенмен біздің еліміз үшін үлкен серпіліс. Қазақстан көптеген зерттеу салалары бойынша алдыңғы қатарда емес, оған себеп адам әлеуеті мен ресурстардың шектеулігі. Сондықтан біз де алдағы уақытта белгілі бір салаларда жетістікке жетіп, білімнің жаһандық дамуына үлес қоса аламыз деп сенеміз. Бүгінде Назарбаев университеті зерттеулер нәтижесінде ел ішінде білім алуды институттандырып, нәтижесін кеңінен таратуда», - деді Әлихан Смайылов елордада өтіп жатқан Азия университеттері ректорларының форумында.
Үкімет басшысының айтуынша, цифрлық қоғамға көшу жағдайында технологияның еңбек нарығына әсері жоғары.
«Цифрландыру қарқыны барлық салаға әсер етеді, оның ішінде еңбек нарығымен тұтастай экономика да бар. Демек, біз заман сұранысын қамтамасыз ету үшін жоғары оқу орындарында цифрландыру саласына басымдық береміз. Сонымен қатар Қазақстан интернационалдандыру арқылы сапалы жоғары білім беруге инвестиция құюға ниетті. Елімізде филиалдық кампустар құру арқылы жетекші халықаралық университеттермен ынтымақтастықты дамыта түсеміз. Қазіргі уақытта 4 халықаралық университет елімізде өз филиалын ашты. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыра отырып, 2029 жылға қарай кем дегенде тағы 9 әлемдік университетті шақыруды жоспарлап отырмыз», - дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астанада Азия университеттері альянсының форумы өтіп жатыр.
Abai.kz