Жұма, 22 Қараша 2024
Тарих 4341 9 пікір 26 Мамыр, 2023 сағат 15:10

Сталиндік ұжымдастыру - қазақты құртуды көздеді

Сталиндік күштеп ұжымдастыру басталғанға дейін қазақтың 94 пайызы ауылда тұрып, мал шаруашылығымен айналысты. Алты пайызы ғана қалада тұрған. Әрине, жартылай көшпелі аудандар да болды. Олар ептеп тары екті. Бірақ, қазақтардың негізгі тамағы – ет болатын.  Ет дайындау науқандарында «Союзмясо», «Москвамясо» сияқты бірлестіктер қазақтың малын сыпырып алды. Ішіп отырған асын тартып алған соң, қазақтар жаппай ашаршылыққа ұшырады. Сол кездегі биліктің қазақтардан етті қалай тартып алғаны жайлы Мәскеудегі Ресейдің экономикалық архивінде сақтаулы тұр. 1928 жылы қазақтың ең ірі байларын кәмпескеледі.

Сталиндік ұжымдастыру қазақтың көзін жоюға бағытталды. Сталин қазаққа малдың артында жүрген жабайы халық деп қарады. Қазақты артта дамымай қалған халық деп санағандықтан, оған ұлт ретінде қарамаған.

Ұжымдастыру бойынша алғашқы әрекеттер революциядан кейін басталды, ұжымдастыруды бастау туралы шешім 1927 жылы большевик коммунистік партиясының 15-ші съезінде қабылданды. Ұжымдастыру ұйымдастырудың басты себептері мыналар еді:

1. КСРО-ны индустрияландыру үшін инвестиция қажет болды;

2. 1920-шы жылдардың соңындағы «астық жинау дағдарысымен» күресуді қолға алмақ болды.

1932 жылдың ақпан айына дейін Қазақстанда колхоздардың 87% және жеке қожалықтардың 51,8 % мал басынан айырылды. 1933 жылдың 1 қаңтарында еліміздің шығысы ­- ірі мал шаруашылығы базасы болып саналатын аймақта ұжымдастыру қарсаңында 40 миллион бас ірі қара малдан  4 миллион бас қалды. Мұрағаттық деректерді сараптап отырып, Сталин саясатының аса қатігез, адамшылыққа жатпайтын идеядан құрылғанын түсіндім. Сталин саясаты ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық менталитет пен мінезімізді бұзып, «гомо-советикус» немесе «совок» деген адамдар тобын қалыптастырды.

Ол бүкіл кеңестік жүйе пен оның экономикалық жүйесінің құлы болды, 20 ғасыр 80-ші жылдарының ортасында Кеңесті экономикалық дағдарысқа ұшыратты.

Ғылым әлемінде ұжымдастыруды танымал америкалық тарихшылар Роберт Конквест, Марта Олкот және басқалар үлкен жауапкершілікпен зерттеді. Қазақстанда халықтың трагедиясы туралы алғаш рет танымал тарихшылар Манаш Қозыбаев, Жұлдызбек Әбілхожин, Мақаш Татімовтар жазды.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің Президиумы жанынан құрылған комиссия ашаршылықтың мән-жайын және себептерін зерттеуде үлкен жұмыс атқарды. Көптеген зерттеулер орыс және қазақ тілдерінде жарық көрді.  2012 жылдың маусым айында Астана қаласында ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды.

Ашаршылық кезінде 2 580 000 қазақ қаза болып, 800 мыңы басқа елдерге босып кетті. Республика тұрғындарынан 11% украиндар, 6% орыстар, 8% өзбектер, 13% ұйғырлар, 10% татарлар, 11 % немістер аштықтан көз жұмды.

Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының директоры Б. Аяған 1926 жылы республикадағы қазақтардың саны - 3 628 000 адам болғанын, 1939 жылы халық санағында қазақтың 1 300 000 қырылып қалғаны анықталды. Ғалымның айтуынша, 1929 жылдан 1931 жылға дейін, Қазақстанда кеңес үкіметі мен оның жүргізген ұжымдастыру саясатына қарсы 372 көтеріліс болып өткен, оған 80 мыңнан астам адам қатысты.

Аштық 1938-1939 жылдарға дейін созылды.

Б. Аяған былай деді: «Бұл қайғының ауқымды болғаны соншалық, біз мұны геноцид саясатының көрінісі ретінде белгілей аламыз. Мұндай мәлімдеме геноцид қылмысын болдырмау және жазалау туралы халықаралық конвенцияда бекітілген халықаралық құқықтың қатаң нормаларынан туындап отыр.

Сталиндік ұжымдастыру, Қазақстанда, Украинада  т.б. жерлерде болған ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін саясаты ХХ ғасырдың бірінші жартысында біздің халықтардың тәуелсіз мемлекет болуына үлкен кедергі жасады.

ХХ ғасырдың басында қазақстардың да, украиндардың да ұлттық-патриоттық интеллигенциясы мен ұлттық-демократиялық саяси партиялары болған еді. Алаш партиясы 1918-1920 жылдарда азаматтық соғыстың қиын кезеңдерінде бұл партия қазақ халқының мүддесін мүмкіндігінше қорғауға тырысты. Бірақ Сталин мен оның айналасындағылар ұлт қаймақтарына аямай репрессия жүргізді.

Мұның бәрі Сталиннің Кремль тағына отыру үшін имперлық, ұлыдержавалық саясатын жүзеге асырғанын көрсетеді және дәлелдейді.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318