Түркия тізгіні тағы 5 жыл Ердоғанның қолында...
Түркиядағы екі кезеңге созылған президент сайлауы кеше түнде өз мәресіне жетті. Елді 20 жыл бойы басқарып келген Режеп Тайып Ердоған жеңіске жетіп, 3-ші рет президент болып сайланды.
Сайлау қорытындысы бойынша, Ердоған 52,14% дауыс жинаған, ал оның басты қарсыласы, оппозиция өкілі Кемал Қылышдароғлы 47,86% дауыс алды.
Ердоған өзінің жақтастарына алғыс айтты.
«Мен демократия мерекесін жасаған халқыма рахмет айтқым келеді. Бізге тағы бес жыл ел басқаруды сеніп тапсырған, дауыс берген адамдардың бәріне алғысым шексіз», - деді ол.
Қылышдароғлы «бұл сайлау – соңғы жылдары Түркияда болған ең әділетсіз сайлау», - деп бағалады. Ол Түркияда демократия орнату үшін күресуді тоқтатпайтынын айтты.
Жақтастарының алдында сөйлеген Ердоған: «Бізге бірігетін уақыт келді», - деді, сондай-ақ, ол «Күрдтерді қолдайтын халықтар Демократиялық партиясының» бұрынғы жетекшісі Селахаттин Демирташты түрмеден босатуға уәде берген Қылышдароғлын сынады.
Түрік билігі Демирташты 2016 жылы «Күрдістан жұмысшы партиясына» байланысы бар деп соттаған.
Ердоған Демирташты террорист деп атап: «Біз билікте отырғанда ол ешқашан бостандыққа шықпайды», - деді.
«Бізге нақты жұмыс істейтін уақыт келді. Біздің алдағы мақсатымыз – 6 ақпанда жер сілкінісінен зардап шеккен қалаларды қалпына келтіру, адамдардың өмір сүруін жақсарту, инфляцияны түсіру», - деді 20 жыл бойы ел басында келе жатқан 69 жастағы Ердоған.
Режеп Тайып Ердоғанды Ресей президенті Владимир Путин де, Украина президенті Владимир Зеленский де жеңісімен құттықтады. Ердоған соғыс жүріп жатқан екі елдің ортасында арағайындық рөлін сомдауға тырысып жүр. Ол Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесті, сонымен бірге Украинаға түрік дрондарын жеткізді. Екі тараптың ортасында келіссөз ұйымдастырды, тұтқындар алмасуына көмектесті.
Айжан Темірхан
Abai.kz