Сұлтан Хан Аққұлұлы. Алаш көсемі шетел аспай, өзін Мәскеу торында ұстауға неге көнді? (Басы)
Немесе Әлихан Бөкейхан өмірінің «мәскеу кезеңі» турасында (1922-1937)
Әлихан Бөкейхан өмірінің 1922 жылғы желтоқсаннан 1937 жылдың қыркүйегіне дейін 15 жылға дерлік созылған ақыретті «мәскеу кезеңі» де әлі жан-жақты зерттелмеген, жұмбағы жетіп-артылатын сәтінің бірі. Алаш көсемінің Мәскеуге өз ықтиярымен қоныс аудармағаны, А.Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда, «айдан анық, сүттен ақ» [№ 1-сурет]. Оны соңғы жылдары Ресейдің бірқатар мемлекет мұрағатынан табылған тың құжаттар бұлтартпай дәлелдейді. Бұл құжаттардан, атап айтқанда, Түркістан автономиясының бірінші басшылары Тұрар Рысқұлұлы мен Сұлтанбек Қожанұлының [№ 2-сурет], Қырғыз (Қазақ) облыстық комитетінің хатшысы Коростывлевтің [№ 3-сурет], 1927 жылдың мамырында И.Сталиннің құпия жеделхаттары [№ 4, 5-сурет], НКВД-ның тергеу материалдары мен Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің (БОАК) хаттамалары және т.б., Алашорда автономиясының басшылары мен мүшелеріне және белсенділеріне 1919 жылы рақымшылық жариялануына қарамастан [№ 7-сурет], Ә.Бөкейханның 1922 жылы тұтқындалып, оның ізінше Мәскеуге айдалуы, 1926 жылы Ақтөбеде тұтқындалып, Мәскеудегі Бутырка түрмесіне жабылуы және т.б. бір қарағанға жұмбақ көрінетін талай оқиғаның сырына тиянақты жауап береді.
Немесе Әлихан Бөкейхан өмірінің «мәскеу кезеңі» турасында (1922-1937)
Әлихан Бөкейхан өмірінің 1922 жылғы желтоқсаннан 1937 жылдың қыркүйегіне дейін 15 жылға дерлік созылған ақыретті «мәскеу кезеңі» де әлі жан-жақты зерттелмеген, жұмбағы жетіп-артылатын сәтінің бірі. Алаш көсемінің Мәскеуге өз ықтиярымен қоныс аудармағаны, А.Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда, «айдан анық, сүттен ақ» [№ 1-сурет]. Оны соңғы жылдары Ресейдің бірқатар мемлекет мұрағатынан табылған тың құжаттар бұлтартпай дәлелдейді. Бұл құжаттардан, атап айтқанда, Түркістан автономиясының бірінші басшылары Тұрар Рысқұлұлы мен Сұлтанбек Қожанұлының [№ 2-сурет], Қырғыз (Қазақ) облыстық комитетінің хатшысы Коростывлевтің [№ 3-сурет], 1927 жылдың мамырында И.Сталиннің құпия жеделхаттары [№ 4, 5-сурет], НКВД-ның тергеу материалдары мен Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің (БОАК) хаттамалары және т.б., Алашорда автономиясының басшылары мен мүшелеріне және белсенділеріне 1919 жылы рақымшылық жариялануына қарамастан [№ 7-сурет], Ә.Бөкейханның 1922 жылы тұтқындалып, оның ізінше Мәскеуге айдалуы, 1926 жылы Ақтөбеде тұтқындалып, Мәскеудегі Бутырка түрмесіне жабылуы және т.б. бір қарағанға жұмбақ көрінетін талай оқиғаның сырына тиянақты жауап береді.
Алайда, 1919 жылдың соңына қарай Қазақстанға Совет өкіметі орнағаннан кейін Алашорда ұлттық автономиясының басшысы ретінде жаңа өкіметке қарулы қарсылық көрсеткен өзі мен үзіңгілестерін не тағдыр тосып отырғанын Алаш көсемі болжай алмады ма? Совет өкіметі өзі мен үзеңгілестеріне рақымшылық жариялағанша Семей өңірінде жасырынып жүрген Қыр баласы - елағасы өзінің дарынды саяси шәкірті әрі ізбасары - Мұстафа Шоқаймен бірге немесе оның ізінше неге шекара асып кетпеді? Әзірше тарихи құжат түрінде негіздемесі жоқ бір мәліметке сәйкес, 1919 жылдың соңы мен 1920 жылдың басына дейін Алашорда төрағасы жақын үзеңгілестерімен Қытайға өтіп, біраз уақыт Шәуешек маңында жасырынып жүргенге де ұқсайды. Сібір мен Қазақстанда совет өкіметінен ойсырай жеңілген ақтар қозғалысы көсемдерінің дені, оның ішінде әсіресе Орынбор және Сібір казак әскерлерінің атамандары А.Дутов, Б.Анненковтың өз әскерлерімен Қытай асып кеткендерін ұмытпасақ, олармен антибәлшебектік одақ құрып Қызыл әскерге қарсы соғысқан Алашорда көсемдерінің де, оның ішінде совет өкіметінің 1919-1922 жылдардағы құжаттарында жазылғандай, «Шығыс Алашорданы бастаған Бөкейханов тобы» [№ 8-сурет]1 Шәуешекті немесе Шығыс Түркістанның өзге бір қаласын паналауы шындыққа әбден-ақ жанасар еді. Бұл топқа Ә.Бөкейханның өзі, Р.Мәрсекұлы, Х.Ғаббасұлы, М.Дулатұлы және басқалар жататын.
Бірақ тарихтан белгілі, не Алаш көсемі, не үзеңгілестері Қытай аспай, жаңа өкімет өздеріне рақымшылық жариялаған соң, елге оралды. Неге шетелге кетпеді? - деген заңды сұрақ сол кезде-ақ күн тәртібіне шығып, оған тиянақты жауап іздеген адам да аз болмаған көрінеді. Солардың бірі - Алаш қайраткері, ғалым, жазушы, драматург, журналист Қошке (Қошмұхамед) Кемеңгерұлы 1924 жылы Мәскеуде басылып шыққан «Қазақ тарихы» атты очеркінде мынадай жауап жазыпты: «басқа жұрттардың басшылары тырым-тырақай болып шет патшалықтарға шығып кеткенінде, Әлиханның қоныс аудармай қалуы да - елін сүйгендікке дәлел».2
Ә.Бөкейханның 1917 жылғы төңкеріске дейінгі де қиян-кескі күрес жолында алдынан қашу-қашпау мәселесі көлденең шыққан тағы бір маңызды сәті болған-ды. Бұл сәт Қ.Кемеңгерұлының пікірін толық растайды. Атап айтқанда, І Мемлекеттік думаға сайлану науқанын жүргізу үшін Семейге келе жатып, 1906 жылдың 8 қаңтарында Кереку [Павлодар] түбіндегі Тұзқала кентіне [Ямышевский поселкасы] аялдаған сәтінде Ә.Бөкейхан тұтқындалып, ешбір тергеусіз-сотсыз 4 ай Павлодар, Омбы түрмесінде отырады. Тұзқалада ұсталған кезінде Семейден Тураұл Абайұлы, Кәкітай Ысқақұлы Құнанбай бастаған достары бір топ, Тұзқаладағы қазақ достары екінші топ болып оны қашырмақ болған. Бірақ достарының екі тобын да таңырқатып Әлекең қашудан бас тартқан. Бұл жолы да Алаш көсемі елінің амандығы үшін жанын да, өмірін де құрбан етуге қашан да әзір екенін байқатса керек. Бұл сәтті Әлихан 1915 жылы Кәкітайға арнаған мұнақып-мақаласында былай деп еске алды:
«Януар басында 1906-ыншы жылы Керекуден Семейге баруға шыққан мені ұстасын деген Семейге хабар келген. Марқұм Омарбек пен Кәкітай һәм өзге аты теріс достар мені қашыртпақ болып, маған қарсы үш атпен «Б»-ны жіберген. Бұл мен ұсталған Тұзқалаға [жергілікті қазақтар Ямышевский кентін «Тұзқала» деп атаса керек. Құраст.] бір көш қана жетпей, ұсталғанды есітіп, кейін қайтты. Бірақ ол күні мен «Б-ға» жолықсам да, қашпақ емеспін. Егер мен онда қашсам, қырға отряд шығып, қазақты хор қылмай ма?
Мені Тұзқалада күзетке алып, қарауылшы бір қазақ-орыс [атты казакты айтып отыр.] қойып, мені ұстаған орыстар бір үйге тамақ ішуге кетті. Сонда маған жиылып келіп Тұзқала кісілері «қашырайық, қаш!» - деді. Мені ұстамас бұрын, маған Керекуден «С» қуып келді, «қашайық» деп.
Керегі мен болсам, мен қашпаймын, абақтыда бір кісі жатқаны жұрт қор болғанынан ыңғайлы болар дедім «С»-ға».3
Әрине, Ә.Бөкейханның елін жан-тәнімен сүйгендігіне күмән бар ма! Әйтсе де Қ.Кемеңгерұлының тапқан жауабы Алаш көсемінің елде қалуының қыр-сырын, бар жұмбағын ашып бермейді. Тиянақты жауапты Әлекеңнің елде қалғаннан кейін совет өкіметі тұсындағы іс-қимылынан қарастырған дұрыс.
Ең алдымен Түркістан АССР Орталық атқару комитеті (ОАК) төрағасының орынбасары Сұлтанбек Қожанұлы мен Түркістан Халық комиссарлар кеңесінің (ХКК) төрағасы Тұрар Рысқұлұлының Ресей Федерациясы ұлттардың істері бойынша халық комиссары (народный комиссар по делам национальностей РСФСР) Иосиф Сталинге жолдаған жеделхатын алайық. Жеделхат 1922 жылдың қазан айында Ташкенттен жөнелтілген. Оны алған жақтың, яғни РК(б)П ОК-нің хатшылығы Бюросы [Бюро секретариата ЦК РКП (б)] мөріндегі жазуға қарағанда, құжат 1922 жылдың 31 қазанында Кремльге жетіп тіркелген. Ал женделхаттың нақты қай күні жөнелтілгені көрсетілмепті. Жеделхаттың мәтіні төменгідей (мәтіні қажетті толықтырулармен беріліп отыр):
«Москва[.] ЦК РКП [.] Сталину.
Из Ташкента 4757 76 23 15 40 a [?].
Распоряжением властей Кирреспублики 14 октября [в] Каркаралинске арестован Алихан Букейханов[.] Принимая во внимание декрет [об] амнистии Алаш-Ординцам[,] слабую связ[ь] Соввласти [с] массой коренного населения Киргизии[,] атмосферу[,] создавшуюся [в] результате работ последнего съезда Советов Киргизии[,] [а] также учитывая возможность неблагоприятного отражения этого сообщения [в] массах кирнаселения, считаем необходимым просит[ь] Вас вмешаться [в] это дело и [в] случае отсутствия основания[,] предложит[ь] немедленно освободит[ь] Букейханова из под ареста[.] 564 ---
Зам председателя ТурЦИКа Ходжанов.
Председатель Совнаркома Рыскулов» (№ 2-суретті қара).4
Жеделхаттың мәтінен ол жылдары әлі Қырғыз және Түркістан автономияларына бөлінген советтік Қазақстанның С.Қожанұлы, Т.Рысқұлұлы сынды бірінші басшыларының ұлт көсемі - Ә.Бөкейханды нақақ айып тағу мен негізсіз қуғын-сүргіннен қорғауға тырысып баққанын көреміз. Одан да маңыздысы - олардың тізіп келтірген уәждері Кремльде отырған бәлшебек көсемдерінің назарын елең еткізген. Оған Ресейдің мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих мұрағаты (РГАСПИ) қорынан алынған келесі құжат дәлел болады.
Бірінші құжат - РК(б)П ОК хатшылығының 1922 жылғы 2 қарашадағы мәжілісі хаттамасының 39-тармағы. Онда Ә.Бөкейханның тұтқындалуы себебі туралы Қырғыз облыстық комитеті [Киробком] мен Бас саяси басқармадан [ГПУ] сұратып анықтауға нұсқау берілген. Екінші құжат - Коростылев деген Киробком хатшысының осы сұрауға жауап ретінде Орынбордан 11 қарашада жіберген «аса құпия» жеделхаты. Енді осы жеделхаттың мазмұнына назар аударайық:
«Строго секретно.
Москва. ЦК еРКаПе.
Вашу 17742-6127/? Арест Букейханова вызван систематическим неподчинением распоряжениям КЦИК[,] намерением бежать [в] Туркестан[,] ликвидацией руководящей нелояльной части Алаш-Орды [в] Семипалатинской губернии[,] имеющей связь [с] Монголией[,] разлагающей киргизскую молодежь № 75 (?!).
Секретарь Киробкома /Коростылев/.
«11» ноября - 22 г. гор. Оренбург[,] Советская ул. № 37[.] «КирОбКом» [№ 3-сурет].5
Коростылев «Ә.Бөкейханның тұтқындалуын Түркістанға қашу ниетімен» және «Семей гүбернесіндегі Алашорда басшылығының Совет өкіметіне қырын қарайтын және Монғолиямен байланысы бар бөлігін жоюмен» (!?) түсіндіреді. Бұл жеделхатта ең бірінші кезекте «ликвидация руководящей нелояльной части Алаш-Орды [в] Семипалатинской губернии» деген жолына айрықша назарған дұрыс. Себебі, орыс тіліндегі «ликвидация» деген сөз «көзін құрту», «көзін жою», жалпақ тілмен айтқанда - «өлтіру» деген мағынаны береді. Демек, Қазобком басшылығының алдына «Семей гүбернесіндегі Алашорда басшылығының Совет өкіметіне қырын қарайтын және Монғолиямен байланысы бар бөлігінің» көзін құрту, жою міндеті қойылса керек. Біріншіден, сөз ең алдымен Алашорда төрағасы Ә.Бөкейхан, онымен бірге тұтқындалған М.Дулатұлы және Қытай асып үлгерген Р.Мәрсекұлы туралы болып отырғанына еш дау жоқ. Екіншіден, Коростылев өзінің жеделхатында Кремльге (И.Сталинге деп түсініңіз) есеп беріп отырғанын анық аңғартады. Демек, Алашорда төрағасын Коростылев өз бастамасымен тұтқындамаған, ол - ұлттардың істері бойынша халық комиссары әрі РК(б)П-ның бас хатшысы И.Сталиннің нұсқауын орындаушы ғана.
Сонымен қатар Коростылев «Түркістан» деп не Қытай құрамындағы Шығыс Түркістанды (Шыңжаңды) айтып отыр ма әлде Т.Рысқұлұлы мен С.Қожанұлы басқарған Түркістан автономиясын нұсқап отыр ма, түсініксіз. Одан бұрын, 1922 жылдың қазанында Т.Рысқұлұлы мен С.Қожанұлының И.Сталинге ешбір негіз болмаған жағдайда, іске араласып Бөкейханды дереу босатуға нұсқау беруін өтінген жеделхатын еске алсақ, Кремльге келесі айда - қарашада жіберген құпия жеделхатында Коростылевтің сол екеуі басқарған Түркістан автономиясын нұсқап отыруы да ғажап емес. Бірақ, Алаш көсемі Қазақ автономиясына қараған Семейден Түркістан автономиясының астанасы - Ташкентке қоныс аударса, онысы қалай қашқаны болады? Олай дейтін себеп: 1922 жылы Қазақ және Түркістан - де-юре дербес автономиялар болып есептелсе де, де-факто - Ресейдің құрамына кіретін біртұтас қазақ ұлттық автономиялар болғаны тарихи факт. Ол бір. Екіншіден, егер Алашорда төрағасының Семей облысымен шекаралас Шыңжаңға не Моңғолияға қашпақ ниеті болса, ол 1919 жылдың соңы мен 1920 жылдың басында-ақ неге шекара асып кетпеді? Үшіншіден, Ә.Бөкейхан кейінірек, тұтқындалған 1922 жылдың қазанында қашуды шындап жоспарлаған болса, оның жолын кесуге немесе тұтқындауға Орынборда отырған Қазобкомның хатшысы Коростылевтың немесе Совет өкіметінің құрығы жетер ме еді? Олай деуге үш бірдей маңызды себеп бар. Біріншісі, Смахан төре Бөкейханның естелігіне қарағанда, 1921 жылдың соңынан 1922 жылдың қазанына дейін Әлихан 1 жылдай өз ауылында - Қызыларайдағы қыстауында болды.6 Гүлнәр Міржақыпқызы өзінің естелігінде: «Әкем 1921-1922 жылдары Семей губсотында жұмыс істеді де, біз Комиссарская көшесіндегі Әнияр Молдабаевтың екі қабатты жекеменшік үйінде тұрдық (кейін Абай музейі болды). Үстіңгі қабатында біз - Дулатовтар, біріншісінде Әлихан атекемнің (Бөкейханов) үй-іші жайғасқан еді... Әкем мен Әлихан Бөкейханов атекемді совет өкіметі Семей түрмесіне қамайтын кезі - сол 1922 жыл»,7 - деп жазды. Екіншісі - 1920-30-жылдары Совет өкіметі Қазақстанда, оның ішінде әсіресе Семей өңірінде қыл үстінде тұрды. «Қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен» үстемдік орнатқан совет өкіметінің бұқара халықпен байланысы, ықпал-беделі жоқтың қасында болды. Оған көз жеткізу үшін Т.Рысқұлұлы мен С.Қожанұлының И.Сталинге жолдаған жеделхатына қайта оралып, оның мына жолдарын зер салып оқып қарайық: «Принимая во внимание... слабую связ[ь] Соввласти [с] массой коренного населения Киргизии[,] атмосферу[,] создавшуюся [в] результате работ последнего съезда Советов Киргизии[,] [а] также учитывая возможность неблагоприятного отражения этого сообщения [в] массах кирнаселения, считаем необходимым просит[ь] Вас вмешаться [в] это дело и [в] случае отсутствия основания[,] предложит[ь] немедленно освободит[ь] Букейханова из под ареста».
Үшіншіден, Алаш көсемінің сонау 1905-1907 жылдарғы төңкеріс кезінен келе жатқан сенімді үзеңгілесінің бірі, жоғары білімді заңгер, адвокат, публицист әрі Алашорданың көрнекті қайраткері Р.Мәрсекұлы 1922 жылы Қытай асып кеткенде, Ә.Бөкейхан осы үзеңгілесімен бірге не оның ізімен шекара аспақ болса, оған кім бөгет қоя алар еді!?
Р.Мәрсекұлы ұлт көсемімен ақылдасып-кеңесіп, ақыр аяғында Парижде жүрген қандас-әріптесі М.Шоқайға қосылып, Кіндік Азия мен Қазақстанды етігімен таптаған совет диктатурасына қарсы күш біріктіру мақсатымен Қытай асты ма әлде өз ойымен кетті ме? Ол әзірше жұмбақ. Зерттеуші Н.Дулатбековтің «Абай.кз» сайтында жарияланған зерттеу мақаласында сілтеп көрсеткен бір мәліметі расталса, Р.Мәрсекұлы Қытайда жұмбақ жағдайда қайтыс болыпты. Ол совет чекистерінің құрбаын болды ма әлде басқа ма, ол әлі анықтала жатар деген үміт жоқ емес.
Ал Алаш көсеміне оралсақ, Қазобком хатшысы Коростылевтің «Бөкейханов Түркістанға қашпақ ниеті болды» дегені оған нақақтан-нақақ жапқан жаласы болып шығады. Ал егер, біріншіден, Әлекеңнің өзі 1906 жылдағыдай «керегі мен болсам, мен қашпаймын, абақтыда бір кісі жатқаны жұрт қор болғанынан ыңғайлы болар» деп ойламаған болса, 1922 жылдың қазанында оны Қызыларайдағы қыстауына келіп тұтқындап, Қарқаралы түрмесіне жабуы да, екіншіден - елін тастап шындап қашпақ болса, Совет өкіметінің оған бөгет бола қоюы да екіталай болатын.
1937 жылдың шілдесінде Алаш көсемі Мәскеудегі коммуналдық пәтерінде ақырғы рет тұтқындалып, 27 қыркүйекте оны өлім жазасына кескен сот өкімінде былай жазылды: «Қызыл Армия Қазақстанда ақтар мен Алашорда әскерлерін талқандағаннан кейін, Бөкейханов өзінің жақын үзеңгілестерінің тобымен қазақ даласында совет өкіметінен жасырынып жүрді және совет өкіметіне қарсы жаңа көтеріліс ұйымдастырғысы келді; ол совет өкіметіне қарсы күрестен бас тартқан жоқ, күрестің тәсілін өзгертіп - жалғастыра берді» [түпнұсқа: «После разгрома Красной Армией белых и Алашординских войск в Казахстане, Букейханов с группой своих ближайших соратников скрывался от советской власти в казахских степях, и пытался поднять новое восстание против советской власти; он не отказался от борьбы с советской властью, а изменив ее формы - продолжал»].8
Бұл үзіндіден «Ә.Бөкейхан совет өкіметіне қарсы жаңа көтеріліс ұйымдастыруды шын көздеді ме?» деген заңды сауал туады. Оған үзілді-кесілді бір-ақ жауап бар: бұл Алашорда көсеміне тағылған нақақ айып, барып тұрған жала. Смахан төренің естелігіне сенсек, совет өкіметінің басшылары В.Ленин мен И.Сталин Орынбордан ұлттық автономияның астанасы - Алаш қаласына (Заречная Слободка, Семей) көшіп барған Алашорда үкіметінің мүшелерімен 1918 жылдың көктемінде тікелей телефон желісі арқылы байланысқан соң (Алашорда жағынан сөйлескен Ә.Бөкейхан емес, Х.Ғаббасұлы болды), қазақ көпесі Жұмеке Оразалиннің үйінде өткен мәжілісте Ә.Бөкейхан «біз нашар елміз ғой, бәлшебектерге қосылайық» дегенді ұсынғанда, Х.Ғаббасұлы, Ә.Ермеков және т.б. қарсы шығып, қалғандары қалыс қалып, ұлт көсемі бүктемеде қалады.9 Ақыр аяғында Алашорда төрағасының осы ұсынысы жүзеге асады. Одан шығатын бірден-бір тұжырым: совет өкіметі орнағаннан кейін Алаш көсемі, өзге ұлттардың жетекшілеріне, мысалға, алғашқыда совет өкіметін мойындап, кейін бәрібір шетелге қашып кеткен Башқұртстан автономиясының төрағасы Заки Валидиге [Валидов]10 қарағанда, өзінің сол 1918 жылғы көзқарасынан бір айныған емес. Яғни қазақ халқының ұлттық автономия құруға толық құқы барлығын мойындаған совет өкіметіне қарсы 1920-жылдардан кейін жаңа көтеріліс ашуды мақсат еткен жоқ. Совет өкіметі мен социализмді сүйгенінен емес. Одан да маңыздысы: қазақ халқының совет өкіметіне қарсы қайтып қару көтермеуіне бірден-бір кепіл ретінде елағасы елінде қалды. Өзі шетел кетсе, бұқара халқының, әсіресе Алаш қозғалысы мен Алашорда автономиясындағы үзеңгілестерінің күні не болмақ? Әлекең осыны ойлады. Оның елде қалуының ең басты сыры міне осында болатын. Оны бәлшебектік билік көсемдері де жақсы білді. «Жаңа көтеріліс ұйымдастырмақ болды» дегені қып-қызыл жала болатын. Алайда, соған қарамастан, 1922 жылы Алаш көсемін тұтқындап Қарқаралы абақтысына жапқанда, Коростылевтің жеделхатынан көз жеткізгеніміздей, дәл әлгі нақақ жаламен сол жылы-ақ оның көзін жоймақ болды.
Сөздің тоқетерін айтқанда, Т.Рысқұлұлы мен С.Қожанұлы жеделхатының жоғарыда келтірілген жолдары И.Сталинді тәубесіне келтіріп, Алаш көсемін абақтыдан босатудан және оның өзі мен советтерге қырын қарайтын үзеңгілестерінің «көзін жою» пиғылын кейінге ысырып қоюдан басқа амал қалдырмаған. Алайда, И.Сталин бұқара халқының алдында абырой-беделі шексіз әрі кіршіксіз Қыр баласы - елағасы Әлиханды туған елінен аластатудың, халқынан ажыратып изоляцияда ұстаудың сұрқия амалын тапты. Алаш көсемі түрмеден босатысымен өз ықтиярынсыз Мәскеуге күштеп шақыртып алды. Оның үстіне 1937 жылдың қыркүйегінде оған тағылған ресми айыптамада сөзбе-сөз былай жазылды: «В целях изоляции Букейханова, как непримиромого врага Советской власти, от казахских работников, оказывающего сильное влияние на них, в 1922 году он выслан в Москву». Күштеп дегенде Ә.Бөкейхан, 1906 жылы Тұзқалада [Ямышевский поселкасы, Павлодар] ұсталған кездегі «керегі мен болсам, мен қашпаймын» деген сөзін қайталағандай болып, совет өкіметінің бұл күштеуіне де көнгендей болды.
(Жалғасы бар)
Abai.kz