Сәкен СЫБАНБАЙ. Чемпиондар лигасы: финалдар тарихы
25 мамырда әлем футболындағы ең басты клубтық жарыс – УЕФА Чемпиондар лигасының ақтық айқасы өтпек. Лондонның «Уэмбли» стадионында немістің қос жүйрігі – Мюнхеннің «Бавариясы» мен Дортмундтың «Боруссиясы» кездеседі. Германия біріншілігінде қиян-кескі қырқысқанымен қоймай, енді ең атақты халықаралық бәсекеде де күш сынаспақ екі мықтының қайсысының маңдайы жарқырайды, оны осы жексенбіге қараған түнгі 00.30-да КТК арнасынан тамашалайтын боламыз. Әзірге әуелде «Еуропа чемпиондарының кубогы» делініп, кейінгі 20 жылда «УЕФА Чемпиондар лигасы» аталып жүрген айтулы доданың осыған дейінгі финалдары қалай өткенін шола отырайық.
1956 жыл. Париж. «Реал» (Испания) – «Реймс» (Франция) – 4:3
25 мамырда әлем футболындағы ең басты клубтық жарыс – УЕФА Чемпиондар лигасының ақтық айқасы өтпек. Лондонның «Уэмбли» стадионында немістің қос жүйрігі – Мюнхеннің «Бавариясы» мен Дортмундтың «Боруссиясы» кездеседі. Германия біріншілігінде қиян-кескі қырқысқанымен қоймай, енді ең атақты халықаралық бәсекеде де күш сынаспақ екі мықтының қайсысының маңдайы жарқырайды, оны осы жексенбіге қараған түнгі 00.30-да КТК арнасынан тамашалайтын боламыз. Әзірге әуелде «Еуропа чемпиондарының кубогы» делініп, кейінгі 20 жылда «УЕФА Чемпиондар лигасы» аталып жүрген айтулы доданың осыған дейінгі финалдары қалай өткенін шола отырайық.
1956 жыл. Париж. «Реал» (Испания) – «Реймс» (Франция) – 4:3
Алғашқы финал өте шиеленісті ойын болған. Бастапқы он минутта екі гол жіберіп алған испандықтар бірте-бірте ес жиып, ерекше қарқын көрсеткен. Француздар да қарап қалмай, 79-минутқа дейін таразы басын тең ұстаған. Жеңіс добын «Реалдың» аргентиналық «аттасы» Эктор Риал соққан.
1957. Мадрид. «Реал» (Испания) – Фиорентина (Италия) – 2:0
Бұл – даңқты Альфредо Ди Стефано жарқырай көрінген ойын. Оның өз айып алаңы маңынан қарсы қақпаға дейін бірнеше футболшыны алдап өтіп барған ерлігін жылнамашылар тамсана жазады. Айтпақшы, мадридтік клубтың сапында әйгілі француз Раймон Копа ойнады, ол өткен жылы «Реймстің» сапында өнер көрсеткен-ді.
1958. Брюссель. «Реал» (Испания) – «Милан» (Италия) – 3:2
Жеңімпазды анықтау үшін қосымша 30 минут қажет болған алғашқы финал. Матч тағдырын 107-минутта Франсиско Хенто соққан гол шешті.
1959. Штутгарт. «Реал» (Испания) – «Реймс» (Франция) – 2:0
«Реймс» сапында әлемдік доп додаларының рекордшысы Жюст Фонтэн ойнағанымен (ол бір жыл бұрынғы дүниежүзілік чемпионатта 13 гол соққан-ды), айқын басымдық танытқан испандық клубқа қарсы олар еш амал жасай алмады. 1-минутта-ақ есеп ашқан Энрике Матеос ойын барысында белгіленген пенальтиді де дәл соққанда, жеңіс тіпті ірі болар еді.
1960. Глазго. «Реал» (Испания) – «Айнтрахт» (ГФР) – 7:3
Нағыз қақпаға доп жауған күн! Бір ойында 10 гол соғу – енді ешқашан қайталанбас көрсеткіш шығар, сірә. Бір қызығы, «Реалдың» голдары екі-ақ адамның – Ференц Пушкаш (4) пен Ди Стефаноның (3) еншісінде. Кубокты қатарынан бес рет (!) ұтып алу да – қайталана қоюы неғайбыл ерлік.
1961. Берн. «Бенфика» (Португалия) – «Барселона» (Испания) – 3:2
«Барселонадан» жеңіс күткен елді португал чемпионы таң қалдырды. Нәтиже 1:1 боп тұрған кезде испандық қақпашы Антонио Рамальетс абайсызда допты қолынан түсіріп алды (доп қақпа сызығынан өтіп кетті).
1962. Амстердам. «Бенфика» (Португалия) – «Реал» (Испания) – 5:3
Пушкаш хет-трик жасаса да, «Реал» ұтылып қалды. «Бенфика» сапында 20 жастағы «қара маржан» – Эйсебио пайда болды. Оның даңқын алғаш шығарған – осы ойындағы шешуші қос голы еді.
1963. Лондон. «Милан» (Италия) – «Бенфика» (Португалия) – 2:1
19-минутта Эйсебио есеп ашқанымен, үзілістен соң «Миланның» бразилиялық легионері Жозе Алтафини оған қос доппен жауап қайырды. Алтафини осы жылғы турнирде жалпы саны 14 гол соқты (рекорд!). Мұны 2012 жылы тек Лионель Месси ғана қайталай алды.
1964. Вена. «Интер» (Италия) – «Реал» (Испания) – 3:1
«Милан» бастаған итальяндықтардың жеңісті жолын «Интер» жалғастырды. Екі допты Сандро Маццола енгізді.
1965. Милан. «Интер» (Италия) – «Бенфика» (Португалия) – 1:0
Тұңғыш рет финал тағдырын жалғыз гол шешті. Шелектеп құйған жауын астында Эйсебио бастаған португалдықтар шеберлік көрсете алмады.
1966. Брюссель. «Реал» (Испания) – «Партизан» (Югославия) – 2:1
Чемпиондар кубогын қатарынан 5 рет иеленген «Реалдың» сол сойқан құрамынан қалған жалғыз ойыншы Ф.Хенто табыс тұғырына 6-рет көтерілді! Бұл – рекорд! Дегенмен, мына жеңіске одан гөрі Амансио көп еңбек сіңірді.
1967. Лиссабон. «Селтик» (Шотландия) – «Интер» (Италия) – 2:1
Бірінші тайм аяқталғанда, «Интер» 1:0 есебімен ұтып тұрған еді. Үзілістен соң қарқынын үдеткен «Селтик» жеңіс голын 85-минутта соқты, сөйтіп, кубокты иеленген алғашқы британ командасы атанды.
1968. Лондон. «Манчестер Юнайтед» (Англия) – «Бенфика» (Португалия) – 4:1
«МЮ» бұл жылы шын мәнінде Еуропадағы ең мықты команда еді. Оның сапында үш бірдей «Алтын доп» иегері ойнады – Бобби Чарльтон (1966 жылы алған), Джордж Бест (1968) және Деннис Лоу (1964). Сонда да «Бенфика» британдықтарға лайықты қарсылас бола білді, 90 минут тең аяқталды. Қосымша уақытта ашуға мінген ағылшындар 3 гол соқты.
1969. Мадрид. «Милан» (Италия) – «Аякс» (Голландия) – 4:1
22 жастағы тума талант Йохан Кройф бастаған «Аякстың» заманы әлі туған жоқ еді. Итальяндық Пьерино Прати «хет-трик» жасады.
1970. Милан. «Фейеноорд» (Голландия) – «Селтик» (Шотландия) – 2:1
«Фейеноорд» турнирдегі голланд дәуірін бастап берді. Шешуші голды шабуылшы Уве Киндвалл қосымша уақыт бітуге 5 минут қалғанда соқты.
1971. Лондон. «Аякс» (Голландия) – «Панатинаикос» (Грекия) – 2:0
Голланд бапкері Ринус Михелс ақыры өз мақсатына жетті: оның шәкірттері «тұтасқан (тотальный) футболды» түп-тұқиянына шейін меңгеріп, кубок жолында ешкімді де қарсылас құрлы көрген жоқ. Ф.Пушкаш баптаған грек чемпионы да оларға қарсылық көрсете алмады.
1972. Роттердам. «Аякс» (Голландия) – «Интер» (Италия) – 2:0
Өзінің екінші табысына «Аякс» венгр маманы Штефан Ковачтың жетекшілігімен қол жеткізді (Р.Михелс «Барселонаны» жаттықтыруға кеткен-ді). Финалда қос голды да Кройф соқты.
1973. Белград. «Аякс» (Голландия) – «Ювентус» (Италия) – 1:0
Осы жеңістен соң Й.Кройф та «Барселонаға» ауысты. Басқа ойыншыларды да Еуропаның кәнігі мықтылары талап әкетті. Қайта аяққа тұру үшін «Аяксқа» біраз уақыт қажет болды.
1974. Брюссель. «Бавария» (Германия) – «Атлетико» (Испания) – 1:1, 4:0
Тарихта бірінші және соңғы рет финал екі мәрте ойналды. Алғашқысында Луис Арагонестің 114-минутта соққан голынан соң испандықтар жеңіске жақын еді, алайда 120-минутта Георг Шварценбектің алыстан далбасалап тебе салған добы құйындап барып торға қойып кетті! Пенальти тебу туралы шешім әлі қабылданбағандықтан, екі күннен соң дәл сол «Эйзель» стадионында командалар қайта кездесті. Алғашқы ойынға барын салған «Атлетико» шаршап қалды ма, кім білсін, әйтеуір бұл жолы немістерге мүлде қарсы тұра алмады. Енді «Бавария» дәуірі басталды.
1975. Париж. «Бавария» (Германия) – «Лидс» (Англия) – 2:0
Кәрі Еуропа қызуқанды ағылшын жанкүйерлерінің бұзақылығынан бірінші рет шошынды. «Лидстің» голын есептемей қойған француз төрешісінің қателігінен ызаға булыққан фанаттар стадионды өртеп жібере жаздады. Бірақ, шыны керек, нәтиже әділ еді: «Бавария» басым ойнады.
1976. Глазго. «Бавария» (Германия) – «Сент-Этьен» (Франция) – 1:0
Жартылай қорғаушы Франц Рот 25 метр жерден айып добын дәл соқты.
1977. Рим. «Ливерпуль» (Англия) – «Боруссия» (Менхенгладбах, Германия) – 3:1
Тұңғыш рет кеңес командасы («Динамо», Киев) турнирдің жартылай финалына дейін жетті. Украиндарды тоқтатқан «Боруссия» финалда «Ливерпульдің» тегеурініне төтеп бере алмады. Эстафета таяқшасы ағылшын клубтарына өтті. Әсіресе «Ливерпуль» ерледі: он жылда бес рет финалға шығып, оның төртеуінде кубокты иеленді!
1978. Лондон. «Ливерпуль» (Англия) – «Брюгге» (Бельгия) – 1:0
Бұл ойын қатарынан 1:0 есебімен бітетін алты финалдың циклын бастап берді. Жалғыз голды Кенни Далглиш соқты.
1979. Мюнхен. «Ноттингем Форест» (Англия) – «Мальме» (Швеция) – 1:0
«Ливерпуль» 1/16 финалда Англияның жаңа чемпионы – «Ноттингемнен» ұтылып қалды. Бір қызығы, кубок бәрібір ағылшын клубына бұйырды: 45-минутта Тревор Фрэнсис жеңіс голын баспен соқты.
1980. Мадрид. «Ноттингем Форест» (Англия) – «Гамбург» (Германия) – 1:0
«Өткен жылы олар кездейсоқ жеңді. Бұл жолы кубокты «Реал», «Милан» немесе «Ливерпуль» алады» деп болжаған «дуалы ауыз» мамандар тағы да жерге қарады: Брайан Клаф баптаған «Ноттингем» былтырғы табыстың кездейсоқ еместігін дәлелдеді.
1981. Париж. «Ливерпуль» (Англия) – «Реал» (Испания) – 1:0
15 жылдан соң финалға қайта шыққан «Реал» ойыншылары К.Далглиш бастаған таңдаулы британ шеберлерінің адымын аштырған жоқ. Бірақ пәле күтпеген тұстан шықты: «Ливерпульдің» ойын барысында онша алға ұмтыла бермеген сол қапталдағы қорғаушысы Алан Кеннеди кенеттен айып алаңына андыздай кіріп, қиғаш бұрыштан солқ еткізіп соқты да жіберді!
1982. Роттердам. «Астон Вилла» (Англия) – «Бавария» (Германия) – 1:0
10-минутта негізгі қақпашысы Джимми Риммер ауыр жарақат алып, ойыннан шығып қалғанымен (оның орнын басқан Найджел Спинк те осал емес екен), «Астон Вилла» әйгілі қарсыласымен тең дәрежеде айқасты. Голдың авторы Питер Уит кейін белгілі бапкер болды, тіпті 1999 жылы Тайланд құрамасын Алматыға әкеліп, Қазақстанмен тең ойнағаны да есте.
1983. Афины. «Гамбург» (Германия) – «Ювентус» (Италия) – 1:0
Дино Дзофф, Паоло Росси, Марко Тарделли, Мишель Платини, Збигнев Бонек! «Ювентустың» осындай жарық жұлдыздарына һәм ойынына тамсанбайтын жан сирек еді-ау бұл кезде. Бірақ «Гамбург» осының бәріне жұдырықтай жұмылған ұйымшылдығы мен өліспей беріспес тас-түйін қайсарлығын қарсы қоя білді. 9-минутта-ақ Феликс Магат алыстан қақпаны дәл көздеді. Итальяндықтар қанша шабуылдағанымен, түк шықпады.
1984. Рим. «Ливерпуль» (Англия) – «Рома» (Италия) – 1:1, пенальти бойынша 4:2
Тұңғыш рет жеңімпаз ойыннан соңғы пенальти арқылы анықталды. Оны ағылшындар мүлтіксіз орындады. Өз алаңында ойнаған «Романың» сапынан 1982 жылғы әлем чемпиондары Бруно Конти мен Франческо Грациани қателесті.
1985. Брюссель. «Ювентус» (Италия) – «Ливерпуль» (Англия) – 1:0
Бұл ойынның бар оқиғасын (оның ішінде пенальтиден соғылған М.Платинидің жеңіс голын да) трибунадағы ағылшын жанкүйерлері жасаған қырғынның әсері басып кетті. Төбелес нәтижесінде 39 адам қаза тапты.
1986. Севилья. «Стяуа» (Румыния) – «Барселона» (Испания) – 0:0, пенальти бойынша 2:0
Таң қаларлық жайт: румын қақпашысы Хельмут Дукадам пенальти сериясында бірде-бір гол жіберген жоқ! Ол үш соққыны қайтарды, тағы біреуін Пичи Алонсо далаға тепті. «Стяуа» – Шығыс Еуропадан шыққан тұңғыш жеңімпаз.
1987. Вена. «Порту» (Португалия) – «Бавария» (Германия) – 2:1
Жартылай финалда Киевтің «Динамосын» ұтқан «Порту» ақтық бәсекеде «Баварияны» да тізе бүктірді. Негізінде, немістер ұтып кетуі мүмкін еді, бірақ 77-минутта алжирлік Рабах Маджер өкшесімен керемет гол салып, есепті теңестіріп кетті. Арада төрт минут өткенде Жуари жеңіс добын соқты.
1988. Штутгарт. «ПСВ Эйндховен» (Голландия) – «Бенфика» (Португалия) – 0:0, пенальти бойынша 6:5
Ойыннан кейінгі пенальти сериясын екі команда да мүлтіксіз орындады (5:5). Сосынғы кезекте Рональд Куман өз мүмкіндігін мүлт жібермеді, ал португалдық Велозу қақпашы Ханс ван Брекеленнен айла асыра алмады.
1989. Барселона. «Милан» (Италия) – «Стяуа» (Румыния) – 4:0
Мұны финал деуге болмайтын еді, өйткені, «Стяуа» мүлде тұяқ серпе де алған жоқ. «Миланның» сапында Рууд Гуллит пен Марко ван Бастен ерекше көзге түсті. Голланд легионерлері қос-қостан гол соқты.
1990. Вена. «Милан» (Италия) – «Бенфика» (Португалия) – 1:0
Бұл жолы шешуші голды «Миландағы» үшінші голландиялық Франк Райкаард енгізді.
1991. Бари. «Црвена звезда» (Югославия) – «Марсель» (Франция) – 0:0, пенальти бойынша 5:3
Пенальти сериясының, демек, кубоктың тағдырын француз қорғаушысы Мануэль Аморостың қателігі шешті.
1992. Лондон. «Барселона» (Испания) – «Сампдория» (Италия) – 1:0
Бүгінгі балаң жанкүйерлер сенер-сенбес, бірақ ұлы клуб саналатын «Барселона» алғашқы чемпиондар кубогын осы жылы ғана ұтып ала алды. Жеңіс оңай келген жоқ: негізгі уақытта міз бақпаған қақпа құлпын 112-минутта Р.Куманның шебер орындаған айып соққысы ашты.
1993. Мюнхен. «Марсель» (Франция) – «Милан» (Италия) – 1:0
Қатарынан төртінші рет финал тағдырын қорғаушы (бұл жолы – Базиль Боли) шешті.
1994. Афины. «Милан» (Италия) – «Барселона» (Испания) – 4:0
«Ойындары көз жауын алған қос қарсыластың кездесуі ұмытылмас спектакль болады» дескен жұрттың күткені орындалмады, итальяндықтар айқын басымдық танытты. Осыдан төрт күн бұрын ел чемпионы атанған «Барса» бар эмоциясы мен күшін соған сарқыған секілді.
1995. Вена. «Аякс» (Голландия) – «Милан» (Италия) – 1:0
Қайта түлеген голланд чемпионы тамаша ойын көрсетті. Бірақ кездесу соңына дейін таразы басы тең тұрды. 19 жасқа толуына екі ай қалған талантты шабуылшы Патрик Клюйверт екінші таймда алаңға шығып, 15 минуттан соң жеңіс голының авторы атанды.
1996. Рим. «Ювентус» (Италия) – «Аякс» (Голландия) – 1:1, пенальти бойынша 4:2
Ойын Италияда өткенімен, «Ювентус» басымдық таныта алмады, керісінше, «Аякс» ұтып кете жаздады. Алайда пенальти сериясы голландиялықтар үшін сәтсіз болды.
1997. Мюнхен. «Боруссия» (Дортмунд, Германия) – «Ювентус» (Италия) – 3:1
Бірінші таймда Карл-Хайнц Ридле екі гол соқты. Ойынға үзілістен соң қосылған Алессандро Дель Пьеро қапталдан берілген допты қақпаға өкшесімен енгізіп, «Ювенің» үмітін оятып еді, көп ұзамай жас талант Ларс Риккен нысананы алыстан дәл көздеп, әлгі үміт отын біржола сөндірді.
1998. Амстердам. «Реал» (Испания) – «Ювентус» (Италия) – 1:0
Сонау 1966 жылы кубокты иеленген испандық қорғаушы Мануэль Санчистің ұлы – Мануэль Санчис әкесінің табысын қайталады. Бұл – Чемпиондар лигасында бұрын-соңды кездеспеген мысал. Екі жылдан соң кіші Санчис тағы бір рет жеңімпаз атанып, әкесінен озды да. Ал мына финалдағы жалғыз голды 67-минутта Предраг Миятович соқты.
1999. Барселона. «Манчестер Юнайтед» (Англия) – «Бавария» (Германия) – 2:1
Киевтік «Динамо» үшінші (және әзірге соңғы) рет жартылай финалда жеңілді. Оны жолда қалдырған «Бавария» финалда да жақсы ойнады, бұған аңызға айналған матчты қайталап көрген жан көз жеткізе алады. 6-минутта Марио Баслер есеп ашқан соң, немістер осы нәтижені сақтап қалуға тырысып, қорғаныста жатып алған жоқ. «МЮ» жан ұшыра шабуылдаған екінші таймда да есепті еселей түсер талай мүмкіндікке ие болды. Өзгесін қойып, Карстен Янкердің соққысы маңдайшаны солқ еткізгенін айтсақ та жеткілікті болар. Бірақ бұл күні футбол Құдайы «Манчестердің» жолын оңғарды. Ағылшындар тағдырдың оң қабағына жанкешті ойыны, мойымас жігері арқылы ие болды. 90 минут бітіп, төреші қосқан қосымша минуттардың біріншісінде Тедди Шерингем, үшіншісінде Уле-Гуннар Сульшер гол соғып, немістердің қолында тұрған жеңісті жұлып әкетті!
2000. Сен-Дени. «Реал» (Испания) – «Валенсия» (Испания) – 3:0
Тұңғыш рет финалда бір елдің өкілдері кездесті. Жартылай финалда «Барселонаны» талқандаған «Валенсия» мадридтік шеберлерге қарсы тұрарлық амал таппады.
2001. Милан. «Бавария» (Германия) – «Валенсия» (Испания) – 1:1, пенальти бойынша 5:4
Голланд төрешісі Дик Йол бұл ойында үш рет пенальти белгіледі: 3-минутта Гаиска Мендьета, 50-минутта Штефан Эффенберг допты торға дөп бағыттады, ал 8-минутта Мехмет Шолльдің соққысы тым әлсіз шыққандықтан, испан қақпашысы Сантьяго Каньисарес оны оңай ұстады. Дегенмен, матч тағдырын бәрібір пенальти шешті – үш соққыны ұстаған қақпашы Оливер Канның қапысыз шеберлігінің арқасында «Бавария» жеңіске жетті. Ертеңіне спорт газеттерінің көбі «Миландағы Кан фестивалі» деген тақырыппен шықты.
2002. Глазго. «Реал» (Испания) – «Байер» (Германия) – 2:1
Айып алаңының сыртында тұрып, әуелеп келген допты жерге түсірместен тоғыздыққа зу еткізген Зинедин Зиданның голы финалдың нағыз көркіне айналды. Осы гол «Реалға» жеңіс әперді. Чемпиондар лигасындағы 9-жеңіс! Әзірге корольдік клубтың бұл ғажайып көрсеткішін ешкім қайталай алған жоқ. Екінші келе жатқан «Миланның» еншісінде – 7 кубок.
2003. Манчестер. «Милан» (Италия) – «Ювентус» (Италия) – 0:0, пенальти бойынша 3:2
Итальяндық финалда, әрине, шабуылдан гөрі қорғаныс басым түсті. Пенальти сериясындағы шешуші голды украин Андрей Шевченко соқты.
2004. Гельзенкирхен. «Порту» (Португалия) – «Монако» (Франция) – 3:0
Сонау 1980 жылдан бері аттары аңызға айналған ірі клубтардың бірде-бірі финалға іліге алмады. Үшінші голдың авторы – «Портудың» ресейлік легионері Дмитрий Аленичев.
2005. Стамбұл. «Ливерпуль» (Англия) – «Милан» (Италия) – 3:3, пенальти бойынша 3:2
Үш доп айырмасымен ұтылып жатқан команданың есепті теңестіріп қана қоймай, ақырында жеңіп кетуі – финалдар тарихында ешқашан болмаған жағдай! «Ливерпуль» осындай ерлік жасады. 1-минутта-ақ Паоло Мальдини есеп ашты, бірінші таймның соңында Эрнан Креспо тағы екі гол соқты. Бірақ үзілістен соң айналдырған 6 минуттың ішінде таразы басы теңесті: 54-минутта Стивен Джеррард, 56-минутта Владимир Шмицер, 60-минутта Хаби Алонсо көзге түсті. Қосымша уақытта А.Шевченко «Миланға» жеңіс әперуге жақын қалған-ды, бірақ Ежи Дудек оның таяу тұстан тепкен добын сыртқа қайырып жіберді. Пенальти сериясында да поляк қақпашысы украин шабуылшысының шешуші соққысын қақпаға дарытпады.
2006. Сен-Дени. «Барселона» (Испания) – «Арсенал» (Англия) – 2:1
Чемпиондар лигасы финалдарында тұңғыш рет футболшы алаңнан қуылды. Ол – «Арсеналдың» қақпашысы Йенс Леманн. Бұған қарамастан ағылшын командасы 76-минутқа дейін ұтып тұрды. Бірақ ойын соңына қарай қарқынын үдеткен «Барселона» қатарынан екі гол соғып, жеңіске жетті.
2007. Афины. «Милан» (Италия) – «Ливерпуль» (Англия) – 2:1
Филиппо Индзаги енгізген екі голдың арқасында Стамбұлда кеткен кек қайтарылды. П.Мальдини 8-рет финалда ойнаған екінші ойыншы ретінде тарихқа енді (біріншісі – Ф.Хенто). Итальян қорғаушысы 5-кубогын иеленді.
2008. Мәскеу. «Манчестер Юнайтед» (Англия) – «Челси» (Англия) – 1:1, пенальти бойынша 6:5
Ағылшын финалы пенальти сериясына ұласты. «МЮ» ойыншылары бір рет қателесті (және кім десеңізші – Криштиану Роналду!), ал «Челсиден» Джон Терри мен Николя Анельканың жолы болмады.
2009. Рим. «Барселона» (Испания) – «Манчестер Юнайтед» (Англия) – 2:0
38 жастағы Хосеп Гвардьола – осы турнирде жеңіске жеткен ең жас бапкер атанды. Оның «Барселонасы» бүкіл ойын барысында басымдық байқатты. «Қарға бойлы» Л.Месси екінші голды... баспен соқты.
2010. Мадрид. «Интер» (Италия) – «Бавария» (Германия) – 2:0
Ойын тағдырын Диего Милито соққан қос доп шешті.
2011. Лондон. «Барселона» (Испания) – «Манчестер Юнайтед» (Англия) – 3:1
«Барселонаның» ойыны мазмұнды, ал жеңісі күмәнсіз, айқын болды.
2012. Мюнхен. «Челси» (Англия) – «Бавария» (Германия) – 1:1, пенальти бойынша 4:3
83-минутта Томас Мюллер есеп ашқанда, өз алаңында ойнаған «Баварияның» жеңіске жетеріне ешкім күмәнданбаған-ды. Алайда 88-минутта Дидье Дрогба таразы басын теңестірді. Қосымша уақытта немістер мәселені шешуге тағы жақын еді, бірақ Арьен Роббен 11 метрлікті дөп соға алмады. Ойыннан кейінгі пенальти сериясында «Челсидің» жолы болды.
* * *
Биыл таза неміс финалы өтпек. Соңғы төрт жылда үшінші рет финалға шыққан «Бавария» ұтпаса, ендігі обал да сияқты. Бірақ «Боруссияны» да жеңіске лайық емес дей алмаймыз... Мейлі, «қай жеңгені біздікі»! Футбол көрейік!
Abai.kz