Оралханның драматургиясы
Оралхан Бөкей! Талант табиғатына үңілген сайын суреткердің драматург ретіндегі қолтаңбасы осы жазушылығының тасасында көмескіленіп қала береді. Ауызға да, қаламға да тым-тым сирек ілінеді. Тіпті, сонау жетпісінші жылдары үлкен аншлагпен өтіп, залға ине шаншар орын қалдырмаған «Құлыным менің», «Қар қызы», «Текетірес» сынды қойылымдарының ғұмыры да өзі өмірден өткен соң шорт үзілген. Одан бері де, міне, тұп-тура 20 жыл өтіпті. Аз уақыт емес. Өзге автордың инсценировкасымен жалғыз ғана «Атау кересі» сахналанды. Біздің намысымызды қамшылаған бір әріптесіміздің: «Оралхан Бөкей драматург пе? Оның пьеса жазатынын білмейді екенмін, алғаш естіп тұрмын», – деген тосын сауалы болды. Сосын Оралханның осы қырына үңілгіміз келді. Қаламгердің замандастары – жазушы, драматург Дулат Исабеков, белгілі театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай, Астана қаласы Жастар театрының бас режиссері Нұрқанат Жақыпбай және М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов ой-талқымыздың көрігін қыздырды.
Оралхан Бөкей! Талант табиғатына үңілген сайын суреткердің драматург ретіндегі қолтаңбасы осы жазушылығының тасасында көмескіленіп қала береді. Ауызға да, қаламға да тым-тым сирек ілінеді. Тіпті, сонау жетпісінші жылдары үлкен аншлагпен өтіп, залға ине шаншар орын қалдырмаған «Құлыным менің», «Қар қызы», «Текетірес» сынды қойылымдарының ғұмыры да өзі өмірден өткен соң шорт үзілген. Одан бері де, міне, тұп-тура 20 жыл өтіпті. Аз уақыт емес. Өзге автордың инсценировкасымен жалғыз ғана «Атау кересі» сахналанды. Біздің намысымызды қамшылаған бір әріптесіміздің: «Оралхан Бөкей драматург пе? Оның пьеса жазатынын білмейді екенмін, алғаш естіп тұрмын», – деген тосын сауалы болды. Сосын Оралханның осы қырына үңілгіміз келді. Қаламгердің замандастары – жазушы, драматург Дулат Исабеков, белгілі театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай, Астана қаласы Жастар театрының бас режиссері Нұрқанат Жақыпбай және М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов ой-талқымыздың көрігін қыздырды.
– Оралхан Бөкейдің драматург ретіндегі қиыншылық пен кедергіге толы жолының да, көрермен қошеметіне бөленген жұлдызды шағының да тірі куәгерлерісіздер: біріңіз қойылымын сахналасаңыздар, екіншіңіз кейіпкері болдыңыз. Енді біріңіз сын айтсаңыз, келесіңіз әріптес, дос ретінде шығармашылығына қолдау білдірдіңіз. Сонымен, Оралхан Бөкей қандай драматург еді?
Әшірбек Сығай:
– Оралхан драматургияға шаңғытып, шаңқып шыққан алғашқы ағаларымыздың бірі. Сонау 1974 жылы режиссер Қадыр Жетпісбаев сахналаған, басты рөлдерді біздің Фарида Шәріпова, Әнуар Молдабеков, Гүлжан Әспетова, Құман Тастанбековтер ойнаған «Құлыным менің» қойылымы сол кездегі қазақ сахнасындағы жаңалық болды. Актерлер қандай фурор жасады! Ортаны дүр сілкіндірді. Өзі де мойындайтын шығар, Оралхан сахнаға алғаш қадам басқан кезде мына Дүкең (Дулат Исабеков – авт.) драматургияда жоқтұғын.
Дулат Исабеков:
– Оның рас, Әшірбек. Бірде Оралхан маған: «Әй, Дулат, неғып жүрсің? Сен де пьеса жазсаңшы!», – деді оқыстан. «Қой, мен жаза алмаймын. Осы прозаның өзімен қалт-құлт етіп әзер жүргенде, қайдағы пьеса? Драматургияның исі, тіпті, мұрныма да бармайды», – деп, үзілді-кесілді қарсы шықтым. Ол болса: «Сенің шығармаларыңның бәрі драматургияға сұранып тұр, тым болмағанда біреуін пьесаға айналдырып көрсеңші», – деп, мені үгіттей бастады. Шынында да, кейін ойланып-ойланып, алғашқы пьесамды жаздым. Ол бірден Мәскеуде қабылданып кетті. Жұрттан бұрын оған Оралхан қуанды. Бұл жерде мен өзімді мақтайын деп отырған жоқпын, Оралханның түрткісімен бірінші пьеса жазғанымды айтамын. Жалпы, Оралхан драматургия жанрында көп жазған жоқ қой. Негізгі шығармаларының барлығы сол инсценировкалардың негізінде қалды. Режиссер Мең Доң Ук қойған «Қар қызы» сахнаға романтиканы, сиқырлы бір тақырыпты алып келді. «Текетіресі» болса, репертуарда ұзақ тұрақтап тұра алмады, бар болғаны бір-ақ маусым жүрді де, тоқтап қалды. Оқиға жасай алмады. Ал, «Құлыным менің» тек қана қазақ драматургиясы емес, Кеңес драматургиясындағы оқиға болды. Алғаш болып «Театр» журналы басты. Басып қана қоймай, спектакльден тікелей репортаж жасап, редакциясының өзінде үлкен пікірталас өткізді. Бұл – қазақ театр өнеріне арналған бірінші «Дөңгелек үстел» болды. Ол кезде «Театр» журналына басу деген түсімізге де кірмейтін. Сенсация! Осыған қуандық. Жалпы, біздің елде қуандық деп кейіннен айтады, ал сол кезде ешкім қуанбайды. Қуанышымыздан көреалмаушылық сезіміміз басым.
Әшірбек Сығай:
– Әрине, оған алғашқы сүрлеу оңай болмады, жолы ауыр болды. Академиялық сахна жас авторға «күткеніміз сен едің, келе ғой» деп құшағын айқара ашқан жоқ. Мен мұны ашық айтайын, әсіресе, есімі елге белгілі ақсақал драматургтеріміз өзінен басқаның сахнаға беттеуін жақтырған жоқ. Сол аты белгілі қазіргі әдебиетіміздің тарихына алынған кісілер Орталық Комитетке дейін барып, жыбырлап, сыбырлап, күбірлеп, жолын бекіткісі келді. «Түн жарымында гитара ұстап, жұрттың тыныштығын бұзатын бұл не желпініс? Саяжай дегенді қайдан тапқан? Шолақ шалбар киген кейіпкерлерден жастар қандай тәрбие алады? Түсініксіз әуендер, желікпе сезімдер көрерменге кері ықпалын тигізеді, бұл біздің драматургияға жат» – деп өре түрегелді. Барлығы лап қойды. Несін жасырайын, сонда мен Оралханның солқылдап жылағанын көрдім. Оның үстіне, есіне өзінің перзентсіз жүргендігі түсті ме, «Қай жағынан болса да сорым ашылмаған бір сорлы екенмін» – деп түңілгені бар. Әбден ыза болды. Ашуланбай қайтсін, пьесасын үш-төрт рет ұсынды, сонша рет өткізбей тастады. Қазір ол кісілер де қайтыс болып кетті. Содан кейін іле жастарға жол ашылды. Өз буынының ішінде драматургияның қасаң шекарасын бұзып, жаңа леппен екпіндете, құйындата, құйғыта келген осы Оралхан болатын. 1975 жылдары қатарға Дүкең – Дулат Исабеков қосылды. Іле ортаны Роллан Сейсенбаев, Нұрлан Оразалин, Баққожа Мұқайлар толтырды. Драматургиядағы жастық жалынға, жаңалыққа толы жылдар басталды да кетті.
Дулат Исабеков:
– Режиссерлердің келіп қатысқаны, өте дұрыс болған екен. Әйтпесе, біз айтып-айтып кетеміз. Бірақ ол нақты мамандардың қолына барып түспегеннен кейін, сөз күйінде айтылған жерінде қалады ғой. Ол кезде жап-жас жігіттің пьесасы «әкемтеатрдың» сахнасында қойылу деген қиял-ғажайыптай көрінетін еді. Мұхаң, Ғабең, Сәбеңдер тұрғанда біздің драматургия туралы ойлауымыздың өзі әбестік, әлін білмеген арыстанның айға шапқанындай болатын. Енді қалайша, қабырғалы қаламгеріміз Ғабиден Мұстафиннің өзін классиктігіне қарамай, «Түнгі қонағын» әзер қойып жатса? Ғабеңнің қасында біз кімбіз? Бірақ бақытымызға орай, қателесіппіз. Ақыры, Оралхан жеңді. Пьеса сахналанатын болды. Үлкен-кіші: жасы да, жасамысы да, орта буыны да – барлығымыз барып көрдік. Спектакльден соң қызу талқылау басталды да кетті. Талқылауда мақтаудан гөрі, сенімсіздік пен күмән басым болды. «Найзағай түскенде адам қалай аман қалады?», «Алдына тұра қалып адамды мылтықтан құтқарып қалу мүмкін, бірақ найзағайдан құтқару дегені қисынсыз, шындыққа жанасымсыз» – деген сыни пікірлер көп айтылды. Әдеттегі стандартты сюжеттерден ада, сол қалыптан шыққан, жастардың тілінде үн қататын спектакльдері біздің буын үшін кәдімгідей жаңалық болды. Өйткені, біз сахнадан өз өмірімізді көрдік.
– Оралхан Бөкей пьесаларының сахналанбай кетуінің себебі – бүгінгі режиссерлердің қиялы жетпейді деумен түсіндіріліп жүр. Бұл пікірге келісесіздер ме?
Әшірбек Сығай:
– Қиялы жетпейді деуге болмайды. Шекспирді де қойып жатыр ғой қазақ сахнасы. Қояды. Бірақ, әрине, Оралханның стилі өзгеше. Оны мойындауымыз керек. «Стиль – жазушының өзі» деп Пушкиннің айтатыны бар ғой. Қандай керемет талант болғанымен де, адам өзінің қалпынан, өзінің жүрегінің айтқанынан шыға алмайды. Әрқайсы өз деңгейінде, шама-шарқынша жазады. Сондықтан Оралханды түсінуге мына отырған Нұрқанат пен Әубәкірдің де шамасы жетеді. Екеуі де қойып көрген. Тек еңбектену керек. Оралханның пьесалары әлі-ақ туады, әлі-ақ көрерменімен қауышады. Біз оған сенеміз. Мәселен, Нұрқанат «Атау керені» қандай жақсы қойды. Оқиғаны ой мен философияға құрып, суреткер ойын ұтқыр жеткізе алған. Нүрке кемпір рөлін Роза Әшірбекова қалай керемет ойнап шықты! Ғажап образ жасады. Кейде: «Бізде ойланатын, психологиялық образ жоқ» деп дабыл қағатынымыз бар? Ал, сол психологиялық образды көруге дайынбыз ба? Осы жөнінде ойланбаймыз. Драматург бірыңғай эстрада жаза бермейді ғой, ол да ойланады, толғанады. Әуелі өз жүрегінен өткізіп барып, өзге жүректерге «жолдама» береді. Соны қабылдап алу бізде – көрермендерде жеткіліксіз. Ылғи жеңіл-желпі, жарқ-жұрқ еткен жылтырақ дүниелер болса екен, ойнап-күліп қайтсақ екен деп тұрады. Бәлкім, кейбір драматургтердің ойлы шығармаларының сахнадан үзіліп қалғанының бір түйткілі осында жатқан да шығар, мүмкін басқа да себебі болуы ғажап емес. Әйтеуір, Оралханның сахналанбай, көрерменінен алыстап кеткені рас.
Әубәкір Рахимов:
– «Текетіресті» мен 1979 жылы қойдым. Мәскеуде диплом жұмысын қорғауым керек болып, Райымбек Сейтметов ағамыздың ұсынысымен осы спектакльді сахналауға дайындалдым. Жаңа ой туа қалса, бірден Орекеңе хабарласып, пікірін білемін. Мәселен, драмадағы Делқұлы бейнесі «Мұзтау» шығармасындағы Асан шалдың бейнесімен астасады ғой. Оны автор пьесада жағымсыз кейіпкер етіп алыпты. Ал, мен Делқұлыға философиялық қырынан келдім. Бұл ойым Оралханға бірден ұнады.
Әшірбек Сығай:
– Делқұлы бейнесін марқұм Есболған Жайсаңбаев кейіптеді ғой, ұмытпасам...
Әубәкір Рахимов:
– Иә, Есболған өте сәтті орындап шықты. Сөйтіп, спектакльдің де көрерменімен қауышатын кезі келді. Ол уақытта Мәдениет министрлігінен, Орталық Комитеттен адамдар келіп, сарапқа салатын, артық-кем тұстарын түзеп-күзеп сүзгіден өткізетін. Содан не керек, қойылым талқыланды да, бірауыздан қабылданды. Бірақ сахнада бір маусым ғана жүрді. Театр жаңа ғимаратқа көшкенде декорациямыздың барлығы шағылып, спектакль тоқтап қалды. Бұл – бірінші себебі. Келесі бір жағы, Оралханның шығармасында ұлттық рухқа қатысты мәселелер көп болатын. Шетелге кеткен қазақтардың да мұң-мұқтажы көтерілетін. Міне, осының барлығы біздің басшыларымыздың үрейін тудырды. Сол қорқыныш та Оралханның көп шығармасының жолын кесті. Мәселен, «Зымырайды поездарын» автордың өзі театрға алып келген, сахнада берілу тәсілдері жөнінде ұзақ сөйлесіп, пьеса сюжеттерін талқыластық. Кейін оны режиссер, театрдың көркемдік жетекшісі Әзірбайжан Мәмбетовке әкеліп, оқиғасымен таныстырғанымда: «Тағы да шетелге қашқан қазақ туралы ма, қажет емес» – деп, бірден өзінің қарсылығын білдірді. Сонымен, «Зымырайды поездар» мүлдем сахна көрмей, тартпада жатып қалды.
Нұрқанат Жақыпбай:
– Оралханның драматургиясы «Құлыным меніңнен» басталды ғой. Ол біздің жастық шағымызбен тұспа-тұс келген кезең. Сонда «Құлыным менің» қанша рет қойылса, сонша рет театрға келетінбіз, жалықпайтынбыз. Қойылымның біздің жанымызға жақын болғаны соншалық, бар мұңымыз бен еркелігімізді көтере алатын да осы спектакль сияқтанып тұратын. Кейінірек кәріс режиссері Мең Доң Уктің режиссерлігімен «Қар қызы» сахналанатын болды. Әуелде Нұржан деген жалғыз-ақ кейіпкер болатын. Соңғы нұсқасында Оралхан Нұржанды Бақытжан, Аманжан, Нұржан есімді үш кейіпкер етіп шығарды. Маған бұйырғаны Бақытжан рөлі болды. Нұржан мен Аманжанды ойнау міндеті Досхан Жолжақсынов пен Алтынбек Кенжековке жүктелді. Қар қызын Шолпан Сіргебаева ойнады. Ал, Қоңқай шалдың бейнесі Қасым Жәкібаевтің нұсқалауында қазақ сахнасындағы жаңалық кейіпкер болды. Тынбай ізденудің арқасында спектакль сондай ұтымды шықты. Сонда бір таңқалғаным, спектакль сахнада қанша рет ойналса, Оралхан сонша рет өзі қатысып, қойылымның бел ортасында жүретін. Артық-кем тұсын айтып, актерлер ойыны жайындағы өз пікірімен үнемі бөлісіп отыратын. Біздің актерлік ансамбліміз де қызық еді. Әр қойылым сайын бір-бірімізге айтпай, өзімізше іштей дайындалып келеміз де, сахнадағы серігімізді тығырыққа тірейміз. Алтынбек нұсқалайтын кейіпкер – Нұржанды үсік шалып, әл үстінде жататын тұсы бар. Сонда Досхан екеуміз Алтынбек-Нұржанның үсті-басын ысқылап, қармен уқалай бастаймыз. Ол болса, біздің алдағы уақытта не істемек ойымыздан бейхабар. Арпалысқан болып жүріп, Алтынбектің киімдерін шеше бастадық. Шешіндіре келе, шалбарына келген тұста Алтынбек шындап саса бастады. Бірінші пландағы актер ғой. Не істерін білмей, амалсыз қалып: «Қоя қойыңдар, шыққаннан кейін айтқандарыңды орындаймын» – деп, енді жалынуға көшті. Залда отырған Ор-ағаңның кеңкілдеп күлген даусы шығып жатыр. Осы эпизод Орекеңе сұмдық ұнады. Ол кездің адамдары да, мәдениеті де бөлек еді ғой. Бірі-бірінің жетістігіне шын қуанып, шын тілеулес бола алатын. Оралхан, Сағат, Баққожалардың барлығы сондай жандар еді. Спектакль қойылғаннан кейін, таң атқанша той болатын, түні бойы қыдыратынбыз.
Дулат Исабеков:
– Иә, ол кездердің қызығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазір барлығын сағынамын. Оралхан екеуміз шығармашылық үйінде бірге демалатынбыз. Сонда жатып алып, шығармаларымызды жарыса жазатынбыз. Әр ісіне сақадай сай, уақытымен жүретін Оралхан түскі ас уақытында мені ерте кету үшін бөлмеме соққанда, міндетті түрде жазғанымды көріп кететін. Мойнын созып үстел үстіндегі дәптеріме көз жүгіртеді де: «Мәссаған, сен жеті-сегіз бет жазып тастапсың ғой. Қой, онда мен түскі асқа сенімен бірге бара алмаймын, жазу жазамын» – деп қалжыңдаушы еді. Достардың сондай әзілін де сағынасың. Менің бір байқағаным, әдебиетке жарыс, бәсеке керек екен. Егер хас тұлпарды жалғыз өзін жіберсе, ол жүйріктігін таныта алмайды. Ал қасыңда қапталдас адам келе жатқанда, сен де одан қалмауға, осалдығыңды танытпауға тырысып, бар мүмкіндігіңді сол бәсекедегі белесің, жеңісің, жетістігің үшін сарп етесің. Шығармашылық деген сол. Біздің буынның бақыты, бәлкім, осы шығар... Оралхандардай үзеңгілес, бәсекелес достарымыз болды. Енді міне, Оралхан кеткеннен кейін өзіммен-өзім жарысып жүрмін (күрсініп алды).
Әшірбек Сығай:
– Менің де есіме бір оқиға түсіп отыр. Дүниеден өтетін жылы қаңтар айында Талдықорған театры «Құлыным менің» драмасын қойды. Мұны жақсы білетінім – мен онда министрдің бірінші орынбасары болдым, ал Оралхан – «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы. «Құлыным менің» қойылғалы жатыр, Әшірбек. Талдықорғанға бірге барып қайтайықшы» – деп, мені ертіп әкетті. Режиссері – Оразбек Сәрсенбай. Уақытымның тығыздығына қарамастан, Оралханның көңілі үшін сапарға дайындалдым. Сары аяз, қақаған қаңтарда қасымызда Сайлаубек Пернебаев деген фотограф жігіт бар – үшеуміз жолға шықтық. Бара жатқанда ақ ұлпа қар, аунап-қунап көңілді жеттік. Оралханның мінезінің өзі қылт етпе, қыңыр еді ғой. Барып, спектакльді көрді де, қылт ете қалды. Яғни қойылым көңілінен шықпады. Қайтқанша қабағы бір ашылған жоқ. «Өзің сөйлей бер, мен талқылауына қатыспаймын» – деп, ақыры спектакльден соңғы жиналысқа келмеді. Сол күйі сөйлемей жүрді де алды. Қайтар жолда да менімен келіспей қалған адамдай, жеткенше үндемей келді. Бұл біздің – Оралхан екеуміздің соңғы сапарымыз болыпты. Драматургиялық белесін менің көз алдымда «Құлыным меніңмен» бастап, дәл сол қойылымының келесі премьерасына қатысып, қайтыс болды.
– Мұхтар Мағауиннің «Жармағын» қазақ прозасындағы жаңалыққа балап жүрміз. Бірақ «Жармаққа» дейін сонау 70 жылдары бұл тәсілді Оралхан Бөкей әлдеқашан қолданған. Мәселен, «Қар қызындағы» Нұржан бейнесінің бірнешеге жарылуы немесе «Текетірес» пьесасындағы – Ақтан 1, Ақтан 2 бейнелері. Суреткердің осы сынды жазу өнеріне әкелген жаңалықтарына тоқталсаңыздар...
Дулат Исабеков:
– Оның жазудағы қолтаңбасы ешкімге ұқсамайтын ерекше еді. Жалпы, Оралханның өмірден ерте кетуінің өзі қазақ әдебиетіндегі философиялық романтиканың жойылуына әкеліп соқты. Символдық ойнату тәсілдері орыс әдебиетінің поэзиясында болмаса, драматургиясында бола қойған жоқ. Міне, Брюсов, Блок, Есенин, Бальмонттардың өлеңдегі сол өрнегін бірінші болып драматургияда даралаған да осы Оралханның өзі болатын. Оны біз кейіннен постмодернизм деп жүрміз. Керек десеңіз, Оралхан сол постмодернизміңіздің классикалық үлгісін салып беріп кетті. Қазақ прозасына тыңнан түрен түре келді. Алғашында мұны жұрттың түсінбеуі заңды да еді. Өйткені, қашан да кез келген жаңалық, кез келген ағым міндетті түрде екіұдай пікір тудырады. Біреу қолдайды, біреу қарсылық білдіреді дегендей. Оқыс ойлау, оқыс айту, оқыс бұрылу, оқыс финал, бүгінгі өмірді жазып отырса да, өз ортасына ұқсамайтын оқшау мінез-құлықты кескіндеу – мұның барлығы да Оралханға тән болатын. Мәселен, шолақ шалбар киген шалды әлі күнге дейін сирек көреміз. Оралхан сахнаға сондай тосын бейне, образдарды алып шығатын.
Әшірбек Сығай:
– Шынымен де, «Текетірестегі» Ақтан 1, Ақтан 2 бейнелері қандай керемет! Бір кейіпкердің екіге жарылып, ақ пен қараны, жақсылық пен жамандықты, ізгілік пен зұлымдықты, адалдық пен арамдықты текетірестіруі. Бұл жаңалық па, жаңалық емес пе? Әрине, жаңалық! Бір кейіпкердің екіге бөлінуін қазақ әдебиеті мен драматургиясында 70 жылдың басында-ақ Оралхан бастап кеткен. Оны қазір лайлап, батпақтап жүр. Сахна көрмей кеткен мына «Зымырайды поездарын» айтсаңызшы! Шалдың образы, оның шегініс арқылы берілетін ойларымен қандай проблемалар айтылады. Көтеретін мәселелері де өте өзекті. Егер сахналанса, тұшымды дүние шығар еді. Бастысы, қалыпқа түскен стандарт қойылымдардың бірі емес, өзіндік ой, өзіндік ізденісі бар. Бір өкініштісі, кезінде лайықты бағасын алмай, автордың портфелінде ұзағырақ жатып қалғандығы. Оралхан, негізінде, проблема қоюға, тартысты материал жасауға, шынайы, шыншыл кейіпкер сомдауға құштар еді. Қаһармандарының барынша қаны тулап, қайратқа мол болып жатуын қалайтын қаламгер философиялық өреге ұмтылып, қажымас, қайтпас жандардың кескінін жасауға құмар болды. «Құлыным менің» сол кездегі жас драматургтің сахна өнерін меңгерудегі өзгеше талантын байқататын. «Текетіресіндегі» өзіне тән философиялық соны ойлары мен дүниетанудағы таным ауқымдылығы арқылы жұртшылық жүрегіне жол тапты. Кейіпкерлері де әдеттегі драмалық кейіпкерлерге ұқсай бермейтін. Мәселен, Оралханның Делқұлы, Жұмбақ адамы, Мылқау кемпірі өзара дараланып қана қоймай, оның форма ретінде қолданған алты көріністен тұратын ұтымды шегіністері шығарманың реалистік күшін, символдық құнын өткірлендіре түсетін тапқыр шешімдер.
Әубәкір Рахимов:
– Оралханды көпшілік түсінбеді деп бірден кесіп-пішіп айту қиын. Түсінді. Бірақ бәрінің бойында бір үрей болды. Автордың астар, тұспалмен жеткізген ащы шындығының әшкере болуынан қорықты. «Егер біз бұған еркіндік берсек, кейінгі ұрпақ не болады, үкімет саясатында қалай бедерленеді?» деген сауалдар да осыған алып келді. Бірақ қалай десек те, Орекең әдебиеттің қай саласында болмасын өзінің беретінін беріп кеткен қаламгер. Оның драматургияға араласуының өзі осыны аңғартады. Мысалы, өздеріңіз жақсы білетін «Жылымық» деген әңгімесінен кейін «Жанар» деген атпен екі актілі пьеса жасады. Осы шығармасы біздің студенттер арасында жиі қойылды. Жақында ғана Оралханның «Жесірлер» әңгімесі бойынша студенттеріммен дипломдық спектакль қойдым. Инсценировкасын да өздері жасады. Тәп-тәуір дүние шықты.
Әшірбек Сығай:
– Оралхан шығармаларында кеңдік бар. Оқиға аясын шектемейді. Қайта кейіпкерлер арасындағы қым-қуыт тірлік, мәселелердің барлығын үлкейтіп, ірілендіріп береді. Сирек кездесетін детальдардың өзін шындыққа балап, сонысына сендірмей қоймайды. Міне, оның символистігі де, сұңғылалығы да осында жатыр.
Дулат Исабеков:
– Шынымен де, Оралхан тосын тәсіл, жаңашылдыққа құмар еді. Ешкімді қайталамайтын. Сұлу қызды боранды түні қасқыр жеп кететін «Қасқыр ұлыған түнде» мен «Аспирант қыздың тракторшы жігіті» аталар әңгімелерінің өзі қандай керемет. Контраст қой. Оралханда бәрі контрасқа құрылатын.
Әубәкір Рахимов:
– Сонымен қатар, Оралхан өз шығармашылығында халқымыздың басынан өткен ауыртпашылықты ашып айтып, шетелге кеткен қазақтардың бәрін жау, қашқын деп жазықсыз жазғырып жүрген қасаң түсінігімізді жоққа шығару жолында тер төкті. Оған дейін шетел асып кеткен қандастарымыздың трагедиясына ешқайсымыз көңіл бөлген жоқпыз, олардың кету себебін ашуға, салдарына үңілуге тырыспадық. Тек Мұхтар Әуезов алғаш 1928 жылы ашамын деп талпыныс жасағанымен, өзінің де істі болғанын жақсы білесіздер. Мұхаңнан соң бұл тақырыпқа келген Оралхан ағамыз. Ол «Текетіресте» де бар – Ақтанның әкесімен кездесетін жері. Жалпы, Оралханның шығармасында шетелге кеткен, Алтай асқан, Моңғолия, Қытайды мекен еткен қазақтардың барлығы міндетті түрде өзінің туған жеріне өлер алдында бір келіп кетеді. Бірақ туған жердің топырағы бұйырмай қалады. Бұл – бір жағынан символдық образ болғанымен, екінші жағынан қазақтың рухы. Қазақтың қазақтығын, елдігін білдіретін, Отан, жер деген ұғымдарды көтеретін тақырып. Бөкеев шығармаларының қай заманда да өлмейтін, өшпейтін тағдыр, сұраныс табуының сыры – оның символдық астарында жатыр. Себебі, Оралхан ешбір шығармасында нақты уақытты алып көрген жоқ. Сондықтан қанша ұрпақ ауысса да, әр буын сол туындының өн бойынан өз заманының проблемасын, қым-қуыт қайшылығын таба алады.
Дулат Исабеков:
– Бүгінде Оралханды кейінгі буын драматург ретінде танымай жатса, ол – Оралхан драматургиясының соңғы жылдары сахна көрмей кетуінің салдары болуы керек деп ойлаймын. Қос бірдей режиссер отыр ғой. Шынында да, биыл Оралханның 70 жылдығы. Соған орай, нақты туған күніне үлгермесеңдер де, жылдығына үлгеріп қойып жіберсеңдер, дұрыс болар еді. Несі бар? «Құлыным меніңі» де, «Қар қызы» да өз өзектілігін титтей де жойған жоқ. Жаңа буын, жаңа құраммен жаңаша қойып шықса, қазақ сахнасындағы үлкен жаңалық болар еді.
Нұрқанат Жақыпбай:
– «Атау керені» сахналауымның өзі бір қуаныш, бір мұңға толтырады кеудемді. «Атау кере» повесінің жаңадан шығып, атағының дүркіреп тұрған шағы болатын. Шығармамен танысқаннан кейін, бірден повестен пьеса жасау ойы сап ете қалды. Бірақ бата алмай, ойланып ұзақ жүріп қалдым. Арада тіпті, бірнеше жыл өтіп кетті. Бір күні шыдай алмадым. Оралханға бардым. Ол кезде Орекең «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болатын. Ғимараттың үшінші қабатына көтеріліп, есікті ақырын ашып қарасам, іздеген адамым төрде отыр екен. Құшағын айқара ашып, қуана қарсы алды. «Бір режиссердің іздеп келетінін біліп едім», – деді салған беттен. Мен де алыстан орағытпай, бірден іске көштім. Келген шаруамды, «Атау керені» спектакль етіп қойғым келетінін айттым. Өзі де не үшін келгенімді сезіп отыр екен, бірден қуана қолдай кетті. Екеуміз «Атау кере» жайын ақылдастық. Бір уақытта отырды да: «Сен пьесаны қоя тұр, алдымен кино түсірейікші», – деді. Сөйтсем, Орекеңнің ойы – «Атау керенің» желісімен кино түсіру екен. Театр режиссері екенімді айтып өз қарсылығымды білдіріп едім, бекер болып шықты. Соңында киноны да түсіріп, спектакльді де сахналайтын болып келістік. Дәл сол уақытта Орекеңнің Үндістанға іс-сапармен кетіп бара жатуы салдарынан жоспарды сәл кейін шегеруге тура келді. Бірақ амал қанша, сол сапарынан Оралхан оралмады. Кейінірек «Атау керені» Мұхамедия Ахметтің инсценировкасында сахналадым. Өзектегі жалғыз ғана өкініш – сонша армандаған «Атау кересін» сахнадан көре алмауы болды.
– Сахнадан көрмек түгілі, бұл өмірде барынан бейхабар және бір пьеса бар. «Шыңғыс- хан» деп аталады. Оны қаламгер дәл осы кездесуде, Нұрқанат аға, өзіңізге аманат етіп тастап кетіпті, солай емес пе?
Нұрқанат Жақыпбай:
– Иә, ол рас. Кино жайын ақылдасып, енді кетуге ыңғайлана бергенде: «Қанатжан, сәл кідіре тұршы», – деп мені тоқтатып алды. Қағаздары аса ұқыптылықпен қаз-қатар қойылып, жиыстырылған тартпасының ішінен бір папканы алып шықты да: «Бұл – пьеса. Шыңғысхан туралы. Кезінде қаржыдан таршылық көріп қалып, таза материалдық қажеттілік үшін жазып шығып едім. Жазып болған соң, өткізіп, тиесілі ақшамды алдым да. Бірақ уақыт өте келе ойландым да, пьесамды «өңдеймін» деп қайтып алдым. Мынау – сын сүзгісінен өтіп, толықтай өңделген нұсқасы. Шыңғысхан жайында айтылмай жүрген жоқ. Алайда, мұның оқиғасы бөлек. Көп іздендім. Әбден тексерілген деректер мен бұлтартпас дәйектердің негізінде жазылған. Мен оралғанша мұқият оқып шығып, өз пікіріңді дайындап қойшы. Келген соң асықпай отырып әңгімелесеміз», – деді де, пьеса салынған папканың бауын шешпестен менің қолыма ұстатып, шығарып салды. Үйге келе сала ашып қарасам, машинкамен терілген жазудың үстінен өзінің маржандай әдемі жазуымен қайтадан түзеп, өңдеген сиясы кеуіп үлгермеген жаңа пьесаның қолжазба күйіндегі нұсқасы екен. Маған пьеса бірден ұнады. Бірақ біз Орекеңнің өзі уәде бергеніндей, асықпай отырып әңгімелесе алмадық, папкасын да қайтарып алуға ажал үлгертпеді...
Әшірбек Сығай:
– Қазір пьеса қайда? Өзіңде ме?
Нұрқанат Жақыпбай:
– Иә, ол пьеса менде сақтаулы.
Әшірбек Сығай:
– Енді неге үнсіз жүрсіңдер? Оралханның о дүниелік болғанына да 20 жыл болды. Мына 70 жылдығының қарсаңында сахналап, халқымен қауыштырмайсыңдар ма? Қалай дегенмен, аманат қой...
Нұрқанат Жақыпбай:
– Ылғи қояйын деп ойлаймын да, мүмкін Оралханның ойлағанындай сахналауға әлі жеткен жоқ шығармын, атүсті кетіп қалармын деп өзімді-өзім тежеп, батпай жүрмін.
Дулат Исабеков:
– Алғаш рет естіп отырмыз. Енді пьесаның жағдайы қандай? Нәтиже шығатын түрі бар ма?
Нұрқанат Жақыпбай:
– Әрине. Алдағы уақытта міндетті түрде шығарамын. Ол бір терең философияға құрылған дүние ғой, астарында үлкен ой жатыр. Соны кеңірек игерсем деймін. Алдағы уақытта «Кербұғысын» сахналасам деп жүрмін. Содан кейін міндетті түрде «Шыңғысханмен» айналысатын боламын.
Әубәкір Рахимов:
– Орайы келіп тұрғанда, осы жерде бір ұсыныс айта кетсем деймін. Өткенде Өскеменге гастрольге барғанда да басшыларға ұсыныс айтып, мәселе көтерген болатынбыз. Өскеменнің қазақ және орыс театры бірігіп, қазір Жамбыл атымен аталады. Қазақ көрерменіне арналып жаңа театр ғимараты салынып жатыр. Құрылыс жұмысы біте салысымен, қазақ театры еншісін алып, жаңа ғимаратқа көшеді. Сондықтан бөлек шыққалы жатқан өнер ордасына Оралхан Бөкей есімін берсе бек жақсы болар еді. Өйткені, қалай дегенмен, Оралханның барлық шығармасы сол туған өлкесі – Алтай өңіріне арналған ғой. Сондықтан тек Шығыс Қазақстан өңіріне ғана емес, бүкіл қазақ еліне еңбегі сіңген, стилі, қарымы бөлек жазушы ретінде, өзіндік жолы бар адам, бастысы Алаштың бір азаматы ретінде Өскемен театрын Оралхан есімімен атау артық болмайды деп ойлаймыз.
Әшірбек Сығай:
– Тіпті, театр болмаса да, облыстық кітапхана, Мәдениет үйлері бар. Солардың бірін Оралханның атымен атау керек. Бар саналы ғұмырын жазуға арнаған қаламгер адам ғой, бұл құрметке әбден лайық. Әубәкір мәселені дұрыс көтеріп отыр. Жалғыз Оралхан емес, Қапан Бадыров, Әзірбайжан Мәмбетов, Қалтай Мұхамеджановтардың да еңбегі театрға бір кісідей сіңген. Өнердің нағыз корифейлері, театрдың титандары еді ғой. Сол арыстарымыздың өзі атаусыз жатыр. Осы жағын ескеру керек.
Бүгінгі тақырып орынды, жақсы көтеріліп отыр. Сондықтан айтып қана қоймай, нақты іске көшейік, режиссер мырзалар. Оралханның қай шығармасы да оқырманын, көрерменін сүлесоқ қалдырмайды, оның өзінің оқушысы, көрермені бар. Мәселен, сол Оралханның құрдасы мына Дүкеңнің 70 жылдығына орай арнайы фестиваль ұйымдастырылып, халықаралық деңгейде тойланды. Оралхан да сондай бір ұлымыз, азаматымыз ғой. 70 жылдығын еңбегіне сай лайықты атап өтуіміз керек, әрқайсымыз қолымыздан келгенше іс тындыруымыз қажет.
«Дөңгелек үстелді» жүргізген
Назерке ЖҰМАБАЙ.
"Қазақ әдебиеті" газеті