Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Өзгелер 1837 2 пікір 15 Маусым, 2023 сағат 13:11

Сербия тарихының сабақтары

Жақында ресейлік «АСТ» баспасынан «История на пальцах» сериясы бойынша шыққан Драган Стояновичтің «Сербия. Полная история страны» кітабын оқып шықтым.

Кітап өте тартымды шығыпты. Автор құрғақ тарихи фактілерді бірінен соң бірін бере бермей, керсінше әдебиеттен де мысалдар келтіріп, оқиғаларға терең әрі жан-жақты талдаулар жасай білген. Көркем публицистика элементтерін де қолданған.

Әрине, кітаптың ішіндегі кейбір проресейлік көзқарастарды алып тастасақ біршама объективті дүние шығады. Меніңше бұл автордан емес, аудармашыдан болуы да мүмкін. Себебі орыстардың бәрін өздерінің идеологиясына сәйкестендіріп аударып алатыны баяғыдан белгілі ғой. Ал серб тілінен қазақ тіліне тікелей аударатын Қазақстанда бірде-бір маман жоқ. Бір кем дүние...

Кітаптың мазмұнын толық ашпай-ақ қояйын. Қызықсаңыздар өздеріңіз оқып аларсыздар. Кітаптан не түйгенімді қысқаша жаза кетейін:

Біріншіден: Әлемдегі дін атаулының бәрі де халықты басқаратын құрал ғана. Оны дұрыс қолдана білсек халықты жойылып кетуден сақтап қалатын құрал болмақ. Ал дұрыс қолдана алмасақ керсінше халықты ұлт ретінде жойып, тобырға айналдыратын аса қауіпті қаруға айналады. Дін ұлтқа қызмет ету үшін оны ұлттың мүддесіне қарай реформалап, бейімдеу керек. Сербия жағдайында христиан діні сербтерді Осман империясының езгісінде жойылып кетуден сақтап қалды. Ол үшін 13 ғасырда әулие Савва қасиетті жазбалар мен дұғаларды серб тіліне аударып, автокефальды серб православ шіркеуінің негізін салды. Сөйтіп, дін ұлттың тірегіне айналды. Ал бізде бәрі керсінше. Дін ұстанамыз деп ұлттық салт-дәстүрлерімізден бас тартып, арабқа айналып, ұлт ретінде жойылып бара жатырмыз... Шерағаңша айтсақ тағы да сол – «Бір кем дүние...».

Екіншіден: Кез-келген елдің түбіне жететін өзара қырқыс (междоусобие). Билікке таласып өзара қырқысқан топтар талай ұлы мемлекеттердің түбіне жеткен. Мұндайда қазақ «Бірлік болмаса тірлік болмайды» деп қысқа қайырған.

Үшіншіден: Билік басындағылар (верхушка) қашан да жақсы өмір сүрген. Тіпті отаршылық жағдайдың өзінде де. Биліктен айырылса да басқыншылармен келісімге келіп, олармен құдаласып, байлықтарын сақтап қалып, молшылықта өмір сүреді. Ал қарапайым халықтың жағдайы қашан да қиын. Отаршылдықта болса да, Тәуелсіз елдерінде болса да.

Төртіншіден: Езгідегі халықтардың ішінен елдің басын біріктіріп, бостандыққа бастайтын көсемдер міндетті түрде шығады. Алайда сол көсемдердің бәрі бірдей халқын бақытқа жеткізе бермейді. Олар халқына Тәуелсіздік алып бергеннен кейін сол халықты өздері езгіге салады. Өздері шексіз билік жүргізіп қана қоймай, сол биліктерін династиялық жолмен ұрпақтарына қалдыруға тырысады. Монархия жағдайында қалдырады да. (Монархистерді ешқашан да түсінген емеспін). Халқына Тәуелсіздік алып беріп қана қоймай, сол халқының бақыты үшін аянбай тер төккен Джордж Уашингтон, Мұстафа Кемал Ататүрік, Ли Куан Ю сияқты «Ұлы» тұлғалар әлемде өте сирек. Ұлт әкелерінің көбі мемлекетті бір қолымен құрса, екінші қолымен бүлдіреді.

Бесіншіден: Жекелеген адамдар ғана емес, тұтас халық та адасады кейде. Тұтас бір халықты адастыру үшін бір ғана популист саясаткер жеткілікті. 19 ғасырдың екінші жартысында, Сербия Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін айналасындағы өзге халықтарды да Осман егзісінен босатып, Сербияның қоластына біріктіріп, ұлы мемлекет құру туралы идея пайда болды. Бұл идеяны көтерген сол кездері Сербияның премьер-министрі, кейін сыртқы істер министрі болған Илия Гарашанин (1812-1874) деген бір саясаткер еді. Идея серб халқының құлағына майдай жақты. Халық арасында жаппай қолдауға ие болып идея-вирусқа айналды. Әрине, бұл идеяны толықтай жүзеге асыру мүмкін емес еді, алайда 20 ғасырда Югославия Социалистік Федеративті Республикасын құру арқылы аталмыш идея жартылай жүзеге асты. Мұның арты Югославия ыдыраған кезде қырғын соғысқа, ақыры серб жерінің бөлшектенуіне алып келді.

Алтыншыдан: Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды. Көптеген халықтардың тарихында айтуға ауыз бармайтын масқара тарихи оқиғалар көп болған. Мысалы: 19 ғасырда серб халқынан ұлт-азаттық көтерілісін басқарған екі көсем болды. Бірі – Карагеоргий Петрович, екіншісі – Милош Обренович. Олар 1804-1813 жылдары Бірінші және 1815-1817 жылдары Екінші Серб көтерілісін ұйымдастырды. Бұл көтерілістер Сербия Тәуелсіздігінің алғышарты болды. Бұл екеуін бір-бірінен бөліп-жаруға болмайтын. «Бірі қамырды илесе, екіншісі нан қылып тісірді». Алайда билікке талас бәрін басқаша шешті. 1817 жылы Карагеоргий елге келгенде Милош Обренович оны қапияда өлтіріп, басын Стамбулға түрік сұлтанына сыйлық ретінде жібереді. Мұның арты Карагеоргиевичтер мен Обреновичтер династиясының 100 жылға жалғасқан тартысына алып келді. Осыдан кейін Кенесарының басын қырғыздардың алғанына шүкіршілік ету керек шығар бәлкім... Кенесарыны сол кезде қырғыздар емес, жауласқан қазақ сұлтандарының бірі өлтіріп, басын орыс патшасына жібергенде не болар еді...? Ойлаудың өзі қорқынышты...

Оралбек Ж. Өтеғұлов

Ақтөбе қаласы,

филолог, саясаттанушы

Abai.kz

2 пікір