Сәрсенбі, 29 Сәуір 2026
Мәдениет 161 0 пікір 29 Сәуір, 2026 сағат 14:03

Бейтаныс әйелдің хаты: Форма бар, мазмұн жоқ...

Сурет: театрдың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры биылғы маусымында көрермендер назарына екі бірдей премьера ұсынды. Соның алғашқысы – әлем әдебиетіндегі ең нәзік әрі күрделі психологиялық туындылардың бірі, австриялық жазушы Стефан Цвейгтің «Бейтаныс әйелдің хаты» шығармасының сахналық нұсқасы.

Спектакльдің қоюшы режиссері – Мәдениет саласының үздігі Нұрфат Вахитов. Ал шығарманы сахнаға бейімдеген – Айнұр Рахипова, хореограф – Гүлсая Тәуірханова.

Өмір бойы бір ғана ер адамды үнсіз сүйген, өз сезімін ешқашан ашық айта алмай, тек хат арқылы ғана білдірген әйелдің тағдыры туралы сыр шертетін шығармада махаббат трагедиясы мен адамның ішкі жалғыздығы терең бейнеленеді.

Сондықтан бұл прозаны сахнаға шығару – ең алдымен ішкі драматургияны, нәзік психологиялық иірімдерді дәл жеткізуді талап ететін күрделі міндет. Алайда Нұрфат Вахитов ұсынған қойылым өзін «психологиялық драма» ретінде таныстырғанымен, жанр табиғатын толық аша алмағандай әсер қалдырады.

Психологиялық драма сыртқы әрекеттен гөрі кейіпкердің ішкі күйін алдыңғы орынға қояды. Мұнда «не болды?» деген сұрақтан бұрын «неге болды?» деген сауал маңызды. Оқиға желісі сақталып, қойылымның сыртқы формалық құрылымы жүйелі жасалғанымен, оның психологиялық өзегі – кейіпкерлердің ішкі әлемі сахналық әрекетке толық айнала алмаған.

Соның салдарынан қойылымның эмоциялық әсері әлсіреп, жанрлық биіктікке көтеріле алмай қалған. Жанр атауы мен көркемдік нәтиже арасындағы осы алшақтық спектакльдің басты мәселесіне айналған.

Кейіпкер өмірін кезең-кезеңге бөліп, әр сатысын жекелеген актрисаларға жүктеу – формалық тұрғыдан батыл әрі қызықты режиссерлік шешім. Спектакльде басты кейіпкердің қыз кезін – Әйгерім Түсіпбекова, бойжеткен шағын – Перизат Жәрдемова, жүкті кезеңін – Жамал Нұржаубекова, толғатқан сәтін – Айбибі Іскендірова, ана болған шағын – Қаламқас Мелисова, өмірінің күрделі кезеңдерін – Ләззат Қуанышова сомдайды. Ал оқиғаны баяндайтын негізгі бейтаныс әйел рөлін Айнұр Рахипова мен Наурыз Сабағатова екі түрлі құрамда орындайды.

Мұндай тәсіл, негізінен, кейіпкердің ішкі эволюциясын ашуға қызмет етуі тиіс еді. Алайда кезеңдер арасындағы логикалық әрі эмоциялық сабақтастықтың әлсіздігі образды тұтастықтан айырып жіберген. Нәтижесінде сахнада бір адамның тағдыры емес, бірнеше бөлек әйелдің жеке драмалары көрініс табады. Ал Стефан Цвейг прозасының басты қуаты – дәл сол біртұтас, үзілмейтін ішкі трагедиясында.

Соның салдарынан шығарманы оқымаған көрермен сахнадағы эпизодтардың бір ғана әйелдің ғұмыр жолы екенін толық аңғара алмауы мүмкін.

Қойылым ішкі байланысты сахналық тіл арқылы бекіте алмағандықтан, тұтас трагедия үзік көріністер тізбегіне айналып кеткен.

Сондай-ақ баяндамашы бейтаныс әйел бейнесін екі актрисаның екі түрлі интерпретацияда орындауы – қойылымның айқын айырмашылықтарының бірі.

Айнұр Рахипова рөлдің психологиялық салмағын толық игере алмағандай әсер қалдырады. Бұл кейіпкер, негізінен, сыртқы экспрессиядан гөрі ішкі үнсіздік арқылы ашылуы тиіс еді. Алайда актрисаның орындауында эмоция сыртқа ышқына шығарылады: «мен» позициясы анық, дауыс пен қимылда өткірлік басым. Мұндай шешім Стефан Цвейг мәтініндегі ұяң, ішке бүккен трагедия табиғатына керағар көрінеді. Соның салдарынан образ сыртқы әсерге құрылып, ішкі күйзелістің тереңдігі толық ашылмай қалған.

Ал Наурыз Сабағатова бейтаныс әйелді керісінше ішкі ұстамдылықпен, салмақпен жеткізеді. Оның орындауында шынайылық пен терең сезіну бар. Образдан табиғи ұяңдық пен ішкі беріктік айқын сезіледі. Тіпті актрисаның кейіпкердің бүкіл ғұмыр жолын бір өзі алып шығуға әлеуеті жететіндей әсер қалдырады. Бұл интерпретация шығарма рухына анағұрлым жақын.

Екі түрлі актерлік шешімнің қатар өмір сүруі қойылымның концептуалдық тұтастығына да күмән тудырады: кейіпкер кім? Ішкі трагедиясын үнсіз арқалаған әйел ме әлде ашық қарсылық білдіретін мінез иесі ме?

Қойылым бұл сауалға нақты жауап ұсынбайды.

Асланбек Жанұзақов сомдаған жазушы бейнесі де сахнада айқын образ ретінде көрінгенімен, толық көркемдік деңгейге көтеріле алмаған. Кейіпкер табиғаты бойынша әрекеттен гөрі бақылаушы, үнсіз куәгер ретінде танылуы тиіс еді. Алайда бұл үнсіздік ішкі салмақпен толысып үлгермей, нәтижесінде образдың астарлы тынысы көмескі тартып қалған.

Шығарма мазмұнына толық сәйкес келе бермейтін спектакльдің тағы бір тұсы – бейтаныс әйелдің жазушыны жиі жазғыруы: «мені елемедің», «сүймедің», «көңіл бөлмедің», «есіңе алмадың» деген сынды айыптаулар.

Бұл көрініс кейіпкер эмоциясын айқындауға бағытталғандай көрінгенімен, Стефан Цвейг мәтініндегі ішкі психологиялық логикамен үйлеспейді. Түпнұсқада әйел бейнесі жазушыға риясыз берілген, сезімін үздіксіз білдіріп, оны ақтап, оған сенім артатын кейіпте беріледі. «Мен ендігі жерде Құдайға да сенбеймін, бірақ саған сенем, сені сүйем» деген жолдар оның абсолютті адалдығы мен терең махаббатын айқындайды.

Сурет: театрдың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Ал сахналық нұсқада бұл қарым-қатынастың эмоционалдық реңкі өзгеріп, кейіпкердің ішкі дүниесі басқа қырынан түсіндірілген. Соның салдарынан әйелдің сезім табиғаты дәл берілмей, психологиялық тұтастық әлсіреген. Жазушыға бағытталған кінәлау интонациясы спектакльдің эмоциялық тереңдігін кемітіп, көрерменге шығарманың негізгі идеясын толық түсінуге кедергі келтіреді.

Бұдан бөлек сахналық шешімдерге қатысты маңызды бір жайтты атап өткен жөн. Шығармада ақ раушан гүлдер – басты кейіпкердің махаббатқа адалдығын білдіретін, терең символдық мәнге ие деталь. Олар әйел сезімінің тұрақтылығын, жазушыға деген өзгермес берілгендігін айқындайды.

Алайда спектакльде бұл элемент тек реквизит деңгейінде қалып қойған: сахнада көрінгенімен, оның символдық салмағы ашылмайды. Қойылым соңындағы бейтаныс әйелдің: «Енді саған бұл ақ раушан гүлдерді жыл сайын кім сыйлайды?» деген сұрағы айтылғанымен, ол гүлдердің жазушыға жыл сайын сыйланып тұрғандығы немесе шығармадағы драматургиялық маңызы сахналық әрекетте көрініс таппайды. Соның салдарынан бұл деталь өз мәнін жоғалтып, тек декоративтік сипатта қалады.

Сурет: театрдың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Музыкалық және жарықтық шешімдер де психологиялық шиеленісті тереңдетуге емес, фондық қызмет қана атқарады. Хореографиялық көріністер қойылымның ішкі ырғағымен толық қабыспайды, қисынсыз қимыл көп, кей тұста шарттылық басым түседі.

Жалпы алғанда, Жастар театры ұсынған “Бейтаныс әйелдің хаты” қойылымы формалық ізденістерге ие болғанымен, мазмұндық тереңдік пен психологиялық тұтастықты толық деңгейде сақтай алмаған. Ал кез келген көркем туынды сыртқы формаға ғана сүйенген сәтте өзінің салмағынан айырылады.

Сондықтан бұл спектакль Стефан Цвейгтің терең психологиялық прозасын сахналық кеңістікте толық игере алмаған режиссерлік ізденістің көрінісі ретінде қабылданады.

Жұлдыз Капезова, театртанушы

Abai.kz

0 пікір