Зұлмат жылдар куәгерінің әңгімесі
Суретте сол жақтан бірінші - Кәшима Құлтайқызы
Халық танымындағы «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөздің басты мағынасы артында жоқшысы, іздеушісі, өмірін жалғастырушы болсын дегенді білдіреді. Атқарылған іс пен болған оқиғаның іздеушісі болмаса, бірі тоқтап, екіншісі ұмытылып қалады. Сондықтан өткен тарихта орын алған істерді ащы шындығына қарамастан айтып отыру – жұрт үшін атқарылар істің бір парасы. Күні кешегі тарихтағы кеңестік идеологияның шатырының бүркемелеуімен жасалған саясаттың салдарынан құрбан болған жандардың жоқшысы бар екенін танытып, білдіріп отыруымыз әбден қажет. Ол өлгендер үшін емес, өзіміз өмір сүріп отырған қоғамымызда маңызды құндылықтарды, қадыр-қасиеттерді бекіту, болашақта мұндай саясаттың ешқашан қайталанбауы үшін қажетті алғы шарттарды орнықтыру үшін біздерге-тірілерге керек. Қазақтың көп жоқшысының бірі ретінде оқырман назарына мына бір естелікті ұсынып отырған жайымыз бар.
Әңгімені айтушы нағашы әжем - Кәшима Құлтайқызы. Жазып алушы – мен - Әбсадықов Алмасбек Ахметұлы. Алғаш қаламмен түртіліп, шағын түрде жазып алынған уақыты өткен ғасырдың 80-жылдарының соңы. Жазылған жері – Қызылорда қаласы. Кәшима Құлтайқызының балалары Гүлайым, Балайым, Үміткүл Әбішқыздарының айтуымен қайта толықтырылған, өңделген уақыты – 2013 жыл.
Суретте сол жақтан бірінші - Кәшима Құлтайқызы
Халық танымындағы «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөздің басты мағынасы артында жоқшысы, іздеушісі, өмірін жалғастырушы болсын дегенді білдіреді. Атқарылған іс пен болған оқиғаның іздеушісі болмаса, бірі тоқтап, екіншісі ұмытылып қалады. Сондықтан өткен тарихта орын алған істерді ащы шындығына қарамастан айтып отыру – жұрт үшін атқарылар істің бір парасы. Күні кешегі тарихтағы кеңестік идеологияның шатырының бүркемелеуімен жасалған саясаттың салдарынан құрбан болған жандардың жоқшысы бар екенін танытып, білдіріп отыруымыз әбден қажет. Ол өлгендер үшін емес, өзіміз өмір сүріп отырған қоғамымызда маңызды құндылықтарды, қадыр-қасиеттерді бекіту, болашақта мұндай саясаттың ешқашан қайталанбауы үшін қажетті алғы шарттарды орнықтыру үшін біздерге-тірілерге керек. Қазақтың көп жоқшысының бірі ретінде оқырман назарына мына бір естелікті ұсынып отырған жайымыз бар.
Әңгімені айтушы нағашы әжем - Кәшима Құлтайқызы. Жазып алушы – мен - Әбсадықов Алмасбек Ахметұлы. Алғаш қаламмен түртіліп, шағын түрде жазып алынған уақыты өткен ғасырдың 80-жылдарының соңы. Жазылған жері – Қызылорда қаласы. Кәшима Құлтайқызының балалары Гүлайым, Балайым, Үміткүл Әбішқыздарының айтуымен қайта толықтырылған, өңделген уақыты – 2013 жыл.
Кәшима Құлтайқызы орта бойлыдан сәл жоғары, денелі, ақсары келген сұлу, өте мейірімді кісі еді. 1912 жылы дүниеге келген. Руы – Жаппастан тарайтын Мәметек Алтын. 1990 жылы 78 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Бес мезгіл намазын қаза қылмайтын, ораза айт кезінде пітір, садақасын ұмытпайтын кісі еді. Кеңес үкіметінің кезінде мешіт атаулының барлығы жабылғандығы белгілі ғой. Сондықтан әжем пітір садақаны базардың маңында ұсақ сауда жасайтын кембал жандарға апарып беретін. Өзінің айтуынша бір-екі балалы болған келіншек кезінде лекбезге (ликвидация безграмотности) қатысып, латынша ежіктей оқи алатын сауаты болған, бірақ қолданысқа орыс әліпбиі кіргеннен кейін бұрынғы әріптерінен ажырап, мүлдем қарайып қалады. Бірақ санды жақсы танитын.
Туған жері - қыс қыстауы Қармақшының маңындағы Қызылтам деген жер болса, жаз жайлауы Қостанайдың Әйет, Троицкінің іргесіндегі Үй өзендерінің бойы. Жайлаудан қыстауға қайтар шақта, яғни күз уақыты болғанда Троицкідегі базарға баратын едік деп отыратын әжем. Соңғы рет сол базарға 14 жаста бардым, екі жыл өткен соң мені қырда тұрмысқа берді дейтін ол кісі. Тұрмысқа шыққан жылы әкесі Құлтай аты жаман аурумен ауырып дүниеден өтеді. Бұл 1928 жылдардың шамасы.
Әжеміздің тұрмысқа берген жері орта дәулетті отбасы болады. Бірақ отағасы «уыздай жас қыз алған бай-құлақ» деген үкіммен кәмпескеге ілініп, Сібірге жер аударылады. Сол жылдары колхоздастыру басталады. Елге таршылық келеді. Бір сұмдық заманның келе жатқанын байқаған жұрт жан сауғалауды ойлай бастайды. Біздің болашақ әжеміз егіншілікпен, аңшылық-балықшылықпен айналысатын Сыр бойындағы Есентемір Досқали атты нағашыларына барып паналауды ойлайды.
Осылайша, қолында бір түйіншек орамалы бар жас қыз жаяу-жалпылай Сырға қарай бет алып бара жатқан жұртқа қосылады. Солармен бірге Аралға келіп құлайды. Одан әрі Арал станциясында Қызылордаға қарай бет алып тұрған жүк пойызының қызыл вагонына мініп алады. Бір орыс солдаты келіп орысшалап «түс» дейді. Бұл қазақшалап «түспеймін» деп шырылдап жылап қоя береді. Вагонға тас кенеше жабысып алған мұны әлгі солдат әрі-бері жұлқылап, түсіре алмаған соң кетіп қалады. Сол жүк вагонымен итшілеп Қызылорда станциясына жетеді. Жұрттан сұрай-сұрай Қызылорда қаласының маңындағы Қарауылтөбе деген жерден бес-алты шақырым жерде егіншілік, аңшылықпен күн көріп отырған нағашысы Досқалидың үйін тауып алады. Егін егіп, одан қалса аң-балық аулап отырғандықтан, Досқалидың отбасы Сыр бойына ашаршылық келген кезде әупірімдеп аман қалады. Кейін әжемізді Досқали нағашысы көрші тұратын Әбіш атамызға (ол кезде оның әйелі қайтыс болған екен) тұрмысқа береді.
Кейін заман түзеліп, ес жиғаннан соң 1980 жылдары әжеміз Әйет өзенінің бойындағы төркін жұртын іздеп, әрі қазіргі Қостанай облысы, Таран ауданында тұратын немере сіңілісі дүниеден озған Сырғаның артына бата оқу үшін жеңгесі Тоты және немере ағасы Бекентай үшеуі жолға шығады. Келген төркінінің бір баласы сол ауданның бір совхозында директорлық басшы қызметте екен. Әжеміз бастап келген үш кісіні төркін жұрты жақсы қарсы алып, қонақ етіп, қайтарында самолетпен Қызылордаға ұшырып жібереді. Өкінішке қарай, ол кісілердің кім екенін, қандай мекен-жайда өмір сүргенін әжемізден сұрамаппыз. 1991 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітіріп, Қаз ССР Білім министрлігінің жолдамасымен Қостанайға келгенде, әжеміздің төркін жұртын іздеп шарқ ұрғанымыз бар. Шешемнен, нағашы апаларымнан Қостанайдағы сол кісілер кім еді деп сұрағанымда ешқайсысы мардымды жауап-дерек бере алмады. Өз бетіммен ізденіп, Таран ауданы қазақтарының арасында Алтын деген рудың бар екенін білдім. Одан әрі «із шықпады».
Жалпы, әжем марқұм өте әңгімешіл кісі болатын. Мен күндіз сабақтамын, кешке уақытта әжем екеуміз әңгімелесіп отырып ас-су ішеміз. Ол кісінің есте сақтау қабілеті таңқаларлықтай еді. Өзінің жас кезінде болған оқиғалардың дерегін бүге-шүгесіне дейін сақтап, оның мезгіл-мекенін, оған қатысқан кісілердің аты-жөнін, руын түгел айтып отыратын. Әжемнің айтуынша, әкесі Құлтайдың екі әйелінен үш ұл, сегіз қыз болған екен. Ол – қыздың ең кенжесі. Үш ұлдың екеуі қайратты, шаруаға пысық болыпты. Бір ұлын қызылдар мен ақтар атысып-шабысып жатқан уақытта «қырға қарай жол көрсетесің» деп әскерилер алып кетіп, содан қайтпай қалады. Екінші ұлы Ақтөбе жаққа кіре (түйемен жүк тасу) тартып жүріп, диірменге бидай тартып әкелемін деп аттанып, жазатайым оқиғадан қайтыс болады. Кенже ұлы сауықшыл болып өсіп, шаруаға қырсыз болады. «Ағам таңертең үйден шығып ауылдың түтінін аңдып, қай үйде түтін шығып жатса, «е, мына үйде омыртқа асып жатыр екен деп» сол үйге қарай домбырасын алып кетіп қалушы еді»,- деп отыратын әжем марқұм.
Бас көтерер ұлдары дүниеден өткеннен кейін кенже ұлының шаруға қырсыздығынан әкесі көшкен жұртқа ере алмай Сырда қалып қояды. Бұл шамамын ХХ ғасырдың 20 жылдарының ішінде болған оқиға. Сонда әкесінің: «Ұлдарымның жоқтығынан көшке ере алмадым, жұрттың қоры болып, Сырдың шыбын-шіркейіне таланатын болдым»,- деп талай күйінгенін естіген едім деп күрсініп отыратын әжем.
Қазақтың нанды қадірле, кепиеті ұрады деген сөзді әжемізден еститін едік. Ол кісі дастархандағы нанның қиқымын таза күйінде жинап, біздің аузымызға салатын. Неге бүйтесіз десек: «Нанның қиқымын жерге тастамау керек, оның үстіне қиқым жеген адам қисапсыз бай болады» деп жауап беретін. Ал бір үзім нанның қадіріне, бағасына қатысты ол мынадай мысал айтатын. «Егерде қарның аш болып, нәр тартатын еш нәрсе болмай, бойың жетпейтін биік сөреде бір үзім нан тұрса, қасиетті құран кітабын аяғыңның астына қойып көтеріліп алуыңа болады, ал биікте құран кітабы тұрса, нан қойып көтеріліп алуға болмайды. Сондықтан нанды баспаңдар, жерде жатқан нанды көрсеңдер, адам аяғы баспайтын жерге көтеріп қойыңдар» деп отыратын ол кісі.
Бір күні қыстың ұзақ кешіндегі әңгімеміз 30-жылдардағы ашаршылық жайында болды. Ол әңгіменің басталуы да қызық болды. Қаладағы бір кісінің аты аталды да, әжем ол кісінің әкесін білетін болып шықты. Алғашқыда әжемнің білетін көп адамдарының бірі ғой деп аса мән бермеген едім, әңгіме ашаршылық жайына ауысқанда елеңдеп құлақ түрдім. Сондағы әжемнен естіген әңгіменің ұзын-сонары мынау:
Қала ішіндегі ашаршылық арқа жақтан ауып, ашығып, арып-аршып келген жұрттың көбеюуіне байланысты күшейе түседі. Аш-жалаңаш жұрт мал, базардан жұрттың сатып тұрған азықтарын ұрлап, елдің мазасын алады. Әсіресе, Батпаққара жағынан ауып келген қазақтар өте ашығып келеді. Тасбақа, бақа-шаян жеу, бара-бара адам етін жеу солардың ішінен шыға бастайды. Жұрт сыртқа шығудан қорқатын күй кешеді. Әжемді үйіндегілер: «Сен семізсің, сойып жеп қояды» деп сыртқа шығуға тиым салады. Ашыққан жұрт ісіп-кеуіп өліп жатады. Аз уақытта Қызылордада және оның маңында жейтін нәрсе қалмағандықтан, ашыққан кісілер теміржолдың бойымен оңтүстікке-Ташкентке қарай жағалап кете барады... Жаңағы атаған кісіміздің әкесі сол кезде балалар үйінің арбакеші болыпты. Оның арбамен балалар үйінен шыққан өліктерді, сондай-ақ қаланың ішінде аштан өлген адамдардың денесін теріп алып қаланың оңтүстік-шығысындағы орға апарып төгеді екен. Тәңертең ертемен көшеден сықырлап, шиқылдып өтетін арба дөңгелегінің дыбысы аштан өлген марқұмдардың артынан оқылған жаназасы іспеттес еді... Ол кісінің айтуынша, аштан қайтқан жандар мен балалар үйінде өлгендердің денесі көмілген ор қазіргі Қызылорда қаласының «Южный» ауданындағы қалалық перзентхананың маңы.
Міне, марқұм нағашы әжем (жатқан жері жәнатта болсын!) Құлтайқызы Кәшимадан 30 жылдардағы қуғын-сүргін, ашаршылыққа қатысты естіген әңгімемнің ұзын-сонарының шектелер шегі - осы. Біздің бұл әңгімеміз шектелгенмен, халқымыздың басынан өткен қасірет-қайғы, нәубет туралы деректер, айтылмаған сырлар әлі көп деп ойлаймыз.
Алмасбек Әбсадықов, филология ғылымдарының докторы,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры
Abai.kz