Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Әдебиет 2838 5 пікір 16 Маусым, 2023 сағат 12:18

Шәкәрімнің көрегендігі мен тақуалығы

Әулиелердің өздеріне сәйкес ерекше қасиеттері  болады. Қарапайым адамның бойында жоқ көптеген сондай ерекшеліктерінің бірі - көрегендік. Олар өткенді көріп, болашақты алыстан болжай алады. Оның себебі де бар. Рухани тұрғыдан келетін болсақ, бүкіл әлем негізі рухани болмыста жатыр, яғни бүкіл әлем Алла тағаланың Шапағат Нұрынан жаратылған.

Жүрек көзі ашылып, жоғары жетілген адамдар өмірдің рухани негізіне үңіліп, тіршіліктің барлық сыр мен сымбатын жақсы түсіне алады. Сондықтан, олар үшін бұл әлемде құпия жоқ. Әулиелер қоғам өмірінің, табиғаттың ғана емес, адам тағдырының да қыры мен сырын жақсы біледі.

Көрегендігі. Шәкәрім атамыз әулие болған адам. Сондықтан осындай көп қасиеттерінің бірі оның көрегендігіне көзімізді жеткізу үшін «Құмарлық деген бір ит бар» атты өлеңе үңіліп көрелік. Бұл өлеңінде ол адам өмірінің зардабыныың сырын ашып,  құмарлыққа қандай байланысы бар екенін көрсетеді.

Құмарлық деген бір ит бар,
Жаныңа жау шын ит бар.
Алды-артыңа қаратпас,
Рахымы жоқ тым ит бар, –

деп құмарлықтың жанға қандай зиянды екенін ескерте келіп, әрі қарай бұл құмарлықтың қайдан шығатынын жазады. Оның шығу себебі – сауыққа, аңшылыққа, дойбы және қарта ойындарына, сәнқойлыққа аса бой беру екенін түсіндіреді. Айта кететін нәрсе, аңшылықты кейбір адамдар мақтаныш етсе, ал Шәкәрім бұны өзіне кемшілік көріп, кейіннен аңшылықты өмір бойы тастай алмағанын өкінішпен айтқан екен. Бұл өлеңінде Шәкәрім өзінің құмарлығын қанағаттандыру үшін фәни әлемдегі барлық жан иелері тәрізді жасаған қылықтарына өкінгендей былай дейді:

Арпалыстым, алыстым,
Жағаластым, жарыстым.
Дәл өзіндей болған соң,
Озамын деп қарыстым.

Әрі қарай жетістікке жеткен сайын елдің мақтағанынан бу алып сағым қуалай бергенін жазады. Өзінің осы бейшара жағдайын «Әлі келем далақтап, Қызыл тілім салақтап» деп жақсы көре біліп, сынға алып, енді кәрі қойдың жасындай өмірі қалғанда былай деп өкінішін білдіреді:

Заман өтті, жас өтті,
Қайрат, өнер бос кетті.
Абұйыр жоқ, сана жоқ,
Өз басыңа не жетті?

Осылай, құмарлықтың соңында өзінің көп өмірін бос өткіздім деп өкінеді. Әдетте, Шәкәрім өзінің  ғибратты өлеңдерінде өмірдің шырғалаңдарын көрсете келе, әрі қарай одан шығу жолын да өзі беріп отырады. Бұл өлеңінде құмарлықтан шығу жолын былай деп көрсетеді:

Естігенді ұға бер,
Ыдысың болса – тыға бер.
Пайдасыз болса құмарың
Сілкініп тастап шыға бер.

Бұл жолдардан құмарлықтан шығу жолы – ең әуелі естігенді ұғып, ол білімді бойға терең сіңіріп, пайдасыз құмарды сілкініп тастап шығу екенін ұғамыз. Бұл өлең адамды алға сүйрейтін жан құмары емес, керісінше, кері тартатын тән құмары туралы болып отырғаны, әрине, түсінікті болса керек.

Қырық жылдан өтіп жасым,
Ақылым болды сырласым,
Отыз жылдық замандасым,
Иманым – басшы жолдасым...

...Жарымның нұрына жанып,
Тәнім көмір бола қалып,
Жүрегімді жарып алып,
Ағызды арамын, насын...

...Көбі мен істеген ісім,
Бұрын көрген бұл бір түсім,
Тазарған соң сонан ішім,
Дедім мен: «Астапыралда!»

«Қырық жылдан өтіп жасым»

Шәкәрім өзінің басқа да шығармаларында көптеген өмір шырғалаңдарының сырын ашып, осылай одан шығу жолдарын көрсетіп отырады.

Кеңес дәуірі орнағаннан кейін елдің жағдайын өзгертуге болмайтынын көріп, енді бұл фәни әлемнен қол үзіп, тау ішіне кетіп жалғыздыққа берілген. Ол Кеңес үкіметі ұсынған, өзіне ыңғайлы Алматыға ғылыми қызметке шақырудан да бас тартып, алған рухани бағытын ұстанды. Бұл оған жетілудің шыңына жетуге, яғни әулиелік деңгейге көтерілуге мүмкіндік берді.

Тақуалығы. Рухани жетілген адамның қасиеттерінің бірі – тақуалық. Тақуалықтың мақсаты – нәпсіні жеңу. Нәпсі Алла тағаланың бір қуатынан пайда болатын адам қасиеттерінің бірі болғандықтан, оны жеңу өте қиын. Сондықтан бұл қасиетке рухани біліммен болмыс сырларын толық ашып, рух пен тәннің, олардың өзара байланысын, Алла тағала мен жанның қарым-қатынасын түйсінген, сонымен бірге, алған білімін тәжірибе арқылы бойға сіңірген адам ғана жете алады. Нәпсіні рухани болмыс арқылы, яғни жүрек көзін ашу арқылы ғана жеңуге болады. Жетілу барысында рух тазарып, өзінен төменгі қуатты, нәпсіні жеңуге мүмкіндік алады.  Осылай таза жолға түскен адам бұл фәни өмір қызығынан алыстап, тақуалыққа бас ұрады. Ол фәни әлемнің ықпалынан босанады.

Шәкәрім өзінің осындай халін былай деп білдіреді:

Мен – бір тілсіз көлікпін,
Басыма соқпа, дауың жоқ.
Тепкілеме, өлікпін,
Шайтаннан басқа жауым жоқ.

Қызығып сендер ұмтылар,
Қасыма ерген қауым жоқ.
Жазамды кешіп, мұтыңдар,
Жазадан, сірә, сауың жоқ.

(«Мен – бір тілсіз көлікпін»)

Шәкәрімнің барлық жан дүниесі Алла тағалаға шоғырланып, ол фәни өмірлік ортамен қарым-қатынасын шектеп, жалғыздыққа ұрынған. Жан құмары билеген мұндай адам өзінің тән құмары билеген барлық дос-жарандарынан, туған-туыстарынан шеттеледі. Ол енді күнделікті өмірдің былғанышына алыс болуға ұмтылады. Күнделікті өмірдегілер оны ұмыта бастайды.

Әулие адам үшін бұл дүниенің құны төмен. Ол бұл дүниеде тек қана өзінің Жары (Алла тағала) үшін ғана жүр. Ол үшін бұл өмірде рахат жоқ, тек тезірек өз Жарына жетуді армандайды. Шәкәрімнің мұндай арманы оның «Жетім бала иесіз» атты өлеңінен жақсы білінеді.

Ойла, мен бір азатпын,
Бар бейнеттен құтылған,
Тіпті, қызық мазақпын,
Жетпіс ойнап ұтылған.

Сақтамаймын жанға кек,
Не десе де сыртымнан.
Міндеген аузың мынау деп,
Қан ағызса ұртымнан.

Дұспаным жоқ, досым жоқ,
Қайғыдан да шошу жоқ,
Рахат іздеп тосу жоқ,
Бір жындымын құтырған.

Жаралы жаным шықсын деп,
Қара жер мені жұтсын деп,
Өлген соң елім мұтсын деп,
Атымды қойдым «Мұтылған».

(«Жетім бала иесіз»)

Осы өлеңінен Шәкәрімнің қандай биік рухани деңгейге көтерілгенін көреміз. Ол бұл фәни әлемнің ықпалынан толық шыққан, сондықтан енді оған ешнәрсе, ешкім де әсер ете алмайды.

Шәкәрім өзін «Мұтылған» деп атап, енді жалғыздықта, бірақ Алла тағаламен бірігуге ұмтылғанын білдіреді. Осылай Шәкәрім өзінің бұл фәни әлемнің ықпалынан толық шыққанын көрсетеді. Исламда Алланың нұрына шомылып, бақи әлемге толық берілген бұндай әулие адамдарды «Мәджнүн» деп атайтыны белгілі. Оларды рухани болмыс толық басқаратын болғандықтан, бұл фәни әлемнің заңдылықтарына көңіл бөлмейді. Ал қарапайым халық арасында олардың әрекетін түсінбегендіктен, есі дұрыс емес, не болмаса, психикалық ауруға шалдыққан адамды да «мәжүн» деп атау осыдан болса керек.

Досым Омаров,

Шәкәрімтанушы ғалым, философ

Abai.kz

5 пікір