Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 1894 1 пікір 19 Маусым, 2023 сағат 14:05

Бақыт Еженханұлы және «Абылай ханның хаты»

Шығысқа тартқан жүрдек пойыз тоқтамасын десек

Басы: https://abai.kz/post/170001  

1995 жылғы 15 маусымда президенттің N 2331 жарлығымен ҚХР-мен арадағы шекара мәселесі түбегейлі шешілді. Керемет! Қытай бейүкіметтік интернет текшесінің хабарлауынша, 1100 шаршы шақырым жерді Қазақстаннан қайтарып алыпты. Алайда «ауру қалса да әдет қалмайды» біреулер мұны тым аз, «1864 жылы Ресей зорлықпен басып алған 440 000 шаршы шақырым жердің бір пұшпағы ғана» дейді. Батар күннің әлсіреген сағымындай алыстан бізге әлсін-әлсін қол бұлғап, «қазақтар сендер дайын тамаққа тік қасық» болдыңдар, Кеңестің құлағаны сендерді ғана жарылқапты дейді. 

«Жоңғар жері тұтас біздікі!»

«Балқаш дауының» басы Чянлон патша (1711-1799 жж) 1755 жылы Жоңғар хандығы жойылғаннан соң бірнеше рет қайталаған сөзі: «Жоңғардың ескі жұрты барлығы енді Ұлы Чиң әулетіне қарасты!». Іле-шала жаңа өңірді игеру үшін Фухэн бастаған Лю Тоңшун мен Хэ Гуозоң қостаған жұмыс тобын Батысқа аттандырып, жағрафиялық кескінін картаға түсіріп, елін қағаз бетіне қондырады. 1756 жылы 21 наурызда Феликс де Роша (1713-1781), Джозеф Деспинья (1722-1788) және Августин Галлерштейн (1703-1704) т.б. миссионерлер де топқа тартылады. Нәтижесінде 1770 жылы «13 бағыналы Чиянлон картасы» (《乾隆十三排图》), «Патша бекіткен жоңғарды жою тарихы» (《钦定平定准噶尔方略》) және «Патша бекіткен батыс өңірінің картамен толықтырылған тарихы» (《定皇舆西域图志》) деген үш кесек еңбек жарық көреді.

Еңбектерде Қазақстанның Жетісу аумағын «толық зерттей» келе «тағы бір сілемі Іле өзенінің солтүстік-батысынан батысқа қарай созылып, Тұзды көлдің теріскейін орап, солтүстік-батысқа қарай Шу өзеніне тиген; осы орынның оңтүстігінде тағы бір тау бар, ол да солтүстік-батыс бағытымен Талас өзенінің оң жағынан солтүстік-батысқа қарай созылады. Осы жерлердің барлығы ертеде жоңғарға қарасты болған» деп жазады. Автордың жазуына сенсек, «солтүстікте Үржар жерінен бастау алып түстіктегі Талас өзенінің төменгі аңғарына дейінгі кең далада жоңғардың екемыңат 伊克明阿特,  еркеті 额尔克腾, буғұс布库斯, гурбан-ноят 库本诺雅特, доғлат, дөрбет т.б. ру-тайпалар қоныстаныпты. Ал аталған аумақта қазақтардың қарасы көрінбейді.

Бұл деректерден үш қорытынды шығады. Біріншісі, қазақтар үш локациядан көрінеді – Аягөз өзенінің оң жағалауынан Гурбан-шар (Көкпекті ауданы) өзеніне дейінгі аралықта; Алакөлдің шығысында орналасқан Жар (斋) жерінде; сондай-ақ Талас өзеннің төменгі ағысынан Ташкентке дейінгі аралықта. Екіншісі, Жетісу жерін моңғол тіліндегі жер атаулары мен қазақша топонимдердің – Қаратал мен Алматы – аралас болуы әрі Оң қанат қазақтар (Ұлы жүз қазақтар) Таластан Ташкентке дейінгі аралықты қоныстануы. Үшіншісі, бұл карталардағы топонимдердің орындарын өрескел ауыстырып тастаған. Демек Чиң әулетінің барлық жүйкесі тозған шенділерге ұқсас бұл «картографтар мен тарихшылар» діттеген жерлеріне жетпей-ақ жерлердің сыртынан тон пішкен. Мысалы, Жетісудің бір тармағы әйгілі Қаратал өзенін Балқаш көлінің оңтүстігіне апарып қойса, Гурбан-Алматуды (Үш Алматы өзенін) Күрті өзенінің (қазіргы Қарасай және Жамбыл аудандарымен аққан) шығысына апарып қойған, тіпті Ертіс өзенінің Тарбағатай тауының оңтүстігіне орналастыруын қалай түсінеміз. Ондай болса, патша айтты - біз дәлелдедік: «Жоңғарлар Балқаштың шығыс жағалауына дейінгі жерлерде тұрған екен».

Тек оның «шикілігі» ешкімнің басын ауыртпайды. Аймақтағы қазақ пен моңғол тіліндегі топонимдардің аралас-құралас болуы жердің иесі қазақтар болғанын айтса, 1755 жылы «Абылай хан бастаған қазақ жауынгерлері қалмақтың Іледегі ордасын басып алуға суыт келе жатыр екен деген хабарға тіксіне қараған Чиң әскерінің дала қолбасшылары Үрімшіден бері қарай жүріс жылдамдылығын еселей түскені бар. Демек қазақтардың қатысуынсыз Жоңғар хандығы жалғыз Чиң әулеті қандай империялық күш-қуаты болса да, құлатып алмас еді. Бұл эпизод та Чиң тарихына кірмей қалып, сыртқы елге Жоңғарды құтты Чиң әскері жалғыз жеңгендей болады.

Абылай ханның атышулы «хаты»

1757 жылы Құттыбай мен Ақтайлақ (Аталай) қатарлы 11 адам Бейжіңге жетіп, Абылай ханның «хатын» патшаға табыс етеді. Кейін Қытай тарихшылары оны манчиң архивінен шығарып алып, «Чиң империясы билігінің Қазақ даласына орнауын тайға таңба басқандай салмақты дәлелі» ретінде көрсетеді. Тек отандық тарихшы Бақыт Еженханұлының ыждағатты ізденісі арқасында  бұл «хатқа» қайта қарауға толық мүмкіндік алдық. Тарихшы Бейжің мұрағатынан хаттың түпкі нұсқасын шаң басқан архивтен тауып алып, оған  ғылыми сараптама жасап, тарих саласында сенсация жасады. (Еженханұлы, Б. «Абылай ханның Цин патшалық ордасына жолдаған тұңғыш хаты және одан туындаған тарихи мәселе». Известия НАН РК. Серия общественных наук, 2010. No 2. cc 22-27).

Ондай болса, Еженханұлының ізімен қарап көрсек.  Есілдің жағасынан Бейжіңге аттанған Құттыбай мен Ақтайлақтар әуелі Үржар жерін жастанып жатқан Әмірсананың артына түскен Чиң қолбасшылары Джаохуй мен Фуде-ға жолығыпты. Сол жерде олар Абылай ханның хатын көшіріп алып патшаға поштамен жылдам жолдап жібереді. Екі шендіге қош айтқан елшілер енді Үрімшіге жақындағанда алдарынан Жіңгери атты ұлық шығып оларды қарсалып, қонағасын берді. Сол кезде ол да «хатты» көшіріп алып тод жазуынан манжу тіліне аудартады. Кейін Үрімшіге атбасын тіреген Кіші жүз хан-сұлтандарының елшілерін күтіп алағанда Жіңгери Бейжиңге бұл туралы хабар жеткізеді, сол кезде Абылай ханның хатын да бірге салып жіберетін оқсайды. Нәтижесінде орталық канцелярдағы хатшылар Джаохуй-Фуде жіберген нұсқаның мазмұны жағынан сәл «жағымдырақ» теп, сол негізде қытай тіліне тәржімен еткен. Қытай тіліндегі нұсқаға дәстүрлі сарай үлгісіне салғанда «хат» енді басқаша бағытта сайрап шықты. Ол үшін Еженханұлының мақадасына дем қойып «хаттың» түпкі нұсқасына назар аударсақ:

Жіңгери нұсқасы

«Жоғары мәртебелі ұлы ханға көтерілді.

Менің ата-бабам Есім хан мен Жәңгір ханнан бері, Еженнің жарлығы бізге жетіп көрмеген. Қазір, ұлы ханның бізді ескергендігіне риза болдық. Мен, Абылай, ұлы ханның шапағаты маған, менің балаларым және қазақтың барша бұқарасына тисе деген тілегімді білдіргім келеді. [Мен] 7 бас елші [және олардың атқосшыларын қосқандағы] жалпы 11 [адамды жіберіп отырмын]».

Джаохуй-Фуде нұсқасы

«Жоғарлы мәртебелі ұлы ханға:

Менің ата-бабам Есім хан мен Жәңгір ханнан бері, сіздің [әулетіңіздің] жарлығы бізге жетіп көрмеген. Қазір, міне, біз сіздің жарлығыңыздан хабардар болып өте қуаныштамыз. Мен, Абылай, менің балаларым және қазаққа қарасты барша бұқара сізден бізге лауазым титул сыйланса дегенді тілейді. [Мен] 7 бас елші [және олардың атқосшыларын қосқандағы] жалпы 11 [адамды жіберіп отырмын]».

Джаохуй-Фуде нұсқасындағы «бізге лауазым титул сыйласа» деген сөйлемге Еженханұлы күмәнмен қарап, Қазақ хандығын өзіннің саяси-әлеуметтік және иерархиялық жүйелерін толық сақтап қалу үшін Чиң әулетінен ешқандай мансапты дәметпейді, бұл жолдағы екі қолбасшының қол таңбасы дейді. Еженханұлының тұжырымымен келісе отырып, Абылай хан бұл сөйлемді хатқа қоспайтын себебін мына үш шындықпен түсіндіреміз.

Біріншіден, 1756-1757 жылы Чиң әскерімен екі-үш рет төс қағыстырып алған Абылай хан мен оның серіктестері қонақтарға жығыла жабысудың реті келмеген. Әйтпесе Чиң ұлықтарының қайталап салған қолғаларына жүгіріп жүріп қолдарындағы «қарақшы» Әмірсананы тұтқындап берер еді.

Екіншіден, соншама тебірене Чянлонға хат жазса Абылай хан қалай да Бейжіңге ат басын тіреп, патшаның қолынан сүйер еді ғой. Ондай деректер жоқ.

Үшіншіден, манчиңнің мансабынан гөрі қазақтарға шығыстан жер алып, жайылымды кеңейту ханға өзекті болып тұрған.

Ондай болса, Джаохуй мен оның серігі неге патшадан қазақтарға мансап беруді Абылайдың қолымен сұрайды? Қытай тарихында жалақы мен байлық, даңқ мансаппен бірге жүреді. Бұл екеуі бір таспен екі қоян атуды жөн көріпті: Абылайдың аузын байлықпен майлап, тездетіп «қарақшыны» қолға түсіріп, бастарынан патшаның қаһарын алып тастаса, Жоңғар хандығын түбегейлі құлатқан қолбасшы ретінде марапатталып, мансаптың жаңа деңгейіне көтерілер еді, тіпті тарихта кім болып қалатындарын да ұмытпаған.

Ал «хаттың» орталық канцеляриядан шыққан қытайша нұсқасына қараңыздар:

«Мен қазақтың бағынышты, елеусіз ханы Абылай, Ұлы Қытай патшасына құрметпен хат жолдаймын. Ата-бабам Есім хан мен Жәңгір ханнан бері біз Қытай өркениетінен тәрбие алмадық. Бүгін ұлы патшаның жарлығымен алыстағы тайпа деңгейінде күн көріп отырған бізге шапағаты тиіп, пақырыңыз мен және оған қарасты ел тегіс шат-шадыман, патшаның мейіріміне алғыс  айтудамыз! Пақырыңыз мен, Абылай, барша қазақты жетектеп орасан озық өркениеттеріңіздің құшағына кіріп, Қытайдың мәңгі-бақи албатуы (пақыры) боламыз! Мойынсұнғыш пақырыңыз ұлы қытай патшасына бұл тілегімді қабылдай көр деп тілеп, өте мұқияттықпен 7 ел ағасы мен 11 атқошыдарын осы хатымды көтертіп, аттандырдым. Сізге амандық тілеп, тағы тұлпар тарттым. Хатты жөнелттім».

Міне, Абылай ханың «хатының» басынан өткізген тауқыметі. Ал кей тарихшылар Абылай ханның аттақты «хатынан» кейін қазақтар бодандықтың белгісі ретінде Бейжіңге «тарту-таралғы» жасап, «шен-шекпен» беруде алдына жан салмаған деген тұжырымға да жауап бере кеткен жөн болар.

«Бодандықтың бодауын» көтерген қазақ елшілері

1757-1830 жылы аралығында үш жүз қазақтарынан 33 рет делегация Бейжіңге барып қайтыпты. Олар көбінде Моңғолияның Бұлғын мен Уластай жерлерін басып Қытай Рэхэ қаласына жетіп, патшаның қабылдауында болған екен. Алдыға біраз жылқысын салып айдап, қайтар кездерінде мол сыйлық – айдаһар өрнекті парша, торғын, жібек, дамаск (жұқа жібек), ыдыс-аяқтар, тәжілік асылтас, тәжілік қауырсын қанаты, тәж, шепкен, дәрежелік моншақ, ақ күміс алып, оралыпты. Алыс сапардан оралғандардың тамылжыта айтқан әңгімелері халықтың құлқын ояттып, тіпті жалған «елшілердің» қарасы да көрініп қалды. Оны сезіп қойған Чянлоң Іле Сардары (伊犁将军) Миңруйге дереу сөгіс жариялап: «Келемін деген қазақтарды бәрін бері қарай қоя берудің не қажеті бар!» «Малдарын ал да, ақшасын ұстат. Аңдағы жерден қайтарып жібер!» Патша қайдан білсін параға әбтен тойған «сардары» әлі де қанша делегацияға «жолдарыңыз болсын!» дегені.

Сүйтсек қазақтардың «тарту-таралғы» жосыны барлық елдің тарихында орын алған құбылыс болып шықты. Қытай тарихындағы «тарту-таралғы жүйесін» (“tribute system”) арнайы тереңінен зерттеген Джон Кинг Фэрбанк бен Тең Ссү-ю ұзын мақаласында бұл дәстүрді Рим империясының шекарасындағы «варварлардың қулығынан» бастау алған деп жазады. Біздің жыл санауымыздың 166 жылында Марк Аврелийдің елшілеріміз деп Каттигараға жеткен көпестер де Рим патшасының «батасын аламыз» деп астанаға жол тартқан екен. Бертін келе, 1502 жылы Қытайдың батысындағы Кансу аймағы арқылы Бейжіңге Миң патшаға сәлем салуға 150-ден астам адамдық «делегеция» өздерін сол өлкенің тұтығына Батыстағы белгілі бір ваннан келе жатқанын хабарлап, алдыға тарта беруге рұқсат сұрайды. 1604 жылы Орта Азияны кесіп өткен иезуит Бенедикт де Гоэз керуен көпестерінің өздерін бір биліктің жіберген елшісі ретінде таныстыруға тырысып, әрі өтірік хатты қалай жасап алғандарын да айтып беріпті. Осы құбылысқа терңінен үңілген екі тарихшы мақалаларын қорытындылап, былай деп жазады:

1) Тарту-таралғы ертедегі қытайлардың беделін асырудың табиғи көрінісі

2) Оны Қытай билеушілері өздерінің саяси мақсаттары үшін пайдаланған

3) Шындығында оның коммерциялық маңызы тым зор болды

4) Ол Қытайдың халықаралық қатынасы үшін басты рөлді атқарды.

ХІ-ХІІ ғасырларда Қытай шетел басқыншыларынан арылу үшін неоконфуцийлік пәлсапа негізінде жасаған жаңа догма ретінде қарайды. Қытай тек өзін шетелден оқшаулау арқылы ғана өзінің қауіпсіздігіне қол жеткізеді. Ал қазақтар үшін Чиң әуелетіне «тарту-таралғы» жасау екі мәселені көздеген: 1) ата-мекенге оралуға рұқсат алу; 2) жібек саудасын жолға қою (Толығырақ осы автордың мақаласында: «Профессор Су Бэйхай зерттеулері және КСРО «Балқаш мәселесіне» қайта оралу» / Қазақстанның шығыстану ғылыми журналы No2, 2022, 80-92 бб.)

Түйін

«Қырғи-қабақ соғыстың» стереотиптік көзқарасына қош айтамыз деп жүріп, енді «синофобия» үрдісін құшақтап қалмайық. Мемлекет деңгейіндегі «Стратегиялық бағдарлама» қабылдау күн тәртібінде тұр. Себебі «Есепті дос айырылмас дос» деген сөз бар. Ондай болса 2023 жылы 17 маусымда Президентіміздің сөйлеген сөзінде шекарада орналасқан Қатонқарағай, Марқакөл мен Мақаншы үш ауданның қалпына келуі осының бір нығыз қадамы деп білсек, идеологияда «Стратегиялық бағдарламаның» бір бұтағы XVIII ғасыр қазақ-қытай қатынасының шындығын ашуда жатыр. Осы орайда Бейжің мұрағаттарында сақталған қазаққа қатысты жазбаларды, әсіресе мажу тіліндегі құжаттарды жинау мен реттеу өте өзекті мәселе болып тұр.

Ондай болса Бақыт Еженханұлының ерен еңбегін бағалап, мемлекет тарапынан қаражат жағынан қолдап, алыстағы деректерді елімізге «Алтын көпірмен» барып алып қайтайық!

 

(Екінші бөлімнің соңы)

Жігер Жанәбіл

Алматы – New vision

 

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435