Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 2274 5 пікір 15 Маусым, 2023 сағат 13:37

Бақыт Еженханұлы және «Абылай ханның хаты»

Шығысқа тартқан жүрдек пойыз тоқтамасын десек...

Жақында бір көршім: «арғы беттен сыйлы қонақтар келіп еді, араға дәнекер болып отырсаңыз», деп шақырды. Кеш көңілді өтті. Тек әңгімелесу барысында арамыздан қара мысықтың жүгіріп өткені болмаса...

Қонақтардың біреуі: «Осы Жетісу жері сол кезде Чиң патшалығына қараған деген сөз бар, сол рас па?» дей салмасы бар ма?.. Тарихтан бейхабар біреу осылай сұрақты білмей қойып қалса, жарайды, деп ұмыта салуға болар еді. Тек соңғы кездері көрші елдің интернет кеңістігінде Қазақстан туралы бейнежазбалардың қаптап кетуі, әрі олардың ішінде «жер мәселесі» бойынша бұрыс ақпараттардың берілуі болмаса. Екі ел арасындағы «алтын ғасыр» басталыпты, ұзағынан сүйіндірсін! Мақала жазып, оған құтты болсын айту, әрі ақиқаттың жаршысы болуды да ұмытпаған жөн болар.

Тоқаевтың шығысқа тартқан «тура жолы»

Аспан асты елімен арадағы қатынасымызды Қасым Жомарт Кемелұлы «Қытай мен Қазақстан арасындағы тұрақты, жан-жақты стратегиялық әріптестік» деп хаттапты. Ши Жинпиң екеуінің өткен жылғы Астана кездесеуінде «бірлескен мәлімдеме» жасап, 5 сағатқа созылған мәміледен шыққан Ши төраға ҚХР еліміздің жер аумағын ешкімге тиіскізбейтінін әрі жақсылықтың жаршысы ретінде экономикамызға жалғасты қомақты қаражат салатынын ұқтырды. Енді жақыннан дорбалайтын Қазақстан өз кезегінде «Түрік одағына» немесе «елімізді батыстандыру» т.б. бағдарламаларына қош айтуы керек! Оған келісімін берген Тоқаев әу баста халыққа берген біраз уәделерін қайтарып алуға тура келді: Ағымдағы жылдың 19 наурыздағы Парламенттік сайлауда заңның өрескел бұзылуына жол берген «Сайлау комиссиясына» «ойдағыдай» өтті деген оң бағасын беріп сайланған депутаттарға ақ батасын берді. Ары қарай мемлекет басшысы 12 мамырда ҚХР-дың CCTV тілшісіне берген сұхбатында: «ҚХР мен Қазақстан Азия құрлығында жасаған екі ел, бізге Батыстың құндылығы үйлеспейді...», - деп анық айтты. Осы негіздегі бетбұрыс ел ішінде жоғарыдағы келтірілген саяси «шегіністен» тыс экономика саласында да «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару» туралы заң жобасы арқылы «олигополияның» 162 байға «рақымшылықпен қарауға көшкен!» Тіпті Нұрсұлтан Әбішұлына қаратқан оның қадамдары да Мао Цзедонға берген  Дең Шяопиңнің 3+7 формасын еске түсіреді. Онда «3» қателік болса «7» Маоның жасаған жақсылығы дейді.

Ал, Қазақстанның сыртқы саясатында айқын әрі батыл көзқарасын білдірген Президентіміз 24-25 мамырда Мәскеуде өткен ЕАЭО-де Ресей-Беларусь ядролық кемесіне Қазақстанның мінбейтінін айтып, тараптарды «2015 жылы қол қойған 4 принцип негізінде бірлесуге» шақырды. Тіпті жаңа өткен 2-3 маусымда Чолпан-Атадағы ЕО+ОА5 саммитінде Тоқаев ЕО-ның төрағасына Ресейдің орнын басып, мұнаймен Германияны толықтай қамтамасыз ете аламыз деп сендірді.

Сұрақ: Қасым Жомарт Кемелұлының шығысқа осыншама тез бет бұруына төраға Шиден тыс не ықпал етті? Бізше мемлекет басшысының «Қытайша социализм» жолына түбегейлі түсуінен хабар бергені. 2022 жылы 17 маусымда Санк-Петербург В.Путиннің қатысумен өткен форумында жүргізуші Маргарита Симонья́нның орынсыз сұрағына «керемет» жауап беріп, орнына қойған Қасым Жомарт Кемелұлы әлемнің назарын өзіне аударғаны естеріңізде. Ал сол форумда ағамыздың Дең Шиопиңның «Қытайша социализм» идеясына да тоқталып, оны экономиканың еркіндігі мен мықты биліктің тоғысуымен» түсіндіргенін көп адамдар байқамай да қалғанға ұқсайды.

Нәтижесінде елді түрлі «хаостар жаулауына жол берілмей», тек халықтың әл-ауқатын көтеруге күш жұмсайтын болды. «Құдай қосқан көршімізбен» «толыққанды мәңгілік әріптестік» өз өнімдерін де бере бастады: 2023 жылы 18-19 мамырда Сианьда өткен «ОА5+Қытай» саммитінде, 22 миллиард долларлық инвестициялау жобасына қол қойылуы осының дәлелі.

Әріптестіктің алмағының салмағы

Шығыстың өмір пәлсапасы мен тілін тереңінен зерттеген президент Тоқаев ендігі жерде мәселелердің барлығын тек Шиге тіке шығып шешудің кілтін тапты! Себебі Қытай әріптестері ағамыздың орыс тілінде хатталған «тұрақты әрі жан-жақты» деген мәтінді «Қытай-Қазақстан мәңгілік толық қанды стратегиялық әріптестік қатынасы» (“中哈永久全面战略伙伴关系”) деп аударып алуы соны білдірсе керек. Қош! Нәтижесінде 2020 жылы 1 қантардан 31 желтоқсанға дейін бар 72 сағат рұқсат «режимі» 2022 жылы 8 шілдеден бастап 14 күн «визасыз режимге» ауысып, ақыры міне, «нағыз әріптес» ретінде екі ел 30 күндік «визасыз режимге» де қол жеткізді.

Ондай болса назарымыз «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімнің» 1-бабымен жақынырақ танысайық:

«Уағдаласушы Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары... жарамды жол жүру құжаттарының иелері жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды (келісім-шарттар жасасу, келіссөздер жүргізу, консультациялық қызметтер көрсету және басқа да іскерлік мақсаттар) жүзеге асыру мақсатымен екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағына Мемлекеттік шекараны кесіп өткен сәттен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімге, күнтізбелік 180 (жүз сексен) күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын бір мәрте немесе көп мәрте келу, кету, уақытша болу үшін визалық талаптардан босатылады», - деп жазылған келісім мәтінінде.

Бұдан не білдік? Шығыстағы көршіге қарағанда «визасыз режимге» біздің мұқтажымыз көбірек түсіп тұрғанын байқаймыз. Себебі осы елдің жеріндегі мұнайы мен газ қайнарының 27 пайызын ертеде-ақ қанжығасына байлаған ҚХР дәл қазіргі кезде бізге қатты ісі түсіп тұрмағанға ұқсайды. Керісінше Тайван аралындағы соғыс әне-міне дегенше басталып кетсе, аспан асты еліне Батыс жиегін ашып тастау тым тиімсіз. Тек «Патша айтты, орындаймыз!» деген ұлағатты ғасыр ұранына салған жергілікті орындар бізге туристерін жинап беруге, әрі өздері де одан кіріс табуға қатты кірісіп кетсе керек. Жақыннан бері Қытайдың бейүкіметтік ақпарат кеңестігінде – Байду, Вейбо т.б. – Қазақстан жері мен елі туралы бейнежазбалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті:

  • Геосаясат жолындағы «Жаңа Қазақстан»
  • Тоқаевтың әлем саханасындағы беделі
  • Ресей мен арадағы күрделі қатынасы
  • Украина туралы біздің елдің ұстанымы
  • Инфрақұрылымы
  • Қаланың көріктілігі, қатынас құралдарының қолайлылығы, жол жағдайы, интернеттің жылдамдылығы
  • Экономика қатынасы
  • Жату мен тамақтану, заттың бағалары, елінің орта жалақысы, жол жүру қауіпсіздігі, ағылшынша деңгейі
  • Қазақтың тегі мен антропологиялық келбеті,
  • Қоғам амандығы мен Қытайларға көзқарастары
  • Қазақстанның табиғаты мен жағрафиялық ерекшелігі
  • Көршілерімен салыстырғанда даму үдерісі

Көрші елдің блогерлері Қазақстанның әсем табиғаты, көркем қаласы, сапалы тағамдары, бауырмалы елі, соның ішінде сұлу қыздары мен ұлдары жайында кеңінен сөз еткен блогерлер қазақ елінің тарихы, мәдениеті мен өмір салты туралы, сондай-ақ халықтың құндылығы туралы ауыз ашпайды. Нәтижесінде ақпаратты қабылдап алған ішкі Қытай көрермендері Орта Азияда бір ел бар, онда барлық зат су тегін, «ақшаң болса жүр де талтанда!» деген қате ұғым қалыптасуда. Бұл өте қатерлі! Арты «өркениеттің қақтығысына» жалғасып кететінін кім біледі?

Біздің жасаған мониторинг бойынша көршіден бері қарай ағылатын келушілердің саны 2025 жылдың жазына қарай көбейеді. Үш жыл бойы пандемияның құрсауында қалған Қытай халқы қатты қағылып, экономика да қайтып арнасына түспей тұр. Мысалы,  2023 жылға қойылған ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) өсімі 5% деп болжап отрыған санға шетел бақылаушылары күмәнмен қарайды. Жұмыссыздықтың саны биіктен түспей тұр. Оған қоса әлем аренасындағы ҚХР-дың тынысы да тарылып барады. Тіпті ҚХР-нан сыртқа шығатын саяхатшылар болса да әуелі теңіз жағажайы бар, арзан Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін – Тайланд,  Вьетнам, Лаос, Камбоджа, сондай-ақ сәл қымбатау болса да мәдениет жақын Жапония мен Кореяны талдап алып жатқанға ұқсайды.

Уақытша дағдарысты артқа тастаған Қытай елі есін жинап, әкімшілік шараларға жүгенсе де, туризмді қайта жандандыру мақсатында Шинжаңды басып бері қарай келетін адамдардың санын артырады. Ал біз оған дайынбыз ба?

Біріншіден, біздегі инфрақұрлымның даму деңгейі көршімен салыстыруға келе ме? Жол, қонақ үй, дәмхана мен баға қандай? Ал, осының барлығын айтпағанда саяхат орындарындағы дәретханалар сын көтере ме? Сол өзіміз ылғи да стереотиптік көзқараспен қарайтын көрші, төраға Шидің тікелей бастамасымен бұл мәселені бүгін шешіп тастап «туалетизация төңкерісін» бастан өткізіп болды.

Екіншіден, қоғамымызға, соның ішінде әлеуметтік өмірімізге қонақтардан «тосын сыйлар» молынан боларына күмән келтірмейік. Барлық заттың бағалары шарықтайды, қатынас құралдары – автобус, такси, поезд және ұшақ – билеттері қымбаттап, жетіспеушілік болуы бек мүмкін, әуелі шетелден келген мейманды былай қойғанда, өзімізге жетіспей жатқан саяхат орындары ары қарай не болады? Кедейшілік жайлаған қазақ елінде жезөкше бордельдері «қайнай» түспей ме? Ал қоғамдық орындарда түрлі келеңсіз оқиғалардың алдын алуға дайынбыз бе? Мысалы, өткенде ғана Алматы қаласының Достық даңғылында бір полиция қонақтардың (нәзікжанды) (қытайлар емес) біреуін жерге итеріп жықты.

Үшіншіден, жоғарыда көрсетілген екі жағдай әлеуметтік салаларға тән дейік, олар да «көш жүре түзелер!» Ал «қаптап» келетін саяхатшылар қандай құндылық қасиеттерін бізге сыйға тартайын деп отыр? Паназиялық құндылығы – қоғам ошағы отбасы, ер адамның ерекше орны, үлкенді сыйлау, кішіні аялау т.б. – екі елге ортақ болғанымен, ары қарайғы олар мен біздің өмірлік ұстаныммыз бөлек кетеді. Аспан асты елі 2000 жылдан артық аграрлық экономиканы негіз етіп, орталық билікке бағынған әрі Конфуцийлік пәлсапасымен өмір сүрді. Оған 1949 жылдан бері дамыған атеизм негізіндегі коллективтік құндылық пен «әйел жарым аспан» ұғымын қосыңыз. Нәтижесінде «Шығыс шығып, Батыс батты!» болған Шидің дәуірінің бел ортасында тұр екенбіз. Ондай болса көкірегі ояу, қалтасы қалың меймандар дәстүрлі ой сананың ұйқысында оранып, қымызға тойып «Шыңғысханға таласып жатқан» бізге «қазақтар бәлкей бәріміз де сол Шыңғысханнан тарғаншығармыз!» деп есігінді қақсашы.

Ал «от пен суға оранған» үкіметтің әзірше көздері тек «туризмнен түсетін мол кіріспен» бітеулі: «Әне көрдің бе, 2019 жылы Түркия еліне 51 миллион қонақ келіп, олардан түскен қаржы мемлекет қазынасының жалпы көлемінің 12 пайызысын құрапты» деуден шаршамайды, құдды 2015 жылы Қазақстанды ЕАЭО-на қосқанда, «Шал» «Ресей деген алып базар, оған саларын мол болсын!» немесе «келер туристер мол болсын «энергия будущегомен» пұл көп болсын!» деп ЭКСПО-2017-ға берген батасын естігендей күй кешеміз. 30 жыл қазбалық байлықтан түспеген кіріс енді қонақтың қалтасынан түседі дегенге сенейік пе?

Түйін

Экономисттердің болжамына сенсек 2023 жыл аяғында Ресей мен Қытайдың тауар айналымы 215 миллиард долларға жетеді-мыс, екі ел арасындағы әскери әріптестік те одақ құруға бет алған. Алайда солтүстік көршіміз қытайларға «визасыз режим» жасауға асығар емес. Енді қақпаны шалқасынан ашып, шығысқа қарай зымыраған біз соңғы бекетіміздің қай жерде болатынын білеміз бе? Сұрақ Қазақстанға да ҚХР-ға ортақ. Біз үшін «арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін» шығар жолды енді «найзаның ұшы, білектің күшімен» емес, әуелі «құдай қосқан көршімізді» жақыннан танып, «қырғи қабақ соғыс» заманынан қалған көне көзқарастарға қош айтуымыз керек! Бір елді кемсіту немесе көшеге шығып ұрандатумен еш биікке жете алмаймыз.

Ол үшін барлық ведомстволардың басын қосып үкімет арнайы тұжырымнамаға қол жеткізуі керек. Сол тұжырымға кіретін маңызды шаралардың ішінде жоғарғы оқу орындарында «Қытай тану» сабағын ашып, СІМ, сондай-ақ кеден мен шекара жасақтарына да оны міндеттеу керек! Ал, қарсы жақтан келер меймандарына ұлттық құндылығымыз бен өмір салтымыз жайында, сондай-ақ бұл елде жүргенде түрлі қақтығысқа алып баратын кері жағдайлардың алдын алу туралы анықтама беретін мұражайлардың жанынан «Алтын көпір» атты зал ашылса. Осы арқылы қазақтың тарихы, әсіресе жері мен суы туралы өлке танудан білім берсе, қонақтарда ойындағы қабылдап алған теріс көзқарастардан арыла ма?!

Ондай болса мақаламыздың 2-ші бөлімінде Жетісу жерінің «нағыз» иесі кім деген сұраққа жауап береміз.

(Бірінші бөлімнің соңы)

Жігер Жанәбіл

Алматы – New vision

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5440