Сенбі, 23 Қараша 2024
Біртуар 2889 5 пікір 22 Маусым, 2023 сағат 10:47

Жер құпиясын ашқан алғашқы қазақ әйелі кім?

Жамал Мұсағалиқызы Қаңлыбаева – 1923 жылдың 25 маусымында Семей қаласында дүниеге келген. 1940 жылы мектепті бітіріп, 1946 жылы Алматыда Қазақ тау-кен металлургия институтын аяқтап, 1946-1953 жылдары Қазақ КСР ғылым академиясы тау-кен институтының маркшейдер және геодезия бөліміне жұмысқа жіберілді. Осы кезден бастап қазақ маркшейдер әйелінің алғашқы еңбек және ғылыми қызметі басталады.

ҚР ОМА 2064 қор. 1 тіз., 498 іс., 28 п. ж/б

Ж.М. Қаңлыбаеваның ғылыми еңбектері радиоактивті изотоптарды қолдана отырып, массивтің қалыңдығындағы тау жыныстарының қозғалысын зерттеуге арналған. Зерттеу нәтижелері бойынша 1952 жылы «Қарағанды бассейнінде жер асты тау - кен жұмыстарының әсерінен жер бетіндегі орын ауыстыруды есептеу» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Көпжылдық зерттеулердің нәтижелерін қорытындылай келе, 1965 жылы Ж.М. Қаңлыбаева «Массивтегі тау жыныстарының қозғалысы процесінің заңдылықтары мен әдістері және жерасты қазбаларының кейбір мәселелері (Қарағанды бассейні негізінде)» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, техникалық ғылымдар докторы ғылыми дәрежесін алған алғашқы қазақ әйелі болды.

1954 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының тау-кен институтының маркшейдерлік бөлімін басқарды.

Жамал бастаған бір топ ғалымдар жер асты кендерінің заңдылықтарын ашып, оны халық игілігіне асыру үшін қажырлылықпен жұмыс істеді. Қаңлыбаева кен жыныстарының қозғалысын радиоактивтік изотоптар арқылы зерттеуді тұңғыш рет ұсынып, оны практикалық жағдайда жемісті қолдана білді, оның тау жыныстары механикасы саласындағы зерттеулері КСРО Ғылым академиясы мен Қазақ КСР Ғылым академиясының жоғары бағасына ие болды. Лаборатория жұмысын жақсы жолға қойып, ғылыми-зерттеулерге қажетті аспаптар жасап, оларды іске қосты. Өзі дүркін-дүркін шахтаға түсті. Жердің нелер ғажайып сырларын ашып, орасан көп, қызықты материалдар жинап, мұның негізінде ғылыми тәжірибе жасады, оны практика жүзінде сынап, байқай келіп, радиоактивті изотоптың «Маркшейдерлік бақылау әдісі» дейтін жаңа әдіс ұсынды. Бұл ғылыми жаңалық елімізде кеңінен қолданылуда.

1968 жылы профессор атағы бекітіліп, 1970 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент - мүшесі болып сайланды.

Халықаралық ғылыми байланыс арқылы АҚШ, Польша ғалымдарының шақыруымен Қаңлыбаева олардың арасына барып 1964 жылы жерасты кендерін зерттеу мәселелері жөнінде дүние жүзі ғалымдарының өкілдері алдында Краковта, Нью-Йоркте болған халықаралық конгресінде баяндамалар жасаған.

1966-1967 жылдары ГДР-да кеншілер мен металлургтердің VIII және XIX Халықаралық конференцияларына қатысты. XVIII конференцияда Қаңлыбаева үздік баяндамасы үшін Фрейберг қаласының «Құрметті кеншісі» атағы берілді.

1967 жылы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің жетінші шақырылымына депутат болып сайланды,

1969 жылы шахталардағы көмір қабаттарын игеру кезінде қол жеткізілген техникалық прогресті зерттеу мақсатында іс-сапармен Англияға жіберілді.

1968 жылыдан В. И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының Ғылыми кеңесінің мүшесі, сондай-ақ, 1971 жылдан Қазақ КСР Ғылым Академиясының тау-кен институтының кандидаттық диссертацияларды қорғау жөніндегі Ғылыми кеңесінің төрағасы, сонымен қатар тау-кен институтының ғалам және жер туралы ғылымдар бөлімі бюросының мүшесі, Ж.М. Қаңлыбаева үлкен қоғамдық жұмыстар жүргізді. Қазақстан КП ОК ұсынысы бойынша 1968 жылы Комитет Төралқасының мүшесі әйелдер кеңесшісі болып бекітілді.

Кеңестік ғылымды дамытудағы жетістіктері мен халық шаруашылығына ғылыми жетістіктерін енгізгені үшін 1967 жылы Ж.М.  Қаңлыбаева ″Құрмет Белгісі″ орденімен марапатталды.

1974 жылы 02 ақпанда қайтыс болды.

ҚР ОМА 2064 қор. 1 тіз., 498 іс., 18 п. ж/б

Биыл Қаңлыбаева Жамал апамыздың туғанына 100 жыл! Оның өмір жолынан қажымай еңбек ететін, жаңалыққа батыл ұмтылатын, қол жеткен табыспен тоқырап қалмайтын, еңбекқор инженер, іскер ғалым, қайсар әйел екені өнеге болып қазақ қыздарына үлгі болып қалары анық!.

Даут К.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі

Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің архивисі

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5399