Жұма, 22 Қараша 2024
Ақмылтық 4195 127 пікір 30 Маусым, 2023 сағат 13:04

Адал азаматтар Президенттің қорғауына мұқтаж!

Қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс!» деген өте киелі сөз бар. Түркістан төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысына мен қатысқан емеспін. Бірақ, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сол Құрылтайда айтқан бір жақсы сөзі менің ойымнан шығар емес. Ол сөзді бүкіл дүниені дүр сілгіндірген «Пригожиннің бүлігі» де санамнан өшіре алмады.

Міне, Құрылтай өткелі біраз күннің жүзі болды, сенсеңіз сол сөз құлақ түбімде әлі жаңғырып тұр.

Жұрт Қасым-Жомарт Кемелұлының осы жолғы: «Сондай-ақ шетелдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани байланысты нығайта береміз. Бұл мәселе – менің жеке назарымда...», - деген сөзі шығар деп, ары қарай оқымай, қоя салуы мүмкін.

Жоқ, ол сөзі емес, «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады!» деген сөзі.

Сөйтіп, міне, Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы Жаңа Қазақстанға  «Адал азамат» деген тамаша ұғымды алып келді.

Мен бұл сөзді Ұлттық құрылтайдың екінші отырысының тарихи табысы деп бағалаймын.

Әрине, «Адал азамат» ұғымының қазақ жадында бұрыннан бары белгілі ғой, бірақ бүгінгі таңда оның бүкіл Түркінің киелі астанасы Түркістан төрінде өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет Басшысының аузынан қайта жаңғыруы, тәптештеп тұрып түсіндірілуі тегін болмаса керек!

Бір ғажабы, Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады», - деп сол «Адал азаматтың» өлшемін де Өзі дөп басып сыйпаттап беріпті.

Әрине, Қасым-Жомарт Кемелұлы сипаттаған қасиеттерді бойына сіңірген қыз-жігіттер билік басында аз емес көп.

Өкінішке орай, «Елорданың атын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту керек!» десе, «Бұл дұрыс әрі сараланған шешім. Астанаға қаншама күш-жігер жұмсалғанын білеміз. Мұның бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси еркінің арқасында орын алды, сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімі – өте дұрыс, заңды, біз оны қолдаймыз...», - деп бірден қол көтеретін; «Жоқ, «Астана» атауын қайтару керек!» десе, «Ең бастысы, халықтың пікірін ескеруіміз керек. Халықтың, қала тұрғындарының пікірі – негізгі фактор. Бұл тұрғыда халық не айтса, сол болуы керек. Халық қолдаса, осындай шешімдерге баруымыз тиіс...», -деп оны да қостай жөнелетін, өз жанынан алып-қосары жоқ, тек Президенттің саясатын тәпсірлеп қана отыратын, бірақ Президент айтқан ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген, өзгенің ала жібін аттамайтын, қолы таза, жемқорлықтан ада  «Адал азаматтардың» көбейіп бара жатқаны жанымызға аяздай батады. Ашық айтайын, олардың халыққа тигізер пайдасы шамалы. Керісінше, ондайлар ілініп-салынып жүріп, жоғары лауазымдарды иемденіп алады да, ұлт мүддесі сынға түскен тағдыршешті мәселелерге келгенде, алға бір адым баспай, жұмған аузын ашпай, сорыңды қайнатады.

Бүгінгі күннің талабы биігінен қарасақ, біздің мемлекеттік қызметке ондай жалпылдаған «ақ қарғалар» мен «көк қарғалар» емес, тырнағы ілінген лауазымды жайнатып жіберетін; жаңалыққа жаны құштар; өзгеріс десе, өзегін беретін нағыз реформашылар керек, әрине!

Енді біз – жаңғыру мен өзгеріске шөлдеп алабұртқан сергек көңіл қауым «Жаңа Қазақстан» құрудың алғы шебінде, жетекші орында тізгін ұстап жүрген «Президент командасына» Қасым-Жомарт Кемелұлы ортаған қойған осы «Адал азамат» өлшемімен көз сала бастадық.

Құдайға шүкір, ондай Адал азаматтар жоқ емес, бар.

Соның бірі – Жаркешов Санжар Серікбайұлы деп білемін.

Өмірбаянына көз жүгіртсек, Санжар Серікбайұлы 1986 жылдың төлі екен. Қырыққа әлі төлмаған жігіт біраз қамалды бұзып үлгіріпті. Еңбек жолын 2008 жылы Остин қаласындағы (Техас, АҚШ) «Мұнай және геосистемалық инжиниринг орталығында» инженер-зерттеуші болып бастап, айналасы он бес жылдың ішінде әлемнің 17 мемлекетінде жұмыс істеп, он бір жылдық халықаралық, өндірістік және басқарушылық тәжірибеге қол жеткізіпті. Көп өмірі АҚШ, Ресей, Шотландия, Ұлыбритания, Ирак компанияларында өтіпті. 2014 жылы мұнай ұңғысын бұрғылаудан әлемдік рекорд жасапты (Z-40 ұңғысы, 13000 метр, Сахалин аралы, Ресей Федерациясы).

Санжар Серікбайұлы 2016 жылы Дүниежүзілік Мұнайшы-инженерлер Қоғамының «Бұрғылау саласындағы көрнекті жетістіктері үшін» атты халықаралық сыйлығын және британдық арнаулы «Кәсіби маман-Инженер» атағын алды (Chartered Engineer»), 2017 жылы Ұлыбританияның мұнай өндірісін дамытуға қосқан үлесі үшін Патшайым Елизавета ІІ атындағы сыйлығын (Merlin ERD компаниясының құрамында) алыпты. Сондай-ақ, британдық «Инженер-Механиктер Институты Кеңесінің» мүшесі болып сайланыпты.

Сол Санжар Серікбайұлы қазір «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы болып қызмет атқаруда.

Бұл – Санжар Жаркешов туралы менің ашық ақпарат көздерінен алған мәліметтерім. Ал, оның қазіргі таңда қандай ауқымды шаруалар атқарып жатқанын білгіңіз келсе, интернеттен «ULYSMEDIA» каналына берген сұхбатын өз аузынан тыңдап шығыңыз.

Дәл осындай және бір жанып тұрған жас шенеунікті мен тағы да сол «ULYSMEDIA» каналына берген сұхбаты арқылы танып, қатты қуандым.

Ол жігіттің аты-жөні – Тамабек Әбілхайыр Ғалымұлы.

Әбілхайыр Ғалымұлы 1994 жылы туыпты.

Өмірбаянында Халықаралық бизнес университетін, Луис ұлттық университетін және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Президенттік Жастар кадрлық резервінің мүшесі деп жазылыпты. Өзі қазір Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі болып қызмет атқарады екен. Еліміздегі ең жас министр болып саналады.

Қысқасы, мен бұл екі жігітті «ULYSMEDIA» каналына берген сұхбаттары арқылы танып білдім.

Білесіздер, біздің қоғамда шенуніктер тәуелсіз медияларға ашылып сұхбат бере бермейді. Тек, мемлекеттік арналардың алдын-ала дайындалып, келісілген сұрақтарына ғана өз құзыреті шегінде жауап беріп үйренген. Одан ары көсіліп сөйлеуге тартынып тұрады, сызып берген шеңберден шықпайды.

Ал, Санжар Жаркешов пен Әбілхайыр Тамабек «ULYSMEDIA» каналында көсіле сөйлеп, журналистпен бүкпесіз сұхбат құрды. Ағын да, қарасын да жасырған жоқ, Өздері басшылық етіп отырған саланың бүге-шігесіне дейін ақтарып тұрып айтты. Қандай кемшіліктер кеткенін де, енді оны қалай түзету керек екенін де қалдырмай баяндап берді.

Екеуінің де әр сөзін атынға балап, сүйсіне отырып тыңдадық. Әсіресе, Санжар Жаркешовтің: «Мен өз басым ақшаға құныққан адам емеспін! Шетелде жұмыс істегенде, қазіргі табасымнан қарағанда, бірнеше есе үлкен табыс көрдім. Шетелде, өзіңіз білесіз, жалақылар бөлек. Оны таптық. Жиған -тергеніміз бар. Жетеді! Тек қана қанағат!! Сондықтан, осы жақта үлкен өзгерістер болып жатыр, сондай таза жігіттерді, адал жігіттерді жинап жатырмын...», - деген сөзі жүрегімізге майдай жақты, көзімізге жас іркілтті... сұхбат біткенде, «Өркенің өссін, Санжар!» деп, бетімізді сыйпадық!

Дау жоқ, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан «Адал азамат» өлшеміне сай келетін шенеунік деп, осы екі алтын жігітті айтуға болады.

Екі ініміздің еркін ақпарат құралына қасқайып келіп, ағынан жарылып сұхбат бергенін – сол адалдықтарының белгісі деп бағаладық.

Санжар Жаркешов пен Әбілхайыр Тамабектің әнеу біз көріп жүрген ыңыранған «сұрғылт шенеуніктерден» бір айырмасы, өздері басқарып отырған саланың білікті маманы болуы өз алдына, олардың тың бастамаларды ортаға қойып, мемлекетті алға жылжытқысы келетін рефомашылар екендігі болды. Бізді қатты қуантып, осы жолдарды жазуға мәжбүр еткен де – олардың осы қасиеттері.

Иә, қарап отырсақ, «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» АҚ-ы да, Ауыл шаруашылығы министрлігі де Қазақстандағы «жіліктің майлы басы» есебіндегі салалар. Ол салалардан түсетін және оған мемлекеттен бөлінетін қаражат та қомақты екені белгілі.

Мұндай орындарға, әрине, Қайрат Шәріпбаев пен Тимур Құлыбаев секілділер ғана басшылық етіп, сүлікше сорып келгенін бүкіл дүниежүзі біледі.

Тек, 238 адамның басын жұтқан «Қасыретті қаңтар» көтерілісі ғана оларды орындарынан тайдырғандай болды.

Өкінішке орай, олардың жемтіктестері түбірімен қопарылып болған жоқ, пышақтарын қайрап әлі отыр. Бірақ, олар жай отырмай, «Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қарулы бандылар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды...», - деп Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, тақ пен ақша үшін Адал азаматтарды аяқтан шалу, сындыру, керек болса басын кесу сынды иттіктің бәрін жасайды.

Өткен отыз жылдықтағы ең таңдаулы екі министрдің біреуі Жақсыбек Күлекеев болса, екіншісі Зейнолла Кәкімжанов екенін екінің бірі біледі.

Адалдықтары мен іскерліктерінен болса керек, екеуінің де қызметтік жолы тым шіркін-ай болған жоқ.

Жақсыбек Әбдірахметұлына тапа тал түсте қастандық жасалып, еш күнәсіз қамаққа алынғанын біле тұрып, бір пенде ара түсе алған емес. Тек, түрмеден шыққанда ғана бірінші болып, Қасым-Жомарт Кемелұлы үйіне шақырып, шай беріпті.

Зейнолла Кәкімжанов ҚР МКМ Кеден комитеті төрағасының міндетін атқарушы болып 2002 жылы қызмет атқарған кезде, кедендік төлемдерден мемлекетке өткізген небәрі алты-ақ айдың ішіндегі қаржының көлемі – «Қорғас» кеденінің соңғы он жылда бергенінен асып түскені – Қазақстанның кеден тарихындағы өшпес оқиға болып, тасқа басылып қалды. Зейнолла Қалидоллаұлын осы іскерлігі мен адалдығы түрмеге отырғызбағанымен, қызметтен біржола шеттетіп, Еңбекшіқазақ ауданының жүзім бағынан бірақ шығарды. Ол содан қайтып мемқызметке оралған жоқ.

Ал, Алтынбек Сәрсенбайұлын айуандықпен өлтірді...

Осы жерде, айтпақшы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында айтқан тағы бір сөзі есіме түсіп отыр. Ол жолы Президент «Шенеунік» деген сөздің жағымсыз ұғымға айналып бара жатқандығына қынжылып, «Жалпы, мемлекеттік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек!» деген болатын.

Бірақ, шешеуніктерге қанша шүйліккенімен, біздің қара халықтың оларды төңкеріп тастайтындай құдыреті шамалы. Аса бір ашынып кетпесе, ары кеткенде, қарғап-сілеумен тынады.

Мен Мемлекет Басшысының сөзін терістеуден мүлде аулақпын, бірақ өздеріңіз көріп отырсыздар, мемлекеттік басшылық қызметтегі Адал азаматтардың жолын кесетін, өмірін қор қылатын қарапайым халық емес, өзінің айналасындағы Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға қарсы «орташелек» пысықайлар мен ақшаға құныққан тойымсыздар екен.

Оның үстіне, ондаған жылдар бойы заңдар мен нормативтік құжаттардың бәрі ат төбеліндей ықпалды адамдардың мүддесіне бағытталып жасалған, қанша саяси реформа жасалғанымен оның мұрты бұзылмай отырған өте күрделі жүйеде басшылық лауазымда отырып қызмет ету – өзінің қарақан басын күттеген ынжықтар мен иісалмастар үшін оңай болғанымен, туған халқы мен мемлекетіне адал қызмет етуді өздеріне үлкен мақсат етіп алған  Санжар мен Әбілқайыр секілді тұлғалар үшін өте қиын және ауыр!

Міне, осы және өткен отыз жылдықтағы Жақсыбек Күлекеев пен Зейнолла Кәкімжанов секілді біраз Адал азаматтардың тағдырын еске алсақ, біз аты-жөнін атап отырған азаматтардың алдағы басар жолын ойлап, іштей күрсініп те қалған жайымыз бар. Құдай оның бетін ары қылсын, Олардың басына бәлендей бір қауіп пен қатер төніп тұрмаған болар. Дегенмен, серкелерінен қапияда көп айырылып қалудан әбден шайылып қалған біздің  құрғыр жүректің атқалақтай жөнелгенін қалай жасырайық.

Қазақ қоғамы бүгінде Санжар Жаркешов пен Әбілхайыр Тамабек секілді бұндай алтын азаматтарға өте зәру. Әрине, Қасым-Жомарт Кемелұлы танып-білмесе, мұндай жігіттерді өте маңызды әрі жауапты қызметке тағайындамайды ғой. Мемлекет ендігі жерде мұндай тұлғаларды Ұлттық брент ретінде бағалап, көсіліп қызмет етуіне кең жол ашып беруі тиіс. Бірақ, бұл – аз. Жеткіліксіз!

«Бәйгі берем жығылған палуанға да, Адалдығы сезіліп тұрар болса!» депті ғой, Төлеген Айбергенов.

Сол ақын айтқандай, адалдығы сезіліп тұрған осындай жас шенеуніктер Президенттің қамақорлығымен бірге, қорғауына да мұқтаж. Өте мұқтаж!

Әйтпесе, Адал азаматтарды ақша мен тақ үшін анталаған жалмауыздар сындырып жіберуі мүмкін. Олар үшін, жеме-жемге келгенде, «Ұлт», «Мемлекет» деген қасиетті ұғымдардың көк тиынға татымайтынын кешегі қаңтарда көрдік қой...

Мен екі алтын бауырыма тек қана амандық пен жеңіс тілеймін!

Ауыт Мұқибек,

«Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

127 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303